50891
Қолын жумайтын балаларға арналған сабын жасайтын кәсіпкер
Қолын жумайтын балаларға арналған сабын жасайтын кәсіпкер
Жамбыл облысы Қордай ауданы Қордай ауылының тұрғыны Жансұлу Абайқызы ерекше кәсіппен айналысады. Оның қолынан шыққан түрлі пішіндегі сабындар балаларға да, ересектерге де арналған. Бір қызығы, оны тек тазалық құралы ғана емес, бөлмеңізге сән беріп тұру үшін сувенир ретінде де қолдануға болады. Жас кәсіпкер сабын бизнесінің қыр-сыры туралы Turkystan.kz тілшісіне айтып берді.
Жансұлу кәсібін карантин кезінде бастапты. Көптен күткен сәбиін қырқынан шығарғанда келген қонақтар үйден құры шықпасын деп, сабынға тапсырыс берген. Содан кейін сабын жасау ісіне қызыққаны соншалық, шетелдік мамандардан сабақ алып, жасалу жолын үйреніп алыпты. Жұмыстың қыр-сырын білген соң, жолдасының рұқсатын алып, жеке кәсібін ашқан.
«Менің жасаған сабыным көбіне қолын жуғысы келмейтін балаларға арналған. Олай дейтінім, бұл кәсіпті пандемия кезінде бастадым. Сол кезде адамдар балалары қолын жуғысы келмейтінін айтып шағымданды. Содан кішкентайлардың назарын аударатын түрлі пішіндегі сабындар жасауды қолға алдым. Содан балалар түрлі ертегі, мультфильм кейіпкерлері, ойыншық бейнесіндегі сабындарға қызығып, қолын жуатын болды. Ата-аналары да риза болып, алғыс айтып жатты. Қазір тұрақты тұтынушыма айналғандары бар. Ересектерге арналған сабындар да жасаймын. Мысалы, аяқкиім, гүл, жеміс-жидек, тәтті пішіндес сабындарға сұраныс мол. Ер адамның жейдесі, аяқкиімі тәрізді сабындар да сөремізден табылады. Бағасына келетін болсақ, 600 теңгеден басталады. Бұл істі арнайы курсқа барып, мамандардан үйрендім. Ол кезде мұндай заттар елімізге енді келіп жатқан болатын. Алғашында маған бес түрлі сабын түрін жасауды үйретті. Ал қалғанын өзбетіммен үйрендім. Мен жасайтын сабын құрамы Ресейден келеді. Түссіз, ақ сабынға түрлі пішін, иіс, түс беріп, дайындап, нарыққа шығарамын. Қазір сабын ісі елімізде ақырындап дамып келеді. Алматы, Астана, Шымкент, Семей калаларында арнайы дүкендер бар. Өзім бір жыл үйде істегеннен кейін студиямды аштым. Жасаған жұмысымды әлеуметтік желідегі парақшама салғаннан кейін адамдар қызығып, сұрай бастады. Қазір тапсырыс жақсы, тынбай жұмыс істеп келеміз», - дейді Жансұлу Абайқызы.Сабыншы өнімнің формасын шығарып алғаннан кейін оны әрлеу жұмыстарына кіріседі. Тіпті, оның қолынан шыққан заттарға қарап, сабын екен деп ойламайсыз. Мысалы, түрлі тәттілер, ойыншық, гүл, жеміс-жидек тәрізді сабындарды заттың түпнұсқасынан ажырату қиын. Кейіпкеріміздің өзі де көп адам сабын екеніне сенбей жататынын айтады. Расында, бұл – бала түгілі, ересек адамның өзін қызықтыра түсетін, шебердің жан дүниесімен өрілген қол еңбегі.
«Сабын жасау процесі өте қызық. Түрлі мерекеге орай тапсырыс аламыз. Балалар да мұны қызығып істейді, оларға шеберлік сағатын өткізіп тұрамыз. Мысалы, мен қызымның өзі жасаған сабынымен түскен суретін жіберіп отырмын. Бұл баланың қиялын дамытады. Негізі, сабынды балаға жаңа туған кезінен қолдануға болатыны айтылады. Бірақ мен қазір аллергияға жақын балалар көп болғандықтан үш жасынан қолдануға кеңес беремін. Жеміс-жидек, гүл пішіндес түрлерін көріп, адамдар сабын екеніне сенбей жатады. Кез келген түрін, мысалы, таңқурай тәрізді сабынмен жуынсаңыз, көпіріп шыға келеді. Сыйлыққа алатындар да көп. Мысалы, кондитер кісіге тәтті пішіндес сабын сыйлауға болады», - дейді сабыншы.Гүл, жеміс-жидек, жалпы өзіңізге ұнаған пішіндегі сабынды бөлмеңізге сувенир ретінде қоюға болады. Күнделікті тұрмыста қолданамын десеңіз де, өз еркіңіз. Бұл заттар 5-6 жылға дейін тұра береді. Тек күтімін жасап, шаң-тозаңын тазалап тұрсаңыз болғаны.
Фото: Жансұлу Абайқызының жеке мұрағатынан