50775
Қазақстанда тұрғаннан кейін қазақ халқының дәстүрін, тілін биікке көтеруіміз керек – Ершат Асматов
Қазақстанда тұрғаннан кейін қазақ халқының дәстүрін, тілін биікке көтеруіміз керек – Ершат Асматов
– Қазір үлкен өзгерістердің алдында тұрмыз. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Осы мереке қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясы болып өтті. Ассамблея мүшесі ретінде осы маңызды жиынға қатысып, ұлттық мәдени орталық басшыларымен, ассамблея мүшелерімен, журналистермен, қоғам қайраткерлерімен пікір алмастық. Қазақстанның бірлігіне, тұрақтылығына, бейбітшілікке, қоғамдық келісімнің нығаюына үлес қосқан мамандар орынды ұсыныс айтты. Әрине, бәріміздің ортақ мақсатымыз – Қазақстандағы негізгі ұлт – қазақ халқының төңірегіне топтасып, елдің игілігі үшін жұмыс істеу. Бәріміз бірлігімізден ажырамай, алға қадам бассақ, арманымызға жетеміз, ел мерейін асырамыз деген ойдамын. Ассамблеяда көтеріліп жатқан мәселелер осыған келіп тіреледі.
Қазақстанда тұрғаннан кейін қазақ халқының ұлттық мәдениетін, салт-дәстүрін, мемлекеттік тілді биікке көтеріп, мәртебесін арттыруымыз керек. Қазір осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз. Мысалы, Қазақстандағы ұйғыр халқы мемлекеттік тіл мәселесінде қиналмайтынын мақтанышпен айта аламын. 99 пайыз қазақ тілінде еркін сөйлейміз. Ары қарай қазақ тілін одан да жақсы меңгеруге күш салуымыз керек. Кейінгі ұрпаққа осы бағытта тәрбие беруіміз қажет.
Қазір сыртқы күштерден біздің достығымызды, ынтымағымызды көре алмай жатқандар бар екені айтылады. Олардың тұзағына түсіп қалмауымыз керек. Ең бастысы, әрбіріміздің ниетіміз түзу болса деймін. Қазір ақпарат заманы. Әлеуметтік желіге пікір айтқанда да абай болу керек. Бұл жағынан журналистерге көбірек жауапкершілік жүктеледі.
Сессияда айтқан тағы бір жаңалық – Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан әдебиетшілерге, журналистерге, өнер адамдарына арнайы сыйлық тағайындап жатыр екен. Оның Мемлекеттік сыйлықтан кем болмайтыны айтылды. Аталған бастама сала мамандарын ынталандыратын дүние деп ойлаймын.
Әке-шешем де, өзім де Қазақстанда туып-өстік. Анығырақ айтсам, Алматы облысы Ұйғыр ауданы Кіші дихан ауылынанбыз. Мектепті сол жерде бітірдім. Педучилищені бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдадым. Содан кейін Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, қазақ бөлімінде оқыдым. Қазақ достарымның арқасында қазақ тілін жетік меңгердім. 33 жылдан бері журналистика саласында қызмет етіп, оның 9 жылында «Қазақ газеттері» ЖШС-не қарайтын «Уйғур авази» газетін басқарып келемін.
Қазақстан халықтарының бірлігі күнінде баршаға тілерім – бәріміз тәуелсіз еліміздің тұтастығын сақтап, халықтар достығын, бірлігін нығайту жолында аянбай еңбек ете берейік. Негізі, осы бағытта көбірек жұмыс істеуіміз керек.
Отанымыз Қазақстанның жарқын болашағы үшін қызмет ету парызымыз деп есептеймін. Бүгінде 4-5 жастағы немерелерім Қазақстан Әнұранын естісе қолын жүрегіне қойып, қосыла шырқайды.