Сұхбаттасқан Ахмет Өмірзақ
Қанағат ЖҮКЕШЕВ: Қазақ тілі ғылымның шапағатын көре алмай, қор болып келеді

Қанағат ЖҮКЕШЕВ: Қазақ тілі ғылымның шапағатын көре алмай, қор болып келеді
Қазақ қоғамында жиі талқыланатын мәселенің бірі – тіл мәселесі. Ол туралы ғылымнан хабары барлар да, ғылым исі мұрнына бармайтындар да айтуға әуес. Ал бүгінге дейін тіл ғылымында назар аударылмай келе жатқан мәселелер туралы тосын пікір айтып, оған философиялық тұрғыдан қарау керектігі жайында «Тіл философиясы» атты полемикаға толы кітап жазған Қазақтың спорт және туризм академиясының Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті, философия ғылымының кандидаты, Қанағат Жүкешевтің ойлары өзгеше.
− Қанағат Мұратбекұлы, өзіңіз туралы деректерді қарағанымда сіздің негізгі мамандығыңыз тарихшы екен. «Әлеуметтік философия» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғапсыз, дегенмен тіл туралы көп жазасыз. Сіздің тілге қатысты мәселелермен шұғылдануыңызға не себеп болды?
– Базалық мамандығым бойынша мен тарихшымын. Мамандығым бойынша оншақты жыл жұмыс істедім. Мектепте тарихты оқыту мәселелерімен айналыстым. Тарих ғылымының майталмандары Манаш Қозыбаевпен, Кеңес Нұрпейіспен авторлар құрамында, Қазақстан тарихы оқулығын, хрестоматиясын, оқыту әдістемелерін жазыстым. Ол жылдары тарих оқулықтары көп сыналып жататын. Ал біздің оқулығымызға жүйкеге тиетіндей сын болған жоқ. Кейінгі жылдары бағдарламалар өзгерді, авторлар жаңа құраммен жаңа оқулықтар жазды. Сонан кейін де біздің оқулықтарымызға ресми емес сұраныс толастаған жоқ. Философияға адамдар көбінесе басқа мамандықтардан келеді. Олардың арасында базалық мамандығы бойынша математиктер, физиктер, биологтар, т.б. толып жүр. Әсіресе, әдебиеттен келгендер көп. Философияға ең жақын пән – әдебиет, соның ішінде тура философия деп атауға болатыны – сын жанры. Белинскийдің «сын дегеніміз – философиялық сана» деп айтқаны бар.
Сауаттылықтың жоғарғы деңгейі – саяси сауаттылық. Оған жеткізетін білім көздері – қоғамдық пәндер. Қоғамдық пәндердің өкілі болуым мені саясатқа алып келді. Мен кіммін, халқым өркениет ағысының қай тұсында малтып жүр, басқалар қайда, біз қайдамыз, өркениеттегі орнымыз қайсы деген сұрақтар туралы бас қатырудың қисыны бар. Түптеп келгенде, қоғамдық пәндер деп отырғанымыз, бәрін жинақтағанда, философия болып шығады. Қоғамдық пәндердің бірінен диссертация қорғасаң – дипломыңа философ деп жазып береді.
Философиядағы орталық ұғым – тіл. Менің көзімді ашып көргенім халқымның мәдениеті төмендігі, әлеуметтік жағынан артта қалуы, саяси-құқықтық білімі таяздығы және соның бәрі, бергісі әдебиетпен, арғысы жалпы біліммен, түпкісі тілмен байланысты болып жатқаны. Тіл туралы көп айтылып, проблемалылығы көзге ұрып көрініп жатты. Оларға араласпау мүмкін емес еді.
− Ертеректе «Қазақ әдебиеті» газетінде «Синоним көптігі тіл байлығы емес» деген мақалаңыз жарық көріп, біраз дауға себепші болды. Сіздіңше тілдің байлығы оның қандай қасиетінде?
− Байлықтың критерийi игiлiктiң жеткіліктілігінен, сұранысты қанағаттандыра алатынынан көрiнiс бередi. Сол сияқты, қазақ тiлiнiң байлығына да, егер солай екенi рас болса, заманауи қоғам шынайылығын репрезентациялау қабілетіне қарап қана объективті баға беруге болады.
Қазақ тілінде жазылған лингвистикалық әдебиеттерде тiлдiң байлығын синонимнiң көптiгiмен өлшеу көп ұшырасады. Үстірт қарағанда, синонимнің көп болуы, кімге болса да, байлық болып көрінері хақ. Шынтуайттап келгенде, синонимнiң датқа колориттік мыс бере алатын, изосемиялық түрлерін ғана тiл байлығының көрінісі деп тануға болады. Ал байлықтың жөні осы екен деп, бір семантикалық өрісте болса да, өзге мағынада қолданылып жүрген немесе қолдануға болатын сөздердiң, жеке мағыналық жүктеме алып жүре алатын согипонимдік қатынастардағы сөздердің, квазисинонимдердің есебiнен синонимдердi жасанды көбейтіп көрсетуге тырысу тiлдiң көсегесін көгерте алмайды. Қарапайым қисынға салғанда, тiл байлығы алдымен сол тiлде орнықты пiшiнде тұрып, жеке мағыналық жүктеме алып жүретін лексикалық бiрлiктердiң көптiгiмен өлшенедi.
Кезінде кейбір зерттеушілердің бір семантикалық өрiстегi сөздердiң бәрiн синонимге айналдыруына қарсы болғаным рас. Қарапайым түсінікте, мен мына тұрғыны ұстандым: жүз, пiшiн, мүсiн, тұрпат, келбет, түр, рең сияқты сөздер қолданыста дәл және орнықты мағынаға ие болу мүмкiндiгi бола тұра, айналыстан шығып қалып, көп синонимнің бірі ретінде жүргенін құптамадым. Оларға, тиісінше, облик, форма, скульптура, тип, портрет, вид, оттенок сияқты сөздердің мағынасын жүктеп, эквивалентсіз қуысты толтыру керек деген ұсыныс айттым.
Бұдан бiр ғана синонимдiк топқа енгiзiлген сөздердiң қазақ тiлiнiң эквивалентсіз қуысын үңірейтіп тұрғаны көрiнiп тұр. Тіл стандарты талабы бойынша, жекелеген сөздерді синонимдер қатарынан алып, универбациялау әдісімен, жеке мағыналық жүктеме артып, қолданысқа жіберу керек.
Қазақ тiлiнiң аграрлық укладты қоғамның өмір шынайылығын көрсетуде, ауыл шаруашылығында, оның мал өсіретін саласында қолданылғанда еркін көсілгені рас. Алайда индустриялы қоғамның тiлiне қойылатын талаптар тұрғысынан қарағандағы жағдайы мәз емес. Индустриялы қоғам шынайылығын – өнеркәсiп, технология, қала тұрмысы, экономика, халықаралық саясат, әскер өмiрi аяларында болып жатқан құбылыстар мен үдерістерді толыққанды сипаттауға қолданылатын лексикасы толтыруды қажет етеді.
Өндiрiстi, технологияны былай қойғанда, кәдімгі қала пәтеріндегі немесе офистегі күнделікті қолданыстағы заттардың қазақша атаулары орнықпай отыр. Мысалы: этаж, подвал, балкон, веранда, лоджия, люк, перила, кухня, спальня, ванна, витраж, батарея, люстра, лампочка, ваза, включатель, розетка, плита, комфорка, диван, шкаф, полка, кресло, плинтус, лампа, папка, файл, диск, монитор, принтер сияқты мыңдаған сөздердiң қазақша эквиваленті жоқ екенін көрмей, «қазақ тілінің байлығы бәрінен асып тұр» деп, көбік мәліметті көпірткеннен тілдің мәртебесі арта қоймайтынында.
Әзірше, қазақ тілінің қалалық лексикасын жасақтау тіл жанашырларының ынтасымен, стихиялы жүріп жатыр. Ғылыми мекемелер бұған араласқан жоқ.
− Бір мақалаңызда «Ф.Бэкон сонау XVI ғасырдың өзінде ағылшын тілін ғылымға бейімдеп, тіл философиясын тіл грамматикасынан бөліп алып, түгел қайта қарап, ғылым мен техника тілі ретінде орнықтырған болатын. Бұған дейін ағылшын тілі Ф.Бэконның сипаттауынша «адым аттаған сайын метафоралар мен теңеулерге толы болған» (қазіргі қазақ тілі сияқты). Демек, ол кезде ағылшындар да қазіргі қазақтардың айтыскерлері мен жыршылары сияқты теңеулермен, метафоралармен, елірте, есірте тіл безеуден алдына жан салмай жүрген» депсіз. Сонда қазақ тілінің бейнелілігі қазір оның заманауи тұрғыдан дамуына кедергі келтіріп жатыр ма?
− Бейнелілік – кейбір зерттеушiлердің субъективтi пiкiрлерi ғана емес, қазақ филологтарының бәрінің тiлдiң «артықшылығы» және «құптарлық ерекшелiгi» ретiнде қабылдап алған бағалаулары. Аграрлы қоғам адамдары арасында бейнелi сөйлеуге тырысу сара бағыт ретiнде қастерлей ұстанылады. Бұған ешкiм қарсы шықпайды, керiсiнше, қазақ тiлiнiң «бейнелiлiгiн» әркiм кез келген ұрымтал тұста келтiрiп, «артықшылығын» дәлелдеп бағады.
Қазақ филологтарының тұрғысынан қарап, түркi-моңғол тiлдерiнiң, соның iшiнде, қазақ тiлiнiң басқа тілдерден артықшылығы ретінде сипатталатын «бейнелiлiгiнен туындаған құдiреттiлiгiне» (Р.Сыздықова, Ә.Қайдаров) сенсек, қарапайым логика бiздiң алдымыздан мынадай сұрақтарды алға тартады: бiздiң тiлiмiз «бейнелiлiгiмен құдiреттi» болса, онда бейнелi бола алмағандықтан, құдiреттi бола алмай жүрген тiлдер қайсы? Мүмкін, «құдiретсiздердiң» қатарына ағылшын немесе орыс тiлдерiн жатқызуға болатын шығар? Бұл екеуінің алдымен ауызға ілігуін біздің үштілділік практикасын енгізуді көздеген ниетімізден туындаған деп түсіну керек.
«Бейнелілік – көркем шығарманың негізгі белгілерінің бірі» (Д.Ушакова, Т.Жеребило). Алдыңғы қатарлы лингвистикалар осыны қуаттайды. Осы ерекшелігімен көрінетін болса, қазақ тiлінде көркем өнердiң теңдесi жоқ туындылары дүниеге келіп, «бейнелi болмағандықтан құдiреттiлiкке қол жеткiзе алмай жүрген» Еуропа тiлдерi қазақ прозасы мен поэзиясынан үлгi алуы керек қой. «Бейнелi болмағандықтан, құдіретсіз» болып қалған ағылшын немесе орыс тiлi көркем өнерде қазақ тiлi жеткен деңгейге жете алмаса керек едi. Оларға ешкім қызықпай, ешкім меңгере алмай, орталықтан алыста, дрейф жағдайында өмір сүріп жатса керек еді. Ал қазақ тілі рухани салаларда, соның ішінде, көркем әдебиетте маңдайы жарқырап, өркениеттің алдында, өзгелерден озып бара жатуы керек еді. Өкінішке қарай, бұл тезистің ғылыммен қоңсы қонбайтынына көз жеткізу қиын емес. Нағыздық мүлдем керісінше. Қазақ және ағылшын тiлдерiнiң көркем өнердi дамыту деңгейлері бұл тұжырымға мүлдем кереғар практиканы көрсетіп отыр. Ал құдіреттілікке келетін болсақ, кімнен сұрасаң да, ол критерийге лайық деп, дүние жүзіне таралып, бүкіл адамзат меңгеруге құштарлық танытып отырған ағылшын тілін атаған болар еді. Түсiнiк қандай кереғар болса, салдар да көңілдегіден сондай алшақ.
Ә.Қайдаровтың тұжырымынан терминдердің оңбай жүруі оған «көнбей жүрген» қазақ тілінің «асаулығынан» деген ой аңғарылады. Демек, бұдан ұғарымыз – өзге тілдердің «еркелігі жоқ, бұғау салдырады, термин жасауға көнеді», демек, «құдіретсіз», ал қазақ тілі «асау, көнбейді», басқалардан «еркебұландығымен, бейнелеушілігімен, бұғау салдырмайтындығымен», демек, «құдіреттілігімен» ерекшеленеді. Ендеше, қазақ тілін өзіміз күшеніп тапқан баламызға үйрете алмай отырғанымызды немен түсіндіреміз? Осыдан кейін, біздің тіліміз «құдіретті» деп, еліре сөйлеп, лепіріп отырған академиктеріміздің түйтік дегеннен хабары бар ма деген сұрақ туындап жатуына ешкім таңғала қоймас.
«Бейнелілік» тілге емес, сөйлеушіге ғана қатысты қолданылады. Еуропа ғалымдарынан кім, қай тілдің «бейнелілігімен озып», қай тілдің «бейнелі бола алмағандықтан қолданысқа жарамай» қалғанын жазған жоқ. Дәл осы аспектте зерттеулер жүргізген ешкім жоқ.
Бейнелі сөйлеуге үйірлік аграрлы қоғам адамдарына тән. Барлық индустриялы қоғамдар кезінде даму сатысының аграрлы баспалдағында болған. Сол баспалдақта өмiр сүрген кездерiнде ол қоғамдағы тiлдердiң бәрiнде бейнелiлiкке үйiрлiк көрiнiс берген. Қазiргi ғылым мен ақпараттық технология үстемдiк еткен постиндустриялы заманның «қасаң» тiлiнде сөйлейтiн ағылшындардың өздерi де аграрлық қоғамда өмiр сүрiп жатқан кезде ойларын бейнелеп жеткiзуге құштарлық танытқан, күшейткiш тiлдiк құралдарды көп қолданған.
Қойылған сұрақта келтірілген Ф.Бэконның сөзі Англияның қоғам дамуының аграрлықтан индустриялы сатысына өтiп жатқан, өнеркәсiп пен ғылымның дамуы қарқын алған шағында айтылған болатын. Ағылшын тілін стандарттау арқылы әдеби нормаға түсіру сол кезде басталған болатын.
Қазақ тілі «бейнеліліктің» жетіспеуінен емес, оны қолданушыларының бейнелі сөйлеген осы екен деп, «әр нәрсені өз атымен атамай, адамдарды жынды қылу оп-оңай» (Ж.Нәжімеденов) жасап, семантикалық сәйкестікке келмесе де, бір сөздің орнына екіншісін қолданып, тілді ешкім меңгере алмайтындай қылып отырғанынан зардап шегуде. Бейнелілік индустриялы қоғамдағы «тіл стандарттылығы» категориясына қайшы.
Дүниежүзінде жетілген тілдердің ешқайсысы бейнелілігімен мақтанбайды, осы қасиетімен озып тұрған жоқ, керісінше, стандарттылығымен, әдеби нормаға түсірілгенімен, ережелерінің орнықтылығымен, соның арқасында оңай меңгерілетінімен, кең таралып, сөздің шын мағынасында құдіретті болып отыр.
Бейнелілікті дәріптеу – қазақ лингвистикасында орын алған іргелі қателіктердің бірі. Бейнелілік – тіл үйренуде қиындық тудырушы факторлардың ең кеселдісі. Ресми ақпаратта ұғымдар мен атауларды бейнелі мағынада қолдану стиль бұзудың да өрескел формасы. Троптар индустриялы қоғамда іс жүргізу үдерісінде ресми ақпаратты жеткізуде қолданылмайды. Бейнелі қолданыстағы сөз әдеби нормаланған корпусқа кірмейді.
− Тіл туралы пікірлеріңіздің негізгі бір түйіні – «қазақ тілі ауылдың тілі қалпында қалып, индустрия тіліне айналмаса дамымайды» дегенге саяды. Сонда халықтың өзі қазақ тілінің заманауи деңгейде дамуы қажеттігін түсінбей келе ме, әлде тілтанушы ғалымдарымыз бұл мәселеге мән бермей ме? Тілдің заманауи тұрғыда дамуы қалай болуы керек?
− Қазақстан қоғамы индустриялы басқышқа көтерілді. Индустриялы қоғам стандартқа түсірілген, нормаланған тілді қажет етеді. Сондықтан аграрлы қоғамның бейнелі тілі сапасында қалып отырған қазақ тілін мемлекеттік іс жүргізуде қолдану үшін оны дайындау керек болатын. Бізде бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынған жоқ. Қазақ тілін заманауи деңгейде дамыту қажеттігін халықтың түсінбеуі өз алдына, алдымен мұны тілтанушы ғалымдар түсініп отырған жоқ.
1961 жылы Кеңес Одағы коммунистік партиясының ХХІІ съезінде «адамдардың жаңа қауымдастығы – кеңес халқы» қалыптасқаны, келешекте «Кеңес адамдары бір тілде сөйлейтіні» жарияланған болатын. Қазақ тілінің «перспективасы жоқ» деп танылды. Ұлт зиялылары оны мойындады. Коммунистік билік кеңес-қазақ филологтарының алдына тілдерді жою саясатын жүзеге асыру міндетін қойды. Қазақ филологтары бұл стратегияны іс жүзіне асыруға белсене араласты. Олардың зерттеулерінің қорытындылары бойынша аббревиатуралар тек орыс тіліндегі нұсқадан алынатын болды; терминдерді аударуға рұқсат етілмеді; Ғылым академиясында қазақ тілінің сөздік қорын жинауға тыйым салынды; қазақ тілінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмейтін болды; тілді мемлекеттік іс басқаруда, экономикалық айналыста, өндірісте қолдануға тосқауыл қойылды. Таза қазақтар қоныстанған мал шаруашылықты аудандардың өзінде іс орыс тілінде жүргізілетін болды; тіл қолданыс стихиялы ағысқа жіберілді.
Кеңес-қазақ филологтары ана тілін қоғамнан ығыстырып тастауды діттеген ойлар мен идеяларға толы еңбектер жазды. «Зерттеулерінің» мазмұны мен идеялық бағдарлары компартияның тілдерді жою саясаты үшін құптарлық, ал қазақ тілінің перспективасы үшін залалды болды. Оларда ана тілін дамытуға септігі тиетін, рационал дәні бар ештеңе болған жоқ, болуы мүмкін емес болатын. Олардың академиялық деңгейде шығарып жатқан көлемді еңбектері стратегиялық теріс бағыттар мен кеселді түйткілдерге тұнып тұрды.
Кез келген тіл нормаларын жетілдіріп және олардың орындалуын қадағалап, жөнге салып отыруды талап етеді. Сауатсыз шаруаның бақылаудан тыс, қате қолданыстарын түзеттірмей, бейпіл ағысқа жібергенде, тіл біртіндеп аномалияға малшынып, бір кезде мүлдем ақпарат алмасуға жарамай, өзінен өзі айналыстан шығып қалады. Бұл – дүниежүзілік тенденцияларда бақыланған, зерттелген құбылыс. Соңғы ғасырлардың өзінде сыртқы әсерлерден қорғалмаған 3000 тіл тарих сахнасынан жоғалып кетті. Олардың жойылып кетуін тездеткен факторлардың бастысы – бекітілген ережелермен жөнге салынбай, бетімен жіберілгендігінен болғаны қазіргі лингвистика ғылымына белгілі.
Кеңес-қазақ филологтары ана тілін жою үшін осы «әдіснаманы» қолданды. Бұлары өздерінің ана тілін тұншықтыру үшін қолданған пәрменді әрекеттерінің бірі және бірегейі болып шықты. Енді, сорақының үлкені – қазіргі әрекеттегі филологтардың қылығына назар аударыңыз: олар кеңес кезінде ана тілін жою шараларымен айналысқан аға буын әріптестерінің «зерттеулерін жоққа шығармайтынын», демек, қазақ тілін жою шараларын жалғастыра беретіндерін ашық жариялап отыр. Мәселенің осылай ширығып кеткенінен қоғам хабарсыз.
− Тіл қолданысын оңтайландыруға қажет нәрсенің бірі терминдер екені белгілі. Бұл мәселеде қазіргі қазақ тілінде қандай проблемалар бар деп ойлайсыз?
− Жалпыхалықтық тіл деген ұғым бар.
Ол – тіл лексикасының толық жиынтығы, сөздік қордың абсолютті мөлшерін түгел қамтиды. Оның құрамына әдеби нормаға түсірілмеген лексиканың барлық түрлері еніп тұрады.
Жалпыхалықтық тілдің мейілінше дамитын, жетілетін кезеңі – аграрлы қоғам. Мәдениеттің, соның ішінде көркем әдебиеттің, өнердің ұлт мақтанышына айналған туындыларының дені аграрлы қоғамда дүниеге келген. Қазақ филологтары бұл екеуінің арасын ажыратпай, бірінің орнына екіншісін қолданып сөйлей береді.
Әдеби нормаланған тіл – жалпыхалықтық тілдің ядросын құрайтын, ресми аяда қолданылатын, стандартқа келтірілген бөлігі. Әдеби нормаланған тілдің пайда болуы тауар өндірісі мен құқықтық қоғамның орнауымен шарттандырылып тасталған. Сондықтан ол индустриялы қоғамның тілі болып табылады. Дүниежүзілік тенденцияда осылай қабылданған.
Тілтану ғылымында әдеби тіл мен жалпыхалықтық тіл ұғымдарын шатастырып, әдеби тіл қалыптасуы үшін белгілі бір шарттылықтар қажет екенін түсіне алмаған алдыңғы әріптестері салып кеткен теріс бағытпен ұрып келе жатқан қазіргі қазақ филологтары тілді индустриялы қоғамның нормаланған әдеби тілі сапасында дамыту қажеттігін түсіне алмай отыр.
Индустриялы қоғам жағдайында нормаланған әдеби нұсқасын жасамасаң – тіліңнің күні қараң, оны ешкім меңгере алмайды. Қазір тіл перспективасы, біріншіден – нормамен, екіншіден – репрезентативтік қабілетімен, үшіншіден – замандастың рухани талабын өтей алатын сапалы контентпен айқындалады.
Әдеби нормаға түсіруге іріктеліп алынған тілдік бірліктердің бір шоғырын терминдер құрайды. Қазақ лингвистері әдеби норма, тіл стандарты талаптарын ескермей терминдерді ретке келтіруге кірісіп жүр. Алгоритмді ескермегендіктен, істегендері сылбыр және қате жүргізіліп жатыр. Бұл істе шалайғылық көп. Терминдерді ретке келтіруден бұрын, тіл біледі категориясына жататын адам меңгеруге тиісті корпусты стандартқа түсіріп алу керек. Соның ішінде терминдер де талапқа сай ретке келтіріледі.
− Тәуелсіздіктен бергі отыз жылдан аса уақытта қазақ тілін дамытудың түрлі бағдарламалары жасалды, бірақ көріп отырғанымыздай, қоғамда көп жағдайда әлі орыс тілінің үстемдігі бар. Бұл құбылысты қалай түсінуге болады?
− Бәрімізге белгілі, ғасырға жуық жанталасып келеміз. Әкімшілік пәрмен болды. Тілді білу қажеттігі насихатталды. Мол қаржылық ресурс жұмылдырылды. Бағдарламалар қабылданды, іс жүргізуге көшетін мерзімдер бекітілді. Оқулықтар өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, әлденеше қайта жазылды. Тілді оқытатын сағаттар саны арттырылып отырды. Тіл мәселелері ғылыми-теориялық, практикалық конференцияларда талқыланды. Жоғары инстанцияларға хаттар, петициялар жөнелтілді. Қорлар құрылып, акциялар өткізді.
Бәрін салдық. Нәтиже жоқ. Нәтиже болуы мүмкін емес болатын. Өйткені тіл мәселесі асар салу амалдарымен шешілмейді. Аталған шаралардың арасында бір ғана, бірақ, бірегей элемент жетіспеді. Ол – ғылым.
Қоғам алдымен тілді дамытатын басты қозғаушы күшті біліп алуы керек еді. Бұл үдерістегі шешуші буын – ғылым. Тілдің күйін толық сипаттап бере алатын, оны дамыту жолдарын көрсете алатын қозғаушы күш – тек ғылым ғана. Қазақ тілі ғылымның шапағатын көре алмай, қор болып келеді. Филологтарда үн жоқ. Мәселемен өзге күштер – тілге жанама қатысты, аралас топтар айналысады. Олардың айтатыны – дөйдала пікірлер, қоятыны – орындалмайтын талаптар. Тілдің жағдайын шешуді талап етіп билікке жазған хаттары мен петицияларының мазмұны оғаш, заңдылықтан жырақ. Ал Үкіметтің өзі қабылдаған бағдарламалары ғылымилықтан аулақ, канал қазудың жоспары сияқты болып шығып жатты. Мұндай сауатсыз тыраштанулардан нәтиже шықпайтыны бесенеден белгілі болатын.
– Сіздің «Тіл философиясы» деген еңбегіңізді қарап шықтым, онда тілдің дамуына қатысты көптеген сыни пікір бар екен. Тіл, әдебиет, өнер бәріндегі ортақ кемшілік ретінде ауылдық таным әсерін көрсетесіз. Әрине, қай проблеманың да екі жағы (пайдасы, зияны) бар: егер қазақтың бәрі қалалық болуға ұмтылып, ата кәсібі шаруашылығынан жырақтаса ұлттық таным-түсініктен ада болып, негізінен айырылған маргинал ұлтқа айналмаймыз ба?
− Адам-ата мен Хауа-ана жерге түскен күні зәулім сарай салып алған жоқ. Мыңдаған жыл үңгірлерде тұрды, терімшілікпен, аңшылықпен, балық аулаумен айналысты. Мыңдаған жылдар өткенде лашық салуды, мал бағуды, егін егуді меңгерді. Жетіле келе дуал түйіп, ағаштан үй салды. Тастан сәнді сарайлар салу соңғы мыңжылдықтарда ғана пайда болды. Барлық халық осы кезеңдерден өтті. Сол халықтардың ешқайсысы дамудың келесі басқышына аяқ артқанда, ата кәсібімізден айырылмаймыз деген жоқ. Лашығымыздан шықпаймыз деген жоқ. Прогреске ілесіп кете берді. Жетістікке жете берді. Қазір өзгелермен терезесі тең, қатардан қалмай өмір сүріп жатыр.
Орта ғасырлардан жаңа дәуірге өтер кезде қойды көп баққан ел ағылшындар болды. Олар қойдың жүнінен бостон тоқып, дүниежүзі зиялысына өздерінің ұлттық костюмін кигізіп қойды. Қой шаруашылығын жетілдіре отырып, ұтымды өнеркәсіпке ұластырған ағылшындар, ата кәсібімізден айырылып қалмайық деп, қой шаруашылығына жабысып қалған жоқ. Қазір халқының 95 %-ы қалада тұрады. Үздіксіз даму үстінде.
Қазақ қойды жегенді ғана біледі, шикізаттан тауар өндіруді меңгермеген. Бағу тәсілінде де прогресс жоқ. Сондықтан ешқашан «ата кәсібінің» тиімділігіне қол жеткізген жоқ. Керісінше, онысы төрт ғасыр бойы өз басына сор болып тиіп отыр.
Қой қазақты тәуелсіздігінен айырды. Шиті мылтықпен қаруланған 400 орыс келгенде, қазақтың мыңғырып жатқан 40 миллион қойы пана болмады. «Мал баққан елміз, тек жатқан елміз» тезисі кәдеге жарамады. Мал бақпау керек еді, тек жатпау керек еді. Бекініс салып, қала орнату керек болатын. Темір балқытып, зеңбірек құю керек болатын. Көршіге көз тігіп, қару дайындау керек болатын.
«Қазақтың бәрі қалалық болуға ұмтылып, ата кәсібінен жырақтаса, ұлттық таным-түсініктен ада болып» қалмайды, «маргинал ұлтқа» айналмайды. Керісінше, қаладан қашқан, қойдың құйрығын құрттаудан басқаны білмеген халық «өркениеттік таным-түсініктен ада болып, маргинал ұлтқа айналып» қалады.
Маргиналдық деген белең алған топтан ажырап қалып, шетке адасып кеткен дегенді білдіреді. Қазақтардың ата кәсіптен айырылмаймыз деп, заманауи постиндустриялы қоғамдарға қосыла алмай отырғаны опақ, тұрғаны сопақ болып, ұлтының бірде-бір мәселесін шеше алмай, зарлап күнелтіп жатуының өзі заманауи индустриялы өркениеттер тұрғысынан маргиналдық болып шығады.
Жалпы, маргиналдық деген жәбірлеуші ұғым емес, құбылыстарды салыстыра отырып, орнын анықтайтын ұғым. Өзгелерден оқшаулықтың бәрі, соның ішінде, алға суырылып, озып кеткендер де маргинал болып есептеледі.
Демек, аграрлы шаруашылық укладтан индустриялы қоғамға өту – адамзат прогресінің заңды даму жолы. Дүниежүзі халықтарының бәрі осы кезеңдерді артта қалдырып, индустриялы формацияға өтіп жатыр, өтпей қоймайды. Ал «ата кәсібіміз» деп, қойды қойторымен бағудан айырылмаймыз деп, прогреске қосылмаймыз деп, кері тартқан халықтың күні қараң. Ата кәсібінен айырылмау қазақты отарға түсірді. Енді өзгенің тегеурінімен келген тәуелсіздіктен кейін, қазақ кебін қайта киетін болса, оның ақыры ұлтынан да, мемлекеттігінен де айырылуға апарып соқтыратын болады.
− Әңгімеңізге рахмет!