Күркетауық бағып, Gelandewagen алған Бақыт

Бақыт 4 мил­лион теңге табыс табады. Оның 3,5 мил­лион теңгесіне Gelandewagen көлігін са­тып алған.

Күркетауық бағып, Gelandewagen алған Бақыт
ашық дереккөзі
50546

«Кәсіп етсең – көгересің» деген қа­ғи­даны ұстанатын жанның бірі – Ба­қыт Кенжебаев. Он жылдан бері күр­кетауық бағумен айналысатын оның ісі көбіне таңсық көрінуі мүмкін. Өйт­ке­ні елімізде бұл іске ден қойғандар аз. Ал бүгінгі кейіпкеріміз санаулы адам айналысатын кәсіптің көзін та­уып, ұршықша иіріп отыр.

Ба­қыт Кенжебаев Шымкенттегі Бауыржан Мо­­мышұлы атындағы №44 мектепті то­ғы­зын­шы сыныпқа дейіп оқып, кейін кол­ледж­де автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша білім алған. Оқуды үздік бітір­ген­мен, мамандығы бойынша жұмысқа орна­ла­судың реті келмепті. Сөйтіп, ойлана келе, ауыл­ға оралып, кәсіп бастауға бел буады.

«Ата-анам кішкентайымыздан еңбекке бау­лыды. Әкем отыз жылдан бері қой бағады. Қа­сында көмектесіп жүретінмін. Үлкен өмір­ге қадам басқан соң, оның үстіне маман­ды­ғым бойын­­­ша қаладан екі қолға бір күрек та­был­мағандықтан ауылға келіп, әке-ше­ше­ме кө­мектесейін әрі жеке кәсіп бастайын деп ой­ладым. Бұрын күркетауықтың етін жеге­ні­міз болмаса, бағуды білмейтінмін. Содан әке-ше­шеме қой емес, күркетауық баққым келетінін айт­тым. Сөйтіп, бірден ал­тауын са­тып алып, кәсібімді бастап кет­тім», – дейді Ба­қыт.

 width= Ертеден мал ұстаған кейіпкері­міз­дің жа­­­қындарына бұл іс таңсық кө­­рінеді. Сон­дық­тан оған «Баланың тір­лігін жаса­ма, одан да қой, жылқы бақ» деп кеңес бер­гендер аз бол­мапты. Бірақ ал­ған бетінен қайт­пайтын Ба­қытты ешкім райы­нан қай­тара алмаған.

«Тәуекел еткеннен кейін кері шегінгім кел­меді. Ағам екеуміз басында күркетауықты қалай жемдейтінін, қанша шығын кететінін есептедік. Пайда табу жолын білгеннен кейін тиімді кәсіп екеніне көзім жетті. Егер 10 күр­кетауық бағып, сатсам, 50 мың түседі. Ал 200-ін бақсам, 1 миллион теңге табыс таб­а­мын. Оны 12 айға бөлгенде, әр айға 83 мың­нан түседі. Бұл – қаладағы орташа айлықтың бірі. Ауылда жүріп, осындай қаржы тапсам, жа­ман емес деп ойладым. Мен кәсіп бастаған 2011 жылдары әлеуметтік желі қатты да­мы­ма­ған, интернетте мәліметтер аса көп емес еді. Өз бетіммен тынбай әрекет ете бердім. Со­ның нәтижесі шығар, 19 жасымда 6 күр­ке­тауықтың санын 200-ге жеткізіп, алғашқы мил­лионымды таптым», – дейді шаруа.

Осылайша, кәсіптің қыр-сырына қа­ны­ғып, ауылда жүріп-ақ миллионер атанған ба­ла мұнымен тоқтап қалмайды. Күр­ке­тауық­тың санын мыңға дейін жеткізеді. Күр­кетауық өсіріп, оларды күтіп-баптау тө­зімділікті қажет етеді. Орташа есеппен бір күр­кетауық 15 балапан шығарып, тез кө­бей­генімен, табиғаты нәзік келеді. Әрқайсысына мейі­ріммен қарап, көңіл бөлмесеңіз, ауырып қа­лады. Біреуі ғана ауырмай, бәріне жұқ­ты­ра­ды. Сонымен қатар тез жаурағыш келеді. Ауа райы күрт бұзылған кезде тез арада ше­шім қабылдап, әрекет етпесеңіз, олар әп-сәт­те қырылып қалуы мүмкін. Бақыт мың күр­кетауық баққан жылы біраз қиналғанын ай­тады. Айналадағы шөп пен шегірткенің бә­рін жеп, жерде түк қалдырмаған соң күр­кетауықтарын алдына салып, күре жолдың ар­ғы бетіндегі қырға көшкен.

«Құстарды жайылымға шығарғанымда аяқ астынан бұлт кетіп, күн ысып кетті. Түс уа­қыты болатын. Мың күркетауығым қырда, су­дан алыс жерде шегіртке жеп жүрген еді. Екі қырдың арасы жеті жүз метрдей жер. Екін­шісіне айдап апарайын десем, ыстықтан жүр­мей, майда шөптердің көлеңкесін пана­лап жатып алды. Бәрі шөлдеп жатыр. Содан қо­лыма сыйғанынша алып, тасыдым. Ара­сын­да бір айлық болып өсіп қалған балапан­дар бар. Содан жақын жерде лас су бар еді, амал­сыз соны ішті. Ертесіне бәрінің іші өтіп, ауы­рып қалды. 200 күркетауық қырылып, қи­налған күндерім болды. Талай ұйқысыз түн­дер өтті. Ондай сәтте көңілім құлазып, әр­­­қайсысының жазылып кеткенін тілеп оты­рамын. Кәсіпті несие алып немесе ке­піл­ге зат қойып бастаған жоқпын. Дегенмен, өз ба­лаңдай мәпелеп өсірген оларды өлімге қи­майды екенсің. Осы жағдайдан сабақ ал­дым. Мұндай кезде өзіңді қолға алып, сабыр сақ­тау керек. Уақтылы көңіл бөлмесеңіз, бұлардың өмі­рі бір сағатта өзгере салады. Мысалы, бір-екі сағатта суы дұрыс берілмей қалса, ауы­рып қалады. Сондықтан барынша мұқият бол­ған жөн. Басында тілін түсіне бермейтін едім. Қа­зір де көрген адамдар «бағып жатқан тә­сі­лің қиын ғой» деп айтады. Әрқайсысын же­ке қорапқа салып бағамыз», – дейді кейіп­керіміз.

Екі жүз күркетауықты өлтіріп алған соң, туыс­тары қалған сегіз жүзін сатып, басқа кә­сіппен айналысуға кеңес береді. Осыдан кейін балапандарын аман-есен өсіріп, союға жа­раған соң сегіз жүзін біртіндеп сатып, 4 мил­лион теңге табыс табады. Оның 3,5 мил­лион теңгесіне Gelandewagen көлігін са­тып алды. Ондағы ойы жастардың үйлену тойы алдындағы серуеніне көлікті жалға бе­ріп, табыс табу еді. Алайда бұл жұмысы да көңі­ліне қонбай, қайтадан күркетауық бағу­ды қолға алған. Бақыт қазір кәсібін қайта жандандырып, 300 құс өсіріп отыр. Басында базарға шы­ға­рып сатса, қазір үйінен аттап шықпайды. Се­бебі тұрақты тапсырыс берушілер өздері із­деп келетін болған. Жол бойында ары-бері ағыл­ған көлік жүргізушілері де күркетауық ба­ғып жүргенін көрген соң, тоқтап, сатып ала­ды екен. Ол күркетауық етінің дәмін бір тат­қан адам міндетті түрде екінші рет ке­ле­тінін айтады. Айтуынша, салмағы үлкейіп, ет­ке дайын болған қораздары 8 келіге дейін, ал мекиендері 6 келіге дейін ет береді екен.

 width= Фото: Әйгерім Бегімбет

«Мың баққан адамға 200-300 бағу оңай. Бұ­лар тауық сияқты бөлек емес, топталып жайылады. Етінің дәмділігі жоғары. Суды да көп талап етпейді. Күнделікті же­міне келетін бол­сақ, бидай, арпа бе­ре­міз. Тамақтың құ­нар­лысын жейді. Шөптің құнары дәнге ке­леді емес пе? Қиындығы сол, балапан кезі. Бір ай­дай же­тілдіру қиын­дық тудырады. Одан кейін оңай. Таңертең ерте 2-3 сағат жайы­лады. Түс уа­қы­ты­сында дема­лып, кешке тағы жа­йы­лады. Жалпы, күркетауық ақылды келеді, адам­ға тез үй­ре­неді. Олардың қанатын са­бала­ға­нына, шегірткені қуып жүріп ұста­ға­нына қызыға қарап тұрамын. Әсіре­се, ана­сының баласына деген мейі­рімін сөзбен ай­тып жеткізу мүмкін емес. Олар баласы үшін иттің аузына тү­седі. Жыртқыш баласын жейін деп тұрса, өзін құрбан етеді. Олар жаздыгүні ертемен қырға қарай ке­теді. Ал өзім ұйқылы-ояу күйде соң­да­ры­нан жүгіремін. Екі-үш сағат жайған соң, са­ғат 8-9-да үйге таңғы асымды ішуге келемін. Еті құнарлы, дені сау болуы үшін бәрін та­би­ғи жағдайда баптағанға мән беріп жа­тыр­мын», – дейді кәсіпкер.

Кейіпкеріміздің енді тек күркетауықтың еті­нен түрлі тағам әзірлейтін дәмхана ашуды жос­парлап жүргенін айтады. Кәсіпкерлік са­ла­сындағы білімін үздіксіз жетілдіріп оты­руды жөн көретін ол осы кәсіпті серік етемін деу­шілерге тегін ақыл-кеңес беруге әзір.

«Ешкімді кінәламай, ерінбей еңбек етсең, же­місін міндетті түрде көресің. Ешкімге жал­тақтамай, өз кәсібіңмен айналысып, елге пай­даңды тигізе білсең – басты мақсат сол», – дейді шаруа.

Серіктес жаңалықтары