50763
Кельн құрылтайы
Кельн құрылтайы

Өткен аптада Германияның Кельн қаласында Еуропа қазақтарының дәстүрлі құрылтайы дүркіреп өтті. Үш күнге жалғасқан құрылтайда қандастар көкейінде жүрген мәселелерді талқылап, ой-пікірлерін ортаға салды. Жалпы, биылғы құрылтайдың бұрынғыдан өзгерек екенін айта кеткен жөн. Әсіресе, бірінші рет Еуропадағы қандас жастардың басын қосқан бұл құрылтайда көпшілік төл мәдениетімізді дамыту енді жастардың қолында екенін жарыса айтты. Мұны жете түсінген жастар жағы түп-тамырдан, рухани болмысымыздан ажырамауды парыз санайтынын жеткізді.
Кездесуде сөз алған ҚР Президентінің кеңесшісі М.Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық ықыласын жеткізіп, Қазақстанда қарқынды жүргізіліп жатқан саяси реформалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. «Алдымен Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сіздерге деген зор ықыласы мен ыстық сәлемін жеткізгім келеді. Біздің ең үлкен байлығымыз – бірлік пен ынтымақ. Шетелде бір мемлекетте бірнеше қор мен қауымдастық барына біз қуанамыз. Ешкім ешкімге бәсекелес, не бақталас емес. Қайта ондай қауымдастықтардың көбейгені, олардың әр салада жұмыс атқарғаны көңілімізді қуантады. Сіздердің атқарған жұмыстарыңыз біздер үшін үлкен абырой, зор мәртебе. Әр мемлекеттің саяси елшісі болады. Сондай-ақ халық елшісі деген ұғым тағы бар. Сіздер – халықтың елшісіздер. Мемлекет басшысы Германия елінде басталған бүгінгі құрылтайға сәттілік тілеп, арнайы құттықтауын жолдады. Шетелде жүрсеңіздер де, ұлттық құндылықтарымызды сақтау үшін бар мүмкіндіктеріңізді сарп етіп, жұмыс істеп жатырсыздар. Біз мұны өте жоғары бағалаймыз. Біз үнемі сіздерге тілеулеспіз!», – деді Мәлік Отарбаев өз сөзінде. Келесі сөз кезегін алған «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы 90-жылдары бастау алған кіші құрылтайлар өткізу мерзімі жиілеп, жыл өткен сайын мазмұны мен форматы жетіле түскенін атап өтіп, мұндай тұрақты басқосудың Еуропадағы қандастарымызға берері мол екенін айтып өтті. Сонымен қатар Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайынов қандастармен кәсіпкерлік қарым-қатынас орнатуға дайын екенін жеткізіп, Еуропа қазақтарын Қарағандыда білімін жетілдіруге шақырды. Кездесу соңында ұйым өкілдері өздерін алаңдатқан сауалдарын қойып, өзекті мәселелер көтеріп, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Содан соң көрнекті қоғам қайраткері, әйгілі Зуқа батырдың немересі, Алтайдан ауған қаралы көштің басы-қасында болған Әбдірахман Четиннің түрік тіліне аударылған «Өмір жолымдағы соңғы көш» атты кітабының тұсаукесері болып өтті. «Кітабымның түрік тіліндегі нұсқасын шығарып, құрылтайдың бірінші күні маған тосын сый жасадыңыздар. Кельн қаласындағы қауымдастықтың тізгінін ұстаған Сәдия Сүрерге, «Отандастар қорына» алғысымды жеткізгім келеді. Сонау Қазақстаннан ат арытып келген Президент кеңесшісі Мәлік мырзаға да алғыс айтамын. Құрылтайға Президент кеңесшісі емес, Президенттің өзі келгендей сезіліп тұр. Себебі сіз Президенттің қандастарға деген ыстық ықыласы мен сәлемін жеткізіп отырсыз, – деді қария ағынан жарылып.
Биылғы құрылтайдың бір ерекшелігі – Еуропада түрлі ұйымда қызмет ететін белсенді жастар алғаш рет бір алаңда бас қосты. Олар Қазақстан азаматтығын алу, кәсіп жүргізу, инвестиция құю, туристік ортаға айналдыру, қазақ тілін үйрену және тағы басқа сауалдарына жауап алды. Жиынды ашқан Абзал Сапарбекұлы «Бүгінгі кездесуде әркім өзінің жетістіктеріне тоқтап, мемлекетіміздің дамуына жаңа тың идеялар беруіне, қандай да бір маңызды мәселелер болса, ойын ортаға салып, барлық талап-тілектерін ашық айтуына болады. Әрбір ұсыныс кері байланыс табады. Біз оны еліміздің мүдделі органдарына жеткізуге дайынбыз. Президентіміз былтыр Нью-Йоркте жас қазақтармен кездесу барысында «...Сіздер қай жерде жұмыс істесеңіздер де, Нью-Йорк немесе Еуропа, даму үстіндегі елдер бола ма, бәрібір сіздер қазақ болып қала бересіздер», – деген болатын. Сондықтан, біз бәріміз – бауырмыз. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» – деп хакім Абай айтпақшы, бірге болайық, дос болайық. Бізді біріктіре-тін – түбі бір шежіреміз бен түбі бір қазақ болмысымыз», – деді. Бұл кездесуге Қазақстаннан арнайы келген жас кәсіпкер Алмас Жәли Еуропа жастарын бірігіп жұмыс істеуге шақырды. «Жас кәсіпкер ретінде айтарым, Қазақстанда бизнес жасауға мүмкіндік көп. Әлеует жетерлік. Біз Қазақстанда отырып-ақ, Өзбекстан, Дубай, Лондон нарығында жұмыс істейміз. Бес немесе он жыл ішінде Қазақстанда кәсіп жүргізу деңгейі Еуропадан жоғары болады. Еуропа экономикасы шатқаяқтап жатқанын көбі айтады. Мұнымен келісерсіз деп ойлаймын. Қазақстан экономикасы, бизнес жүргізу, өнім жасау ісі жақсарып келеді. Мен өзімді елде кәсіпті тиімді жүргізуге болатынын бір дәлелімін деп айтсам болады. Біз, бәріміз – әртүрліміз, сөйте тұра біз бірдейміз. Баршаңызды көріп, сезініп, ерекше эмоцияға бөленіп отырмын. Әлеуметтік желідегі топқа қуана-қуана қосылатын едім. Еуропа қазақтары ғана емес, басқа елде тұрып жатқан жастарды да біріктірсек болады. Сіздерге айтарым, мерекелерде, демалыстарда бізге, елге келіңіздер! Сіздермен байланыс орнатуға әзірмін!», – деді жас кәсіпкер.
Жалпы, жастармен өткен жиын тебіреніс пен жылылыққа толы болды. Әсіресе, Англиядан келген белсенді Сафа Жаңалтайдың сөйлеген сөзі ешкімді бейжай қалдырмады. Еуропада өз ұлттық болмысынан айырылып бара жатқан қазақ жастарының жағдайына алаңдаған Сафа «Ата-бабаларымыз мына дөңгелек үстел басында біздің осылай уайым-қайғысыз отыруымыз үшін басынан не кешпеді десеңізші. Біз сол кісілердің болашағымыз жарқын болсын деп көп нәрсені құрбан еткенін жете түсінсек деймін. Өкініштісі сол, бүгінде біздің олар салған сара жолды жалғастырып жүргеніміз шамалы. Біз өзара түрікше сөйлесеміз, түрік мәдениетіне қызығамыз. Кезінде бізді құшақ жая қарсы алған түрік халқына өте ризамын. Десе де, өзге ұлт өкілдері менен үнемі «Қазақ бола тұра, үйіңде неге түрікше көп сөйлейсің?» деп сұрайды. Сол кезде қатты ұяламын. Мен Қазақстанға бірде-бір қазақша сөз білмей бардым. Бірақ ана тілімізді үйренуді басты міндет санап, қазақшаны үйреніп алдым. Ертең менен тарайтын ұрпақ қазақ екенін, қазақ тілін біліп өсуге тиіс. Бірақ Еуропадағы қандас жастар өз ана тілін білмейді. Мен бұған ешкімді кінәламаймын. Бірақ ана тілімізде сөйлемеу – үлкен мәселе. Мен осыған қынжыламын, ішім ашиды. Мен жүрген жерімде қазақ екенімді сездіру үшін қазақша сөйлеуге тырысамын. Осы отырған барлығыңызды солай істеуге шақырамын!», – деді Сафа толғанысын жасырмай. Кездесу соңында жастар ортақ әлеуметтік платформа мен Еуропа қазақ жастары альянсын құру туралы уағдаласты.
Финалда Кельн құрамасын жеңген алматылықтар былтыр Парижде өткен құрылтайдағы жетістігін қайталап, екінші рет Құрылтай кубогін ұтып алды. Ал Дания құрамасында өнер көрсеткен қандастар үшінші орынды қанжығалады. «Құрылтай кубогін екінші рет Алматыға алып бара жатқанымызға қуаныштымын. Былтыр Франция астанасы Парижде чемпион атанған едік. Биыл сол чемпиондық атағымызды қорғай алдық. Түрлі елден келген әуесқой ойыншылармен алаңда қарсылас болғанымен, алаң сыртында – қандаспыз. Бір-бірімізбен танысып, телефон нөмірлерімізбен алмасып, байланыс орнатып жатырмыз. Осындай жарыстар рухты ерекше көтереді», – дейді «Алматы» командасының капитаны Дархан Қайназаров.
Ал Кельн командасының сапында ойнаған Асқар Ерол «Алматы» командасы мүшелерін жеңісімен құттықтап, футбол ойыны қандастарды біріктіретінін атап өтті. «Алматыдан келген ағалармен жақын танысып, байланыс деректерін жазып алдық. Әлеуметтік желідегі парақшаларына да жазылдық. Ертең Алматыға бара қалсақ, бізді құшақ жайып, күтіп алатын ағайлардың барына ерекше қуанып жатырмыз. Жалпы, осы құрылтайда көп дос таптым. Сол үшін өте қуаныштымын!», – дейді Асқар алаң сыртына шығып бара жатып.
Футбол жарысынан бөлек, Қазақстаннан келген «Тәрбия», «Гүлзира Үсенқызы», «Данадель» сән үйлерінің ұлттық нақыштағы заманауи киімдер жәрмеңкесі, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі Қайрат Шапабаевтың қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі, сондай-ақ суретші, графикалық иллюстратор Әйгерім
Кәрібаева мен Бақыт Шөкетаевтың, кәсіби фотограф Алхаров Оңғарбектің этно-фото көрмесі өтті. Нидерланды елінде 35 жыл бойы тұрып жатқан Бейзагүл Бозқұрт Еуропада мұндай көрмелерді жиі тамашалау мүмкіндігі болмайтындықтан, ерекше әсерге бөленгенін айтады. «Біз Амстердамнан Кельнге 2,5 сағат көлікпен жүріп келдік. Келмеске болмады, себебі балаларымыз қазақ мәдениеті туралы онша көп білмейді. Бүгін оларға жәрмеңкелерге қойылған ұлттық нақыштағы суреттерді көрсетіп, ұлт тарихы туралы бар білетінімізді баяндадық. Қолөнершілерден маңызды деректер естідік. Маған ерекше үлгідегі қазақи киімдер ерекше ұнады. Біздің мәдениет бай екенін жиі естимін. Бүгін осы көрмелер мен жәрмеңкелерді тамашалап, бұған тағы да көзім жетті», – дейді Бейзагүл.
Көрме кезінде қазақстандық баспалардан шыққан кітаптар көзімізге оттай басылды. Соңғы 10 жыл
Берлинде тұрып жатқан Айнұр Болатбайқызы құрылтайға келген қандастардың қазақша басылып шыққан балалар кітабын көп сатып алып жатқанын айтады. Екі жыл бұрын Берлинде «Мирас» қазақ мәдени орталығын ашқан Айнұр «Еуропада тұратын қандастар елде бестселлер кітаптардың қазақшаға аударылғанынан бейхабар екен. Кейбірі «Тіпті, мына кітапты да қазақшаға аударған ба?!» деп таңғалып жатыр. Кішкентайынан қазақша кітап оқуға дағдыланған бала жасөспірім кезінде «Мен кіммін?», «Менің ұлтым кім?» деген сұраққа өзі-ақ жауап беретін болады. Сондықтан бұл кітаптарды Қазақстаннан арнайы алдыртып, осында көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдім», – дейді.
Құрылтай кезінде қандастарымыз футболдан бөлек, ұлттық ойындарға да ерекше қызығушылығы бар екенін байқатты. Қазақстаннан арнайы келген асық ату федерациясының бапкері Жомарт Сабыржанов ер балалардың көбі асық иіру білетінін айтып, қызыққа толы ойын болып жатқанына қуанып тұрғанын жеткізді. Ал тоғызқұмалақтан шеберлік сыныбын өткізген бапкер Мақсат Шотаев қандастар бұл ойын туралы бұрын-соңды естімегенімен, бір үйреткеннен барлық ережені түсініп, соңында қайта-қайта ойнағысы келгенін атап өтті.
Ұлттық ойындарды ерекше қызығушылықпен ойнап жатқанын бақылап тұрған Ысмайыл Кесиджиді әңгімеге тарттық. Ұлыбританияда 23 жыл бойы қазақ қоғамын басқарған ол мұндай құрылтай өткізудің бәрінен бұрын жастарға пайдасы мол екенін айтады. «Еуропаның әр елінде жүрген жастар осындай құрылтайларда кездеспесе, басқа қайда кездеседі? Бір-бірін қайдан табады? Әрі кетсе Еуропаның қалаларында тұрып жатқан бір-екі туыстарының үйіне кіріп шығар. Бірақ құрылтайда мыңдаған қазақты көріп, ортасы кеңеймей ме?! Әрі қыздар мен жігіттер осындай жиындарда танысып, артынша көңіл жарастырып, үйлі болып жатады. Мысалы, біз Кельннен үш қызды ұзатып алдық. Ал өзге қандастар біздің екі қызымызға құда түсті. Бұл жақсы емей немене?! Сосын олар құрылтай арқылы қазақтың биік рухын сезіне алады.
Ата-анасы сөзбен сипаттап түсіндіре алмағанды осындай жиындарда түсінеді. Содан соң олар атажұртқа табаны тимесе де, «Қазақстан деген кең байтақ жеріміз бар» деп айтып отырады. Мен мұны жастардың ауызынан сан рет естідім. Олар онда бармаса да, артында асқар таудай елі тұрғанын біледі. Міне, құрылтайдың пайдасын қараңыз! Сосын тағы бір айтатын жайт, Еуропада көп ұлт тұрады. Бірақ олар біз жыл сайын өткізетін құрылтай немесе жиындарды өткізбейді. Германияда 4-5 млн түрік тұрады. Еуропада армяндар көп тұрады. Бірақ олардың ешбірі құрылтай секілді іс-шара ұйымдастырмайды», – дейді Ысмайыл аға құрылтай өткізудің ерекшелігіне баса назар аударып. Осы кезде Ысмайыл ағаның сөзін қостай жөнелген Франция қазағы Мұстафа Зенгин 1994 жылы Мюнхенде өткен құрылтайды алғаш ұйымдастырушы бес қандастың бірі болған екен. «Құрылтайдың бастапқы мақсаты да – жаңа Ысмайыл атап өткендей, жастарды таныстыру болатын. Балаларымыз ертең неміспен немесе французбен үйленіп кетуі мүмкін. Дұрысы, қазақ қазақтан қыз алсын, қазаққа қыз берсін деген мақсатты көздеп, жастарды таныстыру мақсатында ұйымдастырған едік. Біз болжағандай-ақ, көп жас серігін тауып, үйлі-баранды болды. Мысалы, туған жиенім Лондонда өткен құрылтайда болашақ жарын тауып, отбасын құрды. Әрі құрылтайда танысып, бірге кәсіп бастап кеткендер де бар. Бұрын тек Еуропа қазақтары бас қосатын. Уақыт өте келе, Қазақстаннан көп қазақ келетін болды. Мысалы, Қазақстаннан келген сендермен қазақша сұхбаттасып, марқайып қалдық. Қазақша сайрап, қазақтардың ортасында жүргенге не жетсін, шіркін?!», – дейді Мұстафа аға.
Содан соң қоғам қайраткері Әбдірахман Четинге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан екінші дәрежелі «Достық» ордені табыс етілді. Аталған орденді Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Онжанов табыстады.
Одан бөлек, футбол ойыншылары мен марафонға қатысқан жасөспірімдер марапатталды. Қазақстан, Германия, Польша және Испаниядан келген өнерпаздар ұлттық аспаптарда ойнап залда отырған қалың жұрттың ерекше қошаметіне бөленді.
Сонымен қатар, қыз-келіншектер арасында ұлттық киім көрсетілімі ұйымдастырылды. Көптің көзайымына айналған «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі бүгінде хитке айналған туындыларын нақышына келтіре орындап, жиналған жұрттың көңілін сергітіп жіберді. Залда отырған қарттардың арасында Пәкістанда
туып-өскен, қазір Мюнхенде тұрып жатқан Халима әженің көңілі толқып, көзіне жас алғанын байқадық. «Концерт ұнады ма, әже?» деген сұрағымызға, ақ жаулығымен көзін сүртіп жатқан қария «Бұл әлемде домбыраның үніне жетер үн бар ма, қалқам?!» деп жауап берді. «Жаңа сахнада шырқалған бірнеше әннің мәтінін білемін. Қосылып айтып отырдым. Күйлердің де әуені таныс. Жүрегім жібіп сала берді. Қазақстаннан келген сендерге не деймін? Өз қазағымсың. Өзімнің қызымсың. Бауырымсың. Жақынымсың. Көз алдымызда жүрмесеңдер де, көңілімдесіңдер. Қазақстан дами берсін! Түркия құсап турист көп баратын елге айналсын. Осы жақтың қазақтары Түркияға көк теңізге түсуге барады. Онда барғанша, Қазақстанның теңізіне барып түссін. Қазақстанның ішін араласын. Атажұртын танысын! Аллаға аманат, балам!» деп ақ тілегін жаудыра жөнелді.
Жалпы, құрылтайдың соңғы күнінде жиылған қауымның бір-бірінен ажырағысы келмейтінін аңғардық. Тіпті, топ ішінде ұйымдастырушы Маржан апайдың «Құрылтай ертең тағы жалғасса ғой!» деген дауысы естілді. Жиырма жыл бойы құрылтайға үздіксіз қатысып келе жатқан 71 жаста
ғы Қадыс ата құрылтайдың соңғы күнінде қазақтар үнемі осылай қимай қоштасатынын айтады. 45 жыл бойы Аустрия астанасы Вена қаласында тұрып жатқан Қадыс ата «Мен құрылтайға жыл сайын қатысамын. Еуропаның қай бұрышында өтсе де, қалмай барамын. Жан-жақтан келген туыстармен, қандастармен қауышып, түрлі тақырыпта әңгіме өрбітіп, жеңілдеп қаламын. Біз Аустриядан 20 шақты адам 7-8 көлікпен келдік. Барлығы да құрылтайдың жоғары деңгейде өткенін айтып жатыр. Жылына бір рет өтетін мұндай жиындарда жас балаша қуанып, масайрап қаламыз», – дейді қария.
Айтпақшы, Еуропа қазақтарының біразы биыл
Қазақстаннан көп қазақ келгенін ерекше атап өтті. Италияның Швейцариямен шекаралас аймағында орналасқан Альто Адидже облысында тұратын Айнұр апай «Мен 1969 жылы осы Кельн қаласында дүниеге келдім. Ата-анам жұмыста болған соң, Түркияда ата-әжемнің қолында өстім. Сосын Германияға оқуға түсіп, осында тұрмысқа шықтым. 2002 жылы отбасымызбен бірге Италияға қоныс аудардық. Мен – Италияда тұратын жалғыз Алтай қазағымын. Денсаулығыма байланысты 15 жыл бұрын зейнетке шыққан едім. Бірақ ауырсам да, сырқасам да, құрылтайдан қалмаймын. Керісінше, құрылтайға қатыссам, уайымым сейіліп, өзімді керемет сезінемін. Мұндайда бәрін ұмытамын. Бұл жолы Қазақстаннан көп қазақ келген екен. Олармен сөйлесіп, көңілім көтеріліп, бір жырғап қалдым», – дейді Айнұр апай.
Кеш соңында залдағы көпшілік 34 жастағы Реджеп Найманды қаумалап, суретке түсіп, құттықтауларын жаудыра бастады. Арнайы құрылтай үшін Мюнхеннен Кельнге дейін 500 шақырым жолды 5 күнде жүріп өткен Реджепті Кельн қазақ мәдениет орталығының төрағасы Сәдия Сүрер арнайы алғыс хатпен марапаттады. «Құрылтай – жай ғана жиын емес. Құрылтай – үлкен тарихы бар ерекше іс-шара. Құрылтайдың пайдасы туралы көп естідім. Кітаптан оқыдым. Түрлі видеолар көрдім. Еуропаның әр бөлігіне шашырай тараған қазақтардың бірлігін нығайта түсетін осындай құрылтай екенін екінің бірі айтады. Қазақ – қазіргідей алмағайып заманда береке мен бірлікті ту етіп ұстап тұрған мықты халықтардың бірі. Сондықтан Қазақстан ішінде де, оның сыртында да қазақ екенімізді ұмыттырмайтын осындай келелі кездесулер көп болсын деп тілеймін!», – деді Реджеп тебірене сөйлеп.
Сонымен үш күнге созылған құрылтай аяқталды. Бір-бірімен қауышып, арқа-жарқа болған қандастарымыз қимай қоштасты. Қай елдің қазағы болсын, жүрегі бір, тілегі бір екенін көрдік. Шеттегі қандастарымыздың атажұрт – Қазақстанына кәдімгідей арқа сүйейтінін сезіндік. Оларды іздейтін, керек кезінде көмек қолын созатын мемлекетіміздің барына мерейлендік. «Атажұртымыз аман болсын!» деген алыстағы ағайынның алғаусыз тілегі қабыл болғай!
ҚҰРЫЛТАЙҒА ПРЕЗИДЕНТТІҢ ӨЗІ КЕЛГЕНДЕЙ СЕЗІЛІП ТҰР
Құрылтайдың алғашқы күні Еуропаның 15 елінен келген 20 қазақ ұйымының басшылары дөңгелек үстел басында кездесті. Аталған жиынға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы, Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайынов және Аустрия, Бельгия, Германия, Дания, Испания, Нидерланды, Венгрия, Польша, Түркия, Финляндия, Франция, Швейцария, Швеция және Ұлыбритания елдеріндегі қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Сонымен қатар Германияда тұрып жатқан неміс отандастарымыз да қызығушылық танытып, Кельнге арнайы келді.


ЕУРОПАДАҒЫ ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ АРТЫНДА АСҚАР ТАУДАЙ ЕЛІ ТҰРҒАНЫН БІЛЕДІ
Құрылтайдың екінші күні спорт сайыстары мен көрме ұйымдастырылды. Әсіресе, көпшілік құрылтай сайын бәсекенің көркін қыздыратын футбол жарысын көз алмай тамашалады. Құрылтай аясында өткен доп додасына Франция, Германия, Дания, Голландия және Қазақстаннан келген жалпы саны 11 команда қатысты.




ҚҰРЫЛТАЙ – ЖАЙ ҒАНА ЖИЫН ЕМЕС
Құрылтайдың жабылу салтанатында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуропа қазақтарына жолдаған құттықтау хатын оқып берді. «Қадірлі қандас бауырлар! Бүгінгі таңда қазақтар әлемнің қырықтан астам мемлекетінде өмір сүріп жатыр. Кезінде тағдырдың жазуымен тарыдай шашылып, Анадолы жерінен пана тапқан бауырларымыз қазір Еуропаны жайлаған бір қауым ел болып отыр. Қалибек Хәкім, Хасен Оралтай, Халифа Алтай, Мұстафа Өзтүрік, Дәлелхан Жаналтай, Әбдірахман Четин сияқты тұлғалар ел мақтанышы атанды. Олар өздерінің ізін басқан жастардың бойына қазақтың тілін, ділін, рухын сіңіріп, ұрпақтың тамырынан ажырамауына көп еңбек сіңірді. Аға буынның осы өнегелі жолын жалғастырып, қандастарымыздың ұлттық болмысын сақтау өте маңызды. Осы орайда, әлемнің әр түкпірін мекен еткен бауырларымыздың басын қосып, ұйыстыру жолында елеулі еңбек етіп жүрген ұлтжанды азаматтарға ризашылық білдіреміз. Баршаңызға амандық, бақ-береке және толағай табыс тілейміз!», – делінген хатта.





Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ Астана–Франкфурт–Кельн– Франкфурт–Астана