226
Биыл Қазақстанда 4 сайлау өтеді
Биыл Қазақстанда 4 сайлау өтеді
Елордада Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтің жетекшілігімен ведовствоның ашық отырысы өтті. Облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Әділет, Ақпарат және коммуникациялар, Білім және ғылым, Ішкі істер, Сыртқы істер министрліктерінің өкілдері қатысқан жиында Ортсайлаукомның өткен жылғы жұмысы қорытындыланып, 2017 жылға арналған жұмыс жоспары нақтыланды.
Кіріспе сөз алған Комиссия төрағасы Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ұсынған конституциялық реформа сайлау органдарының қызметіне үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтіп, мұндай қадам елдің саяси жүйесін демократияландыру мен конституциялық құрылысты нығайту жолындағы маңызды қадам екендігін атап өтті. Сондай-ақ, алқа отырысында ағымдағы жылда елімізде 4 сайлау науқаны өтетіндігі мәлімделді.
«Биылдың өзінде-ақ біз 4 сайлау науқанын ұйымдастырып, өткізуіміз қажет. Оның алғашқысы осы күндері басталып та кетті. Яғни, қазіргі кезде шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына кандидаттарды ұсыну республика бойынша 58 сайлау учаскесінде өтуде. Ал сайлау 26 мамырда өтеді деп жоспарланған. Содан көп кешіктірілмей 30 маусымда 2011 жылдың 19 тамызында сайланған Сенат депутаттарының орнына кезекті сайлау өткізілуі тиіс. Үшінші науқан ретінде ауыл округтерінің құрамына кірмейтін, Қазақстан Республикасының аудандық маңыздағы қалалары, ауылдық округтері, елді мекендері мен ауылдары әкімдерінің кезекті сайлауын өткізу ойымызда бар. Және соңғысы шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау өткізу 29 қазанға жоспарланған», – деді Б.Имашев.
Отырыста өткен жылы атқарылған шаруалар мен 2017 жылғы сайлауларды заңдық және қаржылық қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты арнайы баяндама жасаған ОСК төрағасының орынбасары Владимир Фоос сенаторларды сайлау тәртібі турасында кеңірек тоқталып өтті. Оның айтуынша, әрбір облыс пен Астана және Алматы қаласынан сайланатын Сенат депутатының жалпы саны 16 болады және жоғарыда атап өткен 58 учаскенің 13 облыстық, 9 қалалық және 36 аудандық мәслихат деңгейіндегі сайлау учаскелері болып табылады екен.
Алқалы жиында Комиссия хатшысы Б.Мелдешов пен Ортсайлауком мүшесі С.Мұстафина, К.Петров, М.Сәрсембаев пен Л. Сүлеймен баяндама жасап, ведомствоның алдағы жұмысының басымдықтары айқындалды. Сонымен қатар, нақты бағыттар бойынша қызметті ұйымдастырудың жаңа нысандары мен әдістер-тәсілдері талқыланды. Сөз сөйлеу барысында қозғалған тақырыптар арасында сайлау процесіне қатысушыларды оқыту, сайлаушылар тізімдерін құру, аумақтық сайлау комиссияларымен белсенді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету сынды өзекті мәселелерге ерекше көңіл бөлінді.