«Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы сәтті жүзеге асуда
«Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы сәтті жүзеге асуда

«Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында, «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Мұхамеджан Болысбек және «Байқоңыр» филиалының атқарушы хатшысы Дәурен Ұлықпанов қазыналы қарияларымыздың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мәдени-демалыс орталығына барды.

Байқоңыр ауданының «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» жаңа кеңсесі ашылды. Үш қабатты мекемеде қарттарға арналған барлық жағдай жасалған.
Айта кетсек, орталықта оңалту фитнесі, үстел теннисі, сурет салу, тыныс алу гимнастикасы - Цигун бойынша сабақтар өткізіледі. Сондай-ақ, шахмат және тоғызқұмалақ ойындарына арналған арнайы бұрыштар да бар. Орталықты аралау барысында гимнастика және үстел теннисі бойынша сабақтар белсенді жүргізіліп жатты. Ардагерлер тамаша нәтижелерге қол жеткізген.

Сондай-ақ орталықта тоқу өнері де қарқынды дамып жатыр. Тоқыма тоқу жүйке жүйесі мен ми жұмысын жақсартады. Артық ойлардан арылтып, көңіл көтереді.
Тоқыма тоқу үйірмесінің ұстазы Тұрсынбаева Ақдариға Ишанқызының айтуынша:
— «Тоқымамен айналысқанда адам жеке басына аса қажет нәрсені жасау үшін тоқымайды: осы тоқу үстіндегі түрлі-түсті бояулар әлемінің үйлесімділігін, алуан түрлі сән үлгілерін таңдап, түрлі тоқу әдістерін меңгеруі адамның талғамын, шеберлігін, ой-өрісін жетілдіріп, көркемдікті сезіну қабілетін дамытады. Сондай-ақ біздің зейнеткерлер заманауи үлгіде сөмкелер жасауды да үйреніп, сән әлеміне жаңа серпіліс беруде», - деп атап өтті.
Мұхамеджан Болысбек «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасының маңызы мен мазмұнын айта кетті. Жоба мақсаты - қарттарға әрдайым қолұшын созу, олардың ертеңгі ел болашағы үшін еткен еңбегі мен өнегелі өмір жолынан тағлым алу.

Атқарушы хатшы орынбасары Мұхамеджан Болысбек:
- «Қарттар – біздің асыл қазынамыз, еліміздің өсіп-өркендеуіне, бейбітшілікте өмір сүруімізге үлес қосқан асылдарымыз. Саналы ғұмырларын тынымсыз еңбек етумен өткізген алдыңғы буын аға-апаларымызға орталықта бүгінгідей жағдай жасалып отырғаны қуантады. Орталық ұжымының алдағы жұмыстарына сәттілік және табыс тілеймін!» - деді.