– Аяулым ханым, әңгімемізді Қазақстандағы бүгінгі демографиялық ахуал қалай қалыптасып отырғанынан бастасақ. – Қазақстанда халықтың туу өсімі өте жоғары. 2022 жылы туудың жиынтық коэффициенті 3,05-ке тең болды. Яғни, белсенді репродуктивті жастағы бір әйел 3 баланы өмірге әкеледі деген сөз. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 1999 жылы бұл көрсеткіш 1,8 болған. Сол тұстағы демографиялық дағдарыс кезінде туу көрсеткіші азайып, халықтың табиғи кемуі байқалған. Қазақстан халықтың жастық және жыныстық құрамы бойынша жас елдер қатарына жатады. Сондықтан туу деңгейінің жоғары болуы заңдылық. – Пандемия халық санына қалай әсер етті? – Пандемия жылдарын алып қарайтын болсақ, 2020 жылы туу көрсеткіші 3,1-ге тең, ал 2021 жылы бұл 3,3 болды. 2020-2022 жылдары шамамен 1 млн 200 мыңнан астам нәресте дүниеге келді. Мұндай бала саны 2016-2019 жылдарды қосып есептеген кезде ғана шығатын. Қазақстанда жалпы туу деңгейі жоғары болғанымен, өңірлерде көрсеткіш әртүрлі. Мысалы, батыс, оңтүстік, оңтүстік-шығыс өңірлерде жоғары болса, Алматы қаласы, Солтүстік Қазақстан облысы, Қостанай облысы, Қарағанды, Ақмола облысының туу деңгейі республикалық деңгейден төмен болып отыр. Демографиялық теорияда replacement level (орын басу көрсеткіші) 2,1-ден төмен болса, онда халықтың өсімі болмайды. Туудың төмендеуі халық санының азаюына, кемуіне алып келеді. Қазір бізде 5 өңірде халық санының төмендеуі байқалады. Олар – Павлодар, СҚО, Қостанай, ШҚО және Қарағанды облыстары. – Бұл облыстарда туу деңгейінің төмендеуіне не себеп? – Бұған бірінші кезекте халықтың туу деңгейінің төмен болуы, екінші кезекте көшіп кетушілер санының көп болуы себеп. Халықтың жастық және жыныстық құрамына келетін болсақ, аталған өңірлерде қартаю деңгейі жоғары. Қазір 65 жастан асқан халықтың үлесі 7 пайыздан асты. Халықтың туу өсімі жоғары болғандықтан бізде қазір қартаюдың қарқыны азайып тұр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, СҚО-да егде жастағы халықтың саны 76 мыңнан асқан. Бұл – жалпы халық санының 14,2 пайызы. Ал республика бойынша бұл көрсеткіш өзгеріске ұшырап отыр. Елімізде 65 жастан асқандардың саны – 1 миллион 500 мың. Бұл халықтың – 7,9 пайызы. – Демек, Қазақстанда халықтың тууынан бұрын, қартаюдың қарқын алуы өзекті мәселе болып отыр ма? – Халықтың қартаю деңгейінің жыл сайын өсуі – демографияның өзекті мәселесі. ДДҰ-ның белгілеуі бойынша егер елдегі егде жастағы адамдардың үлесі 7 пайыздан асса, ол қартайған елдер қатарына енеді. Мысалы, 2015 жылы бізде егде жастағылар 1 млн 184 мың адам болды. Бұл халықтың 6,8 пайызы болатын. 2023 жылғы дерек бойынша, егде жастағы адамдардың үлесі 30 пайызға көбейіп, олардың үлесі 7,9 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш жыл сайын көбейіп отырады. Өйткені 65 жастан жоғары жастағылардың санатын ендігі жерде 60-70 жылдары туғандар көбейтіп отырады. Осылайша, қартаю қарқын ала бермек. Қартаю деңгейінің жоғары болуы халықтың этникалық құрамына тікелей байланысты. Солтүстік өңірлерде еуропалық этностар (орыстар, украиндар, немістер, поляктар) көп. Олардың туу деңгейі төмен болғандықтан жастық және жыныстық құрамында өте үлкен өзгеріс болған. Олардың жастық және жыныстық, этникалық құрамын нақты айта алмаймын, ол халық санағы бойынша 10 жылда бір рет беріледі. Халық санағының толық нұсқасы әлі шыққан жоқ, ал қысқа берілген қорытындыларында бұл туралы мәлімет жоқ. Алдыңғы халық санағын алып қарайтын болсақ, еуропалық этностар қартаюшы этностарға, ал азиаттық этностар (өзбек, ұйғыр, қазақ, дүнген, тәжік, әзербайжан) жас елдер қатарына жатады. Себебі азиаттық этностарда бұрыннан туу деңгейі жоғары. Оған дәстүрлі көп бала туу көрсеткіші де әсер етеді. Сол себептен қазір біз туу деңгейі бойынша өңірлік дифференциацияға тап болып отырмыз. Батыс және оңтүстік өңірлерде азиаттық этностар ауылдық елді мекенде көп шоғырланғандықтан және олар көбінде көпбалалы болғандықтан халықтың өсімі жоғары. Осы орайда ауылдық елді мекенде туу деңгейі қалалық жерге қарағанда жоғары екенін де айта кетуіміз керек. – Ауылдық жерлерде туу көрсеткішінің жоғары болуына қандай факторлар әсер етіп отыр? – Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қалалық жердегі туудың жиынтық көрсеткіші 2,76-ға тең, ал ауылда – 3,59. Бұл жерде урбанизация процесінің қалай жүріп жатқанына назар аударуымыз керек. Яғни, бұл табиғи урбанизация емес, әкімшілік территориялық өзгерістер арқылы жүріп жатқан жасанды урбанизация. Бұл көрсеткіштерге Шымкент қаласының аудандарға бөлінуі, Алматы қаласында Наурызбай ауданының пайда болуы, Астана маңындағы Қосшының қала болуы әсер етті. Құжат бойынша қала болғанымен, олардың өмір сүру салты ауылдық болып қалды. Олар жер үйлерде тұрады, инфрақұрылымы, өмір сүру салты да өзгерген жоқ. Бірақ статистикалық мәлімет бойынша олар қалалық болып кетті. Сол себептен бұл жерде ауылдықтар есебінен қалалықтардың туу деңгейі «жоғарылап» отыр. – Жалпы, әлемде әлеуметтік жағдайы төмен елдің халқы көп туады. Осы орайда адамдар кедей болғандықтан көпбалалы бола ма, әлде көпбалалы болғандықтан кедейшілікке ұшырай ма деген заңды сауал туындайды. – Бұл жұмыртқа бірінші пайда болды ма, тауық па деген секілді нүктесі қойылмаған мәселе. Әлемнің демографтары әлі күнге дейін нақты жауап тапқан жоқ. Мысалы, Африка, Үндістан, Бангладеш сынды үшінші әлем елдерінің туу көрсеткіші жоғары. Аталған елдерде мектеп оқымағандар көп. Әйелдер үй шаруашылығымен айналысады, еңбек нарығына араласпайды. Сәйкесінше, білім деңгейі төмен, жұмыс істемейтін әйелдер контрацепция қолданбайды. Оны қолданбау тікелей жоғары туу көрсеткіштеріне алып келеді. Еуропа елдерінде әйелдердің еңбекке араласуы, білім деңгейі, репродуктивті мінез-құлқы тұлғалық көзқарастары мен құндылықтарына тікелей байланысты. Яғни, отбасы құндылығына қарағанда адамның жеке өмірінің, пікірінің құндылығы жоғары. Эгоистік тұлғалық көзқарастар жоғары болған кезде туу деңгейі төмендейді. – Бай елдерде бала туу көрсеткіші төмен. Олай болса біздің бала туу үшін жағдай жасау керек дегеніміздің бекер болғаны ма? Ана мен балаға керемет жағдай жасалған, өлімі аз, ұрпағы тумай жатып тұрғын үймен қамтамасыз етілген дәулетті мемлекеттер қалайша демографиялық дағдарысқа тап болып отыр? – Адам жақсы өмір сүрген кезде балаға төленетін жәрдемақы олардың бала тууына стимул бола алмайды. Дамыған елдерде демографтар бір баланың құны қанша екенін есептеп қойған. Олар қазіргі тұрмыстық жағдайым жақсы болғанымен, баланы өмірге әкелгеннен кейін оған жағдай жасай алмаймын деп ойлайды. Демографиялық заңдылық бойынша әйел еңбек нарығына араласып, білім деңгейі жоғарылаған сайын туу көрсеткіштері азаятынын айттық. Бірақ бұл кейс Қазақстанда «жұмыс істемейді». Өйткені бізде бір немесе бірнеше жоғары білімі бар әйелдердің көпбалалы отбасы болуға талпынысы жақсы. Осы ретте демографияның жалпыға ортақ заңдылықтары Қазақстанға келгенде толығымен жұмыс істемейтінін байқаймыз. Еуропа елдерінде туу деңгейінің төмен болуының бір себебі – қартаю деңгейінің жоғары болуы. Батыс Еуропа елдерінде егде жастағы адамдардың үлесі 25 пайызға жетті. Мысалы, Чехияда – 23 пайыз. Яғни, белсенді репродуктивті жастағы халық саны аз. Қоғамның негізгі өндіргіш күші – еңбек ететін адамдар. Дамыған елдер еңбек күшін иммигранттар арқылы шешіп отыр. Мысалы, қазір Францияда нәрестені өмірге әкелетіндердің дені – мигранттар. Францияға барсаңыз, француздардан гөрі араб елдерінен келген азаматтарды көп көресіз. Болашақта француз этносының құрып кету қаупі бар деп болжанып отыр. – Ауқаттылардың аз тууы біздің елде де байқала ма? – Мәселе тууда емес, демографиялық қауіпсіздікте. Дүниеге келген баланың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсы болуы, білім беру, денсаулық сақтау жүйесіне қолжетімділігі, қарапайым тілмен айтсақ, көйлегі көк, тамағы тоқ болуы керек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, АӘК алатын отбасылардың көбі – көпбалалы. Балаға берілетін жәрдемақыны күнкөріс көзі ретінде қарастырып, сол себептен де көп туатындар бар. Бір жылдары Алматының әлеуметтік ахуалы нашар аудандарын араладым. Қала шетінде тұратын кедей-кепшіктің барлығы көпбалалы отбасылар екенін көзіміз көрді. Бізге халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуды меже ретінде қою керек. Қазақстандағы бала туу көрсеткіші экономикалық жағдайға тікелей байланысты деп айта алмаймын. Қисынға салсақ, отбасының жағдайы төмен болған сайын тууды азайту керек. Бірақ біздің әйелдер баланы ештеңеге қарамастан дүниеге әкеледі. «Әр бала өз несібесі бар», «Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» деген мақалдар қазақ әйелінің бойына сіңіп қалған. Қазақстанда некеге тұру және бірінші баланы дүниеге әкелу жасы үлкейгенімен, бала туу қарқыны тоқтаған жоқ. Қазір әйелдер 45 жасқа дейін туа береді. Халық арасында «30-ға дейін күйеуге шығып, бала туу керек», «40-қа дейін күйеуге шықпасаң, өзіңе бір бала туып алу керек» деген пікірлер бар. Яғни, қоғамдағы осындай пікірдің өзі туу деңгейінің жоғарылауына әсер етуі мүмкін. Тағы бір себебі, біздің қоғамда отбасылық құндылықтар әлі де жоғары бағаланады. Қуанарлығы, біздің қыздар тұрмысқа шықса, бірден балалы болуға талпынады. Қазір ажырасу көп деп дабыл қағып жатырмыз. Алайда бізде екінші некеге тұрушылар саны артып келеді. Бір қызығы, қайталама некелердің ішінде бала туу көрсеткіші жоғары екен. Бұл еліміздегі бала санының өсіміне оң әсер етіп отыр. Еуропа елдерімен салыстыратын болсақ, олардағы қайталама некелердің көбінде ортақ бала болмайды. Қазақстанның ерекшелігі екінші, үшінші некелерде кем дегенде бір бала дүниеге келеді және ол некеге тұрғаннан кейін бірден болады. Қазір еліміздегі қазақтардың үлесі – 70,7 пайыз. Енді қазақтар көп туса, халық өседі, аз туса, кемиді. – Демографтар арасында «Ең сенімді контрацептив – білімді әйел» деген әзіл сөз бар екен. Бала тууға әйелдердің білім деңгейі қаншалықты әсер етеді? – Әйелдердің білім деңгейі тууға тікелей әсер етеді. Мысалы, біздің елде жоғары білім еңбек етуге қажеттіліктен тумайды. Әйел адам жұмыс істесін, істемесін, оның әйтеуір, жоғары білім туралы дипломы болуы керек. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде жоғары білім қалыңмал құнын көтерудің бір тәсілі ретінде қарастырылады. Сіз айтып отырған «Ең сенімді контрацептив – білімді әйел» деген әзілдің астарында біраз шындық бар. Әйелдің білім деңгейі өскен сайын оның тұлғалық көзқарасы кеңейеді, өз-өзін аяу, өз-өзіне қамқор болу қасиеті де жоғарылайды. Көпбалалы әйелдердің денсаулығы өте төмен. Оған себеп – әйелдердің баланы бірінен кейін бірін туа беруі. Мен Денсаулық сақтау министрлігінің ана өлімі бойынша жиналыстарына көп қатыстым. Білетінім, қайтыс болған әйелдердің кем дегенде 4-5 созылмалы ауруы болады. Бірақ ол ауруларын емдемей, туа береді. Бізде ұл туғанға дейін туа беретін әйелдер де бар. Ешкімнің асып-тасып жатқан мұрасы жоқ, бірақ мұрагер керек дейді. Алайда бұл ана мен бала өліміне тікелей әсер ететінін естен шығармауымыз керек. – Осы жерде білімді әйел ғана саналы ұрпақ тәрбиелей ме деген сұрақ санамызда қылаң береді... – Саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін әйел бірінші кезекте білімді болуы керек. Бірақ әйелдің білімі оның қолындағы дипломымен есептелмейді. Бұл оның өмірге көзқарасы мен санасына байланысты. Әйелдің әлеуметтік жағдайы жақсы, білім деңгейі жоғары болған сайын ұрпағы саналы болады. Әйел бақытты болса – әлем бақытты деген сөз бекер айтылмаған. Бақытты әйелдің отбасы да бақытты. Қазір педофилия көбейіп кетті. Ондай қылмысқа баратындардың көбісі 30-дан асқандар. Олар – балалық шағы 90-жылдармен тұстас келген ұрпақ. Білімді мұғалімдер, білікті дәрігерлер отбасын аш-жалаңаш қалдырмас үшін ала дорбасын арқалап саудаға кеткен кезеңде балалар қараусыз қалды. Педофилияның көбеюіне осы бір жайт әсер етті деп ойлаймын. Бұл – менің жеке пікірім. – Сингапурдың бірінші премьер-министрі Ли Куан Ю: «Егер біздің, жоғары білімді ер-азаматтарымыз, өз ұрпағының жетістіктерге жетіп, жақсы өмір сүргенін қаласа, олардың өздеріне жар таңдағанда оқымаған, білімсіз, интеллектуалды тұрғыдан төмен әйел таңдауы нағыз ақымақтық... Мен жігіттерімізді білімі жоғары қыздарға үйленуге үгіттедім, ал оқыған көзі ашық әйелдердің екі немесе одан да көп бала табуын қолдадым» деп жазады өз мемуарында. Ал қазір мұндай реформалар қандай да бір нәтиже бере ме? – Ұтымды жасалған демографиялық саясат мемлекет дамуына оң ықпал етеді. Қытай 50-жылдары «бір отбасы – бір бала» саясатын енгізген болатын. Олар сол кездегі халықтың тым көбеюі бойынша демографиялық проблеманы шешті, бірақ уақыт өте келе мәселе ушықты. Нәтижесінде, қазір некеге тұратын қыздардың саны аз. Сондықтан белгілі бір кезеңде қолданылған демографиялық саясаттың міндетті түрде салдары болады. Демографиялық саясаттың негізгі бағыты бала тууды реттеуге бағытталады. Батыс Еуропа мен Ресей баланың тууды көтермелеуге бағытталған (пронаталистік саясат) ақшалай төлемдер мен салықтық жеңілдіктер жүйесін кеңінен енгізді. Жәрдемақыны көбейту, аналық капитал беру, салық бойынша жеңілдіктер мен жұмыс уақытын азайту сияқты түрлі стимул беретін механиздер ойлап тапса да әйелдері тумай отыр. – Қазақстанда демографияға қатысты мемлекеттік идеология жұмысы ақсап тұрғандай... – Дамыған елдерде демографиялық саясат басты рөлде тұрады. Өйткені демографиялық ахуал, ең алдымен, ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігі. Елімізде нақты белгіленген демографиялық саясат жоқ. Соңғы демографиялық саясат тұжырымдамасы 2011 жылы өз күшін жойған. Содан бері ешқандай құжат қабылданбады. Демография саласын бақылауға алатын мемлекеттік орган да жоқ. Бізде балаға жәрдемақы төлеумен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айналысады, өлім-жітім мен денсаулық мәселесіне Денсаулық сақтау министрлігі жауапты, миграцияны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, тіркеуді Ішкі істер министрлігі шешеді, ал неке және отбасы саясатын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жүргізеді. Яғни, демографиялық саясатты бақылайтын, жүйелейтін бірде-бір орган болмай отыр. Қосшы қаласында алдыңғы жылдары 1-«ы» сыныбы пайда болды. Бала туу көрсеткіші артып, халық саны көбейген сайын Астанада су тапшылығы сезіліп жатыр. Қаланы стратегиялық жоспарлау кезінде демографиялық ахуалды құрамдас бөлік ретінде қарастырмаудың салдарынан осындай инфрақұрылымдық мәселелерге тап болып отырмыз. «Қазақстан-2050» стратегиясында демографиялық қауіпсіздікке басымдық берілген. Бұл туралы ары қарай бірде-бір құжатта айтылмайды. Бізге баламалы болжам жасайтын демографиялық зерттеу институты керек. – Қазіргі жағдайда Қазақстанның тиімді демографиялық саясаты қандай болуға тиіс? – Қазақстанда пронаталистік саясат жүруі керек деп ойлаймын. Себебі туу деңгейі үнемі осылай жоғары болады деп айта алмаймыз. Елдің бәрі ылғи да көп бала тумайды. Демографиялық жастық және жыныстық құрылым толқын тәрізді, бірде көтеріледі, бірде төмен түседі. Қазір баланы дүниеге әкеліп жатқандардың негізгі жастық тобы – 80-жылдары дүниеге келген әйелдер. Олар ары кетсе 5 жыл белсенді репродуктивті кезеңде болады. 80-жылғылар бұл кезеңнен шығып, 90-жылғылар кіреді. Алайда 90-жылғы әйелдер демографиялық дағдарыста туғандықтан, туу деңгейі төмен, саны да аз. Одан бөлек, репродуктивті көзқарасы да өзгеше. Оларға бірінші кезекте өзі және өзінің жағдайы. Біздің елде егде жастағылар санының артуымен бірге халықтың бірқалыпты орналаспауы да өзекті мәселе. Қазақстан бойынша 1 шаршы шақырым жерге орта есеппен алған кезде 7 адамнан келеді. Бұл Алматы қаласында 2,5 мың, Астанада 1,5 мың, солтүстік өңірлерде ол 5, Шымкент пен Түркістанда 800-900 адамнан келеді. Адамдардың орналасуы әртүрлі деңгейде болуы халық саны үнемі көбейіп отыру керек дегенді білдіреді. Қазақстанда халықтың өсімі батыс пен оңтүстікте жоғары, солтүстік, шығыс, орталық өңірлерде төмен болуы жалғаса берсе, өңірлер арасындағы экономикалық және әлеуметтік сәйкессіздік күшейе түседі. Айналып келген кезде мемлекеттің дамуы адам капиталына байланысты. Қандай адамдар тұрады, оның жастық және жыныстық, этникалық, кәсіби құрамы, денсаулық жағдайы деген секілді. Осындай жағдайда Қазақстанға пронаталистік саясатты қолдану тиімді. Ең бастысы осы мәселені түбегейлі қолға алатын мемлекеттік орган немесе зерттеу институты болуы керек. – Қазақстанда жастардың жасы 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде, 2 миллионнан астам азамат жеңілдігі бар мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көре алады. Алайда таяқтың екінші ұшы тағы бар, бұл өзгеріс демографиямызға қандай өзгерістер алып келеді? – Кез келген мемлекетте жастар санының күрт өсуімен қатар елдегі наразылық деңгейі де көтеріледі. Біз әлеуметтік бағдарламаларға қолжетімді халықтың саны көбірек болсын деп жастардың жасын 35-ке дейін ұлғайттық. Бірақ демографиялық құрылымды қарайтын болсақ, 1990 жылы туғандар аз. Алайда 2000 жылдан кейін туған балалардың саны көп. Бұл ертеңгі күні жастар санының күрт өсуіне алып келеді. Сонда экономика өте қатты қысымға ұшырайды. Қысым, біріншіден, балалар санының өсуіне, екіншіден, егде жастағы адамдар санының көбеюіне байланысты. Бұл ретте жергілікті бюджетке түсетін салымдар азаюы мүмкін, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім жүйелері өте ауқымды сын-қатерлерге тап болуы мүмкін. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ