Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан Орталық Азияда экономикалық локомотив қызметін атқарып отыр
8 маусымда Елордада Астана халықаралық форумы өз жұмысын бастады. Форум «Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, даму және прогресс жолында» тақырыбында ұйымдастырылып отыр.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтті. Форум барысында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған үздік сарапшылар қазіргі кездегі жаһандық мәселелердің шешімін табу мақсатында бас қосты. Қиындықтарды диалог арқылы шешу, ынтымақтастықты дамыту, ашықтық, проблемаларды қарап, бірлесіп шешу жолдарын қарастыру – форумдағы басты мақсат болды.
Форумға мемлекеттер мен үкіметтердің, халықаралық ұйымдар мен ірі компаниялардың басшылары, саяси қайраткерлер мен сарапшы топтарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелері де бар. 300-ден аса шетел делегаты екі күн ішінде мемлекетаралық ынтымақтастық және жаңа жаһандық әріптестікті қалыптастыру модельдерін қарастырды. Құрметті қонақтар арасында Катар мемлекетінің Әмірі Шейх Тамим бин Хамад Аль Тани, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина Президиумының төрағасы Желька Цвиянович, Дүниежүзілік сауда ұйымының Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеала, Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Бас директоры (ЮНЕСКО) Одрэ Азуле, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары және Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия мен Тынық мұхит Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (АТМЭӘК) атқарушы хатшысы Армида Алисжахбана, Халықаралық Валюта Қорының Басқарушы директоры (ХВҚ) Кристалина Георгиева және тағы басқалар бар. Екі күнге созылатын форумда қатысушылар 4 негізгі бағыт бойынша мәселелерді шешудің жаңа жолдарын қарастырды. Олар: сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік, халықаралық даму және тұрақтылық; энергетика және климаттың өзгеруі, экономика және қаржы. Форум аясында аталған бағыттар бойынша 40-тан астам панельдік сессиялар, бейресми пікірталастар және басқа да бағдарламадан тыс іс-шаралар өткізіледі деп алдын ала жоспарланған болатын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев форумның құрметті қатысушыларына шынайы ризашылығын білдірді. Жиын жаһандық экономикалық және аймақтық ынтымақтастық мәселелерінің қазіргі жай-күйі жөнінде табысты пікір алмасу алаңы болатынына сенім білдірді.
– Астана халықаралық форумы – бұл диалог алаңы. Оның негізгі миссиясы мынадай: Бірінші, әлемдегі жағдайды ашық талқылау; Екінші, алдымызда тұрған негізгі сын-қатерлер мен дағдарысты айқындау; Үшінші, осы сын-қатерлерге өзара ынтымақтастық рухында диалог арқылы қарсы тұру; Төртінші, көпжақты қатынастардың ортақ мәдениетін жаңарту және қалпына келтіру; Бесінші, бейбітшілікті, прогресс пен ынтымақты жақтайтын дауыстарды күшейту. Бұл форум өзара белсенді ынтымақтастыққа тікелей ықпал етеді. Әсіресе, бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс кезеңінде бізге мұндай қарым-қатынастар өте қажет. Сын-қатерлерге төтеп беру маңызды. Осы ретте жаһандық жүйе бейбітшілік пен өркендеуді таңдаулылар үшін емес, көпшілік үшін қамтамасыз ете отырып жұмыс істеуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сонымен қатар, қазіргі жаңалықтарға, жаңадан пайда болып отырған сын-қатерлерге тоқталып өтті. Сонымен қатар геосаяси ахуалдың елдер арасындағы қарым-қатынасына тигізген әсеріне тоқталды.
– Геосаяси қысымдар бір-бірімізді алшақтатып жатқанда біз бірігуге, ықпалдасуға, ынтымақтасуға, өзара қол ұшын созуға деген анық императивпен бетпе-бет келеміз. Бұл жердегі негізгі идея – осы. Осындай сәтте Астана халықаралық форумы аталған үрдісті кері бұру үшін тағы бір мүмкіндік береді. Тек кездесу, кеңесу, сондай-ақ өзара адалдық таныту арқылы ғана халықаралық қоғамдастық біздің проблемаларымызға, шаруаларымыз бен үмітімізге қатысты мәселелерді шеше алады. Сонда ғана біз ортақ болашағымызды қалыптастыра аламыз, бәріміз үшін мейлінше тұрақты, әділ әрі өркендеген әлем құру жолына біртіндеп ораламыз, – деді Президент.
Сонымен қатар Президент БҰҰ Өңірлік орталығын құруды ұсынды.
– БҰҰ қамқорлығымен ауған халқына жан-жақты көмек көрсетуді одан әрі арттыру қажеттігін атап өткім келеді. Бұл тұрғыда Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру маңызды. Қазақстан жаһандық және өңірлік серіктестерімен достық қатынасты ұстануға бар күш-жігерін салады. Және де біз Орталық Азиядағы бауырлас елдермен өңірлік ынтымақтастықты арттыруға ниеттіміз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан бұрыннан Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы алтын көпір екенін айтып өткен Мемлекет басшысы бұл форум ұлы Еуразия даласының мәдениетіне, тарихына сай келетініне тоқталды.
– Біз осынау мұрамызды мақтан тұтамыз. Дәл осы үздіксіз тауар, мәдени жетістіктеріміз бен идея алмасу арқылы Қазақстанның өзіндік ұлттық бірегейлігі және оның ерекше көпжақты ынтымақтастыққа негізделген бренді қалыптасты. Геосаяси қиындықтарға қарамастан, Қазақстан Орталық Азияда да экономикалық локомотив қызметін атқарып отыр. Біз шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырамыз және Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барынша жағдай жасаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда қиындықтардың жаңа мүмкіндіктер ашып отырғанына тоқталып өтті.
– Мысалы, Қытайды Еуропалық Одақпен байланыстыратын орта дәліз немесе Транскаспий халықаралық көлік бағыты сауда мен инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл бағыт тауарды Үнді мұхиты арқылы тасымалдау мерзімін екі есе қысқартады. Сонымен қатар экономикалық дамуға және өңір ішінде бірігуге ықпал ететін «Бір белдеу, бір жол» бастамасында Қазақстан басты рөл атқаратынын атап өткім келеді. Біз мемлекеттер мен адамдар арасындағы физикалық байланысты нығайтуға, сондай-ақ серіктес әрі дос ретінде қоғамдастықтар арасындағы байланысты күшейтуге тырысамыз. Осы факторлардың барлығын ескере отырып, бүгінде Қазақстан жаһандық, ең бастысы, шын мәнінде, сенімді сауда-экономикалық серіктес екенін айта аламыз, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығы мен трансшекаралық өзендердің тартылуы мәселесіне де тоқталып өтті. Аймақтағы климат және өзге де мәселелерді талқылау үшін Алматыда Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды және 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климаттық саммит өткізуді ұсынды.
– Аймақтағы екі үлкен өзен Сырдария мен Әмудариядағы су деңгейі 2050 жылға қарай 15 пайызға түседі. Біз аймақтағы экологиялық апаттың алдын алу үшін Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз. Су мен климаттың өзгеру мәселесі өзара тығыз байланысты. Орталық Азия – су қауіпсіздігін сақтау тығыз әріптестік және бірлескен тиімді шараларды жүзеге асыру арқылы ғана шешілетін аймақ. Аймақтағы климат және өзге де мәселелерді талқылау үшін мен Алматыда Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды және БҰҰ секілді халықаралық ұйымдарды тарта отырып, 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климаттық саммит өткізуді ұсынамын. Еліміз «жасыл» экономиканың мол мүмкіндіктерін ұсынып, қайта қалпына келтірілетін энергетиканың орталығы атана алар еді. Алайда уақыт біздің жағымызда емес. Көмірді аз тұтыну және «жасыл» экономикаға қажетті жылдамдықпен көшу үшін бізге ресурстар мен серіктестік байланыс қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Сөзін қорытындылай келе, Президент форумның көптеген қордаланған мәселені шешуге, шешімін табу жолдарын қарастыруға себепші болатынына сенім білдірді.
– Мен оптимистік көзқараспен алдағы екі күнде өтетін конструктивті талқылау бізді оңтайлы шешім қабылдауға және алдағы уақытта әріптестікке бағыттайтынына сенім білдіремін. Сөз соңында маған мына жайтты еске салуға рұқсат етіңіздер. Мазмұнды әңгіме мен серіктестікке жол ашу үшін ашықтық, шыдамдылық және бірлік ауадай қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келесі болып сөз алған Қырғыз Республикасы президенті Садыр Жапаров елдеріміз бен өңіріміздің өркендеуі үшін ортақ жауапкершілік, ынтымақтастық аса маңызды екенін айтты. Ол Орталық Азия өңірінің халықтары арасындағы Өңірлік кооперацияның рөліне айрықша тоқталды. Табиғи ресурстардың үлкен қоры, елеулі демографиялық әлеует, транзиттік мүмкіндіктер өңірдің барлық жаһандық әріптестермен ынтымақтастына бар жағдайды жасайтынын айтып өтті.
– Біз ортақ тарихымызды мақтан тұтамыз, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарда көптеген ұқсастық бар, көп нәрсе бізді менталитетке жақындатады. Тарих пен мәдениет – бұл біздің ортақ игілігіміз, Орталық Азия халықтарының маңызды бәсекелестік артықшылығы. Қырғыз Республикасы жасыл, экологиялық таза, бейтарап экономика қағидаттарын нығайтуға өз үлесін қосуға дайын. Келісілген саясат және осы бағыттағы іс-қимылдарымызды үйлестіру өңірдің жалпы тұрақтылығын қалыптастырады, – деп атап өтті Садыр Жапаров.
Ал ХВҚ басқарушы директоры Кристалина Георгиева Орталық Азия елдерінің бір-біріне жақындығы артықшылық екенін айтып, сол артықшылықты пайдалануды ұсынды.
– Экономикалар мен реформалардың интеграциясы Орталық Азия мемлекеттеріне қажет нәрсе. Сіздерге тез, өте тез өзгеру керек, әйтпесе артта қалу қаупі бар. Халықтың 60 пайызы 30 жасқа дейінгі жастар және бұл ұрпақ өз әлеуетін толық пайдалана алатынына көз жеткізу керек. Орталық Азия бүкіл әлемге бірлесіп жұмыс істеуге болатынын, нәтижесін көрсете алады, – деді ол.
Өзбекстанның премьер-министрі Абдулла Арипов Өзбекстанның қазіргі саясатының мәні азаматтардың мүдделерінің қорғалуы екенін айтып, өз елінің бағытына тоқталды.
– Біз елді одан әрі либералдандыруға, жасыл экономикаға, әсіресе жасыл энергетикаға көшуге бағытталған жүйелі реформаларды жеделдеттік. 2030 жылға дейін Өзбекстан электр энергетикасындағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 40 пайызға дейін жеткізуге ниетті. Біздің еліміз барлық әлемдік серіктестермен тығыз ынтымақтастыққа ашық. Халықаралық серіктестерге Арал апатын ескере отырып, жасыл экономикадағы жобаларды іске асыру үшін қаржыландыруды ұлғайтуды ұсынғым келеді, – деді Өзбекстан премьер-министрі.
Ал БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш аталған форум тұрақты инновациялық шешімдерді табуға жаңа мүмкіндік тудырып жатқанын айтты. Сонымен қатар Бас хатшы БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары іске асырудағы қиындықтарға тоқталды.
– Геосаяси шиеленіс артып келеді, климат дағдарысы жалғасып жатыр және теңсіздік деңгейі де ұлғайып барады. Тұрақтылық жаһандық деңгейде бейбітшілік пен әл-ауқатқа қол жеткізудің жоспарына айналды, бірақ оларды іске асыру оңай болмай отыр. Біз бұл мәселелерді тек күш-жігер мен ынтымақтастықта бірігу арқылы ғана шеше аламыз Бүгінгі таңда біздің ұжымдық іс-әрекеттеріміз болып жатқан өзгеріс қарқынына сәйкес келмейді, – деді Антонио Гутерриш сөйлеген сөзінде.
БҰҰ Бас хатшысы қабылданып жатқан жаһандық ұжымдық іс-қимылдардың жеткіліксіздігін баса айтты.
– Әлем көшбасшылары әлемдік архитектураны реформалап, маңызды саммиттерге қатысуы керек. Жиын біздің ортақ күн тәртібіміз шеңберінде ұсыныстарды іске асыру мүмкіндіктерін де қарастыратын болады, – деп қорытындылады БҰҰ Бас хатшысы.
Оның айтуынша, тұрақты дамуды қамтамасыз ету бойынша БҰҰ тарапынан шаралар қабылданып, жұмыстар жүріп жатыр.
– Біздің жалпы күн тәртібімізде бастамалар ілгерілету мен жетілдіруді талап етеді. Бүгінде әлем елдерінің басшылары тұрақты даму істеуі қажет. Осы орайда Астана халықаралық форумы аталған проблемаларды талқылауға, оларды тиімді шешуге ықпал етеді, – деп сөзін түйіндеді Антонио Гуттереш.
ЮНЕСКО-ның бас директоры трансшекаралық су проблемасы ынтымақтастықты қажет ететінін айтып, сөз арасында Абайдың сөзінен дәйек келтірді.
– Біз ЮНЕСКО-да Орталық Азия елдерімен осы мәселені шешу үшін біраз дүние атқарып жатырмыз. 2021 жылдан бастап мұздықтардың еруіне байланысты, тау көлдерінің толып кетуіне дайындық үшін ғылым арқылы тереңірек түсінік беруге тырысамыз. Бұл маңызды ғылыми ынтымақтастық, – деді Одри Азуле.
Ол, сонымен қатар 2025 жылға дейін Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстандағы мұздықтар мен мұз асты көлдерінің картасын жасауды жоспарлап отырғанын айтты.
Босния және Герцеговина Президиумының төрағасы Желька Цвиянович бүгінгі таңда мемлекеттер өзара сыйластық қағидаттарына сүйене отырып жұмыс істей алатындай күштердің көпполярлы тепе-теңдігі қажет екенін айтты.
– Жекелеген елдер өздерінің мүдделеріне қол жеткізу үшін аймақтық құрылымдарды пайдаланбауы керек. Мен бірқатар мемлекеттер халықаралық құрылымдарды өз мақсаттарына жету үшін қолданған және Босния мен Герцеговинаның мүдделеріне мүлдем назар аудармай, оны колонияға айналдырған елден келдім. Халықаралық құрылымдар ұлы державалардың ойындары үшін алаң болмауы керек. Күштің позициясын қолдану мультилатеризм принциптерін толығымен бұрмалады. Халықаралық құрылымдардағы барлық елдің теңдігі бізге бүгін қажет, – деді Желка Цвиянович.
Екі күнге жалғасқан форумға 1 миллиард теңге жұмсалған. Бұл туралы Вице-Премьер – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді. Ал Катар инвесторлары елімізде бидай өңдейтін зауыт салуға ниетті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына инвестиция құйғысы келетін шетелдік инвестор көп.
– Катар мемлекетінің өкілдерімен бидай өңдеп шығаратын зауыт салу мәселесін ақылдастық. Ауыл шаруашылығы министрлігі өз тарапынан барлық көмекті көрсетеді деп уәде бердік. Былтыр біз 200 миллиард доллардан астам сомаға 270-ке жуық жоба бастадық. Биыл 290 жобаны енгізу жоспарымызда бар. Оның арасында шикізат өндірісі, азық-түлік, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жобалары бар. Жұмыс жалғасып жатыр, – деді Қарашөкеев.
Ол Қазақстанның ауыл шаруашылығына инвестиция салатын басты елдер арасында Еуропа одағы, Қытай, Ресей, АҚШ екенін атап өтті.
Іс-шара бағдарламасы 40-тан астам панельдік сессия, бейресми талқылаулардан тұрады. Форум Қазақстан астанасында 2008-2019 жылдар аралығында жұмыс істеген Астана экономикалық форумының жалғасы болып отыр. Форум нәтижелері елдер арасындағы ынтымақтастық пен байланысты нығайтатынына сенім мол.