50576
Түркістанда күдіктілерді азаптаған полицейлер сотталды
Түркістанда күдіктілерді азаптаған полицейлер сотталды
Түркістанда қой ұрлады деген екі күдіктіні тергеу изоляторында азаптап, заңсыз ұстады деп айыпталған полицейлерге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады turkystan.kz.
Сот үкімімен 6 сотталушы Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігінің 1, 2 тармақтарында және 414-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Төрт сотталушыға 4 жыл мерзімге, екі сотталушыға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ барлығы арнаулы атақтарынан және 3 жылға дейін құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан айрылды.
«Сот жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайларды – жәбірленушілердің сотталушыға кешірім бергенін, екі сотталушының қылмыс жасау кезінде белсенді рөл атқармағанын және барлық айыпталушылардың бұған дейін істі болмағынын негізге алды. Ал ауырлататын мән-жайға – берген антты бұзғаны жатқызылды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», - делінген Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі ұсынған хабарламада.Еске салайық, 2022 жылдың тамыз айында әлеуметтік желіде Полиция басқармасында азапталған ер адамның дауысы жазылған видео жарияланған еді. Тексеру кезінде бұл видеоның Сауран аудандық полиция бөлімінде түсірілгені анықталды. Яғни қой ұрлағаны үшін күдікті ретінде ұсталған тұрған полицейлер өзіне күш көрсеткенін айтқан. Тіпті, басына қап кигізіп, ұрып-соққанын жеткізген болатын. Кейіннен күдіктінің қылмысын күшпен мойындатпақ болған полицейлер қамауға алынды.