50469
Түркияда қаза тапқан қазақстандық туралы тың дерек шықты
Түркияда қаза тапқан қазақстандық туралы тың дерек шықты
Түркияда жол апатынан қаза тапқан қазақстандық ер адам 49 жастағы Маңғыстау тұрғыны, Маңғыстау облысы адвокаттар алқасының қызметкері Кенже Мұңайтпасұлы екені белгілі болды, деп хабарлады turkystan.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Кенже Мұңайтпасұлы 2018 жылы Маңғыстау облыстық адвокаттар алқасының мүшелігіне қабылданған. Бұған дейін 2002-2013 жылдар аралығында прокуратура органдарында жұмыс істеген.
Маңғыстау облыстық адвокаттар алқасы президиумының төрағасы Бауыржан Мұсаев пен әріптестері марқұмның отбасына көңіл айтты.
«Кенже Мұңайтпасұлының қайтыс болғаны туралы хабар бізді қатты қынжылтты. Ол өте принципшіл, адал заңгер, кәсіби маман болды. Марқұмның отбасына, достары мен туыстарына қайғыра көңіл айтамыз», - деді Б. Мұсаев.Еске сала кетейік, Түркияның Алания қаласында қазақстандық туристерді тасымалдаған микроавтобус Okurcalar Mahallesi D-400 трассасында жүк көлігіне соғылған. Салдарынан көлік жүргізуші мен гид (Украина азаматы) оқиға орнында көз жұмды. Апат орнына полиция мен медицина бригадалары дереу жіберілген. Көлікте болған 12 туристің алтауы ауыр жарақатпен жергілікті ауруханаға жеткізілді.