334
Субсидияның жаңа жүйесіндегі қиындықтар талқыланды
Субсидияның жаңа жүйесіндегі қиындықтар талқыланды

12 сәуірде Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің тақырыптық отырысы өтті. Фермерлердің жұмысына кедергі келтіріп отырған субсидиялаудың жаңа жүйесіндегі проблемалар – жиынның негізгі тақырыбы болды.
Естеріңізге сала кетейік, субсидиялаудың жаңа жүйесі былтыр
1 шілдеде іске қосылған болатын. Дегенмен жаңа жүйеде де жұмыс жүйеленбей тұр. Негізгі мәселе – техникалық қиындықтар.
Комитет төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен өткен жиында депутаттар, Ауыл шаруашылығы министрлігінің вице-министрі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары, агроөнеркәсіп саласының сарапшылары субсидиялаудың жаңа жүйесі және біріңғай мемлекеттік ақпараттық жүйе жұмысындағы олқылықтарды жоюдың жолын қарастырды.
Серік Егізбаев ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын субсидиялаудың электронды порталында көптеген техникалық қиындықтар туындап жатқанын алға тартып, осыған байланысты Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауовқа сөз берді.
– Әртүрлі техникалық қиындықтар туындағанда фермерлер не істейді деген сұрақ, әрине, мазалайды. Бұрынғы жүйеге фермерлер үйреніп қалғанын, қазіргі жүйеге бейімделу қиын екенін түсінеміз. Дегенмен бұл – мемлекеттік жүйе. Бұл жерде субсидияның барлық түрі бар, барлығына бірдей қолжетімді. Бұрынғы ақылы жүйе туралы да айтып жатқандар бар, әйтсе де бұл – мемлекеттің фермерлерді қолдауы. Азаматтар да өтінімі қай жерде, қай кезеңде тұрғанын көре алады. Ал қазір мәселелердің бәрін шешу үшін жұмыс істеп жатырмыз, – деді ол.Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Ауыл шаруашылығы министрлігінің толық аяқталмаған жүйені іске қосуы жауапсыз шешім болғанын, осының салдарынан ел бойынша 40 мыңнан астам шаруа зардап шегетінін айтты.
– Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша қазір субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы 6,1 миллиард теңгеге 1,5 мың өтінім, ал 2022 жылдың сәйкес кезеңінде 57,5 миллиард теңге сомасына өтінім мақұлданған. Осылайша, 2023 жылы өткен жылдың көлемінен небәрі 10 пайыздан аса сома ғана төленгенін көріп отырмыз. Бұл дегеніміз – фермерлердің 90 пайызы gosagro.kz жүйесінің жұмысына байланысты тиісті төлемдерді ала алмаса, ел экономикасына 51,4 миллиард теңге шығын келеді деген сөз, – деді депутат.Сонымен қатар Айдарбек Қожаназаров бұл қаражатқа мұқтаж адамдар, бизнес көздері, жұмыс орындары бар екенін айтып, 40 мыңнан астам ауыл шаруашылығын өндіруші шамамен 256 миллиард теңге болатын тиісті төлемді ала алмай қалатынын жеткізді. Отырыс барысында депутаттар, Ауыл шарушылығы министрлігінің басшылары мен салалық қауымдастықтардың өкілдері ақпараттық субсидиялау жүйесі толық пысықталмағанын және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің тарапынан көптеген шағымдар туғызып отырғанын айтып, мәселені жан-жақты талқылады. Депутат Бақытжан Базарбек мәселенің шешімі тек құжатқа ғана тіреліп тұрғанын айтып, оны шешудің жолын ұсынды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері ұсыныс міндетті түрде назарға алынатынын айтты. Сонымен қатар депутаттар осы мәселені шешудің жолдарын қарастыруға жан-жақты жұмылатындарын жеткізді. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа платформаның жұмысы басталардан сегіз ай бұрын Qoldau платформасынан кететінін ескерткенін, дегенмен осы уақыт ішінде жүйені сапалы етіп әзірлей алмағанын айтты. Сонымен қатар министрлік басқа платформаларға мүмкіндік бермей, монополияға жол берген. Оған қоса бұл техникалық қиындықтар саланың жалпы өсіміне әсер ететін болады.
– Министрдің міндетін атқарушының 23 желтоқсандағы бұйрығында қазіргі платформадан басқа платформа жұмыс істей алады деген сөз жоқ. Салада өсім байқалады. Ауыл шаруашылығы 2022 жылдың қорытындысы бойынша 9,2 пайызға өсті. Бірақ қазіргі сапасыз сервис жұмысы 2023 жылдың қорытындысына әсер етеді, – деді депутат.Отырыс қорытындысы бойынша депутаттар айтқан ұсыныстардың негізінде Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа жүйенің жұмысындағы кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, олардың нақты орындалу мерзімдерін белгілеп, Комитеттің атына жолдайтын болады. Мәселе тағы да талқыланып, алда тағы да жиындар болатыны айтылды. Айдарбек ҚОЖАНАЗАРОВ, Мәжіліс депутаты: Фермерлер шығынға батуға мәжбүр болып отыр
– Қазір біздің сайлаушылар үшін Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесіне қатысты мәселе өте өзекті болып отыр. Апта сайын осы сұраққа байланысты маған жүздеген өтінім келіп түседі. Ауыл шаруашылығы министрлігі жүйе қалыпты жұмыс істеп тұр, барлық мәселе шешілген деп бізді осы уақытқа дейін сендіріп келді. Бірақ жағдайдың мүшкіл екенін растайтын бірнеше сан келтіріп кетейін: фермерлердің 90 пайызы gosagro.kz жүйесінің жұмысына байланысты тиісті төлемдерді ала алмады. Бұл – жылдың басындағы жағдай, егер жүйенің жұмысы осылай жалғаса беретін болса, онда 12 ай қорытындысы бойынша gosagro.kz 287 миллиард теңгенің небәрі 31 миллиард теңгесін төлеп үлгереді. Бұл жай ғана сандар емес, бұл қаражатқа мұқтаж адамдар, бизнес көздері, жұмыс орындары бар. Одан бөлек, министрлік ұсынған статистикаға сүйенсек: gosagro.kz жүйесі 60 миллиард теңге сомасында 1,8 мың өтінімді немесе қаржыландыру көлемінің 37 пайызын кері қайтарған. Қалыптасқан тәжірибе кері қайтарылған өтінімдер көлемі 1 пайыздан аспауы тиіс екенін көрсетеді. Бұл мәселе де жүйенің жұмысына қатысты. Бүгінде несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау – ең өзекті мәселелердің бірі. Бұған қатысты ҚР АШМ өкілдері олар Qoldau.kz платформасындағы деректерді осы жылдың наурызының соңына дейін ала алмағанын айтады. Соның салдарынан министрлік былтырғы өтінімдерді төлей алмай жатыр-мыс. Биылғы төлемдерді айтпаса да түсінікті. Фермерлер шын мәнінде шығынға батуға мәжбүр. Нақты сандарды да айта аламын: бүкіл ел бойынша фермерлер шамамен 45 миллиард теңгені айналым қаражатынан алып, мемлекет жеңілдетуге міндеттелген несиелерді төлеуге мәжбүр. Түсіндіре кетейін: пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға арналған қаражат көлемі – жылына 90 миллиард теңге. Тиісті төлемдер 4 ай бойы төленбей жатқандықтан, осы уақыт ішінде фермерлер несиелер бойынша толық мөлшерлемені – 20-25 пайыздан астамын төлеп жатыр. Болжам бойынша бұл жағдай жарты жылға созылады, демек фермерлер несиелері бойынша ауыртпалықтың бәрін өз мойнына алады. Өңірлердегі ауыл шаруашылығы басқармаларының қызметкерлері де бағдарсыз. Министрлік өкілдерінің ешқайсысы фермерлерді жаңа жүйеде жұмыс істеуді оқытқан жоқ. Өтінімдерді қайтарып алу мүмкіндігі қарастырылмаған. Нәтижесінде, басқармалар мамандары мемлекеттік қызметтер туралы заңнаманы бұзуға барады. Фермерлердің өтінімдерін сараласақ, проблема инвестициялық салымдар, тыңайтқыштар, тұқым бағасын субсидиялау бағыттары бойынша екенін байқаймыз. Жер телімі қожалықтардың ЖСН нөміріне бекітілген шағын фермерлер үшін өтінім беру мүмкіндігі мүлдем жоқ. Ал Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарында мұндай фермерлердің саны көп. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныстарымызды айттық. Мәселені тез арада шешу керек.