
Заң баспасөз бостандығын, сөз еркіндігін шектемейді
– Мәжіліс жұмысына 7 депутат ұсынған онлайн платформалар мен онлайн жарнамаға қатысты заң жобасы Мәжілістің қарауына келіп түсті. Бұл, негізінен, болашақтағы Салық кодексі сияқты үлкен құжаттардың дайындығын қамтамасыз ету үшін әзірленіп жатқан құжат. Оған натив жарнама, таргет жарнамасы деген сияқты көптеген жаңа ұғым енгізіліп жатыр. Яғни, нақты бір мақсаты бар жарнамалар. Осыған байланысты нақты баптар енгізіліп жатыр. Осының негізінде мемлекеттік органдарымыздың, қаржы органдары, салық органдары бәрі тиісті топтармен, тиісті мүдделі ұйымдармен жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Дегенмен менің ойымша, бұл жерде ең бірінші – әділеттік мәселесі. Мысалы сіз жалақы алсаңыз да, жарнама берсеңіз де оның салығын төлейсіз. Ал кей азаматтар заңнаманың осал тұсы мен олқылығын пайдаланып, салықтан жалтарып, тікелей ақша алып жатқан жайттар аз емес. Осы заң арқылы жекелеген тұлғалардың құқығын қорғауға мүдделіміз. Мәселен, сіздің әлеуметтік желіде парақшаңыз бар делік. Өзіңіздің пікіріңізді еркін білдіресіз. Бірақ сіз осы үшін ақша алып, жарнама беретін болсаңыз, сіз, біріншіден оны заңдастыруыңыз керек, екіншіден, арнайы жарнама деген белгі қоюыңыз керек. Газет, сайт, телеарнадағы контенттерді қарапайым азамат ненің – жарнама, ненің PR материал екенін анықтай алатыны сияқты, әлеуметтік желіде де айқын көрініп тұруы керек. Екіншіден, бұл заң қабылданып, Президент қол қоятын болса, онлайн платформалардың жұмысы осы арқылы реттелетін болады. Яғни, қолданушының саны белгіленген аудиториядан асқаннан кейін бұл онлайн платформа кем дегенде 3-4 мәселені қамтамасыз етуі керек. Әуелі біздің мемлекеттік органдар мен мемлекеттік тілді дамыту бағытында бірігіп жұмыс істеуі керек. Яғни, кез келген әлеуметтік желінің контенті қалай орыс тілінен испан тіліне немесе испан тілінен орыс тіліне аударылатын болса, қазақшаға да солай аударылуы керек. Содан соң заңсыз контент болса, оны өздері модерациялайтын деңгейге жетуі керек. Мекемелерінде, компанияларында қазақ тілін білетін мамандар болуы керек. Бұл мәселені 2 жылдан бері көтеріп келеміз, қазір нәтижеге қол жеткізіп жатырмыз. Мәселен, TikTok-тың қазақстандық нарыққа қызығушылығы зор. Үшіншіден, тағы бір маңызы – жалған ақпарат таратушыға қатысты баптарды сәл де болса жеңілдетеміз. Яғни, жазаны жұмсартып жатырмыз. Тиісті кодекске өзгерістер енетін болады. Сонымен қатар болашақта жаңа салық кодексі қабылданғанда, салық институттарына жақсы мүмкіндіктер беретін, кімнің-кім екенін, қаржы пирамидасы ма, қайырымдылықпен айналыса ма, анықтауға жеңіл болатын жағдайлар жасалады. Қазір білеміз, халықтан миллиардтаған қаржы жинап жатады, оның қайда кетіп жатқанын тағы білмейміз, одан салық та төлемейді. Негізі, заң осыған бағытталған. Тағы ерекше, баса айтатын мәселе – бұл заң баспасөз бостандығына, сөз еркіндігіне ешқандай қиянат жасамайды, шектемейді. Бұл заң осы саладағы қаржылық-салықтық, ұйымдастыру мәселелерін шешуге арналған. Сессияның соңына дейін қабылданады деп жоспарлап отырмыз, әлі талқыланады, жан-жақты қаралады, сала мамандарымен кеңесетін боламыз.