50269
БҰҰ: Қазақстан инвестиция тарту жағынан көш бастады
БҰҰ: Қазақстан инвестиция тарту жағынан көш бастады

БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) «Инвестициялар жөніндегі дүниежүзілік баяндамасы» жарияланды деп хабарлады turkystan.kz.
Баяндамаға сәйкес, 2022 жылы Орталық Азия елдері 10 миллиард доллар инвестиция тартса, оның 6 миллиардтан астамы Қазақстанға тиесілі. Ол 2021 жылға қарағанда 83 пайызға жоғары.
Kazakh Invest баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, посткеңестік елдер арасында таза ТШИ ағыны бойынша Қазақстан бірінші орында. Одан кейінгі орындарда Өзбекстан – $2,5 млрд, Литва – $2,2 млрд доллар, Грузия – $2 млрд, Беларусь – $1,6 млрд, Латвия – $1,5 млрд, Эстония – $1,2 млрд, Түрікменстан – $936 млн, Украина – $848 млн, Молдова – $587 млн, Армения – $366 млн, Қырғызстан – $291 млн, Тәжікстан – $174 млн. Рейтингтің аутсайдерлері Әзербайжан мен Ресей болды, олар сәйкесінше $1,7 млрд және $18,7 млрд теріс нәтиже көрсетті.
Сондай-ақ теңізге шыға алмайтын дамушы 32 елде таза тікелей шетелдік инвестиция 6%-ға артқаны байқалды. Оның ішінде Қазақстан да көшбасшы ($6,1 млрд) екені белгілі. Одан кейін Эфиопия ($3,7 млрд), Өзбекстан ($2,5 млрд) және Моңғолия ($2,5 млрд) тұр.
Қазақстан 2015-2022 жылдар аралығында жаңартылатын энергия жобаларына таза инвестиция тарту бойынша $56,3 млрд көрсеткішімен әлемнің дамып келе жатқан экономикалары арасында 5-орынға шықты.
Жалпы, есептің нәтижесі көрсеткендей, 2021 жылы күшті өсімнен кейін жаһандық таза ТШИ ағыны 2022 жылы 12%-ға азайып, $1,3 трлн-ға дейін төмендеді. Оған Украинадағы қақтығыс, азық-түлік пен энергия бағасының қымбаттауы, сондай-ақ әлем елдерінің мемлекеттік қарызының өсуі себеп болды.