607
Басқаға жалынған қазақ балықшылары
Басқаға жалынған қазақ балықшылары
Кеңес кезінде балық шаруашылығы едәуір дамыды. Бассейн жағалауларында жұмыс істеген ірі балық өңдеу комбинаттары мен зауыттары жоғары сапалы өнімдер мен консервілер, ысталған, қатырылған, кептірілген балық өнімдерін еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіп жатты.
1985 жылдан бері 27 маусым күні Бүкіләлемдік балық шаруашылығы күні ретінде атап өтіледі. Бүкіләлемдік балық шаруашылығы күні 1984 жылы Римде болған балық шаруашылығын дамыту мен реттеу жөніндегі халық-аралық конференцияның шешімімен бекітілген болатын. Ал 2011 жылы елімізде балық шаруашылығының жаңа ережесі бекітілді. Бұл ереже бойынша, ұсталған балықтар мен шаяндарды ұстауға байланысты салықтың көлемі анағұрлым ұлғайды. Бүгінде балықшылар балық аулау жөнінде су иелерімен өзара жеке келісім жасайтын болды.
Қазіргі кезде дүниежүзі бойынша ауланатын балық пен өндірілетін теңіз өнімдері жылына 100 млн тоннаға жетіп отыр. Оның 9/10-ы теңіздер мен мұхиттардан, ал қалған бөлігі тұщы сулардан ауланады. Балық аулау теңіз жағалық елдерінің барлығында таралғанымен, дүниежүзінде ауланатын балықтың жартысынан астамы алты елдің – Жапония, Қытай, АҚШ, Чили, Перу және Ресейдің үлесіне тиеді. Балықтар материктік қайрандар мен жылы және суық мұхит ағыстары түйіскен аудандардан көбірек ауланады.
Дүниежүзі бойынша ауланған бекіре балықтарының 90 пайызы Қазақстан балық шаруашылығының үлесіне тиеді. Бекіре тұқымдас балық қорын сақтау, көбейту және экспортқа шығару күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Өкініштісі сол, бекіре мекендейтін Жайық-Қиғаш өзені маңайы қаптаған браконьерлерден көз ашпауда. Тіпті, мемлекеттен балық аулауға жыл сайын тапсырыс алатын отандық балық өндіру мекемелерінің өзі ресейлік браконьерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Себебі жұмысшы саны аз және техникалық мүмкіндік жоқ. Есесіне, олар салық төлемейді әрі балықты керегінше аулап, шекара асырады.
Соңғы 5 жылда облыстағы балық шаруашылығы мекемелері балық аулау көлемін 14,2 мың тоннадан 12,8 мың тоннаға дейін төмендетіп алған. Себебі тапсырыс беруші балық аулау көлемін 26 мың тоннадан 19,2 мың тоннаға дейін кеміткен. «Құрманғазы ауданындағы кооперативтер соңғы 5 жылда балық аулау көлемін 5,3 мың тоннадан 4,5 мың тоннаға азайтты. Өйткені мемлекет тарапынан берілетін тапсырыс та едәуір қысқарған. «Біз тапсырысты 86 пайызға орындап жүрміз. Ал бәсекелестеріміз 100 пайыз нәтиже көрсету үшін Ресейден мердігер тартып отыр. Ең сорақысы ресейліктер Атыраудың балығын аулағаны үшін салық төлемейді», – дейді Каспий таңы» ӨК төрағасы Бақытжан Теміров «Атамекен бизнес канал» порталына берген пікірінде. Ал «Құралай» балық өндіру корпорациясының президенті Әбдібек Бисенов: «Бізге 400 тонна – шортан, 300 – тонна сазан деп тапсырыс береді. Дәл осы жоспар орындалмай қалса, тапсырыс кілт тоқтайды. Балықты ірі, ұсақ деп бөлсе жеткілікті емес пе?! Астраханда балықшыларға 138 мың тонна балық аулау міндеті жүктеледі. Олар бар-жоғы 60 мың тонна балық өткізеді. Ал біздегі тапсырыс 11 мың тоннадан 4 мың тоннаға дейін қысқарып қалды», – деп наразы.
Ресейге асқан бекіре
Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиевтің айтуынша, облыста өндірілетін балық өнімінің 85 пайызы Ресейге экспортталып жатыр. «Өткен жылы Украина, Өзбекстан, Грузия мемлекеттеріне 1376,4 тонна балық өнімі сатылды. Германия, Франция, Англия, Шотландия, Польша, Латвия елдеріне «Аманкелді» өндірістік кооперативі 251,4 тонна балық өнімін сатты», – дейді Сырым Рысқалиев. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, облыстағы балық шаруашылығы мекемелері 4 топқа бөлінеді. Бірінші топқа дамыған техникалық базасы және білікті мамандары бар көшбасшы мекемелер енген. Олардың қатарында «Аманкелді» өндірістік кооперативі, «Каспий-Балық» өндірістік кооперативі, және «Тілекші», «Жемчужина», «Ақтау-Балық» ЖШС бар. Қалған 3 топқа мұздатылған, салқындатылған және кептірілген балық өнімдерін өндіретін кооперативтер топтастырылған. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлермен кездесу барысында балық өнімдерін Ресейге шикізат түрінде сату өз несібеңді өзгеге өз қолыңмен бергенмен бірдей дегенді қадап айтып: «Ресейліктер біздің өнімді терең өндеп, бірнеше есе бағамен Мәскеудің үлкен сауда орталықтарына шығарып жатыр. Біз мұның алдын алу үшін облыс экономикасын әртараптандырып, экспортқа өз өнімімізді өзіміз өңдеп ұсынуымыз керек», – деп көпке ой салған болатын. Ал кәсіпкер, «Құралай» корпорациясының президенті Әбдібек Бисенов: «Ресейдің нарығын бағындырудың талабы қатаң. Оған ену үшін біраз тер төгуге тура келеді. Біздің елімізде балыққа сұраныс аз, сондықтан оның құны қымбат. Бүгінде балықтың бәсекелесі – тауық. Оны сақтау оңай, бағасы да арзан. Ал балық өнімдері тез бұзылады. Оны сақтаудың машақаты көп»,– дегенді айтады. Алайда балықты шикізат түрінде сатып, пайдаға кенеліп жатқандар неге оны қолдан өсіру жағына көңіл бөлмейді? Елбасы Н.Назарбаевтың Каспий бекіресінің табиғи қорын сақтау жөнінде міндет қойғанын қалайша жоққа шығарамыз?! Бекіре тұқымдас балықты қолдан өсіруге не кедергі? Бүгінде Атырау облысында шабақ өсірумен айналысатын 2 зауыт жыл сайын 7 млн шабақ өсіріп, Каспий теңізіне жібереді. Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, балықты тоғанда өсіру үшін облыста 6 инвестициялық жоба қолға алынған. Атырау қаласында сумен қамтудың тұйық жүйесінде бекіре тұқымдас балықты қолдан өсіру және азықтық уылдырық алу бойынша балық өсіру кешенін құру жобасы аясында «CaspianRoyalFish» ЖШС өткен жылы 20,5 тонна бекіре тұқымдас балық өсіріп, алғашқы уылдырығын экспортқа шығарып үлгерді. Ал биыл «Луговой жылқы зауыты» ЖШС Атырау облысындағы Жайық өзенінде бекіре балығын өсіру бойынша шарбақтық шаруашылық құрылысы жобасы бойынша 25 тонна бекіре балығын өсіріп, нарыққа шығаруды жолға қойған көрінеді. Қазақстанда өндірілген балық өнімдерінің сапасын жоғары бағалаған елдің бірі – Қытай xалқы. Себебі Қазақстан Қытайға жылына 2 мың тонна балық өнімін экспорттауды жоспарлауда. Ал қазір балық өңдейтін 24 қазақстандық кәсіпорын өз өнімдерін Қытайға экспорттай алатын тауар өндірушілердің тізіміне кірген. Бұдан былай жыл сайын 2 мың тонна балық өнімі Қытай нарығына экспортталады. Алайда несібемізді Каспий мен Жайық-Қиғаш өзенін торуылдаған ресейлік браконьерлерге бергенше, экспорттан түсетін пайданы ойлағанымыз жөн емес пе?