Білім квотасы неге игерілмей отыр?

Білім квотасы неге игерілмей отыр?

Білім квотасы неге игерілмей отыр?
ашық дереккөзі

Тәуелсіздік алған соң қандастарды елге тарту мәселесіне айрықша ден қойдық. Соның ішінде, қандас жастарды, мектеп түлектерін елімізге оқуға ынталандыру тетіктері де іске қосылған еді. Бұл теңдессіз бастама екені сөзсіз, дегенмен оның іске асырылуында айтарлықтай ілгерілеу байқалмай отыр.

Яғни, елімізге келіп оқығысы келетін этникалық қазақ жастардың саны біршама, бірақ бөлінген квота толық игерілмей отыр. Ниет білдірушілер көп, бірақ оқуға түсетіндер аз. Ресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, кейінгі 4 жыл ішінде грант иегері атанған қандастардың үлесі азайып кеткенін байқауға болады. Мәселен, 2019 жылы грант игеру көрсеткіші 40,12 пайыз болған, ал 2022 жылғы көрсеткіш 17,72 пайызға кеміп, 22,4 пайыз болып отыр. Демек, бөлініп тұрған квотаның игерілуінде мәселе көп. Тетік толыққанды нәтиже беріп отырған жоқ. Ол нендей мәселелер? Қандай шаралар атқару керек?

Грант иегерлері азайып жатыр

Қазір елімізде шетелде тұратын этни­ка­лық қазақтар үшін төрт негізгі білім беру бағдарламасы бар. Атап айтқанда, жо­ғары оқу орындарының базасындағы дайын­дық курстары, бакалавриатқа оқуға қа­был­дау үшін мемлекеттен бөлінетін 4 пайыз­дық квота. Нақтырақ айтқанда, елі­міздегі бакалавриатқа бөлінген барлық гранттың 4 пайызы қандастарға қарас­ты­рылады. Бұл бастама 1994 жылдан бері жү­зеге асырылып келеді, алғашында ол тек 2 пайыз болған, кейіннен 2017 жылғы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында квота үлесі екі еселенді. «Отандастар қоры» мәліметіне сүйен­сек, негізінен Моңғолия, Қытай, Өзбек­стан, Иран, Түрікменстан, Тәжікстан, Қыр­ғыз Республикасы және Ресейден кел­ген қандастар бағдарламаларға қызы­ғу­шылық танытады. Оның ішінде, Моң­ғолия мен Өзбекстан көш бастап тұр. Мұ­ның себебі тек осы елдерде ғана қазақ ті­лінде білім беретін мектептер жұмыс іс­тейтінімен түсіндіріледі. Қордың сараптамасында оқуға түсуге ниет білдірушілердің саны жылдан-жылға артып келетіні айтылады. Алайда оқуға түсіп жатқандардың саны, керісінше кеміп барады. Мәселен, 4 пайыздық квота саны жалпы грант санымен қатар өсіп келеді, 2019 жылғымен салыстырғанда 4 жыл ішінде грант саны 1 377-ге өскен, бірақ, грант ұтып алғандар саны азайып жа­тыр. Былтырғы көрсеткішті алып қа­рас­тырсақ, қандастарға 2 920 орын бөлі­ніп­ті, ал ҰБТ-ға 2 046 қандас қатысқан. Со­ның ішінде тек 654 қандас елге оқуға түс­кен екен. Салыстыру үшін айта кетейік, 2019 жылы 2 151 грант қарастырылып, 2 000 бала тестілеуге қатысқан, солардың 863-і грант иегері болған. Сонда тестілеуге қатысқан талапкерлер са­нында айтарлықтай өзгеріс болмауы қы­зығушылық пен сұраныстың өзгер­ме­геніне дәлел бола алады. Ал сынақты тап­сыру деңгейінің төмендеуі квотаны игеру, арнайы тетіктерді ұйымдастыру мәсе­ле­сіндегі түйткілдерді айқындап отыр.

Нәтиже қағазда ғана

Ең алдымен, талапкер қандастардың еліміздегі түлектермен бірге ҰБТ тап­­­сыратынын айтып өту керек. Бұл, 11 жыл ел­де білім алған түлектердің өзі қыруар еңб­ек, таудай талаппен, бармақтай бақпен ең­серетін асу десек болады. Иә, қандас­тар­ға арналған дайындық бөлімі бар, бірақ 9 ай алған ақпарат пен 11 жыл бойы сіңірген бі­лімді салыстырудың өзі әділдік емес. Дайын­дық бөлімінде оқып, оқуға түсу­ші­лердің үлесі – 30-40 пайыз екен. Бұл дерек­тің өзі дайындық бөліміндегі білім сапасы төңірегінде сұрақ тудырады. Яғни, қандастардың Қазақстанға оқуға келуіне толыққанды мән бе­ріл­мей отыр деуге болады. Маркетингтің әл­сіздігі, ҰБТ тапсырудағы жүйесіздік, қан­дас студенттерге қатысты деректер ба­за­сының болмауы, зерттеулер мен әлеу­меттік жұмыстардың жүргізілмеуі сияқты мә­селелер жетерлік. Жалпы, бұл проблемалар белгілі, бұған дейін 2021 жылы Мәжіліс қабырғасында да көтерілген еді. Сол кездегі Премьер-Ми­нистр орынбасары Ералы Тоғжанов де­пу­таттардың сауалына жауабын да берген. Жауапта қандастарды оқуға тарту, ҰБТ-ны әңгімелесу нәтижелеріне ауыстыру, әдісте­мелік материалдар бойынша қолдау, қазақ тілін оқыту жүйелі түрде жүргізіліп жат­қаны айтылған екен. – 2020 жылдан бастап диаспора өкіл­дері ҰБТ тапсырмай дайындық бөлім­дері­не ЖОО-ға дайындық бөлімдеріне қа­был­даудың бекітілген қағидаларына сәйкес әң­гімелесу нәтижелері бойынша қабыл­да­нады. 2021 жылы стипендиялық бағ­дар­ла­ма бойынша 132 қандас қабыл­данды, оның ішінде бакалавриатқа – 100, ма­гистра­тураға – 22, докторантураға – 10. Сон­дай-ақ 3 жыл ішінде академиялық ұт­қырлық аясында Франция, Литва, Ресей Фе­дерациясы, Қырғыз Республикасынан 33 қандас қабылданды, – деп жазылған жауап­та. Дегенмен бұл көрсеткіш көңіл көн­шітерлік емес. Себебі академиялық ұт­қырлық бойынша елімізден, керісінше шет­елге шығатын студенттер саны бұдан есе­леп асып жатыр. – «Абай институты» (www.abai.institute) диаспора өкілдерін оқыту және қазақ ті­лін Қазақстанда және шетелде ілгерілету үшін әзірленген. Екі жыл ішінде жеті мем­ле­кеттің 160-тан астам өкілі онлайн-ре­жим­де білім алды. 2020 жылы «Отандастар қо­ры» әлемнің 30 еліндегі диаспора өкіл­дері­не мемлекеттік тілді онлайн оқытуды ұйымдастырды. Оқудан 1 100 адам өтті. Бүгінгі күні курстарда 780 адам оқиды. Со­нымен қатар YouTube бейнехостингіне 30-дан астам онлайн сабақ жүктелді, speaking club ұйымдастырылып, 336 сер­ти­фикат берілді, – деген есеп беріледі. Бұл, әри­не, жақсы бастама, дегенмен, әлі де бол­са көп күш салу керек екені байқалады. Жал­пы, аталған бағыттардағы жұмыс жал­ғасып жатқаны және Үкіметтің бақы­лауында екені айтылған. Дегенмен ста­тис­тикалық деректерде оң нәтиже байқалмай тұр. Бағдарлама бар, бюджет бекітілген, дегенмен жүзеге асырудағы кем-кетіктер жобаның кежегесін кейін тартып отыр. Осы орайда мәселеден жан-жақты хабардар болып, шешу жолдарын білмекке тырысып көрдік.

Абзал САПАРБЕКҰЛЫ, «Отандастар қоры» ҚеАҚ президенті:

Қандастар өздері келеді деп қол қусырып отыра беруге болмайды

– Қандас студенттерді білім алу үшін елге тарту бағдарламасы 1994 жылдан бе­рі жалғасып келе жатыр. Арнайы мем­лекеттік орын бөлінген, бірақ оның нақ­ты бір белгіленген саны болмаған. Бірақ 2017 жылы өткен құрылтайда шетелден келген қандастарымыз ұсыныс айтып, арнайы мемлекеттік гранттың шеңберіндегі квотадан бөлек, 4 пайыздық квота бөлінді. Мысалы, биыл 88 204 мемлекеттік грант бөлінсе, соның 4 пайызы, яғни, 3 528-і шетелдегі қан­дастарға беріліп отыр. Колледжге түсем деуші қандастарға да 4 пайыз­дық квота қарастырылған, бірақ оның нақты саны белгісіз. Бірақ әр жылы әртүрлі бөлінген екен. Мысалы, 2020 жылы – 539, 2021 жылы 156 бөлінген. Бірақ бұл жердегі мәселе – біз осы квотаның қанша пайызын игеріп отыр­мыз? Бөлінген квотаның да төрт пайызын, екі мыңдайы ғана иге­рі­леді. Биылғы көрсеткіш әлі белгісіз, себебі ҰБТ енді өтеді. Ал былтыр бар­лығы 73 мың грант бөлінген. Соның 4 пайызы – 2 920 қандастарға беріл­ген, ал тестке қатысқандардың саны – 2 046. Соның ішінде грант иегері болғандар бар-жоғы 654 қана. Яғни, біз бөлінген гранттың тек қана 22,4 пайызын ғана игеріп отырмыз. Енді мұның себептеріне келер болсақ, негізгі себеп біреу ғана. Қан­дас­тар біздің оқу бағдарламасымен таныс емес, көбінесе Қазақстан тари­хынан өте алмай қалады. Себебі Қазақстан тарихының тесті түлектердің кем дегенде соңғы 5-6 жыл ішінде оқыған бағдарламасының негізінде әзір­ленеді. Шетелдерде бұл пән мүлдем оқытылмайды. Екіншіден, тес­тілеуге дайындық мерзімі де өте қысқа. Иә, бір жылдық foundation дайын­дығы бар. Бірақ бұл жерде де түсініксіз жайт көп. Мысалы, мемлекеттен 2 920 грант бөлінсе, Foundation-ге тек 1 300 адамға орын бөлеміз. Яғни, 1 300 адам ғана келіп арнайы дайындықтан өте алады. Бірақ foun­dation-ның өзінде тек 873 қандас оқыған. Олардың 68 пайызы грантқа түскен. Бірақ бәрібір, 33 пайызы түсе алмаған. Бірінші кезекте тестілеуден неге өте алмады, олардың қаншасы foundation-де оқыды, қаншасы оқымады – терең зерттеу жүргізу керек. Бірақ негізгі проблема түсінікті. Осының бәрі 4 пайыздық квотаға қарас­тырылған қаражаттың игерілмеуіне себеп болады. Сондықтан тың­ғылықты дайындау үшін бізге foundation уақытын ұзарту керек немесе басқа бір жолын қарастыру керек. Өйткені мемлекет бөліп отырған бюджеттің тек 67 пайызы игеріліп отыр. ҰБТ-дан басқа бір емтихан түрлерін қарастыруды да ұсынып отырмыз. Жал­пы, әлемдік тәжірибеде бір елге емтихансыз оқуға түсу практикасы бар. Ешқандай емтихан қабылдамайды, тек тілді білуі керек, өз ат­тес­татымен келе береді. Бізде шетелдік стипендиялық бағдарламалар да бар, стипендиялық бағдарламаға жыл сайын 550-дей орын бөлінеді. Бұл жерде қан­дас па, жоқ па, маңызды емес, жалпы шетелдік ретінде қарайды. Сол бағдарлама аясында бакалавриатқа – 490, магистратураға – 50, док­то­рантураға – 10 орын бөлінеді екен. Бұл бағдарлама бойынша емтихан тап­сырудың қажеті жоқ. Ол жерде ешқандай Қазақстан тарихы сұрал­майды. Сондықтан біз шетелдік қандастар үшін осындай арнайы сти­пен­диялық бағдарлама әзірлеуді ұсынамыз. Яғни, қандастардың білімін әңгі­мелесу арқылы, мектептегі аттестаты арқылы бағалап, көбірек жас­тарды тарту керек. Бірақ олар келгенде міндетті түрде бір жыл дайындық курсынан өту керек, тілді меңгеріп, Қазақстан тарихын оқуы керек. Немесе бізде «Серпін» деген бағдарлама болды, сол бағдарламаның ая­сын­да солтүстік аймақтарға оқуға түсетін қандастарды ҰБТ-сыз қа­­был­дауға болады. Сонда жастардың көбірек солтүстікке келуіне ын­таландыра аламыз. Одан бөлек, академиялық ұтқырлық бағдар­ламасы аясында шетелде оқитын қандастарымызды елге тартуға болады. Оқуға келген қандастарға тегін әлеуметтік пакет, яғни, ме­ди­циналық сақтандыру, жатақхана ұсыну да үлкен көмек болар еді. Негізінде, мәселені шешу жолы өте көп. Бөлінген квотаны қандай жол­мен игерсек те, игеруіміз керек. Мәселенің осылай жыл сайын жалғаса беруі дұрыс емес. Бұл нені көрсетеді? Бізде қандас жастарды елге тарту бойын­ша бір жүйелі жұмыс жоқ. Проблема бар, бірақ проблеманы шешу жол­дары бойынша нақты жұмыс істеліп отырған жоқ деген сөз. Оқығысы ке­летіндер бар. Мысалы, біз Өзбекстанға барған кезде сауалнама жүр­гіздік. Сұрақ қойған он оқушының кем дегенде төртеуі Қазақстанда оқы­ғысы келеді. 370 қазақ мектебі бар Өз­бекстанда жыл сайын 10 мың тү­лек мектеп бітіреді. 10 мың түлек­тің кем дегенде 50 пайызы келіп оқыса, 5 мың жас келеді деген сөз. Моңғолияда 43 қазақ мектебі бар, олардан жыл сайын 2 мың түлек түлеп ұшады. Өткен жолы лагерьге келген ба­лалардың көбісі де жоғары білімді Қазақстаннан алғысы келетінін айтты. Шетелдегі қандастарымызды тартудың бір жолы – мектептердегі білім беру деңгейін көтеру үшін педагогтардың, сол жердегі мұғалімдердің кәсі­би біліктілігін арттыру. Мысалы, Өзбекстандағы мектептерде ең басты проб­лема – физика, математика сияқты пәндерді қазақша оқытатын мұғалімдер жоқ. Немесе мұғалімдердің кәсіби деңгейі жоғары емес. Со­ларға арнайы семинарлар өткізіп, тестілеуге осылайша дайындауға бо­лады, мынадай кітаптар бар деп бағыт-бағдар бере аламыз. Енді ол аса бір тосқауылы көп дүние емес деп ойлаймын. Сонымен қатар шетелдегі қазақ педагогтары қауым­дастығын құруды ұсынамыз. Шетелде білім көрмелерін ұйымдастыру керек. Шетелдегі қандастарымызды Қазақстанға оқуға тартудың түрлі жол­дарын қарастырап, мәселені жүйелі түрде шешу керек. Қандастар өздері келеді деп қол қусырып отыра беруге болмайды. Енді бір сұрақ туындауы мүмкін. Бұл бізге не береді? Бұл, біріншіден, біз­дің университеттердегі шетелдіктердің үлесін көбейту деген сөз. Екін­шіден, оқуға түскен балалар елдеріне барған кезде Қазақстан туралы көбірек айтатын болады. Сосын, балалардың грантын мемлекет төлесе де, олардың басқа шығындары өз қалта­ларынан төленетінін де ұмытпау керек, қанша дегенмен, айналып келгенде мемлекеттің төлеген шы­ғынының кем дегенде 30-40 пайы­зын өзінің отбасылық бюджетінен береді. Сосын гуманитарлық эф­­­фектісі де көп, туризмге оң әсер етеді. Жалпы, ең негізгі мақсат – жастарды көбірек тарту. Егер жастар келіп оқыса, келешекте олардың Қазақстанда қалу потенциалы жоғары болады. Бейімделіп кету ықтималдығы да жоғарылайды, менің ойымша, бұл да арнайы бір зерттеу жүргізу керек нәрсе. Мысалы, осы жерге келген қандастардың қанша пайызы Қазақстанда қалуды жоспарлап отыр? Және соған сәйкес, оқып жатқан қандас жастарға арнайы бағдарламалар жасалыну керек пе? Егер қандас жастардың кем дегенде елу пайызы осы жерде қалса, мұның өзі – үлкен көрсеткіш.

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, Мәжіліс депутаты:

Ғылым және жоғары білім министрлігі дайындық курстарының мазмұнын жетілдіруге ден қоюы қажет

– Қандастардың елімізде, яғни тарихи Отанында білім алуы 1994 жыл­дан бастау алады. Ол кезде қандастарға білім беруге арналған квота 2 пайыз еді. Білім алуға ниет білдірген қандастардың саны біршама бол­ғанымен, жалпы грант есебінен оқуға түсетін қандастарымыздың саны көбеймей тұр. Мұның себептерін де анық білеміз. Қандастардың елімізде жоғары білім ала алатыны тура­лы, ҰБТ тапсыру ережелері туралы ақпарат жеткіліксіз, сонымен қатар қандастарға тестілеуден өту де оңай емес. Елімізде 11 жыл білім алған талапкер де, шетелде туған, елімізде тек тоғыз ай дайындық кур­сында оқыған қандасымыз да тең дәрежеде, бірдей талаппен ҰБТ тапсырады. Мысалы, 2021 жылы ҰБТ-ға құжат тапсырған қандастар саны 2 478, ал мемлекеттік грант есебінен оқуға қабылданғандар – 796. Бұл орайда, Ғылым және жоғары білім министрлігі дайындық курстарының мазмұнын жетілдіруге ден қоюы қажет деп ойлаймыз. Біріншіден, этникалық қазақтар үшін халықаралық емтихандарға сәйкес бола алатын ҰБТ-ның баламалы емтиханын енгізуді қарастыру қажет. Сонымен қатар дайындық курстарын тілдік курстарға өзгертуді ұсынамыз. Екіншіден, этникалық қандастарымызға Болон процесі және академиялық ұтқырлық стипендиялық бағдарламасы аясында магистратура мен докторантураға жеке квота бөлуді қарастыру керек. Қазір осы бағдарлама бойынша қандастарымыз барлық шетел азаматтарымен бірдей дәрежеде қатысады. Сонымен қатар академиялық ұтқырлық бағытымен Еуропа мен ТМД елдеріндегі этникалық қандас студенттер алмасу үшін квота бөлуді қарастыру керек. Бұл квота қысқа уақытта тарихи Отанын жақсы білуге және қазақ тілін үйренуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, қазақ диаспорасы көп шоғырланған елдерден үкіметаралық білім беру гранттары аясында этникалық қандастарды барынша тарту қажет.

Қорыта айтқанда, бағдарламаның бізге берері мол. Қандастарды да атажұртымен қауыштыратын алтын көпір. Ресми есептерде ахуал жақсы болғанымен, шын мәнінде бастаманың жүзеге асуында мәселе көп болып отыр. Еліміз үшін демографиялық, экономикалық маңызы орасан бағдарламаның табысты болуы үшін жүйелі жұмыс, ниет пен жанашырлық жеткіліксіз болып тұр.