50203
Қазақстандық оқушылар шахматтан әлем чемпионатында 2 медаль алды
Қазақстандық оқушылар шахматтан әлем чемпионатында 2 медаль алды
Ақтауда мектеп командалары арасында өткен шахматтан әлем чемпионаты аяқталды, деп хабарлады turkystan.kz.
Кіші топта (12 жасқа дейін) Үндістаннан келген «Velammal MHS Mogappair» мектеп оқушылары барлық 8 матчта жеңіске жетіп,бірінші орын иеленді . Екінші орын Украинаның «Lviv Academic Gymnasium» командасына берілді (Львов қаласы). Үшінші орынға бірден бес команда үміткер болса, оның төртеуі Қазақстаннан. Қола жүлдегерлер қосымша көрсеткіштер бойынша анықталды. Нәтижесінде медальдарды Астана қаласының Республикалық физика-математика мектебінен Аланбек Жайназаров, Әмір Жүкенов, Мирас Хасенов, Айсұлтан Анетов алды.
Ал үлкен топта (18 жасқа дейін) турнир аяқталуға бір күн қалғанда ыстанбұлдық «Istanbul ENKA High School» мектебінің шахматшылары алтын медальға қол жеткізді.
Қазақстандықтар чемпионаттың соңғы күніне дейін тек 7-орынға ие болып келсе, соңғы күні жеңіске деген ерекше ерік-жігер көрсетіп, нәтижесінде Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебі күміс жүлде алды. Олардың 7-ші және 8-ші турдағы екі жеңісі, командалық ұпай бойынша Үнді командасымен теңесуге, ал қосымша көрсеткіштер бойынша қарсыластарынан басым түсуге ықпал етті. Күміс жүлдегерлер қатарында Эдгар Мамедов, Иманғали Ақылбай, Әмір Иген, Зарина Нұрғалиева, Әлихан Дәулет бар. Қола медаль «Velammal Vidyalaya alapakkam» және «Chennai» үнді мектебінің оқушыларына бұйырды.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев болашақта Ақтауда осындай турнирлер жиі өтетінін атап өтті.
Бірнеше күнге созылған халықаралық шахмат турнирі аяқталды. Бұл стратегиялық маңызды жарыста біздің оқушылар өздерінің тапқырлығын, терең білімі мен коммуникация машықтары жоғары екенін көрсетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада шахматтан әлем чемпионатының ашылуында «Шахмат – бұл адам санасын шыңдайтын спорт» деген болатын. Бұл интеллектті дамытатын қызықты ойын ғана емес, сонымен қатар адамның ойлауына оң әсер ететін құнды құрал іспеттес. Осы спорт түрімен айналыса отырып, біздің жасөспірім балаларымыз тапқырлығы мен шығармашылығын шыңдайды, сондай-ақ өз қатарына үлгі болады, - деді Нұрлан Ноғаев.Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов барлық қатысушыларға шахматтың маңыздылығын және оның бүкіл әлемде танымалдылығын атап өтіп, табыс тіледі.
Бүгін мұнда әлемнің 50-ден астам елінен ондаған команда жиналды. Бұл бүкіл әлемдегі шахмат қозғалысының керемет танымалдылығын және Қазақстанның әлемдік шахматқа әсер ете алатынын көрсетті. Турнир жүздеген жас шахматшының мансабына негіз салғанына сенімдімін. Сондай-ақ мұнда олар жаңа достар мен пікірлестер тауып қана қоймай, Ақтаудың сұлулығынан ләззат алып, қазақ мәдениетін жақынырақ тани түскеніне күмәнім жоқ, - деді Тимур Турлов.Чемпионаттың жабылу салтанаты Каспий теңізінің жағалауындағы амфитеатрда өтіп, отшашумен аяқталды. Естеріңізге сала кетейік, чемпионат 4-7 тамыз аралығында өтті. Оған әлемнің 53 елінен 400-ден астам оқушы қатысты.