Ел тарихында бұрын-соңды болмаған «Шеберлер шайқасы» телешоуы басталмақ

Ел тарихында бұрын-соңды болмаған «Шеберлер шайқасы» телешоуы басталмақ

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Жұмысшы мамандықтары жылы аясында тұңғыш реалити-шоу басталғанын мәлімдеді.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды.

Бұл тарихи шешім – ел дамуының негізгі тетігі болып отырған қарапайым еңбек адамдарына көрсетілген зор құрметтің белгісі. Олар – қолымен қала тұрғызып, жол төсеп, жарық пен жылу жеткізіп, өндіріс пен тұрмыстың күретамырын ұстап тұрған нағыз майталмандар. Шын мәнінде, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі бейнесін қалыптастырып, ертеңін нықтайтын қаһармандар да – осы жандар.

Осыған орай жаңа маусымда «Хабар» телеарнасы ел тарихында бұрын-соңды болмаған әлеуметтік маңызы зор ірі жобаны – «Шеберлер шайқасы» атты реалити-шоуды ұсынбақ. Жоба қазан айында басталып, жыл соңына дейін жалғасады. Оның басты кейіпкерлері – дәнекерлеуші, құрылысшы, электрик, аспаз, өрт сөндіруші сынды күнделікті тұрмысқа тірек болып жүрген әртүрлі жұмысшы мамандық иелері. Олардың қажырлы еңбегі – қоғам тыныштығы мен ел тұрақтылығының кепілі", – дейді Министр.

Бұл жоба – жай ғана телешоу емес. Мұнда эмоция мен тартыс, шынайы күрес пен адамдық қасиет қатар өрбиді. Еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған шеберлер өз кәсіби білігін, өмірлік тәжірибесін, төзімділігін және командалық рухын сынға салады. Қатысушылар нақты еңбек процесіне жақындатылған жағдайда: зауытта, құрылыс алаңында, шеберханада немесе өндірістік ортада тапсырмаларды орындайды.

"Әрбір шығарылым – бір адамның тағдырына, өмір жолына арналған деректі оқиға. Мұнда шебердің жан толғанысы мен табандылығы, жеңілісі мен жеңісі көрініс табады.

Бұл – тек бәсеке емес, еңбектің қадірін түсінетін әрбір жанға өзін танытуға, кәсібін дәріптеуге, елдің алғысына бөленуге берілген бірегей мүмкіндік. Жеңімпаздар үшін қомақты жүлде қоры қарастырылған. Ал, көрермендер нағыз еңбектің иесі – шынайы батырлардың бейнесін тамашалап, рухани шабыт алады.

«Шеберлер шайқасы» – адал еңбек пен шынайы шеберлікті дәріптейтін жоба. Бұл бағдарлама – маңдай тердің қадірін бағалап, еңбектің ел болашағына берік іргетас екенін айқын көрсететін ұлттық деңгейдегі маңызды бастама", – дейді А.Балаева.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары