«Жер аманаты» комиссиясы Қонаев қаласында қоғамдық қабылдау өткізді

«Жер аманаты» комиссиясы Қонаев қаласында қоғамдық қабылдау өткізді

«Жер аманаты» комиссиясы Қонаев қаласында қоғамдық қабылдау өткізді
ашық дереккөзі

Алматы облысында «Жер аманаты» партиялық жобасы шеңберінде 220 мың гектардан аса пайдаланылмай жатқан алқапты қайтару жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматы облысына келген «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері айтты. Кеген, Райымбек, Еңбекшіқазақ ауданына барған өкілдер Қонаев қаласында да азаматтарды қабылдады.

Қонаев қаласындағы қабылдауда Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов, «AMANAT» партиясының Хатшысы Дәулет Кәрібек және Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек азаматтардың шағымын тыңдады.

Алғашқы болып қабылдауға келген Ұйғыр ауданының тұрғыны Фатима Халикова өзі 43 жылдан бері тұратын өңірдегі жерге қатысты заңсыздықтарды айтып шағымданды. Оның айтуынша, жерге қатысты туындаған дау-дамайдың кесірінен тұрғындар ауыз сусыз қалған.

 width=

«Мәселенің шешілмей келе жатқанына 10 жылға жуықтады. Ендігі үмітіміз осы «Жер аманаты» комиссиясында. Жер 9 жыл бұрын заңсыз сатылып кеткен. Сол жерде су болатын. Жердің қожайындары «сатып алыңдар» деп халыққа су бермейді», - деді Ұйғыр ауданының тұрғыны Фатима Халикова.

Сонымен қатар Шеңгелдіден бір топ азамат жайылым жер мәселесін қаузап келді. Талғардан келген азаматтардың да шағымы жайылым мен суармалы жерге қатысты болды. Өкініштісі, кейбірі осы уақытқа дейін қажетті мекемеге арыз жазбаған. Осы орайда, комиссия мүшелері тұрғындарға жауапты органға арыз жазудың тәртібін түсіндірді. Парламент Мәжілісінің депутаты, білікті заңгер Бақытжан Базарбек бұл әкімдіктердің түсіндіру жұмысын дұрыс жүргізбеуінен туындап отырған жағдай екенін айтты.

«Өкінішке қарай, әкімдіктердің тарапынан қазір үгіт-насихат жұмыстары жеткілікті дәрежеде жүргізілмейді. Халық арнайын тексеру жұмысын жүргізуді талап етпек түгілі, тиісті органға қарапайым арыз жаза алмайды. Олар арыз жазған күннің өзінде оны өкілетті органға жолдаудың жолын білмейді», - деді Б.Базарбек.

 width=

«Жер аманаты» комиссиясының құрылғанына жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында 5 миллионнан астам гектар игерілмеген жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал Алматы облысында 601 қожалыққа тиесілі 285 мың гектар пайдаланылмай жатқан жайылымдық жер анықталған. Алайда оның 236 мың гектары уақытша пайдалану үшін жалға беріліпті. Ерікті түрде 44,6 мың гектар жер телімі ел меншігіне қайтарылған.

«Біз тек облыс орталығында ғана емес, алыс жатқан шалғайдағы ауылдарға да бардық. Партиялық жоба аясында Кеген ауданында 6 мың гектарға жуық ауыл шаруашылық жері, сондай-ақ Райымбек ауданында пайдаланылмай жатқан 17 мың гектардан астам жерді мемлекет меншігіне қайтардық. Сонымен қатар Еңбекшіқазақ ауданында пайдаланылмай жатқан 65 мың гектар жайылым жер анықтадық», - деді «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Дәулет Кәрібек.

Айта кету керек, өңірде 220 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан бос алқапты қайтару көзделіп отыр. Оның 150 мың гектары үшін бүгінде сотқа арыз жолданған.

 width=  width=