16 қабатты үйдегі өрт: ТЖМ толық мәлімет ұсынды

16 қабатты үйдегі өрт: ТЖМ толық мәлімет ұсынды

16 қабатты үйдегі өрт: ТЖМ толық мәлімет ұсынды
ашық дереккөзі
50288

Төтенше жағдайлар министрлігі Алматыда 16 қабатты тұрғын үй кешенінде болған өртке қатысты толық мәлімет ұсынды, деп хабарлады turkystan.kz.

«1 тамызда сағат 17:10-да ТЖД күштері мен құралдары жоғары дәреже бойынша Алатау ауданы, Ақкент шағынауданы, 54 мекенжайына жіберілді.

6 минуттан кейін жеткен соң, 1-ден 16-қабатқа дейін 80 шаршы метр аумақта кабель шахтасында электр кабельдері ашық жалынмен жанып жатқаны анықталды.

Райымбек даңғылында көлік кептелісі болғанына және өрт сөндіру техникасының кіру жолдары тұрақта тұрған көліктермен шектелгеніне қарамастан, алғашқы өрт есептері 6-минутта жетті.

Жоғарғы қабаттарда және эвакуация жолдарында қою түтін мен жоғары температура қалыптасты. Тұрғындардың денсаулығына қауіп төнді.

Түніннің қалың болуы өрт сөндіруді қиындатты. Газ-түтіннен қорғау қызметінің (ГТҚҚ) жұмысы ұйымдастырылды, ГТҚҚ мамандары 80 адамды, оның ішінде 35 адамды құтқару қалпағының көмегімен, қалған тұрғындарды арнайы техниканың көмегімен құтқарды. Барлығы 200-ден астам адам эвакуацияланды.

Адамдарды эвакуациялау және құтқару үшін 3 өрт сатысы, бесіктері бар 2 автокран, аралас тәсілмен қол өрт сатысы (үшсатылы баспалдақ, шабуыл баспалдағы) орналастырылды

Қабылданған шаралардың нәтижесінде өрт 18.46-да сөндірілді.

Оқиға орнында: Төтенше жағдайлар департаментінің 50 қызметкері мен 14 техникасы, Полиция департаментінің 40 қызметкері мен 11 техникасы, құтқару қызметінің 12 қызметкері мен 6 техникасы, жедел медициналық көмектің 69 қызметкері мен 23 техникасы жұмылдырылды», - делінген министрлік мәліметінде.

Еске сала кетейік, 1 тамыз күні Алматыда 16 қабатты үй өртенді. Амалы қалмаған тұрғындар балаларын терезеден лақтырды.

Қызыл жалын сағат 18:46 кезінде сөндірілді.

Алғашында 31 адам, оның ішінде 16 бала ауруханаға жеткізілгені хабарланған болатын.

Зардап шеккендердің арасында 2 жүкті әйел бар.

Кейінгі мәлімет бойынша, оқиға салдарынан 1 адам мерт болып, 43-і зардап шекті. Оның ішінде 4 бала реанимация бөлімінде жатыр.

Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбековтің төрағалығымен үй алдында жедел штаб құрылды. Тұрғындар тамақ және жатын орынмен қамтамасыз етілді.

Серіктес жаңалықтары