Алматыдағы тауда турист өлі күйінде табылды

Алматыдағы тауда турист өлі күйінде табылды

Алматыдағы тауда турист өлі күйінде табылды
ашық дереккөзі
50492
Алматыда тауға шығып кеткен турист үш күн бойы іздестіріліп, өлі күйінде табылды, деп хабарлады turkystan.kz.
5 тамызда 39 жастағы турист жалғыз өзі Шымбұлақ - Талғар асуы (3163 метр) - Богданович мұздығы (3500 метр) - Абай шыңы (4010 метр) бағыты бойынша көтерілмек болған. Таныстарына ескертіп, сол күні кешкі 21:00-де қайтып келетінін айтқан, алайда содан кейін байланысқа шықпаған.
«Ер адамды іздеуге дереу ТЖД қызметкерлері, ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен кинологиялық есептоптары, құтқару қызметтері мен «Доброспас» волонтерлері жіберілді. Құтқарушылар түні бойы тауда туристі іздеді. 6 тамызда таңертең ТЖД қызметкерлері іздестіруге ұшқышсыз ұшу аппараттарын қосты. ТЖМ Қазавиақұтқару авиаборты да ұшуға дайын болды. Алайда, таулы аймақтағы ауа-райының нашарлауына және қатты жаңбырға байланысты ұшуға рұқсат берілмеді», - дейді ТЖМ өкілдері.
Іздеу-құтқару операциясына Альпинизм федерациясының қызметкерлері де қосылды. Бір тәулік ішінде ТЖМ және ерікті құтқару қызметтерінің қызметкерлері жоғалған туристің тау бағыты бойынша барлық іздеу аймақтарын: Чертово шатқалы, Қарлытау шыңы, Хрищатый шыңы, Талғар асуы, Абай шыңы, Богданович мұздығын барынша қамтыды. Іздеу жұмыстары түнде де тоқтаған жоқ.
«Бүгін де іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасады, ТЖД қызметкерлері таудағы ауа-райы жақсарғаннан кейін ұшқышсыз ұшу аппаратын іске қосты. Іздеу орнында ТЖД, ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының отыздан астам қызметкері, ерікті құтқару қызметінің еріктілері, қалалық құтқару қызметінің құтқарушылары, Алматы қаласының Альпинизм федерациясының өкілдері, екі кинологиялық есептоп және ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды», - делінген ТЖМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Серіктес жаңалықтары