Тазы баққандардың Үкіметке айтар «назы» бар

Тазы баққандардың Үкіметке айтар «назы» бар

Тазы баққандардың Үкіметке айтар «назы» бар
ашық дереккөзі
1106
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Содан бері тазы мен төбет асырай­тын­дардың жалы көтеріліп қалды. Алдағы күнге үмітпен қарайды. Бірақ алаң­дайтын да тұстар бар. Біз Астананың іргесінде 20 тазы, бірнеше төбет асы­рап отырған Ұлағат Ханзадаға жолығып, осы шаруаның ретін білген едік.

Тазының екі түрі бар

Ұлағаттың айтуынша, қазақ дала­сын­да әу бастан тазының екі түрі бар – жар­ғақ құлақты тазы, шашақ құлақты тазы. Ауы­зекі тілде - жарғақ, шашақ. Кейін­гі кезде ай­тылып жүргендей, жарғақ батыс пен оң­түс­тікте, ал шашақ солтүстік пен шы­ғыста өсе­ді деген ұғым – қате. Бұл екі түр қазақ да­­­­­­ласының қай түкпірінде де әуел­ден бар. Тек батыс пен оңтүстіктің та­зы­сының бойы та­палдау, дене тұрқы қыс­қалау келеді. Ал сол­түстік пен шы­ғыс­тың тазысы, ірі, жүн­дес болады. Бұған қа­рап, ана жақтың та­зы­сы мықты, мына жақ­тыкі әлсіз деген ой ту­мауы керек. Мы­салы, Алатаудың тазылары ша­ғын бол­ға­ны­мен жүрдек келеді. Сол се­кілді жер та­би­ғатына байланысты дене тұр­қында айыр­машылық болғанымен, та­зы­ның аты та­зы, барлық жерде атқаратын «қыз­меті» бір­дей. Ақан серінің Басараласы бір күнде алты қас­қыр алған деген аңыз бар. Қарағандылық Қа­лиолла Жазғыбековтің Сұркиік, қар­қа­ра­лылық Тұяқ Қапановтың да тазыларының даң­қы қасқыр алумен шықты. Әміржан де­ген ағамыздың «Тұйғын» атты тазысы 17 қас­қыр алған. Міне, осы кісілер баптаған ит­тер Арқа өңірінің саятшылық өнерінің ата­ғын шығарды. Тазы тышқаннан бастап, қоян, киік, елік, қарақұйрыққа еркін қуып жетеді. Бор­сық, шағал, қабан, сілеусіндерді де ала бе­ре­ді. Әмбебап. Иісшіл. Өзі қуатын аңды өзі тауып алады. Еуропада аңға шыққанда оны тауып, қуып шығатын иттер бір бөлек, ау­лай­тын иттер бір бөлек болса, тазы соның бә­рін бір өзі істейді. Әлемде ат тізесіне шы­дас беретін жалғыз ит – тазы. Міне, біз дү­ние жүзіне оның осы қасиетін танытуымыз керек. Сонда түрікменнің алабайы, қыр­ғыз­дың тайғаны, испанның азавагы, саханың лай­касы, ирландтың қасқыр алатын иттері се­кілді тазының да атағы аспандайды. Әлем­дік брендке айналады. Ол үшін мем­ле­кет тазы асырайтындардың пікіріне құ­лақ түріп, жағдайын жасауы керек.  width=Сырт көзге жарғақ пен шашақтың көп айыр­машылығы жоқ. Тек жарғақтар тал­май­ды, қанқұмарлау келеді. Оған қазақтың «Ша­шақ алар-алмас, жарғақ жанын қоймас» деген сөзі дәлел. «Тазы бойы жеткенін ала­ды, қайраты жеткенін шалады» деген де сөз бар. Ұлағаттың айтуынша, бұл тазының ша­масын байқататын сөз. Мысалы, қасқыр ау­ла­ғанда тәжірибелі тазыға кейде ауыз­дан­дыру үшін күшік тазылар да қосылады. Мұн­дайда олардың алға шығып кететін сәті де болады. Бірақ қасқырға жақындаған сәт­те иісінен оның қайратын танып, оны ала алмайтынын түй­сік арқылы біледі. Ондайда қалт тоқтап, арт­тағы тазыны күтеді. Қорық­қандықтан емес, шамасын білгендіктен. Арттағы тазы же­тіп қасқырды кеудемен соғып немесе бұ­рап жыққан сәтте бұлар да бір жағынан жа­бысып, тістеп, дәмін алады, яғни тәжірибе жи­нақтайды. Ұлағат көзін ашқаннан бері тазыны кө­ріп келеді. Шал-кемпірдің бауырында өс­кен­діктен атасын әкем дейтін оған Хан­зада ақсақал ит баптаудың қыр-сырын әб­ден үйреткен. Бұл туып-өскен Қызылорда өңі­рінде бұрын әр ауылды итінің түсіне қа­рап танитын. Әйгілі жырау Алмас Алма­тов­тың қарақасқалары мен Нұралы ақса­қал­дың көкқасқаларын Сыр өңірінің жұрты әлі күнге дейін жазбай ажыратады. Ал Шие­лі ауданында өмір сүрген Ханзаданың та­зыларының тұқымы қазір бұның қолын­да. Айтпақшы, Астанаға келгенде ауылда қал­ған иттерін өлердей сағынғаны бар. Со­ны сезген қарағандылық Еркебұлан досы бұған «Қарагөз» атты тазы сыйлады. Өзі жа­тақханада тұратын Ұлағат сол итін асы­рау үшін не істемеді дейсің. Жер үйде тұра­тын ағайын-туыс, таныстарын жағалады. Біреу­дің көмірін түсірді, біреудің үй жұ­мы­сын тегін істеді, әйтеуір, итінің жағдайын жа­сады. Бір итін сыйғызатын орын таба ал­май жүріп, ауылдан «Құмай» аталатын та­зысын алдырды. Содан тұқым алып қал­мақ ниеті бар-тын. Бірақ қартайып қалған та­зы бұл кезде ұрпақ өрбітуге жарамайтын бо­лып шықты. Оның үстіне бір жылдан кейін көзі көрмей қалды. Сол көр қалпында қарсақ алғаны кәдімгідей аңызға айналды. Иіс­шіл тазы қарсақтың әбден өкпесі өш­кен­ше қуып, ақыры алып тыныпты. Кейін қазақ даласының қай түкпірін­де мықты тазы бар деп естісе аңсары ауып тұратын болды. Іздеп барады. Біреуінің кү­шігін алады, біреуінің арланына қаншы­ғын алып барады, әйтеуір, тұқым алуға ты­­­­рысады. Бұның болмысын білетіндер кү­шік, берен мылтық сыйлайды. Қазір 20 шақ­ты тазысы, бірнеше төбеті бар. Астана­ның іргесіндегі Көктал елді мекенінде бір аумақты жалға алып, бағып отыр. ...Міне, сол аумаққа келіп тұрмыз. Тазы­лар байлаулы тұр. Жарғағыңыз да, шаша­ғыңыз да бар. Иесін көрген сәттен бастап, бәрі әртүрлі дыбыс шығарып, «амандасып» жатыр. «Мынаның аты – «Көксерек», – дейді Ұла­ғат шашақ құлақты тазыны көрсетіп. Ал мына сұр жарғақтың аты – «Құба арлан». Сыр өңірі, Маңғыстау жағының жырау­лары­­ның шығармаларында «Алтайы шал­ған құба арлан, Шығатын дәйім құмардан» де­ген жол кездеседі. Яғни, құба арлан – жар­ғақтың мықтысы деген сөз. Түсін көр­діңіз бе, ақша­ғыл құмда сағымданып тұратын құба жон секіл­ді. «Абадан» – деді тұрқы бө­лек тазының тұсына келгенде. Бойы биік бол­ғасын, солай ата­дық. Былтыр қасқырға салып, ауыз­дан­дырдық. Биыл 2-ден асты. Күш-қуаты то­лысты. Дер шағында. Құдай қаласа, ит-құс­ты бездіретін болады. «Жор­ғатай». Сүйкімді кү­шік ойнақтап жүретін тай секілді бол­ға­сын солай аталыпты. «Бұ­ның бәрі қасқыр ала­тын тазылар, – дейді Ұлағат түгел көр­се­тіп болғасын. Қазір көк­темнің кезі, көзіне қан құйылып тұрады. Бос жіберсең, тоқты-торым, қозы-лақ, бас­пақ-бұзауларды да қа­ғып түсуі мүмкін. Жыртқыштығынан емес. Бірақ осы кезде байқау керек. Сон­дық­тан байлап ұстап отыр­мыз. Ертіп шыққанда да әлгіндей оқыс әрекетке бармас үшін ие­сінің мысын сезінуі керек. Айқай салған сәт­те бағынбаса, қам­шымен тартып жібере­міз. «Қасқыр алатын тазының жүрегі де қас­қырдың жүрегіндей болады, – дейді кейіп­кері­міз ойын сабақтай түсіп. Қасқырды өзі­міз жиі соямыз ғой, ал тазыға ота жаса­ған­да қарап жүрмін, екеуінің де жүрегі жұ­дырықтай болады, төменгі жағы мүйіз сап­ты пышақтың балдағындай иіліп тұра­ды. Азуы да солай ұқсас. Теріс азу, ақ азу, де­ген ұғымдар қасқыр, төбет, тазыға қатыс­ты айтылады. «Ақ азуды» Жәркен Бөдеш әдебиетке енгізді, білесіз». «Қазақстанда тазы саны аз» деген пікірді де Ұлағат жоққа шығарып отыр. Осыдан 5 жыл бұрын өз бетімен санақ жүргізгенде 15 мың­ға жуық тазы, 1 мыңға жуық төбет бо­лып­ты. Әрине, ресми дерек емес, бірақ қазір кімде қанша ит бар екенін WhatsApp-топ­тары ар­қылы бәрі біліп отыр. Соңғы он жыл­да ит­терді асылдандыру жұмысы да әл­де­қайда тез жүре бастаған. Өйткені қазір бар­лық мүм­кіндік бар. Қазақстанның қай түкпірін­де қандай ит бар екенін әп-сәтте біле қоясыз һәм in-Draiver-такси арқылы ал­­дыруға бо­лады. Тек иесімен келіссеңіз бол­ды. Ал «та­зы құрып барады» деген пікірді ай­ту­­шы­лар, өзге ұлт өкілдері...

Қала іргесінде қасқыр асырап отырған жігіт

Былтыр республикалық БАҚ, әлеу­мет­тік желідегілер тура Астананың ір­ге­сін­де қасқыр асырап отырған жігіт бар еке­­нін айтып, біраз шулады. Экологтар да­был қақты. Әртүрлі ұйымдар түз тағысын «қорлап отырған» «оңбағанға» шара қолдану ке­ректігі хақында мәселе қозғады. Айқайға сү­рен қосқандардың қатары көп болды. Сол шу туғызған адам – біздің кейіпкеріміз Ұла­ғат Ханзада еді. Қасқыр асырап отырғаны рас. WhatsApp-топ­тардың бірінде Семей жақта бір арлан­ның өлімші хәлде екені туралы ақпар та­ра­ды. Бірнеше жерінен оқ тиген. Атқандар өл­тіруге асықпаса керек. Осы хабар қолына ти­ген Ұлағат оны аттай қалап, Астанаға ал­­­­­дыртты. Қасқырдың денесіндегі әрбір оқ­ты өз қолымен суырып алып, емдеді. Әуел­де тырп етпей жатып, жан тапсыруға бейіл болған арлан бірте-бірте адамның қам­қорлығына бой үйрете бастаған. Енді Ұла­ғаттың төбесін көргеннен дәл ит сияқты жылмаң қақпағанмен, жылы рай танытады. Жалғыз болмасын деп құртқасын үш айлық кезінде сатып алды. Екеуі бір тордың ішінде өмір сүріп жатқан. Сол кезде «жанашыр» біреу­лер жоғарыға сыбырлай қойыпты. Со­дан сергелдең күндер басталды. Ажалдан ара­шалап, күніне 4 келі ет беріп отырған бұл нағыз қанішер, жауыз болып шықты. Қор­шаған ортаны қорғау министрлігінің өкіл­дері келіп, хаттама толтырып, айыппұл сал­ды. Сотқа берді. Қасқырларды босатып жі­беру керектігі жөнінде сот шешімі шықты. Айып­пұлын төлеген бұл түз тағысын беті­мен жіберуге асығар емес. Тағысын деп отыр­­ғанымыз, қаншығы өліп қалды. Ал ар­­лан бұның қолына түскен сәтте әлі ауға тү­се қоймаған екен. Яғни, өз бетімен аң қа­ғып көрген емес. Тек қолдан ет жеп келеді. Де­мек, қазір қоя бергенімен далаға сіңіп ке­те ала ма? Әлде адам іздеп, ауылға келіп, бір аңшының қолынан ажал құша ма? Сон­дықтан оны бірден далаға қоя бермей, ұлт­тық паркке жіберу керек. Әуелі түздің өмі­рі­не бейімделгені абзал. Жақында шақырған сот орындаушыларының алдында осылай деп түсініктеме жазып шықты.  width=Арланды босатуға асықпай отырға­ны­ның тағы бір себебі бар. Әу баста арланды ал­дырғандағы мақсаты киноға түсіру бола­тын. Кәнігі аңшы Қалиолла Жазғыбеков ақ­сақал туралы фильм түсірмек. Өзі сце­на­рийін жазып, әзірлеп те қойды. Тек қаржы жа­ғы қолбайлау боп тұр. «Қазір кинолардағы қас­қырдың «рөлін» боялған иттер орындап жүр», – дейді кейіпкеріміз. – Бірақ ешқандай ит қасқырдың жанарындағы жарқылды дәл «бе­ре алмайды». Сондықтан да мен түсіретін фильмде нағыз арлан болса деп ем. Мына қас­қыр маған сол үшін де керек. «Қорық­пай­­сың ба?» – деймін «Көксеректегі» Құр­маш есіме түсіп. «Әрине, сақтанамын. Тор­дың ішін тазалауға кіргенде қолыма күрек, айыр алып кіремін. Артық қимылын бай­қа­сам, қағып жіберемін. Ондайда арлан өзіме шап­пай, күректің сабын тістейді. Бұнысы «са­ған жамандық ойламаймын» дегені. Жа­ман ойы болса, өзіме тура шабар еді ғой. Қас­қыр жасаған жақсылығыңды ешқашан ұмыт­пайды! Ал ертіп жүргенде жетекке кө­неді. «Көксеректі» айтып қалдық қой. Ұла­ғат­тың пайымынша, Мұхтар Әуезовтің туын­ды­сына көркем шығарма ретінде ғана қа­ра­ған жөн. Сосын әлеуметтік желілерде оқ­тын-оқтын шығатын «Қасқыр бір-ақ рет жұп құратын көрінеді. Қолға үйренбейді екен...» деген әңгімелердің де негізі жоқ. Қас­қыр туралы білмейтін адамдардың тұжырымы. – «Қазақ қыран құсты да қолға үй­реткен, – дейді ол. – Мысалы бүркітке то­маға кигізу үшін сіз оның қырық күн ұй­қы­сын аласыз. Әткеншекке отырғызып қойып, тербетесіз. Маужырап бара жатқан кезде оятып аласыз. Титтей де қалғуға мұр­ша бермейсіз. Қырық күнде әбден талған бүр­кіт томағаға мойынсұнады. Яғни, бос­тан­­­дығынан айырылады. Оның қасында қас­қыр дегеніміз даланың иті ғой. Иә, рас, терісін тірідей іреп сойып жатқанда дыбыс шы­ғармайды, аштан өлуге де бар. Бірақ шөл­ге шыдамайды. Тұзды ет беріп, үш күн су­сыз қалдырсаңыз, өліп кете жаздайды. Сол кезде су берген адам – қасқырдың досы, оны және ешқашан ұмытпайды». Сенбей тұр­ғанымды аңғарса керек, Ұлағат бір жы­миып алып, мені анадай жерде тұрған темір қор­шауға бастады. Ой, Алла-ай, ішінде қас­қыр тұр. Арлан. Көзінен от шаша қарайды. – Кәні, келе ғой, жоныңнан сипайын, – деді Ұлағат қамқор үнмен. Арлан тордан басын шы­ғарып, оның алақанына тосты. ...Қазақ «Қасқыр да қас қылмайды жол­дасына» дейді. Қасқыр өз ортасынан жау із­де­мейді. Екі әуектен шыққан қасқыр қы­сыл­таяң сәтте бетпе-бет келсе, бір-біріне тиіс­­­пейді. Аңшылар тақап келіп қалғанда қан­шығы мен бөлтіріктерін сақтау үшін өзі қа­рауылға ілінетін тұсқа шығып, мүлде бас­қа бағытқа «ертіп» кетуге тырысады. Яғни, ұр­пағы үшін жан беруге бейіл. Қасқыр 1 жыл 8 айға толғанда күші то­лысып, жан-жағына қарай бастайды. Бұл кез­де арланы бөкей, қаншығы бөрте ата­ла­ды. «Ерте-ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде» деп басталатын қазақ ертегісінің түп-төр­кі­ні осында жатыр. Қарашаның аяғы, жел­тоқ­санның басында «текебұрқақ» бас­тала­ды. Бір жарым, екі айдан соң «бөрісырғақ» келеді. Сол бөрісырғақтың алдында, әсіресе, бөрте аңшылығын көрсетіп қалуға тырыса­ды. Арландардың көзіне түсу үшін ешкі тұ­қымдас жануарларды қырып салады. Ана жер­де де, мына жерде де ешкі жүні ша­шы­лып жа­тады. «Ешкі жүні бөртеде» деген сөз­дің түб­ірі осында болуы мүмкін. Ал бөкей – өзіне сенімді жас арлан. Қа­зақ­тың баласына Бөкей деп ат қоятыны да со­дан. Бөкей ордасын, Әлихан Бөкейха­нов­ты еске алыңыз. Балқаштың, Ақтоғайдың, Шұбартаудың қазағы қасқыр атаулыны әлі күн­ге дейін бөкей дейді. «Бө­кей жүріп өтіпті», «Бөкейдің ізі жатыр...» дей­ді.

Ұлттық ұғымнан алыстамауымыз керек

Ұлағаттың айтуынша, тазы асырау оңай шаруа емес. Оған тамақ тауып беру арзанға шық­пайды. Бірақ олар бұл жөнінде ешқа­шан өкіметке шағым айтқан емес. Ем-до­мын да өздері жасайды. Чип салу керек деп еді, бұны да орындады. Президент пәрменінен кейін бұл са­ла­ға көңіл бөліне бастады. Біраз қар­жы бөлінетін де сыңайы бар. Міне, осы жер­де бір назар аударатын мәселе бар. Сол қар­жыны бөлетін комиссия құрамында, осы жайт талқыланатын жиындарда тазы өсі­ретін жігіттер болуы керек. Бұл өте-мөте ес­керілуге тиіс жайт. Әдетте бұндай кезде орыс­тілділердің дауысы басым болып жа­тады. Ит өсіруші қазақтар ожаудан қағыл­маса екен. Бұл – бір. Екіншіден ит өсіретін орын­дар көп болуы керек. Бәрін бір орынға жи­нау монополияға алып келеді. Ал мо­но­по­лияның неге алып келетінін көзіміз көріп отыр... Кинодром салынатыны белгілі болды. Ол Алматыдан орын тебеді деп ұйғарылып­ты. Ұлағаттың байламынша, бұл мәселені қай­та қарау керек. Кинодром Астана маңы­нан салынуға тиіс. Мысалы шаһар түбіндегі әйгілі Бозоқ қорғанының жанынан салынса, жү­зікке қас қондырғандай болар еді. Бірін­шіден, ит жүгіртуге жазық дала қолайлы. Екін­шіден, ескі тарихты жаңғыртамыз. Бо­­­­зоққа көңіл бөліне бастайды. Құсбегілік өнер­ді дамытуға да жол ашылады. Ұлттық өне­ріміз де өріс ала бастайды. Мысалы қыр­ғыз бауырларымыз бірнеше жылдан бері ұлы дала ойындарын өткізіп жүр. Қатысу­шы­лардың қатары жыл сайын көбейіп ке­леді. Олар қонақүй жалға алмайды. Өйткені қырғыздар киіз үй тігеді. Бір қызығы, соңғы жылдарда үй сатып алушылардың саны арт­қан. Қырғыздың үйшілері нәпақасын айы­ра бастады. Үй тігуді үйрету де – кәсіп. Үйін жалға беру де иесіне тәп-тәуір тиын-те­бен әкеледі. Шіркін, бізде де жылына бір рет салбурын ұйымдастырылса, талай қа­зақ­тың мұрты майланар еді ғой. Әрі ұлттық спортымыз да еңсе тіктер еді.  width=Тағы бір мәселе – құжаттандыру. Қазір бір итке «дүкімет» алсаңыз – 12 мың теңге. Ауыл­дағылар үшін оңай емес. Сосын ин­тер­нет заманында еGov жүйесімен берілсе, ит еге­сінің бейнеті жеңілдей түсер еді. Сосын осы құжат беретін кезде бәрі орыс тілінің ың­­­­ғайына жығылады. «Пол какая?» деген сұ­рақ алдыңыздан шығады. Еркек, ұрғашы деген жауап жазылады. Ұлағаттың бай­ла­мынша, олай емес, арлан, қаншық деп жа­зылуы керек. Сонда ұлттық ұғымға жақын­дай түсеміз. Ақыры әлемге тазы мен төбетті та­нытамыз деп жатырмыз, ол «Среднеа­зиатс­кая борзая», «среднеазиатская овчар­ка» емес, тазы, төбет деп қазақша таңба­лануы керек. Бұл – принципті мәселе. Со­сын түсін де қазақша жазу керек. Ақшулан, көк­шулан деп жазуға не кедергі? Әйтпесе, мы­на қалпымызбен біз байырғы қазақ ті­лінен ажырап қалатын түріміз бар. Қазір құртқаның аналық қасқыр екенін сөздікке қа­рап ұғатын ұрпақ өсіп келеді...

Төрт мыңға жуық сөзден айырыламыз

Бірде топ жігіт Алматы облысының ау­­­­­мағында қасқыр аулап жүріп, бір үй­ге түсті. Үй иесі: «Балалар, ауқаттанып алың­д­ар» деді бір кезде. Есік алдында бірі мыл­тығының ұңғысын тазалап, бірі тағы бас­қа шаруамен айналысып жатқан жол­дас­тарына Ұлағат: «Жігіттер, ас ішіп алайық» де­ген сол екен, ақсақалдың түсі бұзылып «Тәйт» десін. Бұл түсінбей қалды. Ішке кір­ге­сін де ақсақал өз-өзіне келе алмай отырды. «Әй, балам, менің жоқтығымды бетіме бас­қаның жарамады» деді бір кезде бұған қа­рап. «Ақсақал, түкке түсінбедім. Не боп қал­ды?» деді бұл абыржып. «Баспақтың етін ас­қызып едім, сол үшін де ауқаттанып алың­дар дегем. «Ал сен жолдастарыңа: «Ас ішіп алайық» дедің. «Ойбай-ау, ақсақал, екеуі бір нәрсе емес пе?». «Жоқ, – деді ақсақал тү­­­­­не­ріп, – ас бөлек, ауқат бөлек. Жылқы етін ассам, асқа келіңдер деп өзім-ақ айтар едім ғой. «Сонда қалай?» – деді бұл аузы ашыл­ған күйі. «Солай. Ас деген сөзді қазақ жыл­қының, түйенің етіне қатысты айтқан, ба­лам. Есіңде жүрсін, қой – қонақтық,сиыр – сорпалық, жылқы – сәндік, түйе – бай­лық». Қа­зақ тілін біршама білем деп жүрген ба­ты­рың осылайша шалқасынан түсе жаздаған. Алпысыншы жылдарда Шым­кент жағынан Алматы облысына қоныс аударған қазына қарт­тың әңгімесін ары қарай ықыластана тың­дап еді.  width=Бұрын журналист болып қызмет етті, қа­зақтың аузы дуалы қаламгерлерімен ара­ла­сып жүр, байқағаны, қазақы дү­ние­та­ным­нан ажырап барамыз. Мысалы қазір бүр­кіт­тің төрт тырнағын ажырата алмайтын хал­ге жеттік. Өз пайымынша, саятшылық өнер­ден ажырап қалсақ, 4 мыңға жуық сөз­ден айырылады екенбіз. Қазір көп сөз ақын-жазушылардың шығармаларында ғана қалды. Кейінгі буын оны да басын жарып, кө­зін шығарып қолдана беретін болды. Мы­с­алы, «Атбегіден» құтыла алмай жүргенде соң­ғы жылдарда итбегі деген сөз шықты. Тура «мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шық­тының» кері. Атбегіңіз – сейіс қой. Бұрын қа­зақ атсейіс дейтін. Ал ит бағатын адамды кім дейтінін Әлкей Марғұлан таңбалап кет­кен – саятшы. Әйгілі ғалым өз еңбектерінде қар­­­шыға, ителгі, сұңқар, лашын, бидайықты саят құстары дейді. Яғни, тазы ұстаған саят­шыға көмекшілер. Ал қыран құстардың жө­ні бөлек. Олар кез келген аңды ала береді. Сон­дықтан тілімізді «атбегі», «итбегі» секілді арам сөздерден тазарту керек. Құсбегі ғана өз орнында тұр. Түбірін қуаласаң, тілімізде аңшылық та­нымнан енген сөз көп. Мысалы бәрі­міз жаппай қолданатын «ерсі» деген сөз. Алыс­тан ат үстінде келе жатып жауыры­ны­ның алды биік, арты жатаған тазы көрсе қа­зақ: «Ай, мынау ерсі екен» дейді. Теріс бұры­лып жүре береді. Ал жамбасы қоянның жоны секілді биік, жауырыны жамбасынан тө­мен жатаған болатын болса: «Ай, жарық­тық, қақпан бел, екен» деп сол үйге арнайы тоқтап, күшігін не өзін алуға ты­рысады. Тазының жаңа жүріп өткен аң­ның исін сезген сәттегі жортып-жортып, біре­се оңға біресе солға жосып отырған ша­лыс жүрісін сәтін «кербез», әлі толық ша­бысқа енбеген, бір жүгіріп тоқтап, жан-жа­ғынан із қарап жүрген сәтін «жосу» дейді. Қа­зір «жосуды» да орынды-орынсыз жо­сыл­та беретін болдық... Қуандық Шаңғытбаевтың шығар­ма­ларын­да қансүрек деген сөз кездеседі. Қан­сүрек – қасқыр мен иттің қосындысы. Жал­пы ит пен қасқырдың ДНҚ-сы бірдей. Бір ғана айырмашылық, қасқырдың ДНҚ спи­ралы түкті, иттікі тықыр болады. Ал екеуі будандасқанда 7 түйіннен өтіп, 8-інші түйін­ге келгенде негізгі ақпарат қасқырдың гені арқылы беріледі. Яғни, түкті болады. Ешқандай лабороториясы жоқ қазақ бұны қайдан білген десейші. Міне, сондықтан тазы мен төбет өсіру мә­селесін ұлттың тілінен, дүниетанымынан бөлек қарауға болмайды. Мемлекет басшысы жоғарыда атал­ған заң­ға қол қою арқылы тазы мен тө­бетті әлем­дік брендке айналдыруға мүм­кіндік жа­сап отыр. Тек осы мәсе­ле­де ұлттық мүдде ес­керілуге тиіс. Сонда ғана қазақтың маң­дайы жарқырайды. Тіліміз де дамып, туризм де еңсе тік­тейді. Соған назар аудару керек.

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары