– Шараның географиясы жылдан-жылға ұлғайып келеді. Шетелдік қонақтардың қатарында биыл кімдер болды? Олар жас журналистерге азық болар қандай жаңалықтарымен бөлісті?
– Шетелдік қонақтар қатарында Грузиядан ArtGeorgia ақпараттық порталының тілшісі, журналист, медиа-тренер Бюльбуль Алиева, Қырғызстаннан «Сусамыр FM» қоғамдық радиосының директоры Айзада Қалқанбаева, Бішкек гуманитарлық университетінің журналистика факультетінің деканы Алтын Асанова, т.б. қатысты. Қоғамдық радио, телеарналарды интернетте тарату мәселелері айтылды. Елімізде әлеуметтік желі белсендісі болудан аса алмай жүрген, блогерліктен гөрі қоғамдық арналарды дамытудың жолдары талқыланды. Жас журналистер жаңадан пайда болып жатқан мобильді қосымшалармен танысып, сапалы мультимедиалық контент жасау жолдарын үйренді. Видео, фотомен жұмыс істеудің онлайн өңдеу тәсілдері ұсынылды.
– Қысқы медиа мектеп дәріскерлерінің арасында тыңдаушыларға бергені мол болды деп кімнің дәрісін ерек атар едіңіз?
– Дәрістердің барлығы дердік өте қызықты әрі тақырыптарға сай, бірінің айтқанын екіншісі толықтырып отырды. Олар бірыңғай дәріс түрінде сырғып өтпеді. Қатысушылар нақты деректермен жұмыс істеп, мобильді қосымшалар көмегімен контент жасап, аудиомонтаж жасау түрлерін меңгерді.
Қатысушылардың есінде сақталған ерекше дәрісті «Youtube Kazakhstan Genesis MCN» компаниясының менеджері Самсон Безмятежный өткізді. Білікті маман заманға сай сапалы видео-контент жасаудың қыр-сырын түсіндірді. Жеке Youtube арнасын жүргізудің артықшылықтарын көрсетті. Ал E-event.kz ақпараттық агенттігінің директоры Ольга Каплина дата журналистиканың құралдарымен таныстырса, «Internews Network» халықаралық ұйымының веб-жобалар редакторы Назгүл Қожабекова жаңа дамып жатқан журналиске қажетті визуалдық технологияларды ұсынды. Ал IT маман, блогер Нұрлан Жанай интернет жобалар жасауды үйретті.
– Жалпы, медиа мектеп өткізу идеясы кімдікі? Қай елдің тәжірибесі басшылыққа алынған? Мұндай шаралардың медиа мамандары үшін тиімділігі дәлелденген бе?
– Медиа мектеп өткізу идеясының әрі жобаның авторы – журналистика факультетінің профессоры, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Сұлтанбаева Гүлмира Серікбайқызы. Дәл осындай жазғы мектеп жыл сайын Ыстықкөлде ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар өткен жылы көктемде Шымкент, Түркістан аймағында қасиетті орындарды аралай жүріп, «Медиа керуен» ұйымдастырғанбыз. Бұл аймақтық БАҚ-тың даму барысымен жақын таныстырды. Болашақта да басқа аймақтарда өткізу жоспарлануда. Жалпы әлем елдерінде медиа мектептер, құрылтайлар өтіп отырады. Өткен жылдары Гонконгқа арнайы барып, осындай медиа мектепке қатысқан болатынбыз. Мұндай шаралардың медиа саласының мамандарына берері мол. Бұл – ең әуелі, коммуникация алаңы. Онлайнда жүйрік, бірақ оффлайнда екі сөздің басын құрай алмайтындарды байқағанбыз. Жүзбе-жүз кездесіп, пікір алмасу, білімді дамыту әлдеқайда тиімді. Екіншіден, білікті мамандардан дәріс тыңдау арқылы биік мақсаттарға қол жеткізуге болады. Жас журналистерге бүгінгі таңда ізденіс жетіспей жатады.
– Шараны қорытындылау барысында келесі медиа мектеп қандай бағыт-бағдарды ұстануы керек екені айқындалған болар. Ұйымдастырушылардың бірі ретінде не түйдіңіз?
– Келесі медиа мектеп, бұйырса, алдағы жазда Ыстықкөлде өтеді. Демала жүріп білім алу тың идеялардың тууына себепші болады. Қысқы Медиа мектеп барысында өткізілген дәрістер мен пікір алмасулардың бәрі топтастырылып, әдістемелік жинақ ретінде басылады. Сонымен қатар, «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ телерадиокешені» барлық дәрістердің онлайн шығарылымын дайындайды. Оны al-Farabi TV youtube каналынан барлық желі қолданушылары көре алады.
Келесі медиа мектептерде де заманның маңызды мәселелеріне мән беріледі. Жастарға жаңа медианы өндіріске енгізуді үйрету, мультимедиалық веб-редакциялар құрып, онда жұмыс істей алатын білікті мамандар дайындау бағытындағы ізденістер жалғасын таппақ. Әлемдік медиа саласындағы оң өзгерістерді дер кезінде таныстыру, білім беру стандарттарының тиімді жақтарын пайдалануды көздейміз. Ақпараттық сауаттылықты үйрету арқылы интеллектуалды ойлайтын жас журналистерді тәрбиелеу – басты мақсатымыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Анар ЛЕПЕСОВА