50503
«Қарызсыз қоғам», «Құқықтық көмек» жобалары қалай жүзеге асып жатыр?
«Қарызсыз қоғам», «Құқықтық көмек» жобалары қалай жүзеге асып жатыр?
Президенттің саясаты мен «AMANAT» партиясы жобаларының арқасында қазір ауылдың белсенді тұрғындары үшін үлкен мүмкіндіктер ашылуда. Қазір қаржылық сауаттылық деңгейін арттырмай, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мүмкін емес. Сондықтан 3 ай бұрын «AMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосты.
Жобаның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру.
Жобаға қатысушылар өз қаражатын тиімді басқаруды және шығынды оңтайландыруды үйренеді. Ал ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер компания бюджетін қалыптастыру тәртібіне, салық есеп-қисабын ұсынуға және мемлекеттік қолдау бағдарламаларының қаржыландыру шартына қатысты құнды ақпарат алады.
Түркістан облысы Сайрам ауданының тұрғыны Айсара Есентаева оқыту курсында несиенің пайыздық мөлшерлемесі жайлы маңызды ақпараттар пайдалы болғанын айтты.
«Қаржы бойынша білімім аса жеткілікті болмағанның салдарынан, банктен жоғары мөлшердегі пайызбен несие алыппын. 800 мың теңгедей қарызым бар. Қазір есептептесем, қарызымды бірнеше есе көп қайтарып жатырмын. Оның үстінде жұмыссыз отырғандықтан, несиені мерзімінен кешіктіріп төлеу мәселесі туындап отыр. Мұның бәрі қаржылай сауаттылықтың аздығынан.
Менторлар несие алмастан бұрын банктердің пайызына баса назар аударып, қалай есептеу керегін түсіндірді. Келісімшартты да мұқият оқып шығудың маңыздылығын айтты.
Сарапшылар мейлінше несиені алмау үшін жалақыны ұтымды жоспарлап, үнемдеу жолдарын көрсетті.
Осыдан кейін кіріс-шығысты есептей білуді, табысты арттыру туралы сабақатар өтілді. Күнделікті үй тапсырмасы беріліп, пайдалы мәліметтер айтылды. Бұл – халыққа пайдалы жоба. «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалына алғыс білдіремін! Ауыл тұрғындарына жиі өткізілу қажет деп санаймын», - деді ол.
Айта кетейік, оқу биыл 2 мамырда басталып жыл соңына дейін жалғасады. «Қарызсыз қоғам» жобасы алғашқы кезеңінде 8 аймақты қамтыды. Курстарға жазылу үшін тұрғылықты жердегі «AMANAT»-тың аудандық филиалына хабарласу қажет.
Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды құру жолында адам құқықтары мәселесіне баса мән беріп келеді. Елімізде Конституциялық сот құрылып, Бас прокуратура мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл конституциялық мәртебеге ие болды. Халық арасында құқықтық мәселелер өте өзекті. Соған байланысты, «AMANAT» партиясы жыл басында тұрғындардың құқығын қорғайтын «Құқықтық көмек» жобасын іске қосты.
Қоғамда азаматтардың құқықтық, қаржылық сауаттылығы әлі де төмен. Соның салдарынан, олар сотта немесе басқа да мемлекеттік органдарда мүдделерін қорғай алмай жатады. Ауыл тұрғындарының бәрі бірдей мұндай кәсіби көмекке қол жеткізе алмай отырғандықтан, жаңа партиялық жоба аясында заңгерлер ауыл-ауылды аралап, халыққа арнайы құқықтық көмек көрсетті және кеңес берді.
Мәселен, «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиаланың қоғамдық қабылдау бөлмесіне Құқықтық көмек сұрап келген ауыл тұрғыны Айсұлу Ашимова несиесін карантин уақытысында төлей алмай, коллекторға өтіп кеткендігі жайында мәселесін айтты. Салдарынан барлық шоты бұғатталып, жұмыс істей алмай отырғандығын жеткізді. Заңгер Серік Бердикулов пен Халил Суйеубаев мәселені тыңдап, заң аясында көмек көрсетуге ықпал етті. Тәжірибелі мамандар көтерілген барлық сұрақтар бойынша тегін кеңес берді.
Сондай-ақ Манкент ауылының тұрғыны Музаффар Таштенов банкінен несие алып, 2014 жапқан. Алайда 1,2 мың теңге сомасында қалдық қалып, 2016 жылға дейін 300 мыңға көбейген. Музаффар Таштенов денсаулығына байланысты несиені төлей алмаған. 2023 жылға дейінгі берешек сомасы өсімпұлмен құралған. Қарыз коллекторлық агенттікке беріліп, шоттардың барлығы бұғатталды.
Заңгер Султанкулов Хусниддин несие туралы түбіртектерге сүйене отырып, жеке тұлғаны банкрот деп тану үшін электронды үкімет арқылы онлайн түрде өтініш тапсыруға көмек көрсеттә және банкроттыққа шығуға ықпал етті. Өз кезегінде ол заңгер Султанкулов Хусниддинға алғысын білдірді.
Жыл соңына дейін «Құқықтық көмек» жобасы аясында аталған ұйымдардың заң консультанттарымен бірлесіп 1000-нан астам қабылдау өткізу, оның ішінде жергілікті жерде азаматтарға заңгерлік көмек көрсету үшін 350-ге жуық шалғайдағы ауылдық елді мекенді қамту жоспарланып отыр.