50316
«Жастар Рухы» республика көлемінде «Қауіпсіз қала» акциясын өткізуде
«Жастар Рухы» республика көлемінде «Қауіпсіз қала» акциясын өткізуде
«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты республика көлемінде «Қауіпсіз қала» акциясын өткізуде, деп хабарлады turkystan.kz.
Атаулы акция Төтенше жағдайлар және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізілуде.
Акция бастау алғаннан бері аймақтарда ашық кәріз құдықтарына, жабдықталмаған шомылу орындарына, тұрғын үйлердің шатырының қауіпсіздіктеріне мониторинг жасауда. Жұмыс барысында 200-ден астам құқықбұзушылық фактілері анықталды. Сондай-ақ, рұқсат етілмеген жерде шомылу бойынша 50 жағдай тіркелді дейді ұйымдастырушылар.
Атаулы шараның мақсаты – мониторинг арқылы ақпарат жинап, тиісті орындарға тапсыру, сондай-ақ, жаз мезгіліндегі балалар мен ересектер арасында жазатайым оқиғалардың орын алуын төмендету.
«Қауіпсіз қала акциясы, ең алдымен, балалардың қауіпсіздігін, олардың қауіпсіз ортада өсуін қамтамасыз етуді көздейді. «Жастар Рухы» жалпы әлеуметтік мәселелерді шешуде ешқашан тыс қалған емес. Акция барысында азаматтар қауіпсіздігі үшін қала аумағындағы ашық жатқан люктерге, аулалардың жарықтандырылуы, үй жағдайында газ баллондарының дұрыс орналасуы, су айдындарындағы қауіпсіздік және кәмелет жасқа толмаған балалардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына рейд жұмыстары жүргізілуде. Аймақтарда болған келеңсіз оқиғаларды ескере отырып, мұндай акциялар сол жағдайлардың санын азайтып, оң нәтиже көрсетуіне жұмыс жасаудамыз. Мониторинг нәтижесі бойынша арнайы ұсыным хаттар дайындалып, тиісті органдарға жолданады», - деді «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.Сонымен қатар, Жастар қанатының өкілдері келеңсіз оқиғаның алдын алу үшін сәбилер мен балаларды қараусыз қалдырмауға, ата-аналармен профилактикалық әңгіме жүргізуге шақырады. Айта кетеміз, «Қауіпсіз қала» акциясы ағымдағы жылдың 25 тамызына дейін жалғасын таппақ.