50321
Өзінің 4 жасар баласын өлтірген ақтөбелікке сот үкімі шықты
Өзінің 4 жасар баласын өлтірген ақтөбелікке сот үкімі шықты
4 жастағы туған баласын өлтірді деп айыпталған Артур Ахунов өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бүгін Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сот үкімі оқылды, деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Артур Ахунов Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігімен айыпты деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қауіптілігі барынша жоғары түзету мекемесінде өтесін. Мұндай жағдай қайталанбас үшін облыстық Полиция департаментінің бастығына, облыстық Білім басқармасының басшысына жеке қаулы шығарылды. Олар Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына шешім туралы хабарлауы тиіс, - деді судья Нұрлан Бақтығалиев.Тараптар 15 күнде апелляциялық шағым түсіре алады. Еске салсақ, былтыр 4 жасар Данил Ахуновтың жоғалып кеткені туралы полицияға хабар түсіп, іздеу жұмыстарына еріктілер де араласты. Кейін полиция баланың әкесін қамап, денесін қайда көмгенін анықтады. Бұған дейінгі сот отырысында сотталушы Артур Ахунов бәрі де жазатайым оқиға екенін, балалары төбелескенде Данилдың құлап, басын жаралағанын алға тартты. Прокурор жарыссөзде өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал, бүгін түске дейін сотталушы Артур Ахунов сотта соңғы сөзін айтты.
«Балам Данилдың өліміне кінәлі деп танымауыңызды сұраймын. Мен бар баламды жақсы көремін. Маған мүмкіндік беріп, жағдайды өзгертуге болады деп ойлаймын. Екі балам бар. Анам инсульт алған. Бар өмірімді анама, балаларға арнағым келеді. Менің сөзімді естисіз деп ойлаймын», - деді сотталушы Артур Ахунов.