Астанада Абай күніне орай шығармашыл жастармен кездесу кеші өтті

Астанада Абай күніне орай шығармашыл жастармен кездесу кеші өтті

Астанада Абай күніне орай шығармашыл жастармен кездесу кеші өтті
ашық дереккөзі
50672
«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты Абай күніне орай шығармашыл жастармен кездесу кешін ұйымдастырды. «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты іс-шара Астанадағы Қаламгерлер алеясында өтті, деп хабарлады turkystan.kz.  width=
«Ұлы ақын Абайдың туған күні қарсаңында ұйымдастырылып жатқан әр түрлі форматтағы іс-шаралар елордада ғана емес, еліміздің барлық өңірінде өтіп жатыр. Ал Астанада Қаламгерлер аллеясында ұйымдастыруымыз жастарымызға ерекше әсер етеді деп ойлаймын. Жалпы, мұндай шараның мақсаты – жас ұрпаққа ұлы ақынның тағылымды жолын үлгі-өнеге ретінде дәріптеу, Абай мұрасын, нақыл сөздерін, философиялық ой-толғауларын насихаттау, шолу жасау», – деді «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты төрағасы Нұржан Жетпісбаев.
Арнайы кешке келген Жазушылар одағының және  Журналистер одағының мүшесі Мирас Асан, Жазушылар одағының мүшесі, Egemen Qazaqstan газетінің тілшісі Жәнібек Әлиман, Жазушылар одағының мүшесі Батырхан Сәрсенхан, сондай-ақ абайтанушы ғалым Алмахан Мұхаметқалиқызы да болып, өзінің Абай шығармасы мен өнегелі өмірі туралы тың деректер айтты.  width=
 «10 тамыз – Абайдың туған күні. Мен Абайға тек бір  күн емес, осы тамыз айын түгелдей арнау керек деп ойлаймын. Бізге бұл еш уақытта артық болмасы шын. Осындай шаралар арқылы Абайды айтып қана қоймай, мектепте, оқу орындарында арнайы пән ретінде енгізуді міндеттеу керек. Оның әр сөзін, әр өлеңін талдап оқу жастардың рухын көтерері сөзсіз. Оның терең ой тұңғиығына үңілу әрқайсысымызға парыз деп ойлаймын. Абай дана екенін әр азаматтың, әр тұлғаның жүрегіне орнықтыру керек. Ал ұлы ойшылдың өмір жолына ерекше зерттеу жасау – өз алдына бір ғылым», – дейді абайтанушы ғалым Алмахан Мұхаметқалиқызы.
Аталмыш кешке мектеп оқушылары мен студенттер де келіп қатысты.  width=
«Абай күні – рухтың, ақыл ойдың, парасаттың, мерекесі. Ол – қазақтың ғана емес, адамзаттың шамшырағы. Абайға және оның рухына, айтқан сөздеріне, ойына, ақылына жақындаған сайын, адам өмірдің мәнін тереңірек түсіне бастайды. Қазіргі көзі ашық жастардың барлығына Абай – бағдаршам. Ұлы ақынды оқыған жан мақтаншақ болмайды және рухани байып, ізгіліктің шамын жағу үшін тырысады», - деді Жәнібек Әлиман.
Сонымен қатар, іс-шара барысында жастар ақын-жазушылармен пікір алмасып, Абай Құнанбайұлының өлеңдерін мәнерлеп оқыды, Абайдың қара сөздерін талқылады. Сондай-ақ шарада Абай әндері әуелеп, акапелла түрінде де шырқалды.

Серіктес жаңалықтары