1216
Қайтқан қаражат қанша мектепке жетеді?
Қайтқан қаражат қанша мектепке жетеді?

Биыл жемқорлардан тәркіленген қаражатқа мектеп салына бастайды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Президент былтырғы 1 қыркүйектегі Жолдауында мектептегі орын тап шылығы мәселесіне тоқталып, жемқорлардың заңсыз иемденген қаражаты түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуы керек екенін айтқан болатын.
7 наурызда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қайтарылған ақшаға 70-тен аса мектеп салынатынын мәлімдеді.
Жемқорлар мектеп «салады»
Президент мәлімдемесінен кейін бұл тапсырманың орындалу-орындалмауы екіталай деген мазмұндағы пікірлер айтылды. Сол кезде бұл сөздің жаны бар сияқты көрінген. Себебі жемқорлардан «ақша қашан қайтарылады, қалай қайтарылады, ол қанша ақша болуы мүмкін?» деген сұрақтардың жауабы бұлыңғыр болды. Яғни, қолда жоқ, қашан болатыны белгісіз, қайдан келетіні беймәлім қаражат. Сәйкесінше, мектептердің құрылысы қашан басталатыны, жемқорлардан жиналатын ақша қанша мектеп салуға жететіні де түсініксіз еді.
Дегенмен Президент Жолдау жасағаннан кейін екі айдан соң, 2022 жылғы 10 қарашада Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының» есепшотына 50 миллиард теңге түскенін мәлімдеді.
Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Премьер-Министр тәркіленген қаражатты мектеп құрылысына бағыттау жұмыстары қалай атқарылатынын да түсіндірді. Оның сөзінше, бұл мәселе құқықтық тұрғыдан реттеліп, арнайы жеке шот ашылған.
Тимур НҰРТАЕВ,
Қазақстан құрылысшылар одағының Алматы қаласындағы филиалының директоры:
Шамамен 300-500 оқушыға арналған мектеп салуға болады
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Мәжіліс депутаты:
Мәселе бірнеше министрлік бірігіп жұмыс істегенде ғана шешіледі
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз заңнамаға, бюджет кодексіне арнайы нормалар әзірледік. Онда осы қаражатты аудару үшін Қаржы министрлігінде арнайы бөлек шот қарастырылған. Құқық қорғау органдары тиісті жұмысты қамтамасыз етеді. Осы орайда шешім шығарылған жемқорлар бойынша қаражат Қаржы министрлігінің арнайы шотына түседі, – деді Әлихан Смайылов.Сол кезде шоттағы қаражат көлемі әлі де ұлғаюы мүмкін екені айтылды.
– Қазірдің өзінде шамамен 50 миллиард теңге түсті, жақын арада бұл сома 100 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл қаражат орын тапшылығы бар және үш ауысымда білім беретін, сондай-ақ апатты жағдайдағы мектептері бар өңірлерде жаңа нысандар салуға бағытталады, – деді Әлихан Смайылов.Одан соң Әлихан Смайылов былтырғы қазан айында Түркістан облысына жұмыс сапары кезінде қайтқан қаражат 100 миллиард теңгеге жеткенін, мектеп салуды қаржыландыру қарашада басталатынын айтқан. Ал биыл қаңтарда «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына» түскен қаражат 120 миллиард теңгеге жеткені белгілі болды. Бұл ақпаратты 2023 жылғы 12 қаңтарда Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Президент қабылдауында мәлімдеді. Кездесуде ол сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер бойынша тәркіленген қаражат «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына» тапсырмаға сәйкес жіберіліп жатқанын, қазір арнайы шотта 120 миллиард теңгеге жуық қаражат жиналғаны баяндады. Енді сол қаражат мектеп салуға жұмсалатыны, Оқу-ағарту министрлігі бұл бағытта тиісті құжаттаманы әзірлеп жатқаны да айтылды. Ал 7 наурызда Оқу-ағарту министрлігі нақты қанша мектеп қай жерлерде салынатынын нақтылады.
– Жемқорлардан тәркіленген қаржыға биыл елімізде 70-тен астам мектеп салынады. Бізде мектеп құжаттары мен тізімі бар. Жуырда мектеп құрылысына қаржы бөлінеді. Мектептер еліміздің барлық өңірінде салынады, – деген болатын Ғани Бейсембаев Үкімет отырысынан кейін.Министр жиналған ақшаға жаңа мектептер ғана емес, құрылысы енді ғана басталған мектептерге де қаражат бөлінетінін жеткізген болатын. Бір мектепті салуға қанша ақша кетеді? Сонымен, ресми мекемелердің мәлімдемелеріне сүйенсек, 70 мектеп салуға 120 миллиард теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражаттың барлығы – жемқорлардан қайтарылған ақша. Жалпы, жемқорлардан түскен қаражат мемлекет қазынасына қайтарылатыны белгілі. Қанша қаражат қайтқаны, қанша сома болатын мүлік тәркіленгені туралы арнайы статистика да жүргізіледі. Тәркіленген мүлік арнайы онлайн-платформада сатылып, ақшасы мемлекетке қайтарылады, немесе мемлекеттік ұйымдар мен мекемелердің игілігіне қолданылады. Дегенмен бұған дейін қайтқан қаражат мақсатты түрде әлдебір бастамаға арнайы жұмсалмаған. Бірақ жемқорлардан қайтқан ақшаның сомасына қатысты ақпарат әр алуан. Мәселен, былтыр жыл аяғында Президент қабылдауында болған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов 11 ай ішінде 600 миллиард теңгеден астам қаражат мемлекетке қайтарылғанын айтқан. Бұдан басқа, елімізде және шетелде жалпы сомасы 360 миллиард теңгеден астам заңсыз иемденген қаражат анықталғанын, жақын арада мемлекетке өтетінін мәлімдеген еді. Ал осыдан шамамен бір жарым апта өткенде Бас прокуратурада өткен брифинг кезінде Бас прокуратураның халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметінің бастығы Артур Ластаев 2022 жылғы 6 ай ішінде мемлекетке 631 миллиард теңге қайтарылғанын хабарлады.
– 421 миллиард теңге қылмыстық істер бойынша залалды өтеу тәртібімен қайтарылды: оның ішінде 314 миллиард қолма-қол ақша және 107 миллиард теңге – асыл тастар мен металдар түрінде. Қалған сома монополияны жоюға қатысты жұмыс тәртібімен өтеледі, – деген еді қадағалау органының өкілі. Бас прокуратураның қарауында жалпы сомасы 13,7 миллиард теңгеге тағы 20 талап-арыз жатқанын да қосып өткен болатын.Ал құқықтық статистика деректері бойынша, 2022 жылғы қаңтар-тамызда сыбайлас жемқорлықтан келтірілген залал 2,3 миллиард теңге болып, тәркіленіп, 828,3 миллион теңге ерікті түрде қайтарылған. Яғни, мектеп құрылысына жұмсалғалы отырған қаражат – тәркіленген ақшаның белгілі бір бөлігі деуге болады, дегенмен бұл – басқа тақырып. Себебі мектептің қандай ақшаға емес, қалай, қашан салынатыны маңыздырақ болып отыр. 120 миллиардты 70 мектепке бөлер болсақ, орта есеппен алғанда бір мектепке 1,7 миллиард теңгеден келеді екен. Статистика бюросының мәліметінше, былтырғы жылдың 1-жартыжылдығында салынған 5,7 мың орындық 13 мектепке 14,8 миллиард теңге жұмсалған. Орта есеппен алғанда бір мектепке 1,1 миллиард теңге кеткен. Дегенмен мектептердің бала саны мен өңірдің сипатына қарай әртүрлі болатынын ескеру керек. Осы орайда бір мектепті салуға қанша ақша жұмсалады деген сұрақ қызықтыратыны анық. Қазір «Жайлы мектептер» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Алдағы үш жылда жаңа форматтағы 500-ден астам мектеп салынбақ. Мемлекет оларға бюджеттен 2,6 триллион теңге бөлініп отыр. Қарастырылып отырған 120 миллиард теңгеге сапалы мектеп салу мүмкін бе?

– Егер қандай да бір 1 200 орындық орташа мектеп салу керек болса, онда бұл қаражат, әрине, жеткіліксіз болады. Бірақ мектептер әртүрлі: 3 000 оқушыға, 1 200, 3 000-ға немесе 300 оқушыға да салуға болады. Шамалап айтар болсақ, 1,7 миллиард теңгеге 300-500 адамға арналған мектеп салуға болады. Бір айта кетерлік мәселе, бұл мектептер қалаларда емес, керісінше, қала шетінде немесе ауылдарда салынғанын қолдар едім. Сайлау науқаны болған кезде байқалды, Алматының шеткері аймағында тұратын халық балаларын қаладағы мектепке апарады. Әсіресе, қазақ мектептерінде осындай жағдай көп. Сондықтан қала маңында жақсы мектептер салу керек деп есептеймін, сонымен қатар қала маңында қалалық мектептердің филиалын салған да жөн болар еді. Мысалы, Алматы қаласында орналасқан физика-математика мектебінің Талғар қаласында филиалы болса. Сонда ата-аналар балаларды қалаға апаруға тырыспайды. Сөйтіп, біз қаладан тыс, қала шетінде өмір сүруді де тиімді ете аламыз. Жалпы айтқанда, жоспарланып отырған қаражатқа шағын мектеп салуға болады. Дегенмен мектептерді қала шетінен салған дұрысырақ болады.1 миллион оқушыға орын жетіспеуі мүмкін 19 сәуірде Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов елімізде 143 үш ауысымды мектеп бар екенін айтты. Ал мектептегі орын тапшылығы – 279 мың. Оған қоса, үш мыңнан астам мектепте интернет талапқа сай емес. Саманнан және ағаштан салынған тағы 300 мектеп бар екен. Айта кету керек, елімізде тіпті 1920 жылы бой көтерген, саман кірпіштен салынған мектептер де әлі қолданыста.
– Осы проблемаларды шешу үшін тиісті тұжырымдама қабылданып, ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр, – деді Үкімет басшысының орынбасары.Былтыр оқу жылының қарсаңында бұл мәселе күн тәртібінде екені, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында оқушы орындарының тапшылығы жаңа мектептер салу, сондай-ақ оқу орнының негізгі ғимаратына қосымша құрылыстар салу арқылы ішінара шешілетіні айтылған болатын. 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында балаларды оқыту үшін қолайлы жағдайлар мен орта құру міндеті қойылғаны туралы Оқу-ағарту министрлігі арнайы жауап берген. Жалпы, мектептің аздығы соңғы 1-2 жылда туындап отырған мә-селе емес. Бұған дейін, тіпті 4-5 жыл бұрын да бұл проблема көтеріліп келді. Естеріңізде болса, елімізде алғаш рет бірінші «Ы» сыныбы ашыл-ғаны туралы жаңалық қоғамда қызу талқыланған еді. Балалар үш ауысым, тіпті төрт ауысымға дейін оқуға мәжбүр болып отыр. Бұрынғы Білім және ғылым, кейіннен Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов 2025 жылы мектептерде 500 мың балаға орын жетпей қалуы мүмкін екенін болжаған еді. Сол кездің өзінде тапшылық мәселесі тез арада шешіле қоймайтыны айтылған болатын. Кейіннен министр болжамын қайта жаңартып, 2025 жылға қарай мектептерде 1 миллион оқушыға орын жетіспеуі ықтимал екенін мәлімдеген болатын.
– 2025 жылға қарай бізде миллионға жуық оқушыға орын жетіспеуі мүмкін деген болжам бар. Мұндай жағдай туындамас үшін Президент бір миллион орындық мың мектеп салу міндетін қойды. Өткен жылы (2021 жылы – ред.) 277 мектеп салынды. 277 мектеп әлі салынбаған, – деді министр.Мектеп тапшылығының себебін қаузағанда, ең алдымен демографиялық және миграциялық себептер айтылады. Яғни, халық санының өсуі және көші-қон мәселесі. Министрлік биыл бала туу, урбанизация, өңірішілік және өңіраралық көші-қон көрсеткіштерін, сондай-ақ ғимараттардың тозуын ескере отырып, оқушы орындарының тапшылығы 260 мыңға жететінін айтқан. Ұлттық статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, 10 жыл ішінде та-биғи өсім көрсеткіші, яғни нәрестелердің дүниеге келуі 2 миллион адамға өскен. Ал Білім министрлігі биыл 400 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттайды деген болжам айтқан еді. Яғни, бұл – 2015-2016 жылы дүниеге келген балалар. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2015 жылы 398 458 бала дүниеге келген, ал келесі жылы дүниеге келген сәбилер саны – 400 694. Қазір 5,6,7 жастағы балалар мектепке бірге барады, өйткені барлық балабақшада бұрынғыдай дайындық тобы жоқ. Осыған сүйеніп айтар болсақ, министрліктің болжамы аздау сияқты көрінеді. Жауаптылар, жұмыс істеп жатырмыз деп есеп бергенімен, іс жүзінде бәрі басқаша. Мектеп тапшылығына қарамастан, елімізде мектеп құрылысы баяулап қалған. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, былтыр елімізде жалпы білім беретін 50 475 орындық 85 мектеп салынған. Бұл 2021 жылғыға қарағанда аз көрсеткіш. Оған қоса, министрлік былтыр жыл соңына дейін 140 мектеп пайдалануға беріледі деген еді... Оқу-ағарту министрлігінен 70 мектептің нақты қай жерлерден салынғалы жатқанын сұрап, сауал жіберген едік, бірақ нақты жауап ала алмадық. Мектептегі орын тапшылығы үлкен қалалар мен мегаполистерде өзекті. Әсіресе, Алматы, Астана қалаларында мектеп жетіспейді. Яғни, мұны жаппай урбанизация процесі, халықтың мегаполистерге шоғырлануының салдары десек болады. Мысалы, Түркістан облысында мәселені шешу үшін 200-ге жуық жаңа оқу орнын салу керек. Шымкентте 900 балаға арналған мектепте 4 000-ға жуық оқушы оқиды екен.

– Үш ауысымды мектеп проблемасы үлкен мәселе. Ол проблеманың негізгі екі себебі бар: бірінші жалпы демографияның өсімі және миграция толқындары. Мәселенің шешімі – мектеп салу және салынған мектептер тапшылықты жою қажет. Қазір, әсіресе Алматы облысында проблема ушығып тұр. Қазір облыста 56 үш ауысымды мектеп бар. Атырау облысында, Батыс Қазақстан облысында, Түркістан облысында 10 шақты мектеп бар. Алматыда еңбек миграциясы өте жоғары. Мен бұл мәселе бірнеше министрліктің ведомствоаралық іс-қимылы арқылы ғана шешіледі деп есептеймін. Оқу-ағарту министрлігі, Ұлттық статистика бюросы, Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, жергілікті атқарушы билік – барлығы бірлесе жұмыс істеуі қажет. Олай болмайынша, жағдайды реттеу мүмкін емес. Бізде тек бәрін Оқу-ағарту министрлігіне іліп қойған. Республикалық бюджеттен қаржыны қарастырған кезде Ұлттық экономика министрі, тек қаржыны ғана емес, еңбек ресурстары, миграция, демографиялық өсім көрсеткіші – барлығын қарастыруы керек. Сол жерде экономикалық болжамдар жасалуы керек. Бізде қазір аналитикалық болжам, сараптама мәселелері бойынша Ұлттық экономика министрлігінің жұмысы ақсап тұрғанын көреміз. Жалпы, мектептердің уақытылы салынбауы геосаяси ахуалға байланысты, құрылыс материалдары кей жерде 5 есе, кей жерде 8 есе қымбаттады. Ал олардың алғашқы жоспарлағандағы сомасы сәйкес келмей қалды. Соған байланысты Үкімет тез арада жоспарларға түзету енгізуі керек еді. Осы сияқты түрлі ішкі проблемалар болды. Екінші мәселе, кейде жергілікті атқарушы билік органдарына нысаналы трансферт ретінде бөлінеді, бірақ олар оны мәслихат арқылы басқа бағыттарға бұрып жіберген мәліметтер де өте көп. Сондықтан бұл мәселені өңірлер бойынша нақты қарастыру қажет. Ал «Жайлы мектеп» жобасына келетін болсақ, бұл туралы жұма күні фракция отырысы өтеді. «Самұрық-Қазына» қорын қарап жатырмыз. Сол кезде талқылайтын боламыз. Жалпы, «Жайлы мектепті» 2 500 балаға салу мәселесі бойынша пікірлерімді айтқанмын. 9 айдан кейін құрылы- сы басталады, жобаларды ұсыну процесі жүріп жатыр.Мектеп тапшылығы әлі біразға дейін өзекті мәселе болатын сияқты. Жемқорлардан тәркіленген қаражаттың осы мақсатқа жұмсалуы, әрине құптарлық іс. Десек те, оқу ордаларын салуға керек қаражат та қыруар екенін ескерсек, бұл бастама мәселені түбегейлі шешпейді. Бізге мектептің қандай ақшаға емес, қашан, қалай салынатыны маңыздырақ.