– Біріншіден, мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі мердігерлерді іріктеу талаптарын күшейту керек, компанияның тек бір рет қатысуына жол бермеу керек. Негізінен, егер мердігер шарттың талаптарын орындамаса, онда оны жосықсыз жеткізушілердің тізіміне енгізуге болады, ал егер алдын ала ақша төленген болса, оны сот арқылы өндіріп алуға болады. Өнім беруші жосықсыз өнім берушілер тізіліміне енгізілген кезде 2 жыл ішінде мемлекеттік сатып алуға қатысу құқығынан айырылады. Құрылыс бойынша кепілдік міндеттемелері 10 жылға созылады. Егер пайдалану кезінде кемшіліктер анықталса, онда 10 жыл ішінде мердігер кемшіліктер мен ескертулерді өз есебінен түзетуі керек. Егер мердігер өзінің жұмысын тиісті деңгейде атқара алмаса, оған қандай да бір сомада алдын ала аванс төленсе, онда тапсырыс беруші ақшаны сот арқылы толықтай өндіріп алуға құқығы бар. Сот арқылы өндіріп ала алады. Келісімшартта аванстың ақшасы, дау қалай шешілетіні, ақшаны қалай өндіретіні, қандай сотпен өндірілетіні – бәрі міндетті түрде жазылады. Екінші ақшаны қайтарып қайтадан өндіріп алуы мүмкін. Иә, қазір өзінің міндетін тиісті деңгейде атқармайтын мердігерлер күн санап көбейіп барады. Сонымен қатар мемлекеттің ақшасын жымқыру мақсатында ашылып жатқан біркүндік компаниялар да өте көп. Олар жалған жауапкершілігі шектеулі серіктестік компаниясын құрады да, ақшаны алғаннан кейін, ешқандай жұмыс атқармайды. Әу бастағы мақсаты ақша қармап қалу болады. Негізі, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалады. Және жосықсыз мердігерлер тізіміне енгізгеннен кейін ешқандай тендерге қатыса алмауы керек. Яғни, мердігер бола алмайды. Жалпы, заңға қандай өзгеріс енгізу керек дегенге келетін болсақ, бізге заңды күшейту керек, өйткені мердігерлер сатып алу-сату шартын жасар кезде ғана компания құра салады. Оларды толықтай тексеріп, жұмыс өтілі, атқарған жұмыстарын, айналымын, тіркелген уақытын қарау керек. Содан кейін барып қана сатып алу-сатуға жүйесіне кіргізу керек.Қорыта айтқанда, мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі проблемалар айқын, не атқарылуы керек екені де белгілі сияқты. Енді жаңа жүйеде қандай өзгерістер болады, ол алдағы уақытта белгілі болмақ. Дегенмен мердігерлердің міндетін дұрыс атқаруы бюджет қаржысының тиімді игерілуінен бастап халықтың жағдайын, өмір сапасын жақсартуға бастайтын жол болар еді.
Мердігерлер міндетін атқаруға неге құлықсыз?

Мердігерлер міндетін атқаруға неге құлықсыз?
Мердігер міндетін адал атқаруы керек. Дегенмен жұмысын жүйелі атқармайтын, мойнына алған жауапкершіліктің салмағын сезінбейтін мердігерлердің селқостығы қаншама жылдан бері жыр болып келеді. Соған қарамастан, жауапкершіліктен де жалтарады. Сөйтіп, басталған жұмыстың берекесі кетеді. Аяқталмаған нысандар, сапасыз құрылыстар, жамау-жамау жолдар – соның нәтижесі. Мұның зардабын, әсіресе, шалғайдағы елдімекендер мен ауыл-аймақтағы халық көбірек тартып отыр.
Биыл жыл басында мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі кем-кетік туралы айтылып, Премьер-Министр Әлихан Смайылов мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына түзету енгізілетінін мәлімдеген болатын. Одан бұрын «Мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесі туралы» заң жобасы әзірленіп, жария талқылауға шығарылды. Айта кету керек, заң қабылданған 2015 жылдан бері оған 30-ға жуық өзгеріс енгізілген.
Жемқорлықты азайтып, мердігерлерге ашық бәсекелестік орта құру үшін, соған сәйкес атқарылған жұмыстың сапасын жақсарту үшін енгізілген мемлекеттік сатып алу жүйесі, керісінше жымқырсам дейтіндердің алаңына айналып кеткен.
Мердігер міндетін неге атқармайды? Жауапкершіліктен қалай жалтарады? Жүйе неге жүйесіз?
Ашықтық жеткіліксіз болып тұр
2015 жылғы 4 желтоқсанда қабылданған «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енген еді. Заң қабылданған соң жоспарлаудан бастап төлемге дейінгі барлық рәсім электронды форматқа көшті. Бақылау және электронды түрде шағым беру енгізілді. Мемлекеттік сатып алу жүйесі толық цифрланғандықтан, сатып алудағы жұмыстың бәрі толықтай ашық, әділ, айқын болатыны айтылды. Иә, ашықтыққа байланысты айтылған мақсат орындалды деуге болады. Еліміздің электронды сатып алу жүйесі Global Data Barometer дерегіне сәйкес, мемлекеттік сатып алулар деректерінің қолжетімділігі немесе ашықтығы бойынша әлемдік рейтингте 3-орында. Дегенмен жалғыз ашықтық жүйені жүйелеуге жеткіліксіз болып отыр.
Саланың ашықтығы оның тазалығына, әділдікке жол ашуы керек еді. Алайда сатып алынатын тауарлардың, атқарылатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасына байланысты мәселелер шешілмеген күйде қалып отыр.
Статистикаға сәйкес, жалпы бюджет шығыстарындағы мемлекеттік сатып алу үлесі шамамен 30 пайыз, бұл – 4 триллион теңге немесе еліміздің ЖІӨ құрылымының 5 пайызы. Сонымен қатар әрбір бесінші сыбайлас жемқорлық қылмысы осы салада жасалады.
Жалпы, бұл саладағы қылмыстардың 80 пайызға жуығы бюджет қаражатын ұрлау және орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қою және сатып алу жеңімпазын анықтау кезінде пара алуға байланысты тіркеледі екен. Мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың көпшілігі осы мәселелерге қатысты шағым түсіреді.
Мәселен, 2022 жылғы қарашадағы дерекке сүйенсек, мемлекеттік сатып алу порталындағы шағымдардың ең көп үлесі «конкурсқа қатысуға заңсыз жіберу» тармағына тиесілі екен. Осы тармақ бойынша 48,7 мың шағым тіркелген, бұл – жалпы шағымның 38,6 пайызы.
Былтырғы қаңтар-қыркүйек аралығында Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алудың 391,9 мың рәсіміне камералдық бақылау жасаған. Талдау нәтижесінде олардың 6,7 пайызынан 1,1 триллион теңге болатын заң бұзу анықталыпты. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 4,7 пайыз болған.
Бұдан бөлек, Бас Прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректері бойынша 2022 жылғы тоғыз ай ішінде 5,5 мың заң бұзу тіркелген, 4,7 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 569,5 миллион теңге айыппұл салынған. 2019 жылдан бері осы 207-бап бойынша құқық бұзу азаймай отыр.
Мемлекеттік сатып алу туралы бап бойынша Әкімшілік құқық бұзу Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында ең көп тіркеліпті.
Селқос мердігер, сапасыз жұмыс
Негізінен, заңда өз міндетін дұрыс атқармаған мердігерге қатысты нақты шаралар қабылданатыны айтылған. Нақтырақ айтқанда, тапсырыс беруші мердігердің жұмысынан кем-кетік байқаса немесе жұмысты жарамсыз деп тапса, үстінен шағым жаза алады. Осылайша, салғырттық танытқан мердігерлер порталдағы жосықсыз қатысушылар, яғни өз міндетін дұрыс орындамағандар санатына енеді.
Ресми деректерге сүйенсек, жосықсыздар тізіміне енудің негізгі себебінің бірі – мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамауы, бұл жалпы жосықсыз қатысушылардың 58,9 пайызы. Ал 21,3 пайызы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарғандар екен. Бұл да мердігерлердің өз міндетін орындауға дайын емес екенін көрсетеді.
Дегенмен жосықсыздар тізіміне ену – жауапсыз мердігерлер үшін шектеу емес сияқты. Өздеріңізге белгілі, қазір депутаттар өңірлерді аралап халықпен кездесу өткізіп жүр. Бұған дейінгі сұхбаттарымызда депутаттардың көбі ауылдар мен аймақтағы бітпей жатқан немесе сапасыз салынған құрылыс халықты алаңдатып отырғанын айтқан болатын. Мәселен, депутат Нартай Аралбайұлы БҚО-ның шалғай аудандарында құрылысы созбалаңға салынған мектептің оқушылары мәдениет үйінде, кейін қонақүйде оқығанын айтты. Одан бөлек, жол құрылысында да осыған ұқсас мәселе бар. Депутат Жұлдыз Сүлейменова да халықтың әлеуметтік нысандарды уақытылы пайдалануға берілгенін қалайтынын айтқан. Екі жағдайда да мәселе – мердігерлерде. Басқа облыстан, басқа аймақтан келген мердігерлер аймақтың тыныс-тіршілігімен мүлде таныс емес, сонымен қатар міндетін атқаруға да құлықсыз. Тіпті, біреуі жосықсыз қатысушылар тізіміне енсе де, аппеляция арқылы шығып, сол тендерді қайта ұтып алып отыр. Демек, бұл барлық өңірде, барлық жерде бар мәселе. Бір тендерді алу үшін ғана құрыла салатын компаниялар да көп. Яғни, біліктілік, тәжірибе сияқты маңызды факторлар ескеріле бермейді.
Яғни, жүйенің солқылдақ тұстары көп, заңда көрсетілген реттеу тетіктері мен шаралардан да айтарлықтай нәтиже болып отырған жоқ. Немесе атқарылуында, орындалуында олқылық бар. Бұл, әдеттегідей қай саланың проблемасын қаузасаң да, қылтиып шыға келетін жемқорлықпен жең ұшын жалғап жатқан мәселе.
Жалпы, мемлекеттік сатып алу тәсілінің ішінде бір көзден сатып алу тәсілі ең көп тараған және сыбайлас жемқорлық қылмыстары жасалу мүмкіндігі ең жоғарысы саналады. Осыған қарамастан, мұндай сатып алулардың үлесі әлі де жоғары болып отыр. Кейбір аймақтарда сатып алудың төрттен үш бөлігі осындай бәсекеге қабілетсіз түрде жүзеге асырылады.
Zertteu Research Institute зерттеуінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алу порталында 11,3 триллион теңгеге келісімшарт жасалған. Оның 78 пайыздан астамы ашық және бір көзден сатып алу арқылы жасалыпты.
Заң солқылдақ, жүйеге жүйе керек
Бір айта кетерлігі, 2015 жылдан бері мемлекеттік сатып алуға байланысты заңға 30-дан астам өзгеріс енгізілген екен. Қаншама шара қабылданса да, жағдай айтарлықтай өзгермеді. Осыған байланысты Үкімет квазимемлекеттік сектордағы мемлекеттік сатып алу мен сатып алудың барлық жүйесін қайта қарау туралы тапсырма алған еді.
15 ақпанда Премьер-Министр Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына жолдаған жауабында мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына түзету енгізілетінін мәлімдеді.
– «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес әлеуетті өнім берушілерге жұмыс тәжірибесінің болуы жөнінде біліктілік талабы қойылады. Жұмыс тәжірибесінің болуы жөніндегі талап мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидасына сәйкес белгіленеді. Сонымен қатар әлеуетті өнім берушілердің жұмыс тәжірибесі болуы үшін конкурстық баға ұсыныстарына шартты жеңілдіктер қолданылады, – деп айтылған жауапта. Әуелде тоқталып өткеніміздей, мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада әлеуетті өнім берушінің жұмыс тәжірибесін есепке алу мәселелері реттелмеген еді.
– Осыған байланысты қазіргі қайта ұйымдастыру (бірігу, қосылу, бөлу, қайта құру) нәтижесінде жұмыс тәжірибесін алған әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін қарауды регламенттеу мақсатында Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, жоғарыда аталған қағидаға өнім берушілердің жұмыс тәжірибесін есептеуді реттеу жөнінде түзету әзірленіп жатыр. Өз кезегінде осы мәселе бойынша тиісті ақпараттық түсініктеме қағидаға өзгеріс енгізілгеннен кейін мемлекеттік сатып алу порталында жарияланады, – деді Әлихан Смайылов.
Бұған дейін «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасы электронды Үкімет порталына жария талқылауға шығарылған болатын. Жаңа заңның жобасы Парламентке күзде түседі.
– Мемлекеттік аудиттің электрондық сегментін кеңейту жұмыстары жалғасуда. Бұл ретте тәуекелдерді басқару жүйесі жетілдіріліп жатыр. Оған жаңа 68 тәуекел индикаторы енгізілді және квазимемлекеттік сектордың 8 мың субъектісі бойынша мәліметтер алынды, – деді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Министр бюджетті онлайн режимде мониторингілеу жобасы іске асырылып жатқанын, сол арқылы мемлекеттің шығыстарын жоспарлаудағы тәуекелдерді басқару жүйесі автоматтандырылатынын айтты. «Бұл бізге бюджетті жоспарлау деңгейінде камералдық бақылауды енгізуге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Ерұлан Жамаубаев.
Заң жобасында ең төменгі баға емес, сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің сапасы басымдыққа ие болатыны, мемлекеттік сатып алудың бірыңғай платформасын құру бастамасы көтерілген. Бұған дейін нақты осы мәселеге шағым айтушылар көп болды. Сатып алу жүйесі бойынша кім ең аз баға ұсынса, сол бірден жеңімпаз деп танылатын.
Одан бөлек, қатысушының біліктілігін, сенімділігі мен беделін сипаттайтын индикаторлар тізбесі бойынша өнім берушілердің балдық рейтингін енгізу де айтылыпты.
Экологиялық, әлеуметтік және экономикалық факторларды ескере отырып, жеткізушілерді іріктеудің басым элементтерін енгізу ұсынылмақ: компанияда қоршаған ортаны қорғау, инновациялар, ШОБ, мүгедектігі бар адамдарды қолдау және басқа да мәселелер ескерілмек екен.
Жалпы, құжаттың жаңалығы осылар болды.
Ал Үкімет басшысы әлі де атқаратын жұмыстар барын айтты. Осыған қарағанда, жүйеге әлі де біршама өзгеріс енгізіліп, жетілдірілетін сияқты. Дегенмен не десек те олқылықтар мен өзгертуге тиіс дүниелер көзге ұрып, айқын көрініп тұр. Тек, ниет болса, болғаны.
Ғабит ӨМІРБЕК,
заңгер:
Ақша жымқыру үшін ашылып жатқан біркүндік компания көп