452
Тұрмыстық зорлық-зомбылық тыйылар емес
Тұрмыстық зорлық-зомбылық тыйылар емес
Апта басында Парламент Мәжілісінде «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдың өзекті проблемалары» деген тақырыпта Үкімет сағаты болды. Жиынға палата Төрағасының орынбасары Владимир Божко жетекшілік етті.
Үкімет сағатына Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жауапты қызметкерлері, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының жергілікті полиция қызметкерлері, сонымен қатар, Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.
Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов баяндама жасап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауларында тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылықты тоқтату және оның алдын алу тетіктерін жетілдіру мәселесіне назар аударылғанына тоқталды. Осы ретте, 2009 жылдың желтоқсанында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң қабылданғанын да атап өтті. 2016 жылы 6 желтоқсанда Президенттің Жарлығымен «Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» бекітілген. «Бүгінгі таңда осы заңды жетілдіру мақсатында 7 рет түзету енгізілді. Атап айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы мәселелер бойынша Мәжіліс депутаттары екі рет бастамашылық жасаған заң жобалары қаралды», – деді Владимир Божко.
Жиын барысында еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою мақсатында қабылданған заң жобаларының тұрмыстық қылмыс деңгейін 10 пайызға төмендетуге септігін тигізетіндігі де сөз болды. «Қабылданған заңды шаралар еліміздегі тұрмыстық қылмыс деңгейін жыл сайын орташа есеппен 10 пайызға төмендетуге септігін тигізді. Отбасылық, тұрмыстық деңгейдегі қылмысқа қарсы күрес мәселесі балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау, қылмыстан сақтандыру мәселелерімен тығыз байланысты», – деді Ішкі істер министрі.
Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу негізінен жергілікті маңызы бар әлеуметтік мәселелердің шешілуіне байланысты. Сол себепті де, мұндай мәселелерді шешуде әкімдер, қоғамдық құрылымдар мен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша өңірлік комиссиялардың көмегіне жүгіну керек. Министр болашақта осы мәселеге ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Министр келтірген деректерге сүйенсек, бүгінде полицияның профилактикалық есебіне 16 мыңнан астам баласы бар 12 мың қолайсыз отбасы тіркелген, ал өткен жылы бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін орындамағаны үшін шамамен 5,5 мың ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға арналған арнайы әлеуметтік жәрдемдердің стандарты да даярланған. Оны төлеу үшін облыстық бюджеттерге 3 жылға 500 млн теңге, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдарға да осынша қаражат бөлініп отыр.
Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі ұсынған деректер бойынша, 2015 жылы елімізде некесіз туған 72 мың бала, 400 мыңнан астам жалғызілікті ана, 60 мыңнан астам жалғызілікті әке бар. Жетім балалардың саны – 31мың. 2016 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтер балалар үйлерінде 6 436 бала тәрбиеленетіндігін көрсетеді. Иә, тірі жетімдер қоғамда бұрын да болған. Бірақ бұл деректер нәйеті 17 млн халқы ғана бар Қазақстан үшін өрескел көп. Қоғам азған ба? Адам азған ба?
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жасаған баяндаманы халық қалаулылары талқыға салып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Осы орайда, депутат Зағипа Балиева бейімдеу орталықтарында тұрмыстық дағдарысқа ұшыраған отбасы мүшелерімен психологтардың жұмыс істеуін ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, Зағипа Балиева бүгінде отбасыларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау жұмыстарымен 24 үкіметтік емес ұйым айналысатынын жеткізіп, олардың жұмыс тиімділігі үкіметтік органдардан анағұрлым артық екендігін тілге тиек етті. Өз сөзінде депутат тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес орталығын ашуды, бұл істі қолға алу үшін арнайы мемлекеттік орган құруды ұсынды.
Аталмыш тақырыпқа қатысты ой білдірген депутат Бақытгүл Хаменова тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегетін нәзік жандылардың көп екендігіне тоқталды. «Бүгінгі күні әйелдер мен балаларға қарсы жауыздық әрекеттер өте көбейіп кеткен. Былтыр ғана осындай 140 мыңға жуық оқиға тіркелген. Оның ішінде жәбір көруші әйелдердің 80-ге жуығы өз-өзіне қол жұмсаған. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың 80 пайызға жуығы әйелге қарсы жасалады. Үйдің шамшырағы болатын әйел адамға қарсы жасалатын жауыздықты көрген баланың өсе келе, әкенің озбырлығын қайталамасына кім кепіл? Бұл жәбірленушінің құқығын ғана таптамай, ертеңгі ұрпақтың талабы мен тілегіне де балта шабады емес пе?», – деді Бақытгүл Хаменова. Сөз соңында депутат ханым аудандар мен облыс орталықтарындағы тұрмыстық жәбірленушілерді қорғау бөлімшелерін дербес орталық ретінде құру қажеттігін ескертті.
Үкімет сағатына қатысып, қоғамда күрмеуі шешілмей жүрген маңызды тақырыпты талқылаған депутаттар өз қорытындыларын жасап, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекеттерді ары қарай дамытуға бағытталған тиісті ұсынымдар қабылдады.