Астана әкімі Тәжікстан көрмесіне қатысты пікір білдірді

Астана әкімі Тәжікстан көрмесіне қатысты пікір білдірді

Астана әкімі Тәжікстан көрмесіне қатысты пікір білдірді
ашық дереккөзі
50402
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Тәжікстанның ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп өнімдері, халық қолөнері және ұлттық тағамдары көрме-жәрмеңкесінде түсірілген видеоға қатысты пікір білдірді, деп хабарлады turkystan.kz.
«Өткен демалыста EXPO алаңында Тәжікстанның мәдениет күндері аясында ауыл шаруашылығына, өнеркәсіп өнімдеріне және ұлттық қолөнеріне арналған көрме-жәрмеңке өтті. Жәрмеңкеде 1 000 тоннадан астам өнім сатылды. Дегенмен, өкініштісі, жәрмеңке мүлкіне зиян келіп, кейбір азаматтар шатырларды, сөрелерді, декорацияларды сындырды. Қоғамдық тәртіп те бұзылды. Бұл – мәдениеттің төменділігінің, адам еңбегін құрметтемеудің белгісі. Кейбір адамдардың орынсыз әрекетіне байланысты Астана қаласының барлық тұрғынына сөз тиді. Көрме-жәрмеңкеге 100 мыңға жуық адам қатысты, бұл іс-шарада қала тұрғындарының басым бөлігі мәдениетті болғанын ерекше атап өткім келеді. Оларға алғысымды білдіремін!» - деді Жеңіс Қасымбек.
Оның айтуынша, құқықбұзушылар жауапқа тартылатын болады.
«Мемлекет басшысы елорда тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Астана көшелерінде вандализм мен құқықбұзушылықтардың жиілеп кеткен жағдайларын болдырмау жөнінде тиімді шаралар қабылдау қажеттігін атап өткен болатын. Полицияға вандализм әрекеттерін жасаған және қоғамдық тәртіпті бұзған адамдарды анықтау жұмысы тапсырылды», - деді әкім.

Серіктес жаңалықтары