Қанат Ислам: 39 жас – нағыз сыналатын шағым

Қанат Ислам: 39 жас – нағыз сыналатын шағым

Қанат Ислам: 39 жас – нағыз сыналатын шағым
ашық дереккөзі

Былтыр қазан айында Қанат Ислам АҚШ-тың Флорида штатындағы Плант-Ситиде өткен бокс кешінде аргентиналық Хавьер Франсиско Масьельден басым түсіп, кәсіпқой рингтегі жиырма тоғызыншы жеңісін тіркеген. Содан бері қазақстандық боксшы шаршы алаңға шыққан жоқ. Жуырда бокс әлемінен алыстап кеткен спортшымен әңгімелесудің сәті түсті. – Көптен көрінбей кеттіңіз. Жекпе-жегіңізді күтіп жүрген жанкүйерлерді қашан қуантуды жоспарлап отырсыз? – 2022 жылы қазан айындағы айқастан кейін біраз уақыт демалыс алдым. Енді күз­ге қарай бір кездесу өткіземін. Қазір командамызбен соған қызу дайындық үс­тіндеміз. Қарсыласым, жекпе-жектің уа­қы­ты мен өтетін жері әлі нақтыланған жоқ. Жаңалық болса, хабарлаймын. – 10 қыркүйекте 39 жасқа толасыз. Бір сұхбатыңызда «Спортта жүргеніме 30 жылға таяды» деп айтыпсыз. Бокс қол­ғабын шегеге ілетін уақыт келді деп ойламайсыз ба? – Иә, күзде 39-ға келемін. Негізі, бұл жас­та рингте жүрудің өзі ерлік. Бір жағы­нан мен үшін қызық. Нағыз сыналатын ш­а­ғым. 30 жыл жұдырықтастым. Соның 10 жылын Америкада өткіздім. Үйренерім көп. Ізденісімді тоқтатқан жоқпын. Спорт маманы ретінде өзімді жетілдірудемін. Әлі оқып жатырмын. Шетелдегідей елімізде де кәсіпқой бок­с­­­­тың деңгейін көтерген жөн. Білгенімді ар­­тымнан еріп келе жатқан інілеріме үй­ре­темін. Маңдай термен келген еңбек бол­ған­нан кейін оның өз жемісі болады. Ел спор­тының өркендеуіне үлесімді қосуды мақ­сат тұттым. Америкаға барып талай қақ­­панды бастық қой. Соны соңымыздан ер­ген інілеріміз алдын ала біліп барса, қай­таламаса деймін. – Қытайдың он дүркін чемпио­нысыз. Бейжіңде қола жүлде алға­ныңыздың өзі бір тарих. 2010 жылы Қазақстанға оралдыңыз. Дегенмен Лон­дон Олимпиадасына қатысу бұйыр­мады. Есесіне Astana Arlans са­пында өнер көрсетіп, кейін кәсіпқойға ауыстыңыз. Бұл шешімді қабылдауға не түрткі болды? – Аллаға мың да бір шүкір, Қытайда жүр­генде сый-құрметтен кенде болғаным жоқ. Сенім артып, төбелеріне көтерді. Басқа мемлекетте жүргеннен кейін шетке қағу әр кезде де болатын дүние ғой. Бәсекелестік деген өзіміздің облыста да, тіпті ауданда да, керек десеңіз әр отбасында болады. Қай жерде жүрсең де мықтылығыңды дәлел­десең, бәрі саған құрметпен қарайды. Мен сондай спортшының бірі болдым. Атажұртқа келгеніме қуанамын. Өз елің­де алшаң басып жүргенге ештеңе жет­пейді. Қазақстанның атынан Олимпиадаға қатыса алмай қалғаным үшін ғана өкіндім. Кейін «бұйырмады» деп өзімді жұбаттым. Сол оқиға кәсіпқой боксқа кетуіме себепші бол­ды. Алдымен Astana Arlans сапында ба­ғымды сынап көрдім. Көп ұзамай талай жыл арманым болған Американы бетке алдым. АҚШ-та кәсіпқой бокспен айналысу көп спортшыға бұйыра бермейді. Оған жете алмай жүргендер қаншама?! Сон­дық­тан елге келгенім үлкен өзгерістердің бастамасы болды десем болады. – 2018 жылы ашқан QAZAQ promotions промоутерлік компаниясы жұ­мыс істеп тұр ма? – Әрине. Біздің бір емес, бүгінде екі про­моутерлік компаниямыз бар. Алғаш­қы­сының атын QAZAQ promotions деп қой­дық. Екіншісі – Turan. Америкада тіркелген. Тү­біміз түркі болғаннан кейін осы атауға тоқ­тадық. Қазір түркі жұртының бокс­шы­лары­мен келісімшарт жасастық. QAZAQ promotions-да Асқар Ерубек, Руслан Мыр­са­таев, Бексұлтан Раушанов секілді жігіттер бар. Асқарымыз таяуда жұмыс визасын ал­ды. Русланның да визасы бар. Қолдан кел­генше көмектесіп, жанымызға жақын тар­тып жүрміз. Қаржылық мәселе жағынан жағ­дайымыз жақсарып жатса басқа да жігіт­терді командаға шақырамыз. – 2019 жылы Алматыда өткен «Қа­нат Ислам­мен бокс кеші» атты іс-ша­ра­дан жи­нал­ған қаржының бір б­ө­лі­гіне 8 баласы бар жа­лғызбасты анаға екі бөлмелі пәтердің кіл­тін сыйла­дыңыз. Бұл туралы отандық БАҚ жа­ры­са жазды. Жалпы, сіз қайы­рым­ды­лық шараларын жиі жасайсыз ба? Бо­к­­стан түскен қаржыны тағы да қан­дай игі іске жұмсайсыз? – Иә, сол жылы жекпе-жектен соң көп­ба­лалы отбасыға пәтер сыйладық. Алғысын ай­тып, батасын берді. Қайырымдылық жұмыстарын тоқтатпаймыз. Елімізде көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын бер­ген дұрыс. Халқымыз «Бай болсаң еліңе пай­даң тисін, Батыр болсаң жауыңа найзаң ти­сін» деп бекер айтпаған. Қазір ішкен-же­геніңмен, киінгеніңмен мақтанатын заман емес. Барыңды бөлісіп, көмекке мұқтаж жан­дарға жақсылық жасау керек екенін жа­ныңмен сезіну қажет. Кезінде маған да көп адам қолдау көр­сетті. Солардың бірі – Бауыржан Оспанов. Ол кісі жалғыз маған емес, мен секілді мың­даған жігітке көмектесті. 2016 жылдан бастап Бауыржан ағамен серіктес болдық. Сол жылы Айдос Ербосынұлы, Жәнібек Әлім­ханұлы, Әли Ахмедов секілді боксшы­лармен екі-үш әлемдік бокс кешін ұйым­дас­тырдық. Бауыржан ағаның жомарттығы, азаматтығының арқасында біраз бокс­шы­ның бағы жанды. Бір рудың асынан, ескерт­кі­шінен аса алмай жүрген елдің алдында жүр­ген кей ағаларымыз Бауыржан Кеңес­бекұлынан үлгі алса екен. Бокстан, жеке бизнесімнен түскен қар­жының бір бөлігін қайырымдылыққа жұм­саймын. Шамамның жеткенінше қолдауға зәру адамдарға жақсылық жасауға тыры­сып жүрмін. – Кәсіпқой боксқа ауысқаннан бері Майамиде жаттығасыз. АҚШ-тың біз­бен салыстырғанда қандай ерек­ше­лік­терін байқадыңыз? – Кейінгі он жылда Америкада үлкен мек­тептен өттім. Іздендім, тәжірибе жи­на­дым. Әуесқой бокста екі рет Олимпиадаға бар­сақ та, қаншама рет әлем біріншілігіне қа­тыссақ та, кәсіпқой бокстың деңгейі бө­лек болатынын түсіндім. Біз Қазақстанның бокс мектебі үздік де­генге әбден дандайсып кеткенбіз. Содан кә­сіпқой боксқа барғанда бірден бәрін қы­рып-жоямын деп ойлаймыз. Анығы, ТМД-дағы жаттықтырушыл­ар­дың тәлім-тәрбиесін көргендер әуесқойда бел­гілі бір шеңбердің ішінен шыға алмай жүр. Көбі әлемдік деңгейдегі барлық атақ-дә­режелерді, жүлделерді алған. Сосын «бә­рін білемдікке» салынады. Осының зар­да­бын Америкаға барғанда мен де тарттым. Жат­тықтырушыңнан жырақ кетіп, өзің жат­тыққан кезде жүйкең сыр бере бастай­ды. Бір қалыпқа түсіп қалғаннан кейін одан шығу қиындық туғызады. Ізденесің, өзіңді жетілдіруге көңіл бөлесің. Ол біраз уақытты алады. Қателіктеріңнен қорытынды шы­ғарып, орынсыз жаттығулар істеген кезде алған жарақаттарыңды да есіңе аласың. Америкаға кетіп жатқан спорттағы іні­лер бірден мол қаражатқа кенелгісі, жаңа бір деңгейге көтерілгісі, әлемді мойын­­датқысы келеді. Мен де сол жаққа ба­рып қаншама кедергіден өттім. Білім мен елес дегеннің ортасындағы нәрсені сезін­дім. Бұрын тек қана бір жаттық­тыру­шыға тәуелді болсақ, ол жақта шеберлігіңді, қас­­қырлығыңды өзіңмен-өзің қалып, 12 раунд бойы қарсыласыңа төтеп берудің өзі қы­сым. Бір бапкердің айтқанын орындап үй­реніп қал­ған спортшы жеке шыққанда өзі­нің ше­бер емес екеніне көз жеткізеді. Қас­­қыр­лардың ара­сына түскенде әлі де шың­далу керегін ұға­сың. – Промоутер таңдауда қателестім деп ойламайсыз ба? Сізді сынау­шы­лар­дың көбі осы мәселені алға тартады. «Уа­қытын өткізіп алды», «мықты про­моутермен жұмыс істеуі керек еді, «чем­пиондық белбеуі бар танымал бок­сшылармен жұдырықтаспады» де­ген пікірлерді көп кездестірдім. Бұл туралы не айтасыз? – Шүкір, менде бәрі жақсы. Кәсіпқой бок­стағы мансабымды сәтсіз болды деп айта алмаймын. Бұйырған қарсыластармен шар­шы алаңда кездестім. Шетелде жүріп қаншама мықты боксшымен жаттықтым. Кә­сіпқой бокстың қыр-сырын, ішкі-сырт­қы саясатын үйрендім. Өзім де бір про­моутер болып қалыптасып шықтым. Бүгінде Америкада қаншама боксшы жүр. Тапқан бір тиыны жоқ, денсаулығынан айырылып жатқандары да бар. Жетістікке жеткендері де аз емес. Бастысы бұл жерде команда үлкен рөл ойнайды. Біз кәсіпқой бокста Америкаға барған алдыңғы лектегі боксшылардың қатарында бол­ғаннан кейін қателеспедім дей ал­май­мын. Бірінші кезекте мынаны ұғынған жөн, тегін дүние болмайды. Ақысын төлеуің ке­рек. Әр жанкүйер сенің өнеріңді өзінше ба­ғалайды. Қабылдау керек. Оларды да тү­сінемін. Өйткені барып көрмегеннен, бірге жат­тықпағаннан кейін өз ойын айтатын шы­ғар. Пікір білдіргендерге құрметпен қа­ра­ймын. Оларға түсіндіретін де, таласатын да уақытым жоқ. Алға қарай адымдап жыл­жи береміз. Ел білетіні бар, білмейтіні бар, бәрімен шаршы алаңға шығып жатырмын. Алда тағы не күтіп тұрғанын бір Алла біле­ді. Сол үшін ендігі қарсыластарыма дайындығымды жалғастыра беремін. – Ташкентте өткен әлем чемпио­наты мен Елорда кубогін көрдіңіз бе? Жігіттердің аяқ алысы қалай? Әуес­қой­да жүрген боксшыларға қандай кеңес айтасыз. – Елімізде және шетелде өтетін жарыс­тарды жіті бақылап, қарап отырамын. Бізде талантты жігіттер жетерлік. Олардың бірін мақтап, енді бірін айтпай кетіп, жаманатты болғым келмейді. Осы екі турнирден соң Мыр­зағали ағаға хабарласып, сол жас бокс­шы­лармен сөйлескім келетінін жеткіздім. Еліміздің әр облысында 10 мыңға таяу бала боксқа барады. 200 бала облыс бірін­ші­лігіне қатысады. Олар іріктеліп, Қазақ­стан біріншілігінде өнер көрсетеді. 40 бала Ұлттық құрамаға қатысса, содан 10 бала Қа­зақстан құрамасымен бірге шетелде ел на­мысын қорғайды. Ойласаңыз, қосалқы құрам­да қаншама мен секілді, менен де мық­ты жігіттер өсіп келе жатыр. Солардың жо­лын ашу үшін оларға дұрыс тәрбие, ба­ғыт-бағдар, қолдау керек. Қазақстандық боксшылардың артық­шы­лықтары да, қателіктері де бар. Бізде ке­рек емес жаттығулар көп. Құрамаға қа­был­данарда боксшылардың көпшілігі бұ­рын­ғы жаттықтырушыларынан айырылып қалады. Жаңа бапкердің қолына барады. Сол кезде көбі жүрісінен жаңылады. Ондай ол­қылықтар бар. Одан кейін бізде спортшыларды көбіне тау­ға апарып, керек емес жаттығуларды жа­­­­са­­тады. Ол барлық боксшы үшін пайда­лы болмауы мүмкін. Өйткені біреуіне көп жүгірген жақсы, екіншісіне басқа жаттығу істеген жағады деген сияқты ғой. Бапкерлер осыны ескеріп, боксшымен жеке жұмыс істей білгені абзал. Жүйрікті де атбегілер құлын кезінен таниды. Сол се­кілді бізге де сондай сұңғылалық, көр­е­гендік қажет. Әр боксшыға көңіл бөлінуге тиіс. Әйтпесе, көп балалар шетте қалып қойып жатады. Бүгінгі таңда әуесқойдағы боксшылар кәсіпқойға кетіп жатыр. Осы ретте AIBA сол спортшыларды алып қалу үшін сыйақыларын арттыруда. Осылайша олар­дың ерте жастан Америкаға кетпеуіне әрекет жасап әлек. Ол да дұрыс. Әуесқой­да­ғы­ларға да оңай емес. Өйткені олар да от­ба­сына көмектескісі, ақша тапқысы келеді. Қытайда жүрген жігіттердің көтерілуіне себепші болған Дамир Буданбеков – менің тұңғыш жаттықтырушым. Қанша жыл Қа­зақстан ұлттық құрамасын басқарды. Шет­елде де жұмыс істеді. Тоқтарбек Таңатқанды да сол кісі дайындаған. Сондай мамандарды құрамаға шақыру керек. Серік Сапиевтің жаттықтырушысы Александр Стрельников бар. Осындай білікті кадрлар құрамада кеңесші-жаттықтырушы болса біз үшін пайдасы мол болмақ. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Абылайхан ЖҰМАШ