Автобуспен жол апатына ұшыраған оқушылардың аналары үндеу жолдады

Автобуспен жол апатына ұшыраған оқушылардың аналары үндеу жолдады

Автобуспен жол апатына ұшыраған оқушылардың аналары үндеу жолдады
ашық дереккөзі
Ақтөбеде автобуспен жарысқа бара жатып жол апатына ұшыраған оқушылардың аналары үндеу жолдады деп хабарлады turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап. Олар бес айдан бері бірде-бір шендінің балалардың жағдайын біліп келмегеніне өкпелі. Сондай-ақ бірнеше күрделі ота жасалған жеткіншектерді оңалту керек деп талап етіп отыр.
«Жол-көлік оқиғасына 9 бала ұшыраған. Оның біреуі көз жұмған. Қалған сегіз баланың денсаулығы туралы айтқымыз келеді. Бұл жерде бес баланы сот-медициналық сараптама ауыр жағдайда деп жарияланған. Балаларымызға ота, түрлі ем-шара жасалды», - дейді ата-аналар.
Тоғыз оқушы мен олардың бапкері мінген көлік жол апатына былтыр желтоқсан айында ұшыраған. Оқиға орнында бір бала қаза тапты. Сегізі түрлі жарақат алды. Бесеуінің жағдайы ауыр болды. Балаларға бүгінде бірнеше ота жасалған. Екеуі үйден оқып жатыр. Екеуіне де денсаулығына байланысты мүгедектік тағайындалған. Енді аяққа тұрып кету үшін ұзақ оңалту шаралары қажет. Негізгі талабы – салаға жауапты шенділер көмегін берсін дейді. Қазір бұл оқиғаға қатысты көлік тізгіндеген спорт мектебі директорының орынбасарына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Оған екі баппен айып тағылған.
«Оңалту болғанда, біздің басқарма тарапынан мұндай мәселе қаралмаған. Дегенмен, басқа  да мектептеріміз бар, облыстағы  спортшылар қауымдастығы бар, соларға үндеу тастап, осындай жағдайда бәріміз қолұшын берейік. Сонымен қатар қайырымдылық турнирін ұйымдастырып, түскен қаражатты, азды-көпті болса да, балаларға жәрдем ретінде беру шаралары атқарылып жатыр», - дейді Ақтөбе облысы Спорт басқармасының бөлім басшысы Айбат Ермекбаев.