Алтын деген тас емес
Алтын деген тас емес
Биыл жыл басынан бері еліміздің алтын қоры 9 пайызға, яғни 351,7 тоннадан 319 тоннаға дейін азайған. Бұл – Дүниежүзілік алтын кеңесінің маусымдағы қорытынды дерегі.
Алтын қоры туралы жиі айтылып, жиі жазылып жатады, дегенмен тақырып төңірегінде сұрақ көп. Мысалы, алтын саудасы, алтын қоры және алтын бағамы арасында байланыс бар ма? Алтын қоры елдің экономикасына қалай әсер етеді? Еліміздегі алтын қорында қанша алтын сақталады, қанша алтын кен орны бар? Алтын сақтаудың қандай артықшылығы бар?
Алтын қоры қалай құрылды?
Еліміздің алтын қоры тәуелсіздік алғанға дейін, 1990 жылы қалыптаса бастады. Мемлекеттік экономикалық комитеттің, Мемлекеттік банкінің, «Казалмаззолото» консорциумының, «Каззолото» мамандарының және алтын өндіру өнеркәсібінің басқа да өкілдерінің қатысуымен «ҚазССР-де алтын қоры мен алмаз қорын құру туралы» Жарлықтың жобасы әзірленген. Бұл құжатқа 1991 жылғы 31 тамызда қол қойылды. Онда Ұлттық банкке құрылымдық бөлімше – ҚазКСР-дің мемлекеттік құндылықтар қоймасын ашу туралы тапсырма берілген болатын. 1992 жылғы 7 қаңтарда республикалық алтын қоры мен алмаз қоры құрылды. Осы 7 қаңтар – Қазақстанның алтын қорының құрылған күні деп есептеледі. Көп ұзамай, 27 қаңтарда Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында салмағы 10,5 келі болатын ең жоғары сынамалы алтынның алғашқы құймасы балқытылған. Осылайша, алтын қорының негізі қаланып, қор жылдам ұлғая бастады. Мәселен, 2001 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, еліміздегі алтын-валюта резерві 1994 жылмен салыстырғанда үш еседен астам өскен. Егер алтын-валюта резервінің ЖІӨ-ге қатынасы 1998 жылға дейін шамамен 6 пайыз болса, 1999-2000 жылдары ол 11 пайызға жеткен. Алтын резервке қайдан әкелінеді деген сұраққа келер болсақ, құнды металдар және бағалы тастарға қатысты заңға сәйкес, мемлекет Ұлттық банктің алтын-валюталық активтерін оны өндіруші субъектілерден және аффинаждалған алтын иелерінен алуға құқылы. Бүгінде «Казцинк», «Тау-Кен Алтын», «Қазақмыс», «Востокцветмет», «Altyntau Kokshetau» компаниялары негізгі алтын жеткізушілер саналады. Айта кету керек, Қазақстанның бүкіл алтын қоры 70 шаршы метр аумақтағы бөлмеге сыйып тұр. Банкнот пен алтын арнайы құрғақ емес ауа температурасында сақталады. Әр сақтау орнының есігі – 17 тонна. Алтын құймасының біреуінің салмағы 11-13 келі арасында.
Алтын қорымыз аз емес
Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council) маусымдағы дерегі бойынша, еліміздегі алтын қоры 9 пайызға азайған. Кеңес рейтингінде (ХВҚ мен ЕОБ-ты есепке алғанда) Сауд Арабиясынан кейін (321 тонна) және Ұлыбританияның алдында (310 тонна) ортасында тұрмыз. Бұл – әлем бойынша 18-орын. Бірінші орында – АҚШ (8,1 мың тонна), одан кейін – Германия (3,3 мың тонна) және ХВҚ (2,8 мың тонна). Бұған дейінгі, яғни биылғы наурыздағы дерек бойынша еліміз аталған рейтингте 15-орында тұрған болатын. Дегенмен бұл рейтингтегі нәтижелер жиі өзгеріп отырады. Мәселен, наурызда біздің қор көлемі керісінше ұлғайған еді. Ал еліміз резерв құрамындағы алтын үлесі бойынша топ-10 елдің қатарына кіреді. Сонымен, әр мемлекеттің өз алтын-валюта резерві бар. Яғни, белгілі бір мемлекеттің резерві өз ішінде алтыннан, түрлі валюталардан құралуы мүмкін. Олардың үлесі әр елде әртүрлі. Ал соның ішінде алтын – мемлекеттік органдарға ақша-кредит саясатын реттеуге мүмкіндік беретін өтімділігі жоғары актив. Ал резерв көлемі – мемлекеттің кредитке байланысты сын-қатерлерге қаншалықты қарсы тұра алатынын байқататын негізгі көрсеткіштерінің бірі. Яғни, алтын әрқашан сенімді инвестиция саналады. Мысалы, мемлекет экономикаға қаражат тарту үшін облигациялар шығарады. Қарызға ақша беретіндер олардың мерзімінде де, пайызбен де оралатынына сенімді болғысы келеді. Бұл жағдайда алтын ең сенімді кепіл бола алады. Қарызды өтеу үшін оны кез келген уақытта сатуға болады. Сонымен қатар алтынның құны ежелгі заманнан бері тұрақтылығымен ерекшеленеді. Алтынның осы қасиеті оның алғашында валюта ретінде қолданылуына негіз болғаны белгілі. Алтынды өлшеу үшін троя унциясы атты өлшем бірлік қолданылады. Бір троя унциясы 31,18 грамға тең. Алтынды кейде каратпен де өлшеп жатады. Таза алтын – 24 карат. Алтын үнемдеу құралы ретіндегі маңызын еш жоғалтпаса да, оның қазіргі экономикадағы рөлі өзгерді. Тарихы қарапайым монетадан басталып, кейіннен валюта ретінде айналымға шыққан алтын қазір зергерлік сияқты дәстүрлі салаларда, медицина және автомобиль өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Сонымен қатар мемлекеттік қорлардың маңызды бөлігі болып отыр. Жинаушылар мен азайтушылар Алтын резервіне байланысты әр мемлекеттің әртүрлі саясат ұстанады. Мәселен, АҚШ алтын қорын ұлғайтуға баса мән береді, ал кей елдерде мұндай нақты мақсат жоқ. Бір қарағанда, барлық мемлекет өз алтын резервін ұлғайтуға асығатындай көрінуі мүмкін, дегенмен ұстанымдар әртүрлі. Әу баста алтын теңдессіз сенімді, бағалы саналғаны рас, бірақ жағдай ХХ ғасырда өзгерді. Барлық мемлекеттерде, олардың орталық банктерінде немесе қазынашылықтарында валюталардың, шетелдік үкіметтік облигациялардың және бағалы металдардың әртараптандырылған портфелі түріндегі қорлар жинақтала бастады. Жалпы, елдерді алтын қор жүйесіне байланысты екі түрге бөле аламыз. Бірінші топ – алтын қорын көбейтуді жалғастырып жатқан елдер, екінші топ – алтын қорларын азайту саясатын ұстанатын мемлекеттер. Бірінші – АҚШ пен еуроаймақ. Еуропа елдері (Ұлыбританиядан басқа) мен АҚШ-тың валютасы көп сұранысқа ие сондықтан олардың өз қорын алтынмен жасақтаудан және осылайша аса қажет емес валюталарды азырақ сақтаудан басқа амалы жоқ. АҚШ алтын өндірісі бойынша екінші орында тұрғанын да есте ұстаған жөн. Доллар сияқты, еуро да әлемдік экономиканың тіректерінің бірі болып саналады. Осы орайда тағы бір мысал келтіре кету керек. Венесуэла халықаралық валюта жүйесіне қарсы шығып, барлық мұнай кірістерін алтынға ауыстырған еді. Бұл – 2015 жылы елде туындаған үлкен дағдарыстың бір себебі болды, нәтижесінде елдің алтын қорының көп бөлігі 2016 жылы төмен бағада сатылды. Таңғаларлық болып көрінуі мүмкін, Тәжікстан да барлық қорының 81 пайызын алтынмен сақтайды. Екінші – экономикасы дамыған достастық елдері сияқты мемлекеттер алтынға байланысты басқаша көзқарас ұстанады, олар керісінше, қорды азайтуға тырысады. Жапония мен Швейцария сияқты басқа дамыған елдер де олардың ізімен келе жатыр. Еуропаның басқа елдерінен бөлек, Ұлыбританияда алтынға қатысты арнайы саясат бар. 1999 жылы 7 мамырда Ұлыбритания өзінің алтын қорының көп бөлігін қысқа мерзімде сату туралы шешім қабылдады, оны валюта қоржынына ауыстырды. Бұл шешім Англия банкі жасаған жаңа түзетулерден кейін қабылданды. Дамушы экономикалар екінші топтағы елдермен бірдей саясат ұстанады. Бірақ бұл көп жағдайда экономиканың тоқырауына әкеліп соғуы мүмкін. Ұлттық банк мәліметінше, еліміз 10 жыл ішінде қарқынды түрде алтын сатып алған. Бұл, өз кезегінде резервтегі алтын көлемінің өсуіне себеп болғаны айтылады. Оған қоса, отандық алтын өндірісін де айтып өткен жөн. Осыған қарап, еліміз алтын қорын ұлғайтуға көбірек мүдделі деп айтуға болады.
Кен орындарынан да кенде емеспіз
Еліміздің алтын қорының құрылып, кеңеюіне бай тарихы бар отандық алтын өндіру өнеркәсібінің дамуы зор ықпал етті. Біздегі алтын өндіру өнеркәсібінің шикізат базасы негізінен ұсақ (қорлары 25 тоннаға дейін) және орташа (25 тоннадан 100 тоннаға дейін) кен орындарынан тұрады. Ресми мәліметке сүйенсек, елімізде жалпы 293 алтын кен орны бар. Оның ішінде 38 пайызы кешенді, 60 пайызы алтын кені және 2 пайызы шашыраңқы. Кен орындары елдің барлық облысында табылған. Алайда жетекші орынды Шығыс, Солтүстік және Орталық Қазақстанның кен орындары алады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің былтырғы дерегіне сүйенсек, «Васильковское», «Варваринское», «Ақсу», «Жолымбет», «Бестөбе», «Бақыршық», «Суздаль», «Большевик», «Риддер-Сокольное», «Ақбақай», «Алтынтас», «Далабай», «Юбилейное» – еліміздегі негізгі алтын кен орындары. Осылардың ішіндегі ең ірісі – «Васильковское» және «Бақыршық». Расталған өнеркәсіп қорларының көлемі бойынша еліміз әлемде 15-ші және ТМД-да Ресей мен Өзбекстаннан кейін үшінші орында. Қазіргі кезде 100-ге жуық компания еліміздің алтын кен орындарын игеруге құқылы екен. Олардың 30-ға жуығы нақты жер қойнауынан қазып алумен айналысады. 2023 жылдың аяғына дейін елімізде тағы 5 алтын өндіретін фабриканың құрылысы аяқталуға тиіс. Сонымен қатар 2022 жылы еліміздің аумағында 129,58 тонна алтын өндіріліпті. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметі бойынша қазіргі өндіріс қарқынын сақтар болса, әлемдегі алтын қорлар 2034 жылға қарай таусылуы мүмкін. Бұл алтын бағасының өсуіне әсер етеді деп болжауға болады. Яғни, сұраныс пен ұсыныс заңы күшіне енеді: ұсыныс көлемі төмендесе, сұраныс сол деңгейде қалады немесе өседі, яғни баға қымбаттайды.
Алтын – сенімді инвестиция
Алтын құймалар тек мемлекет үшін ғана емес жеке тұлға үшін де сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы басты ұтымды нәрсе – банк пен банктік емес айырбастау пункттері алтын құймаларды бірден кері сатып ала алады, ақшасын сол жерде, қолма-қол береді. Яғни, кез келген ел азаматы қалаған уақытында алтын құйма сатып ала алады. Ұлттық банк дерегіне сүйенсек, биылғы мамырда екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пункттерінде жалпы салмағы 155,4 келі 4 056 алтын құйма сатылған. Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 4,4 тонна 129 605 алтын құйма сатылған. Бағдарлама басталғаннан бері екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес пункттер жалпы салмағы 586,4 келі 22 553 алтын құйманы кері сатып алған, бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 17 пайызы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы дерлік Ұлттық банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады. – Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы, сатылған құймалар арасында оның үлесі 26 пайыз – 33 869 дана. Одан кейін 5 грамдық алтын құйма – 29 486 дана (23 пайыз), 100 грамдық құйма – 26 753 дана (21 пайыз), 20 грамдық құйма – 24 033 дана (18 пайыз), және 50 грамдық құйма – 15 464 дана (12 пайыз). 2023 жылғы мамырда алтын құймалардың ең үлкен көлемі мына өңірлерге жеткізілді: Алматы (2 223 дана, 55 пайыз), Шымкент (582 дана, 14 пайыз) және Қарағанды (341 дана, 8 пайыз), – деп көрсетілген Ұлттық банк мәлімдемесінде. Қазір алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық Банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банкі, сондай-ақ жекелеген банктік емес пункттерден сатып алып, кері сатуға болады. Ұлттық банк сайтында көрсетілген 4 шілдедегі ресми мәліметке сүйенсек, бір грамм алтынның құны – 27 573 теңге. Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және арнайы қорапқа салынып шығады, сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап, сондай-ақ сапа сертификаты саналады. Сондықтан алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеген абзал. Яғни, алтын өзінің аз-аздан болса да үздіксіз, тұрақты түрде өсіп отыратын құнымен сенімді инвестиция құралы бола алады. Дегенмен бәрі инвестордың өз стратегиясына байланысты. Айтпағымыз, алтын қысқа уақыт ішінде көп пайда табуды көздейтіндерге емес, аз, бірақ тұрақты табысқа негізделген стратегияны ұстанатындарға қолайлы.
Андрей Чеботарев, экономист-сарапшы:
Алтын қашан да құнын жоғалтпайтын қорғаныс активі
– Алтын – әмбебап қорғаныс активі. Әлемде дағдарыс немесе басқа да қиын жағдайлар болған кезде әдетте алтынның құны өседі. Қазақстан резервтердегі алтын үлесі бойынша әлемде алғашқы орындардың бірін иеленеді. Яғни, көлем жағынан емес, бізде алтын көлемі жарты тоннаға жетпейтіні белгілі, дегенмен резервтердегі алтын үлесі бойынша 10-дыққа кіреміз. Меніңше, бұл өте жақсы көрсеткіш. Бұл біздің болуы мүмкін дағдарыстарға дайындалғанымызды көрсетеді. Сондай-ақ стратегия өзінің сәтті екенін байқатып отыр, өйткені екі апта бұрын троя унциясы 2 мың доллардан жоғары бағаланып, тарихта алғаш рет алтынның құны абсолютті максимум мәнді көрсетті. Осылайша, қайта есептеулер бойынша еліміздің портфелі өсті. Бұл да өте жақсы жаңалық. Негізінен, алтын қашан да құнын жоғалтпайтын қорғаныс активі. Алтын абсолют баға деп саналады. Яғни, шартты түрде айтар болсақ, әлемде қиын жағдайлар бола қалса, АҚШ көптеген доллар басып шығаруы мүмкін, сөйтіп оның құны арзандайды. Ал алтын, сәйкесінше өседі, өйткені ол әрқашан абсолют бағаға ие. Яғни, бұл – нақты актив. Сондықтан алтын қоры резервтің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, қажет болған жағдайда біз оны жұмсай аламыз. Яғни, тек валюталық резервтерден қарағанда алтыннан көп пайда бар.
Қорыта айтқанда, әр елдің алтын қорын ұлғайтуға немесе керісінше азайтуға байланысты өз саясаты бар. Елімізде кейінгі 10 жылда жинауға ден қойылып келеді. Нәтиже де жоқ емес. Сарапшылардың сөзінше де, көрсеткіш жақсы. Жалпы, алтын қашан да тұрақтылық пен сенімділіктің негізі болып келеді. Бұл мемлекет саясатына да, жеке тұлғалардың, яғни әр адамның жинағына да қатысты.