50340
Прокурор Айкөркем Мелдеханның өліміне қатысты мәлімдеме жасады
Прокурор Айкөркем Мелдеханның өліміне қатысты мәлімдеме жасады
Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде 4 жасар Айкөркем Мелдеханның өліміне қатысты іс бойынша прокурорлар мәлімдеме жасады. Бұл туралы Бас әскери прокуратура хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, әскери қызметші А.И. Жұманға айып тағылған. Оған Қылмыстық кодекстің 451-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы «Кәмелетке толмаған баланың өліміне әкеп соқтырған қаруды қолданып, билігін асыра пайдалану» бойынша айып тағылған. Басты сот отырысы 26 шілдеге белгіленді.
«Алматы гарнизоны әскери соты қылмыстық істі қарауға кірісті. Іс материалдарында жария етуге жатпайтын құпия құжаттардың болуына байланысты процесс жабық режимде өтіп жатыр. Қорғаушы тарапқа да, жәбірленушілерге де тиісті заң көмегі көрсетілген және заңгерлері бар. Қылмыстық процеске қатысушылардың өтініші бойынша, мемлекеттік құпияларға рұқсат берілді. Марқұмның әкесі Айдос Мелдеханға мұндай рұқсат беру туралы бірнеше рет ұсыныс жасалғанымен, ол рұқсат алудан бас тартты. Оған бас тартудың салдары туралы ескертілді», - деп хабарлады БӘП.Айта кетейік, бұған дейін 14 шілдеде сот отырысына Айкөркем Мелдеханның әкесі мен әпкесі сотқа жіберілмегенін хабарлаған едік.
«Айыптаушы тарап қатаң түрде қылмыстық іс материалдарына: куәлардың айғақтарына, сарапшылардың қорытындыларына және А.И.Жұманның әрекетінің заңсыздығын растайтын басқа да дәлелдерге негізделеді. Қазіргі уақытта басты сот талқылауы тағайындалды, оның барысында барлық жиналған дәлелдемелер зерттеліп, бағаланады. Сот талқылауының барысы туралы жұртшылыққа жария ету мүмкіндігіне қарай хабарланады. Осыған байланысты тек ресми ақпарат көздеріне сенуіңізді сұраймыз», - деді прокуратура.Қылмыстық істің қаралу барысы Бас әскери прокуратураның бақылауында екені хабарланды. Еске салсақ, 4 жасар Айкөркем Мелдехан былтыр 7 қаңтарда Алматыда болған «қаңтар оқиғасы» кезінде қаза тапты. Сондай-ақ оқиға кезінде Айдос Меделханның 16 жастағы қызы жараланып, 8 жастағы ұлы психологиялық шок алған.