«Bir Tolqynda» заманауи би чемпионаты қорытындыланды

«Bir Tolqynda» заманауи би чемпионаты қорытындыланды

«Bir Tolqynda» заманауи би чемпионаты қорытындыланды
ашық дереккөзі
50430
Халықаралық Жастар күні қарсаңында «Жастар Рухы» жастар қанаты «Bir Tolqynda» заманауи би чемпионатын өткізді, деп хабарлады turkystan.kz. Қазақстанда алғаш рет «Bir Tolqynda» заманауи би чемпионаты өтті. Оған әр түрлі жастағы 300-ден астам адам қатысты. Сайысты «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты мен ҚР спорттық би федерацияларының қауымдастығы ұйымдастырды. Жарыс «Есірткіге жол жоқ!» жобасы аясында қолға алынды. Іс-шараның басты мақсаты – жастарды салауатты өмір салтын ұстануға үндеп, бос уақытын пайдалы әрі белсенді өткізуге, нашақорлықтан аулақ болуға шақыру. «AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек «Bir Tolqynda» чемпионаты тек би мерекесі ғана емес, жастарды қоғам денсаулығы мен әл-ауқаты үшін күресуге белсенді қатыстыруға бағытталған сенімді серпін екенін атап өтті.  width=
«Есірткімен күрес жүргізу партия мен жастар қанаты үшін басым бағыт саналады. Салауатты өмір салты – қуатты әрі гүлденген қоғамның кепілі. Біз денсаулық сақтау жүйесін жақсартуды көздеп қана қоймай, жастардың белсенді дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасауға, олардың өз қабілет-қарымын танытуына мүмкіндік беруге ұмтыламыз. Біздің сайлауалды бағдарламамызда «Жастармен бір толқында» атты жеке тарау бар. Бүгінгі чемпионаттың осыған ұқсас атаумен өтіп жатуының да өзіндік мәні бар деуге болады. Жастарға жасампаз болу үшін мүмкіндік беру керек. Осы орайда, біз шығармашылық бастамаларды қолдау, мәдениет пен спортты дамытуға жағдай жасау міндетін өз мойнымызға аламыз», – деді ол.
«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, жастар арасында нашақорлықпен күресті насихаттау – аса маңызды.  width=
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында және Ұлттық құрылтайда жастар арасында есірткі заттарының таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырған еді. Біз «Есірткіге жол жоқ!» жобасын қолға алдық. Соның аясында, жастарды спортқа, өнерге және білімге баулып, түрлі іс-шара өткізіп келеміз. Бүгінгі чемпионат – есірткіге қарсы тұра білудің жарқын үлгісі. Сондай-ақ, бұл байқау жастардың салауатты, белсенді өмірге ұмтылуына мүмкіндік береді», – деді ол.
 width= Өз кезегінде, ҚР спорттық би федерациялары қауымдастығының төрағасы Бауыржан Сейфуллин қатысушылардың жеңіске деген ұмтылысы, шеберлігі мен шығармашылығы аталған чемпионатты айрықша оқиғаға айналдырғанын айтты.
«Біздің фестиваль хип-хоп мәдениетінің туған күнімен сәйкес келді. Аталған би жанрының пайда болғанына биыл – 50 жыл. Бұл – өте маңызды күн. Сондай-ақ, осы чемпионат халықаралық Жастар күнімен тұспа-тұс келіп, есірткіге қарсы күресті жандандыру мақсатында өткізіліп отыр. Шығармашылық қоғамдастық бұл бастаманы толық қолдайды. Би өнері мен салауатты өмір салтын үйлестіруді ұтымды шешім деп бағалаймыз. Тиісінше, есірткімен күресетін жастар саны артып келеді», – деді ол.
Үздік бишілерді қазылар алқасының мүшелері анықтады. Олардың арасында брейкингтен түрлі чемпионаттардың финалисті B.Boy Yera, Орталық Азия аумағындағы көптеген фестивальдердің жеңімпазы Алик, Бельгиядан келген әлемдік деңгейдегі үздік биші Thanh Long (CHARMANT) және «Танцы» телеарна шоуының хореографы Anton Pashulia aka Slam бар.  width= Осылайша, 6 номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. Яғни:
  1. Hip-Hop 3x3 – Айдос, Хьюго, Саня;
  2. Hip-Hop new players 1x1 – Nursaya;
  3. Krump 1x1 – Saint Sinner;
  4. Breaking 2x2 – Simple System;
  5. Breaking & House 2x2 – Маня & Линара;
  6. All styles 2b4 – Big Out, Twin Out, Кося, Лука.
Жеңімпаздарға арнайы ақшалай сертификаттар табысталды. Ал биші Twinn Оut арнайы Red Bull Wild Card номинациясында жеңіске жетті және енді ол Алматы қаласындағы Red Bull dance Your Style ұлттық финалына қатыса алады. Айта кетейік, жыл басынан бері «Жастар Рухының» белсенділері есірткі граффитиін бояп, үнемі рейдтерге шығып келеді. Еліміздің барлық 20 өңірінде осындай 4 мыңнан астам «хабарландыру» жойылды.  width= Сонымен қатар, түрлі оқу орындарында есірткі заттарының зияны туралы дәрістер өткізіледі. Сараптамалық алаңдар ұйымдастырылып, онда жастар қауымы танымал тұлғалармен, депутаттармен кездеседі. Бұған дейін «AMANAT» партиясы жанындағы Республикалық Жастарды қолдау кеңесінің мүшелері жасөспірімдер мен жастардың денсаулығына зиян келтіретін электронды темекінің, алкогольдік ішімдіктердің, есірткінің таралуы мен заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті қатаңдату мақсатында заңнамаға түзетулер енгізуді ұсынды.  width=

Серіктес жаңалықтары