Аманаттықтар ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтады
Аманаттықтар ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтады
9 мамыр — Жеңіс күніне орай «AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында Шымкент қалалық партия филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов бастаған бір топ халық қалаулысы, партияластар ардагерлер шаңырағына барды.
Бүгінде Шымкентте үш-ақ соғыс ардагері қалған. Соның бірі - Нина Мосунова. Қария биыл 99-ға келіп отыр. Ол 1942 жылы әскерге өз еркімен аттанып, Казань қаласында телеграфист мамандығын алған. Сонан 1943 жылы Можайск маңындағы соғыста қолына пулемет алып жауға қарсы шыққан. 36 әскери бөлімнің «Зенит» бригадасында қызмет етіп, онда радистер бөлімінің командирі болды. Соғыстан соң кассир, кітапханашы, хатшы-машинистка болған. Қазіргі таңда 2 немере, 5 шөбере сүйіп отыр.
Бүгін Нина әжейдің үйіне фракция мүшелері, партияластар арнайы барды. Есімі ел есінен кетпейтін ардақты ардагерлерге сый-сияпатын табыстап, құрмет көрсетті. Соғыс кезіндегі әндерді бірге орындап, майдангер апамыз көзіне жас алып, бейбітшілік – ұлы құндылық екенін, баға жетпес байлық екенін айтып, алғысын білдірді.
Ал «Жастар Рухы» Жастар Қанатының белсенділері әжемізге жәрдемдесіп, үйінің ауласы мен қоршауларын сырлап берді.
Партиялықтар Харьков, Ворошилов Украина майданында Свеостопельде, Латвия, Литва Кеннисбергдегі шайхастарға қатысып, Берлинде жеңісті қарсы алған Қазбаев Абылай атаның шаңырағына да барды. Майдаргер зеңбірекшілер тобында жүріп, неміс танкісіне қарсы тұра білген жаужүрек жауынгерлердің бірі. 1945 жылы 1 мамырда Кинизбург қаласын азат етуші жауынгерлер сапында болған. Елге оралып, қорғасын зауытында темірұсташы, машинист-қазаншы болып қызмет еткен.
Немере-шөбере сүйіп ғасыр жасап, өмірдің ащы-тұщысын көрген ардагерді партияластар мерекемен құттықтап, батасын алып қайтты.
«Бүгінгі таңда Шымкент қаласында Ұлы Отан соғысына қатысқан үш-ақ ардагер қалды. Ендігі парызымыз көзі тірісінде осы кісілерге барынша қамқорлық жасап, көмегімізді аямау. Сізге Ұлы Жеңіс пен бүгінгі бейбіт күндеріміз үшін алғыс айтамыз», - деді Төраға.
Отан үшін отқа түсіп, қан майданда жеткен жеңісі, бүгінгі бейтіт өмір үшін бас иіп, алғыс білдірді.
Отанын қорғауда қайсарлық пен ерлік көрсеткен шымкенттік майдангер Төлепбергенұлы Мұраталы зұлмат соғысты басынан өткерген бүгінде көзі тірі куәгер.
Қаһарман Брест қамалы, Варшава, Данск, Виссмарк, Биттенбург, Перлеберг қалаларының шайқасына қатысқан. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін: ІІ–ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны женгені үшін» және мерекелік медальдармен марапатталған.
Германияның Биттенберг қаласында жауынгерлік жолы жеңіспен аяқталған майдангер елге 1950 жылы оралып, тракторлық бригадасының бригадирі, бухгалтер, ферма менгерушісі болып еңбек еткен. 2 ұл 6 қыздан тараған 19 немере, 10 шөбере ортасында мәуелі бәйтерек болып, марқайып отыр.
Айта кетейік, соғыс ардагерінің жағдайы үнемі партия назарында. Тек мереке күні емес, аманаттықтар әрқашан ардагерлеріміздің жағдайын сұрап, көңіл бөліп отырады.