50675
Еліміздегі саяси жүйе үнемі трансформацияланып, өзгеріп отыруы тиіс – Самат Нұрбол
Еліміздегі саяси жүйе үнемі трансформацияланып, өзгеріп отыруы тиіс – Самат Нұрбол
Бүгін Премьер-министр Әлихан Смайылов Парламент мәжілісінде «AMANAT» партия фракциясының кеңейтілген отырысына қатысып, Президент Жолдаулары аясында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Партия жанындағы қоғамдық саясат институтының сарапшысы Самат Нұрбол Үкімет жұмысының нәтижелерінен кейінгі саяси өзгерістер туралы айтты, деп хабарлады turkystan.kz.
«Қазір елімізде саяси жаңа өзгерістер енгізіліп жатыр. Мәселен, Парламент мәжілісінде ең көп орын алған саяси партия Премьер-министрдің кандидатурасын Мемлекет басшысына ұсынуға құқылы. Алайда, саяси жауапкершілік те сол партияға жүктелетін болды. Яғни, Үкіметтің жұмысын бақылап, қандай шаралар жасалғаны туралы есеп алып отыруы тиіс. Осыған орай, бүгін Мемлекет басшысының Жолдаулары қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы және Үкімет халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында қандай жұмыстар істегенін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының кеңейтілген отырысында баяндады. Мемлекет басшысының реформалары кезең-кезең бойынша жүзеге асуда. Біріншісі екіншісімен тікелей байланысты. Мәселен, ауыл әкімдерінің сайлауы өткені белгілі. Бұдан кейін аудандық маңызы бар қалалар, кенттер және ауылдық округ әкімдерін сайлау институты енгізілді. Оның аясында 1 576 ауыл әкімі сайланды. Жолдау аясында осы секілді басқа да ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының 7 жылдық президенттік мерзім мен барлық деңгейдегі Мәжіліс пен мәслихаттарда аралас сайлау жүйесін енгізуі – халықтың саяси трансформациясында елеулі рөл атқарды. Себебі бұл жүйе арқылы елдің сайлауға қатысу белсенділігі артты», - деді ол.Оның айтуынша, Президенттің Жолдауы мен Үкімет басшысының есебінде әлеуметтік мәселелерге баса назар аударылған.
«Біз азаматтардың әл-ауқаты жақсармай, елімізде саяси даму өзгерістері болмайтынын түсінуіміз керек. Яғни, зейнет жасы, әлеуметтік жәрдемақы, жалақы мәселелері ішкі саясатқа айтарлықтай әсер етеді. Еліміздегі саяси жүйе бір орында тұрған жоқ, алайда үнемі трансформацияланып, өзгеріп отыруы тиіс», - деді ол.