387
Осы аптада, Мәжілісте...
Осы аптада, Мәжілісте...

Осы аптада «AMANAT» партиясы депутаттары Мәжілісте газ бағасына қатысты мәселелер, сарқылып жатқан су проблемасы, күмәнді компаниялардың көбеюі сияқты сауалдар жолдады. Сонымен қатар бұрын жолдаған сауалдары мен көтерген мәселелері жауапсыз қалған депутаттардың талаптары тыңдалды.
Газ бағасына қатысты мәселе көтерілді
«AMANAT» партиясының депутаты Мақсат Толықбайдың сөзінше, Алматы облысы, Қарасай ауданында қалыптасқан күрделі әлеуметтік жағдай мен ауданның мыңдаған тұрғындарының «Қазақстан бойынша табиғи газға ең қымбат тарифпен төлеп отырмыз» деген шағымдары негізінде Премьер-Министр мен Бас прокурорға осы депутаттық сауал жасауға негіз болған.
– Бізге, Мәжіліс депутаттарына шұғыл байланысқа шығып, хабарласқан 500-ге жуық тұрғынмен кездесу үшін 2023 жылдың 26 мамырында осында келіп, тұрғындармен кездесу өткізіп, арыз-шағымдарын тыңдадым. Мәселенің ушығып кеткені соншалықты, бұл дау шешілмесе, екі аптадан кейін мыңдаған адам жолды жауып, жаппай ереуілге шығатындарын ескертіп отыр.
Наразылыққа себеп – Қарасай ауданындағы Шамалған, Жандосов, Шалқар, Қайрат, Еңбекші, Құмарал, Үштерек секілді ондаған елдімекенді, сондай-ақ, «Арай» және «Дархан» саяжайларын газбен қамтып отырған «Сигма Газ» ЖШС-нің қожайындары бағаны қолдан көтеріп, газдың құнын 34,75 теңгеге өсіруі болды. Ал сол жердегі басқа компаниядан газ алатын, іргесіндегі Қаскелең қаласының тұрғындары газдың бір текше метріне 26-27 теңгеден төлеп отыр. Бұл өте үлкен айырмашылық, – дейді депутат.
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті 2023 жылдың қаңтар, ақпан айларында «Сигма Газ» ЖШС-нің қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізіп, бірнеше заңбұзушылық фактілерді анықтаған. Анықтап қана қоймай, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 164 және 167 баптарына сәйкес, «Сигма Газ» ЖШС-не қатысты 2 миллион теңге сомасына әкімшілік айыппұл салған екен. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің 2023 жылғы 10 наурыздағы бұйрығына сәйкес, газдың бағасын негізсіз көтерген аталған компания шекті баға деңгейін әр текше метріне 34,75 теңгеден 28,94 теңгеге төмендетуге міндеттеп, артық төлемді тұтынушыларға қайтару туралы шешім шығарған. Алайда «Сигма Газ» ЖШС бұл шешімді әлі орындамапты.
Сондай-ақ тұрғындар «Сигма Газ» ЖШС құбырымен келетін көгілдір отынды үйге кіргізгені үшін тым көп ақша төлейтіндеріне наразы. Бір үйді газ құбырына қосу 450 мың теңгеден жоғары екен. Депутат тез арада осы мәселені реттеуді сұрады.
Су сарқылып жатыр
«AMANAT» фракциясының депутаты Ринат Зайытов Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға еліміздегі көлдер мен өзендердегі су деңгейі туралы мәселе көтерді.
– Осы мәселенің себебін анықтап, алдын-алу әрекеттерін жасап жатқан жауапты органдарды өз басым әлі көрген емеспін. Сөзіме дәлел болатын көрсеткіштер Экология және табиғи ресурстар министрлігінде толықтай бар. Ал енді, осы мәселе бойынша жергілікті халықтың алаңдап шыққан ащы дауысын естіп жатқан ешкім жоқ па? – деді депутат.
Абай облысындағы Аягөз өзені су деңгейінің 2018 жылмен 2022 жылдар аралығындағы жоғарғы көрсеткіші Балтық жүйесі бойынша 558 см-ден 162-смге төмендеген. Ауданда эколог маманы да жоқ екен. Шығыс Қазақстан облысындағы Маралды ауылының маңынан бірнеше талаптарды өрескел бұзып, жұмыс жүргізгелі жатқан алтын өндіруші фабрикаларын салуға жергілікті халықтың қарсылығы туралы да депутат айтып өтті.
Осыларды негізге алған депутат Аягөз және Маралды өзендеріндегі су деңгейінің төмендеуі мен ластануының себептерін анықтайтын комиссия құруды, комиссияның жұмысына барынша көмек көрсетуді сұрады.
Ал депутат Аманжол Әлтай Жамбыл облысы Талас ауданының тұрғындары Ақкөл көлінің жағдайына алаңдаулы екенін айтады. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының күнкөріс көзі – балық аулау.
– Ақкөл көліне түсетін судың көзі – Қырғыз Алатауынан Терісащыбұлақ су қоймасына, одан әрі Билікөл су тоспасына түсіп, одан кейін Бөгеткөл су тоспасына түсіп, сонан соң ғана «Ақкөл» көліне жетеді. Су кей жылдары болымсыз көлемде түсіп, кей жылдары жетпей де қалады. Былтыр Ақкөл көліне небәрі 6-7 миллион текше метр ғана су жиналып, егіс суғару маусымына жетпей де қалды. Ендігі мәселе, сол Билікөл көлінің балығын аулайтын кәсіпкер былтырғы жылы қазан айында Билікөл көлінен Ақкөл көліне су шығатын арнасына өз бетімен арматураланған бетон бөгет салып тастаған, – дейді депутат.
Аманжол Әлтай арматураланған бетон бөгеттің заңды салынған-салынбағанын анықтауға тексеріс бастап, тексеріс нәтижесі бойынша әрекет етуді сұрады.
Сұраққа жауап ала алмай отыр
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Самат Мұсабаев пен Еділ Жаңбыршин 4 сәуірде Әлихан Смайыловтың атына жолданған хатқа және Ұлттық экономика вице-министріне жіберген сұраққа жауап алмағандарын айтты.
– Өткен жылғы қаңтар айында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Маңғыстау облысындағы жағдайды реттеуге арналған Үкіметтік комиссия құрылған болатын. Комиссия өңірде өз деңгейінде нәтижелі жұмыс жасай алмады. Оған дәлел – Маңғыстау өңіріндегі жиі-жиі туындап отырған әлеуметтік наразылықтар, – дейді депутаттар.
Осыған орай олар Үкімет деңгейінде Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық мәселесін шешуге арналған арнайы Үкімет комиссиясы құрылып, комиссия Маңғыстау облысында қордаланған барлық мәселелерді анықтап, тиісті шешімдер қабылдап, нақты нәтижелерге қол жеткізуі қажет екенін мәлімдеді.
Күмәнді
компаниялар көп
Депутат Абзал Құспан «ТеңізШеврОйл» компаниясы төңірегіндегі мәселені көтеріп, Бас прокурорға сауал жолдады.
– Қазір Парламент қабырғасында депутаттар бастамасымен кезінде заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтаруға бағытталған, халқымыз үшін аса маңызды заң жобасы қаралуда. Осы заң арқылы біз отыз жыл бойы мемлекет қазынасын тонаған, еліміздің, халқымыздың болашағын ұрлаған жемқорларды жауапкершілікке тартып, олардың жасырған, шетел асырған дүниелерін мемлекетке қайтаруды мақсат тұтып отырмыз. Менің бүгінгі көтергелі отырған мәселемде осымен үндес, Қазақстан азаматтарына қатысты ауқымды әлеуметтік маңызы бар, – деді депутат.
Қазақстан бойынша бюджетке ең көп қаржы аударатын өңірлерден Атырау облысы донор есебінде бірінші орында тұр. Қазақстанда қызмет етіп жатқан шетелдік үлесі бар компаниялар ішінен ең көп салық төлеуші ретінде ТШО, яғни «ТеңізШеврОйл» компаниясы танылғаны белгілі.
– Жақында ғана компания өзінің Қазақстан нарығындағы қызметінің отыз жылдығын атап өтті, осы уақыт ішінде ол Қазақстан қазынасына 176 млрд доллар қаржы құйған. Яғни, шетел асқан Қазақстан қазынасын іздестіреміз десек, негізгі назарымызды осы өңірге және әлемдегі ең ірі 5 мұнай кен орындарының бірі – Теңіз айлағына аударуымыз керек, – деді Абзал Құспан.
Өкінішке қарай, отыз жыл бойы осындай ірі, алпауыт компаниялар айналасында беделі күмән тудыратын әртүрлі деңгейдегі қазақстандық және шетелдік фирмалар қаптап кеткен.
– Кейбір деректер бойынша ондай фирмалардың саны мыңдап саналады. Олардың міндетіне қызмет көрсету, жұмыс жасау емес, ТШО сияқты алпауыт компаниялардан ірі тапсырыстар алып, оның аз бөлігін қазақстандық компанияларға бөліп, қалған ірі бөлігін шетелге заңсыз шығару кіреді, – деді депутат. Осы орайда ол қолында нақты дәлел, яғни құжат бар екенін, құжаттарды сауалмен қоса жолдайтынын айтып, мәселенің шешімін қарастыруды сұрады.