452
Перуашев: Бишімбаев ісіне соңғы нүктені сот қояды
Перуашев: Бишімбаев ісіне соңғы нүктені сот қояды
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев сыбайлас жемқорлық бойынша айыпталып отырған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қылмыстық ісіне қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы жоба бойынша (Қызылордадағы шыны зауыты) айтатын болсам, бірнеше жыл бұрын Мұратхан Тоқмәди басшылық етіп отырған шыны өндірушілер қауымдастығы тарапынан да қарсылық болған еді. Ол сол кезде инвестор ретінде тартылған компания шын мәнінде өзінің міндетіне сай еместігін атап өткен болатын. Кейіннен банкротқа ұшырады, кеңселерінде тек қана сегіз адам жұмыс істеп жүргені хабарланған. Қазір бұл мәселе толық есімде емес, бірақ тиісті хатты жолдаған едік»,-деді А. Перуашев.
«Ескерілген шығыстар сәйкес болмады, яғни олардың есебі бойынша жоба ешқашан да тиімділік көрсетпейтіндігі айтылды. Осындай қарсылық болды, алайда бұл жобаны қаржыландыруға қадам жасады. Сонымен қатар қаржыландыру құны төмен деңгейдегі осы тектес басқа жобаға тосқауыл жасалды»,-деді депутат. Оның пайымынша, бұл мәселеде әділ емес бәсекелестікке жол берілді.
«Бишімбаев мырзаның нақты айыптауға қатысты онда кінәсіздік презумпциясын ескеру керек. Бұл айыптауды сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі өкілетті орган жасады, ал соңғы нүктені сот қояды»,-деп түйді Перуашев. Бұдан бұрын хабарланғандай, Қуандық Бишімбаев зауыт құрылысы кезінде миллиард теңге жымқыру қылмысында күдікке ілінді. Тергеу амалдары барысында ол «Бәйтерек ҰБХ» АҚ басқармасының төрағасы болған кезде Қызылорда қаласында табақ шыны шығаратын және өңдейтін зауытты салу кезінде «Orda Glass» ЖШС ведомстволық бағыныстағы компания мен оның мердігерлік ұйымы «Шымкентхиммонтаж» ЖШС арқылы 1 млрд теңгені жымқыру қылмыстық схемасын ұйымдастырған.