770
Жоспар жақсы, жүзеге асуы қалай болмақ?
Жоспар жақсы, жүзеге асуы қалай болмақ?

10 сәуірде Үкімет ауылдарды дамытудың жаңа тұжырымдамасын бекітті. Құжаттағы жоспарлар мен міндеттер 2027 жылға дейін жүзеге асуы керек. Міндет жүктелген бірнеше жауапты мекемелердің ішінде негізігі жауапкершілік Ұлттық экономика министрлігіне жүктелді.
Бұған дейін қазіргі ауылдардағы ахуал, осы уақытқа дейінгі қабылданған шаралар мен жобалар, сансыз жоспарлардан нәтиже аз болғанына тоқталған едік. Енді құжатта нақты қандай жұмыстар жоспарланып отырғанына шолу жасап көрейік.
Сонымен, алдағы 5 жылда Үкімет ауылдарды қалай дамытпақ?
2022 жылғы 26 қарашада Президент «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Одан бөлек, Үкімет ауылды дамытудың 5 жылға арналған жоспарын әзірлеу туралы тапсырма алған болатын.
Ауылдарды дамытуға бағытталған жаңа тұжырымдама бұған дейін қабылданған, қолданыстағы барлық жоба мен жоспар біріктірілгені, жүйеленгені айтылған еді. Бұл тұжырымдаманың жобасында да көрсетілген.
Жауаптылардың сөзінше, жоспар ауылдардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған. Құжатта ауылдар мен аймақтар игерілу және ауыл шаруашылығы үшін пайдалану сипаты, даму әлеуетіне байланысты 4 типке жіктеліп, оның әрқайсына жеке жоспар жасалған. Мақсаты – ауылдағы халыққа жағдай жасау.
Әр аймаққа – әртүрлі жоспар
Бұған дейін экономист сарапшылар әр өңірдің ерекшелігі ескерілетін жеке-жеке жоспарлар жасалуы қажет екенін жиі айтатын. Бұл жолғы тұжырымдамада ауылдар төрт типке жіктеліпті.
Бірінші тип – халқының саны көп, экономикасы әртараптанған, ауыл шаруашылығы қала маңы үлгісіндегі және ауылдық жерді дамыту үшін әлеуметтік жағдайлары қолайлы өңірлер болса, екінші типі – халқының саны салыстырмалы түрде аз және ауылдық жерлер негізінен аграрлық бағытта маманданған, табиғи және әлеуметтік жағдайлары қолайлы өңірлер. Ал үшінші типі – халық аз қоныстанған және ауыл шаруашылығын жүргізу үшін табиғи жағдайлары аса қолайлы емес өңірлер. Соңғы, төртінші типі – даму қарқыны байқалмайтынын, және даму үшін табиғи-климаттық жағдай қолайсыз өңірлер. Құжатта әр типке жататын өңірлердің аты да аталған.
Ең алдымен, осы барлық төрт типтегі ауылдарға ортақ міндеттер қарастырылып отыр. Яғни, еліміздегі елді мекендердің барлығында дүкендер, ауруханалар, мектептер, мәдениет мекемелері, ұялы байланыс, радио мен интернет желісі қолжетімді болмақ. Сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымның, газ, су құбыры мен кәріз жүйесі болуы, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту айтылған.
Яғни, басқасын былай қойғанда, елімізде әлі күнге дейін өмір сүруге қажетті негізгі жағдай жасалмаған елді мекендер мен ауыл-аймақтар көп. Тұжырымдамадағы деректерге сүйенсек, тіпті жарық тартылмаған ауылдар да бар. Оған кейінірек нақты тоқталатын боламыз.
Бірінші типтегі өңірлерде ауыл шаруашылығы саласына көп көңіл бөлінбек, өңірлердің өнімдері Астана, Алматы қалаларының және еліміздің басқа да ірі қалаларының тұрғындарын отандық азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ететін болады. Жер қатынастарын дамыту көзделген, ауылдарда жаңа жұмыс орындарын құру үшін шағын кәсіпкерлікті, оның ішінде шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға қолдау көрсетілмек.
Яғни, даму әлеуеті жоғары өңірлер ауыл шаруашылығы саласының негізгі драйверге айналуындағы негізгі тетік болуы керек. Бұл жерде өндірілген тауарлар бүкіл елді азық-түлікпен қамтуға тиіс. Естеріңізде болса, бұған дейін Үкімет 2023 жылға қарай елді отандық өніммен 100 пайыз қамтитын боламыз деген еді. Бұл сөз сол сөз күйінде қалып отыр.
Екінші типтегі өңірлерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарықтарына жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Бизнестің барлық түрін, шағын кәсіпкерлікті және ауыл туризмі мен қолөнерді қолдауға баса мән берілмек. Соның ішінде ауылдық кооперацияны қолдау бойынша шаралар қабылданатын болады.
Азық-түліктің қымбаттауына «үлес» қосып отырған делдалдар екені жасырын емес. Өткізу нарықтарын дамыту осы мәселені реттеуге сеп болар еді. Ал ауыл туризмін дамыту мәселесі әзірге бұлыңғыр. Себебі қарапайым жол мәселесінің өзі шешілмей келеді. Бұл мәселеге де алда тоқталып өтетін боламыз.
Үшінші типтегі аймақтар үшін тозған жерді қалпына келтіру, шеткі аудандарда ауыл шаруашылығының аз еңбекті қажет ететін жайылымдық мал шаруашылығы, шөп өсіру сияқты салаларына көшіру көзделген. Сондай-ақ кредитке алуды жеңілдету, техниканы жаңартуға және жем-шөп сатып алуға көмек көрсету мәселелері бойынша жұмыстар атқарылатын болады. Одан бөлек, жер қойнауын пайдаланушылардың өздері жұмыс істейтін өңірлерде халықпен байланыс орнатып, сол жерді дамытуға үлес қосуын ынталандыруға да мән беріліпті.
Елімізде топырақтың құнарсыздануы мен су жетіспеушілігі де аса өзекті мәселе болып тұр. Мәселен, елімізде 24,2 миллион гектар жер (ауыл шаруашылығы алқаптарының 11,2 пайызы) жел эрозиясына, ал 4,9 миллион гектар жер (ауыл шаруашылығы алқаптарының 2,3 пайызы) су эрозиясына ұшыраған. Сала мамандары оны қалпына келтіру үлкен жұмыс екенін айтқан. Мұны да жазған болатынбыз. Ал жер қойнауын игерушілердің көбі әлеуметтік міндеттемені «формалды» түрде орындайды. Бұл мәселе де бұдан бұрын жан-жақты талданған.
Ал төртінші типтегі аймақтарда су және экология проблемаларын шешу, жеңілдікпен кредит беру және салық салу, бизнес-консультация беру, ауылдық кооперацияны құру және дамыту сияқты экономикалық қолдау шараларын енгізуді қоса алғанда, шағын кәсіпкерлікті дамыту шараларының орындалуы қажет.
– Нәтижесінде, 2027 жылға қарай 3,5 мың тірек және спутниктік ауылдар Өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен әлеуметтік игіліктердің барлық спектрімен қамтамасыз етілетін болады, – деп жазылған тұжырымдамада.
Ал қалған шалғайдағы 2,4 мың ауыл, яғни «болашағы жоқ» деп есептелетін ауылдардан аудан орталықтары мен ірі қалаларға халықтың көші-қон ағыны жалғасады деген болжам келтірілген. Айта кету керек, мұндай ауылдарда барлық ауыл халқының 10 пайызы өмір сүріп жатыр.
Тараған ауылдар, тарыдай шашыраған халық
Соңғы 5 жыл ішінде елімізде 276 ауыл тарап кеткен. Табиғи өсім жоғары, бірақ халық қалалар мен аудан орталықтарына үдере көшіп жатыр. Мәселен, 2017-2021 жылдар аралығында көші-қонның теріс сальдосы 47 мың адамнан 79,1 мың адамға дейін өсіпті.
Өңірлер бойынша салыстырар болсақ, ауыл халқының ең көп көшуі Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында байқалады.
Ең көп ауыл тараған облыстардың қатарында Ақтөбе (52), Шығыс Қазақстан (44), Солтүстік Қазақстан (33), Қостанай (31) және Қызылорда (30) облыстары тұр.
Ал 3,3 мың ауылда қазір халық саны 500 адамнан аспайды екен. Тұрғындарының саны 5 мыңнан астам ауылдық елді мекендер небәрі 4,6 пайыз. Яғни, ауылдардың тарау қаупі жоғары.
Аса ірі 17 ауылда халық санының көптігіне байланысты статусын өзгерту мәселесі күн тәртібінде тұр екен. Мысалы, Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылы – 54 мың адам, Түркістан облысындағы Қарабұлақ ауылы – 50 мың адам, Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылы – 47 мың адам.
Ауылдардың тарауы мен ауыл халқының басқа қоныс іздеуіне, әрине, сол жерде лайықты жағдай жасалмағаны, өмір сүру сапасының төмендігі әсер ететіні белгілі. Соның ішінде, шекарадағы ауылдардың жағдайы тіптен мүшкіл.
Бұған дейін шекарадағы ауылдардың жағдайына қатысты сенаторлардың көтерген мәселесі туралы жазған болатынбыз. Депутаттар бұл мәселе еліміз үшін экономикалық қана емес, сонымен қатар саяси және стратегиялық маңызға ие екенін, Үкіметтің ауылдарды дамытуға тиісті көңіл бөлмегенін және сенаторлардың парламенттік тыңдауда берген ұсыныстарының негізгі тармақтарын әлі де орындамағанына тоқ-талған еді.
Тұжырымдамада шекаралық аймақтардағы елді мекендерге жеке назар аударылған. Мұнда инфрақұрылымды жаңарту мен негізгі қызметтерді қамтамасыз етудің арқасында халықтың елді мекендерден көшуін азайту, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және жалпы шекара маңындағы аудандардың экономикалық дамуына жаңа серпін беру жоспарланып отыр. Яғни, бағана айтылған негізгі жоспардан айырмашылығы жоқ. Ал тек шекарадағы ауылдар үшін еңбек тапшылығы бар өңірлердің шекаралас ауылдық округтер тұрғындарының жалақысына қосымша ақша қосу мүмкіндігі қарастырылмақ екен.
Жайлы болса, кім көшсін?
Бірлі-жарым ауыл, аудан орталықтары болмаса, еліміздің басым бөлігінде инфрақұрылым әбден тозған. Интернетпен қамтылу жағдайы пандемия кезінде анық белгілі болды. Басқаны былай қойғанда, шалғай өңірлерде тасжол тозған немесе мүлде жол жоқ, ауызсуы мен жарығы нашар ауылдар бар.
Мәселен, ауылдардың 25 пайызы ғана (1,6 мың ауыл) газбен қамтылған. 2021 жылғы дерек бойынша ауылдардың 99,1 пайызы электр жүйесімен қамтылған. 4 облыста 33 электрмен жабдықталмаған ауыл бар болып шықты. (Абай облысында – 3, Атырау облысында – 4, Қызылорда облысында – 8, Түркістан облысында 18 ауыл). Ауыл тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету жағдайы әлі де шешілмей отыр.
Мектеп мәселесі де өте өзекті. Ауылдық жерлерде барлығы 26 апаттық мектеп бар, олар негізінен Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін перспективалы, қарқынды дамып келе жатқан ауылдық елді мекендерде 146 мың жаңа оқушы орнын пайдалануға беру жоспарланып отыр екен. Оған қоса, PISA-2018 халықаралық зерттеуінің нәтижелері қалалық және ауылдық білім алушылар арасында айтарлықтай алшақтықты көрсетіп отыр. Білім беру теңсіздігі себептер қала және ауыл педагогтерінің біліктілігіндегі алшақтық, педагогикалық кадрлардың жетіспеуі болып отыр.
Интернетпен қамтылуға тоқталсақ, 2022 жылдың басында ауылдардың 74 пайызында интернет бар деген мәлімет беріледі. Дегенмен интернеттің сапасы – басқа мәселе.
Жол проблемасы да әлі күнге дейін шешілген жоқ. Одан бөлек, экологиялық мәселелер де қордаланып келеді, ел халқының 23,5 пайызы тозған жерлерде тұрады екен. Одан бөлек, ел аумағында 3 030 қоқыс полигоны болса, олардың тек 21 пайызы ғана экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларға сәйкес келеді екен. Ауылдарда қалдықтарды жинаудың орталықтандырылған жүйесі және қалдықтарды шығару жөніндегі қызмет те жоқ, бұл әр жерде қоқыстың үйіліп, полигонға айналуына алып келеді. Жыл сайын жергілікті атқарушы органдар оларды жою үшін қомақты қаражат жұмсайды.
Үкіметтің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, ауылдарда жаңа мектептер мен медициналық нысандар салынып, сумен және электрмен үздіксіз жабдықталады, кең жолақты интернет және ғарыштық байланысы тартылады, ауыл жолдарының сапасы жақсарып, кітапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт ғимараттары сияқты мәдени нысандар салынады, халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады.
Одан бөлек, ауылдық жерлердегі қоғамдық қауіпсіздікті күшейту үшін заманауи учаскелік полиция пункттерін салу, аудан орталықтарында бейнебақылау жүйесін енгізу, ауылдарда жаяу жүргіншілер жолдары мен мал айдау аймақтарын белгілеу, шомылуға рұқсат етілген және жабдықталған орындар құру бойынша жұмыстар жүргізілмек.
Тұжырымдамадағы міндетттерді іске асыру нәтижесінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз ауыл халқының үлесі 5,8 пайызға дейін, ал ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейі 4,2 пайызға дейін төмендейді деген жоспар бар. Сонымен қатар ауылдық елді мекендер сумен 100, интернетпен 97 пайыз қамтылады, сондай-ақ нормативтік жағдайы жақсы жергілікті жолдардың үлесі 95 пайызға жеткізілмек. Ауылдық жерлерде 655 денсаулық сақтау нысаны, 183 мектеп және 100 спорт ғимараты пайдалануға беріледі. 650 мәдениет нысаны салынып, жөндеуден өткізіледі.
Шаруашылықсыз ауыл қалай дамысын?
Ауыл шаруашылығындағы мәселелерді де бірнеше рет көтерген болатынбыз. 2010 жылдан бері елдің ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі 4,5-5 пайыз деңгейінде қалып отыр. Тәуелсіздік алғанға дейін сектордың үлесі 29 пайыз болған.
Демек, ауылдағы өндіріс те, жұмыс орындары да қысқарып, өнім өндіру көлемі төмендеген. Яғни, ауыл шаруашылығында еңбек ететін адамдар үлесінің қысқаруы байқалады. Қазір ел бойынша 1 миллионға жуық адам осы салада еңбек етеді.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығындағы орташа айлық жалақы (2021 жылдың қорытындысы бойынша – 150,7 мың теңге) соңғы бес жыл ішінде экономика бойынша орта есеппен 1,7 есе төмен, бұл ауыл мен қала арасындағы халық табысының деңгейі бойынша айтарлықтай алшақтықты көрсетеді. Орташа жалақыны есептеудегі олқылықтарды ескерсек, бұл – жалақының шынайы көрсеткіші емес. 2021 жылы ауыл шаруашылығындағы медиандық жалақы мөлшері – 106,9 мың теңге.
Сонымен қатар, статистикаға сүйенсек, ауылдарда аз қамтылған отбасылардың үлесі қалалық көрсеткіштен 2 есе артық.
Жоғарыда баяндалғандардан басқа, орта және шағын ауылдар үшін нарық арқылы өнімді өткізу үшін жағдай жасау жөнінде шаралар қабылдау, жер, материалдық, қаржы және ақпараттық ресурстарға қол жеткізуді жеңілдету, сондай-ақ ауыл халқының экономикалық өсу орталықтарына қол жеткізуіне мүмкіндік беретін байланыстырушы инфрақұрылымды дамыту қажет.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселесін агроөнеркәсіп өндірісін жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы шешу жоспарланып отыр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай материалдары, жем-шөп, агротехникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дренаждық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ делдалдарсыз тұрақты түрде тауар өткізіп отыруға мүмкіндік бермек.
Одан бөлек, жеке қосалқы шаруашылықтарға жылдық 2,5 пайыз мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен шағын несие берілетін болады.
– Сыйақының номиналды мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыз, мерзімі 7 жылдан аспайды, кепілмен қамтамасыз етілген. Несиенің ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК немесе шамамен 7,9 миллион теңге, ірі кооперацияны дамыту үшін – 8 мың АЕК немесе шамамен 25,4 миллион теңге. Несие қаражатын беру операторларын облыстардың жергілікті жер-лердегі әкімдіктері мемлекеттік сатып алуды өткізу арқылы айқындайды, – деп айтылады мәлімдемеде.Ұйымдастыру жұмыстар мен басқа да формалды рәсімдерді ескере отырып, алғашқы микронесиелер 2023 жылдың бірінші тоқсанының соңында беріле бастайды. Ауыл халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жоба алғаш рет 2019 жылы Жамбыл облысында басталған болатын. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл бағдарламаны бүкіл Қазақстан бойынша масштабтауды тапсырды. Ал биыл жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 11 мыңнан астам шағын қарыз беру жоспарымен 52,4 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр. Дегенмен бұл қаржының өз мақсатында жұмсалу-жұмсалмауы да уақыт еншісінде қалатын мәселе.
– Қазір тұжырымдама қабылданды. Бірақ оның орындалу тетіктері мен механизмдері әлі нақтыланатын болады. Әлі белгілі бола қойған жоқ. Дегенмен мақсаты түсінікті – ауылдардың жағдайын көтеру, әл-ауқатын жақсарту. Соның ішінде жеңілдетілген, пайызы төмен несие беруді айтып өту керек. Осы мақсатта қыруар қаржы бөлініп отыр. Мен мұны тұжырымдамадағы ең жақсы, ұтымды тетік деп айтар едім. Ал енді механизмдері мен нақты қалай жүзеге асырылатыны туралы жауапты мекемелер хабарлай жатар, – дейді Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы.Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында басқа да бірқатар міндет бар, оның ішінде ауыл тұрғындарын жергілікті өзін-өзі басқаруға тарту, жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсету, туризмді дамыту, экспортты ынталандыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету айтылады. Тұжырымдаманы талдап көрдік, ауыл халқын алаңдатқан негізгі мәселелердің бәрі қамтылған. Дегенмен оның орындалу-орындалмауы – мүлде басқа мәселе.