551
Ювеналды дивергенция және балалар құқығы
Ювеналды дивергенция және балалар құқығы
Бала құқықтары дегенді қоғам қалай түсінеді? Балаға дауыс көтеруге, тіл алмаса тартып жіберуге болмайды, мазақтап, намысына тиюге тіптен жол жоқ! Жалпақ жұрт бұл айтылғандарға әжуамен қарайтыны бесенеден белгілі.
Колония ма, мектеп па?
Қазақстанда аса ауыр қылмыс жасаған балаларға арналған арнайы оқу орны Шығыс Қазақстан облысының Белоусовка елдімекенінде орналасқан. Еліміздегі жалғыз жасөспірімдер колониясының кімнің, қай министрліктің құзырында екені де белгісіз. Жуырда ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев Білім және ғылым министрлігінің аса ауыр қылмыс жасаған балаларға арналған мектепті беруді ұсынды. «Түрлі деңгейлерде ұстанымымды бірнеше рет айтқан болатынмын. Жалғыз балалар колониясын Ішкі істер министрлігінен ҚР БҒМ-ге беру мәселесін тағы ойластырудың уақыты жеткен сияқты. Түрме жүйесінің өзіндік ерекшеліктері бар. Балалар колониясында жұмыс істеген қызметкер ары қарай мансабын жалғастырып, ересектер колониясына басшылыққа барады. Отряд бастықтары ересектер мекемесінен балалар колониясына ауысып жатады және керісінше ауыс-түйістер жалғасуда. Яғни, ересектермен жұмыс істегендер келесі күні балалардың тәртібіне қарап жүреді. Бұндай қадамдар дұрыс емес секілді. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі тағы да бір рет осы мәселені ойластыруы керек деген ұсыныс бар», - деген еді министр. Әділет министрінің ізгілендіру туралы ойы көпшіліктің көңіліне жақты. Бірақ министр Алматы облысындағы мектеп туралы айтқан еді. Бір қызығы, ҚР Балалар құқығын қорғау комитетінің төрайымы Забира Оразалиева бұған ұшты-күйлі қарсы болды. Өйткені аса ауыр қылмыс жасаған балалардың көпшілікпен бірдей білім алуына болмайды. «Онда аса ауыр қылмыс жасаған 14-18 жас аралығындағы балалар тәлім алуда. Бұл мектептің штатында колониядағы секілді күзет қызметі бар. Оны ІІМ-нен БҒМ-ге беру туралы мәселе бірнеше мәрте Үкімет деңгейінде талқыланған болатын. Қазіргі кезеңде сарапшылар мектепті Ішкі істер министрлігіне қалдыру шешімін жасады. Ол жерде аса ауыр қылмыс жасаған балалар орналастырылған. Осындағы ерекше режімді Білім министрлігі қамтамасыз ете алмайды. Яғни, онда тиісті қадағалау мен күзет шаралары ескерілмей қалуы ықтимал», - деп пікірін дәлелдеді. Десе де бұл мектепке Әділет министрлігі емес, Білім және ғылым министрлігі жауапты болып шықты. Бұл ақпараттың неліктен басшыларға жасырын болғаны тағы жұмбақ...
Мәселе балалардың қай жерде қалай білім алғанында емес. Бастысы қылмысты болған балаларды қоғамнан аластатуда болып тұр. Комитет мәліметінше, бұл мекемеге баратын балалардың саны айтарлықтай азайған. 2015 жылы мектепте 197 бала болса, 2016 жылы 22 бала ғана тәрбиеленген. «Республика бойынша бұл жалғыз мектеп болғандықтан, барша өңірлерден аса ауыр қылмыс жасаған балалар сонда жеткізілетіні белгілі. Соңғы жылдары онда балалар саны күрт азайды, сондай-ақ 2016 жылы тек қана екі бала болған кезде мектепті жауып тастау мәселесі де көтерілді», - деді комитет басшысы. Дегенмен мектеп әлі жұмыс істеп тұр және оның жабылуы туралы әзірге әңгіме жоқ.
Кәмелетке толмаған қылмыскер. Ювеналды дивергенция деген не?
Айтпақшы, ювеналды заң туралы айтпас бұрын Ресейдің бұл заңды алып тастағанын айтқан жөн. Яғни Ресей баланы ұрып-соғуды заңдастырды. Бала құқығы арнайы сотта қаралмайды, баланың құқығы жоқ. Аса ауыр қылмыс жасаған жағдайда ересектермен тең дәрежеде жазасын өтейді. Әлеуметтік желіде талқыланған тақырыпқа өз ойын білдірген ресейліктердің басым көпшілігі балалардың өз ата-анасына айыптап, сабақ оқымадың деп ұрысқаны үшін сотқа сүйреуіне құқы болмауы тиіс. Дүниежүзінде ювеналды сот Балалар құқығы туралы конвенция және Пекин хаттамасына сүйенеді, яғни балалар құқығын қорғауда және жаза тағайындау мәселесін неғұрлым ізгілендірген. Мысалы, қылмыс жасап, заң алдында жауапқа тартылған бала жазасын түрмеде өтемеуі мүмкін. Ол үшін жазаның басқа да түрлері қарастырылған. Оның бірі – медиация. Істі сотқа жеткізбей, тараптар сенімді өкілдері арқылы өз талаптарын ортаға салып, бір бітімге келеді. Бұл біздің ата-бабаларымыздан келе жатқан дала заңдарының жұрнағы, үздік үлгілерінің бірі. Тағы бір түрі – құнын өтеу. Қоғамдық жұмыстарды былай қойғанда, балалар ювеналды дивергенция арқылы жазасын өтеп, тәртіпке салынады. Дивергент дегенді фантастикалық кинолардан көргендер, қоғамнан аластатылған балалар деп түсінуі мүмкін. Шынында, ювеналдық дивергенция балалардың қылмыскер атағынан құтқарады.