Иммиграция: Үш мемлекет - үш түрлі саясат

Иммиграция: Үш мемлекет - үш түрлі саясат

Иммиграция:  Үш мемлекет - үш түрлі саясат
ашық дереккөзі
1204
  Миграция – кейбір мемлекеттер үшін мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі, ал кейбір халықтың басына түскен тауқымет. Әйтсе де, иммиграцияны қаптаған келімсектердің тасқыны деп емес, ұлттық экономиканың бойына қан бітіретін тың күш әрі мемлекеттің болашақ тұрғындары деп қабылдайтын елдер де бар. Бүгінде өткір тақырыпқа айналған иммиграцияны үш алпауыт мемлекеттің мысалында талдағанды жөн көрдік.

АҚШ:

МИГРАНТТАР ЖӘНЕ  ДЕМОКРАТИЯ

 width=

Газетіміздің өткен санында АҚШ президенті Дональд Трамптың жеті мұсылман мемлекеттің азаматтарын шекарадан өткізбеу туралы жарлыққа қол қойғанын жазғанбыз. Жаңа миграциялық саясатқа сәйкес, Судан, Йемен, Ливия, Сомали, Ирак, Иран және Сирия азаматтарына 90 күнге дейін АҚШ аумағына кіруге уақытша шектеу қойылды. Сондай-ақ сириялық босқындарды қабылдауға тыйым салынып, ал басқа елдерден келетін босқындарды АҚШ аумағына кіргізу 120 күнге дейін тоқтатылды.

Іле-шала бұл жарлық Американың өзінде және басқа мемлекеттерде наразылық тудырды. Ал АҚШ-тың өзінде құқық қорғаушы ұйымдар президент жарлығының күшін жоюды талап етіп, сотқа берген. АҚШ штаттарының 16 бас прокуратурасы президент жарлығын ел конституциясына қайшы деп жариялады. Ал бірқатар федералды судьялар визасы бар шетелдіктерді елден күштеп шығаруға тосқауыл қойды. Американың ірі қалалары мен әуежайларында президент жарлығына наразылар қарсылық шараларын өткізіп жатыр. Америкалықтар иммигрантар мен босқындарды қорғау үшін көшеге шықты. Ал америкалық құқық қорғаушылар АҚШ ірі әуежайларында кезекшілік ұйымдастырып, Трамп жарлығының зардабы тиген шетелдіктерге тегін кеңес беруде. Наразылық білдірушілердің ашу-ызасын одан әрі асқындырған жайт – аталмыш шектеудің жаңадан виза алатындарға ғана емес, «жасыл картасы» барларға да қатысты екендігі. АҚШ-та тұрғылықты тұруға рұқсаты бар шетелдіктердің елден шығарыла бастауы жаңа саясатқа қарсылар санын арттырды. Ақыры, Ақ үй қоғамдық пікірдің қысымымен президент жарлығына өзгерту енгізуге мәжбүр болды: тұрғылықты тұруға рұқсаты бар шетелдіктерге бұл шектеудің қатысы жоқ екені ресми расталды. Осы аптада белгілі болғанындай, 4 ақпанда Сиэтлдегі АҚШ федералды соты иммиграциялық жарлықтың күшін уақытша тоқтатқан. Осыдан соң АҚШ Әділет министрлігі Аппеляциялық сотқа шағымданып, федералды сот шешімінің күшін жоюды, ал президент жарлығын қалпына келтіруді сұраған. Бірақ АҚШ аппеляциялық соты Трамп әкімшілігінің талабын кері қайтарды. Осылайша, сот билігі атқарушы биліктен тәуелсіз екенін көрсетті: демократиялық институттардың қалай жұмыс істейтініне куә болдық. Аппеляциялық соттың шешімі бойынша Трамптың жарлығы биылғы жылдың соңына дейін күшіне енбеуі тиіс. Америка сотының пәрменділігі сол, федералды соттың шешімі шыға салысымен, аталмыш елдердің азаматтарына виза беру ісі қайта жанданды. Трамп бұл жарлыққа қол қойған күннен, яғни 27 қаңтардан ақпанның 4-іне дейін аз дегенде 100 000 америкалық визаның күші жойылған еді. Енді олардың бәрін қалпына келтіру жұмысы басталды. Әйтсе де, Трамп өз дегенінен қайтар емес, ол Америка сот жүйесімен теке-тіреске шықты. Ол сот шешімін «қисынсыз» деп атаған, оның күшін жоюға тырысып бағуда. Қазіргі таңда АҚШ-та президенттің билігі қандай жағдайда шектелуі мүмкін, оның әлдебір шетелдік топтарды шекарадан өткізбеуге пәрмен беруге құқы бар ма, жоқ па деген мәселе қызу талқыланып жатыр. Ақ үй әкімшілігі президенттің иммиграциялық жарлығы діни кемсітушілікке еш қатысы жоқ екенін, себебі оның белгілі бір мемлекеттерге ғана қарсы бағытталғанын айтып, оны ақтауға тырысуда. Дональд Трамп болса, өз шешімін ақтаумен және «теріс насихат ұйымдастырып жатқан» ақпарат құралдарын кіналаумен әуре. Ол өз жарлығын БАҚ дұрыс түсіндірмей отыр деп журналистерді айыптайды. АҚШ Ұлттық қауіпсіздік министрлігі сот шешіміне қарамастан, жарлық өз күшінде қалады деп мәлімдеді. Олар аталмыш жеті мемлекеттің азаматтарын АҚШ аумағынан дереу шығаруға тыйым салынғанымен, жаңадан келетіндерге виза беруді тоқтатты. Министрлік өзінің интернеттегі парақшасында бұл жарлықтың шетелдіктердің шағын тобына ғана қатысты деп жазады. «Кеше шекарадан өткен 325 мың шетелдік туристің 1 пайызы ғана қауіпсіздік шаралары аясында тексеруге алынды» делінген бұл мәлімдемеде. Жалпы, жыл сайын АҚШ аумағына 80 миллион шетелдік турист келеді екен. АҚШ президентінің жарлығы БҰҰ тарапынан да, алпауыт мемлекеттер тарапынан да сынға ұшырады. Оны қатты сынағандардың бірі – Германия канцлері Ангела Меркель. Оның баспасөз хатшылығы «терроризммен күресті желеу етіп, белгілі бір ұлттар немесе діндер өкілдерінен күдіктенуге жол беруге болмайды» деген мазмұндағы мәлімдеме таратқан. Лондон мэрі Садик Хан бұл шектеуді «ұят іс әрі қатыгездік» деп атады. Ол: «Жаңа саясат Американың тірегі болып саналатын бостандық пен төзімділік құндылықтарын жоққа шығарады», – деді. Канада премьер-министрі сөзден бірден іске көшті. Көршілес Канада үкіметі АҚШ-тан шығарылған немесе шекарадан өтпей қалған шетелдік мигранттарды өз жерінде паналатуды ұйғарып отыр. Канада премьер-министрі Джастин Трюдо «Твиттердегі» парақшасында: «Канада репрессия, террор мен соғыстан қашқандарды құшақ жая қарсы алады» деп жазған. Есесіне, Трамптың антииммиграциялық жарлығы Еуропадағы ұлтшылдардың көңілінен шықты. Нидерландының Бостандық партиясы мен Ұлыбританияның Тәуелсіздік партиясы бұл шектеуге қызу қолдау білдірген. Голландиялық ұлтшылдар өз еліне мұсылмандардың келуіне тосқауыл қою керек деп байбалам салып жатыр. Егер бұл партия алдағы наурыз айында жеңіске жететін болса, бұл ойларын жүзеге асыруы әбден ықтимал. Осы күндері президент Трамп сот шешімін жерден алып, жерге салды. «Егер Америкада оқыс бірдеңе бола қалса, онда сот жүйесін кіналаңыздар» деді ол. Оның айтуынша, соттар иммигранттарды бірін қалдырмай тексеруге кедергі жасап отыр. «Адамдар ағылып келіп жатыр. Жаман!» деп жазды ол өзінің «Твиттердегі» парақшасында. Обалы нешік, АҚШ демократиясы қоғамның әрбір мүшесіне, оның лауазымына немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан өз пікірін ашық айтуға мүмкіндік береді. Президент Дональд Трамптың иммиграциялық жарлығы оған деген наразылар қатарын қалыңдатты: лауазымды шенеуніктер, кәсіпкерлер, ірі компания басшылары, дінбасылар, судьялар, түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері бұл жарлықтың конституцияға қайшы екенін айтып, оның теріс салдары басым болатынын ескертуде. Қарапайым америкалықтар әуежайларда «Бұл сіздің де үйіңіз», «Жаңа мекенге қош келдіңдер!» деген жазуы бар плакаттар ұстап, америкалық құндылықтарды – бостандық пен демократияны қорғауға тырысуда. Себебі дәл осы күндері мигранттар мәселесі мұнда демократияның жалауына айналды.

ГЕРМАНИЯ:

МИГРАНТТАР  ЖӘНЕ ДЕМОГРАФИЯ

 width=

Кәрі құрлыққа қарай ағылған мигранттардың басым бөлігі Германияға қарай ентелей ұмтылғаны белгілі. Оған себеп канцер Ангела Меркельдің босқындарды паналатуға бағытталған гуманистік саясаты еді. Бірақ Меркель ханым кейін бұл саясаттан бас тартып, соғыс пен аштықтан, қудалау мен кедейшіліктен қашқан босқын халықтың селін тоқтатуға мәжбүр болды. Сол үшін Түркиямен арада мигранттарды Еуропа шекарасынан асырмау туралы келісім жасалғаны есімізде. Бірақ миллионнан аса мигрант бұған дейін-ақ Германия аумағына кіріп, қоныстап үлгерген еді. 2016 жылы 280 мың мигрант неміс шекарасынан өткен, ал 2015 жылы иммигранттар саны 890 мың болатын. Соңғы статистикалық деректерге жүгінсек, былтыр Германияның тұрғын халықтың саны күрт көбейген. Қазіргі таңда бұл елде 82,8 миллион тұрғын бар. Ресми деректерге қарағанда, халық санының артуы негізінен иммиграцияның арқасы. Мысалы, 2016 жылы Германияға келген адамдардың саны елден кеткендерге қарағанда 750 адамға артық. Егер соңғы 45 жылда қайтыс болғандар саны өмірге келген сәбилер санынан 5 миллионға көп болғанын ескерсек, демографиялық дағдарыс алдында тұрған халықты иммиграциялық толқын құтқарып қалғаны деп түсіну керек.  Себебі мемлекет экономикасы көптеген жұмыс күшіне зәру, оның ішінде қара жұмыс істейтін, «екі қолға – бір күрек» дейтін жұмысшы қауымы тапшы. Алайда Ангела Меркель «ашық есік» саясатын ұзақ ұстап тұра алмады. Оппозициялық партиялар канцлердің иммиграциялық саясатын қатты сынға алды. Келімсектердің тым көп келуінен секем алған қарапайым тұрғындар да наразылық шараларын өткізіп, бұл саясатқа ашық түрде қарсылық білдірді.  Ақыры, Меркель «есікті жауып», мигранттар тасқынын саябырлатуға мәжбүр болды. Еуропалық одақ пен Түркия арасында жасалып, кәрі құрлыққа қарай ағылған мигранттар санын азайтуға бағытталған келісім жүзеге асқалы, Меркель үкіметінің тынысы сәл жеңілдегендей болған. Сонда да Ангела Меркельдің әуелі босқындарды құшақ жая қарсы алуға уәде беріп, миллионға жуық келімсектерді қабылдаса да, кейін өз сөзінен тайып, саяси қателік жасағанын мойындауы оның абыройына айтарлықтай нұқсан келтіргені рас. Обалы нешік, әу баста Меркель ханымның ақжолтай шақыруы сириялық босқындарға тікелей қатысты болған деседі. Бірақ Германияны паналаған мигранттардың ішінде басқа мемлекеттердің азаматтары көп, ал сириялықтардың аз бөлігі ғана неміс жеріне жеткен. Енді Германия үкіметі миграциялық саясатты біртіндеп қатаңдатып жатыр. Мысалы, бұған дейін Ауғанстан, Албания мен Ирактан келгендерге босқын мәртебесін беру қарастырылса, енді олардың көбісін өз елдеріне қайтаруды қолға алды. Жалпы, Меркельдің қарсыластары Герамния жылына 200 мыңнан артық мигрант қабылдамауы тиіс деп санайды. Ұлтшылдық ұрандарының үдей түсуіне қарағанда, жергілікті билік иммиграциялық саясаттың құйрық-жалын бұдан әрі күзей түсетін болар.

КАНАДА:

МИГРАНТТАР ЖӘНЕ  МЕМЛЕКЕТТІК  БАҒДАРЛАМА

 width=

Босқындарды паналатуда Канада басқа елдерге өнеге болуға лайық. АҚШ сириялық және басқа елдерден қашқан босқындардың алдынан есікті тарс жапқаннан кейін, Канада басшылығы олардың бәрін өз еліне шақырып отыр. Тіпті, канадалықтар мұнда келген «сириялық босқындардың тым аз екенін» айтып, жергілікті үкіметтен бұдан да шалт қимылдауды талап етуде. Қарапайым азаматтардың босқындарды қабылдау саясатына араласуында гәп бар. Бұл елде босқындарды паналату ісі жартылай мемлекеттің, жартылай жекенің күшімен жүзеге асады. Осыдан қырық жыл бұрын қабылданған мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, жергілікті азаматтар бес адам болып бас құрап, қажетті қаржыны өз қалталарынан жинақтаса, сырттан келген келімсектерді өз қамқорлығына алуға қақылы. Сондықтан мыңдаған канадалықтар осы құқықты пайдаланып, ұйым құрып, ақша жинап, мигранттарды күтіп отыр. Бірақ шекара асып келетін мигранттардың әрбірі жан-жақты тексеруден өтетіндіктен, босқын статусын алғандарды біраз уақыт күтуге тура келеді. Босқын мәртебесін алуға өтініш берген уақыттан бастап оның түп-тұқиянына дейін, өткенін түгел тексеріп болғанша шамамен бір жыл өтеді екен. Ал АҚШ билігі мұндай тексеруді екі жылда жүзеге асырады. Енді босқындарды күтіп отырған канадалықтар АҚШ қабылдамай қойған мигранттарды өз еліне шақыруды сұрап отыр. Себебі америкалық қауіпсіздік органдарының тексеруінен өткен босқындар Трамп жарлығының кесірінен ғана АҚШ аумағына кіре алмай қалды. Ендеше оларды Канадаға алдырту бір жағынан, гуманистік шара болса, екінші жағынан, жергілікті биліктің түрлі тексеру жұмыстарына уақыт сарп етуінің қажеті шамалы. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, тұрғындармен қатар түрлі қауымдастықтар, мәдени орталықтар, діни ұйымдар қашып-босқан келімсектерді қарсы алып, баспана тауып беріп, қажетті заттармен қамтамасыз етіп, тіпті жұмысқа орналасуына көмектеседі. Осы бағдарламаның арқасында көптеген канадалықтар өз туыстарын немесе бұрынғы отандастарына қол ұшын созды. Бұған қоса, олар босқындарды діни наным-сенімі немесе ұлты бойынша таңдауға қақылы. Мысалы, Канададағы армяндар қауымдастығы Сириядан этникалық армяндарды алдыртып жатқан көрінеді. Жалпы, қырық жылдың ішінде жекелеген тұрғындардың ақшасына Канадаға әлемнің түкпір-түкпірінен 200 мыңнан аса мигрант қоныстанып, жергілікті ортаға сіңісіп кетті. Ең бастысы, канадалықтар сырттан келгендерге келімсектер деп емес, болашақ отандастары ретінде қарайды. Бұл елдің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, мигранттар аз уақытта жергілікті ортаға тастай батып, судай сіңіп, жаңа канадалықтарға айналып шыға келеді. Ал иммиграциялық толқын Канаданың демографиялық жағдайын түзейтіні, сөйтіп, экономиканы тың еңбек күшімен қамтамасыз ететінін айтпаса да түсінікті. Сонда мигранттарды қабылдау бағдарламасы Канада үкіметіне де, жекелеген этностық және діни-әлеуметтік топтарға да, бас сауғалап келген иммигранттарға да тиімді.    

Серіктес жаңалықтары