50558
Ғалымдардың инновациялық жобалары таныстырылды
Ғалымдардың инновациялық жобалары таныстырылды
ҚР Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Еуразия ұлттық университеті БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турын өткізді. Онда университет ғалымдары 20-дан астам ғылыми әзірлемелерін таныстырды. «Ядролық технологиялар паркі» АҚ, «ENU-Lab» ғылыми-өндірістік ғылыми-өндірістік орталығының, ғылыми-зерттеу зертханаларының өнертабыстары паш етілді.
Университет ғалымдары әртүрлі бағытта 200-ден астам ғылыми жобаны жүзеге асыруда. ЕҰУ-дың ғылыми қызметі 13 факультетте және 31 ғылыми-зерттеу орталығында жүргізіледі. Ғылыми дәрежесі бар профессор-оқытушылар құрамының үлес салмағы 67 пайызын құрайды, бұл еліміздегі орташа көрсеткіштен екі есеге артық.
«Бүгінде Мемлекет басшысының жеке бақылауымен жүргізіліп жатқан отандық ғылымды кешенді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясат өзінің алғашқы жемісін беруде деп айтуға толық негіз бар. Университет ғылымы – бұған айқын дәлел. Біз сутегі энергетикасын дамыту, инновациялық құрылыс материалдарын, 3D принтерлерді, жасанды интеллектті пайдалана отырып, жаңа технологияларды әзірлеу үшін нақты сектордың ірі компанияларымен ынтымақтастықты дамытып жатырмыз. Жақында біз Qazbiofarm холдингімен отандық фармация мен биотехнологияларды дамыту бойынша меморандум жасадық. Ядролық технологиялар паркі қазірдің өзінде көптеген инновациялық әзірлемелер өндіруде. Біздің міндетіміз – университет ғылымының ел экономикасының нақты секторына қосатын үлесін арттыру. ЕҰУ бүгінде әлемнің үздік 300 жоғары оқу орнының қатарына кіреді және QS World University Rankings рейтингінде 277-ші орында», – деді ЕҰУ-дың Ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева.Баспасөз туры аясында журналистерге 20-дан астам ғылыми жоба таныстырылды. «Ядролық технологиялар паркі» АҚ энергетика, құрылыс, ауыл шаруашылығы және медицина үшін экологиялық қауіпсіз өнімнің 12-ден астам түрін шығарады. Өнертабыстардың бірі – «Beta sorb» инновациялық гидрогелі. Радиациялық тігілген суперсорбент өнімділікті 30 пайызға арттырып, суару шығындарын 50 пайызға дейін азайтады, сонымен қатар құрғақшылыққа төзімділікті және топырақ ылғалдылығын сақтауды қамтамасыз етеді. 1 грамм суперабсорбент 300 грамм суды сақтай алады. Ғалымдар тобы онкологиялық ауруларды емдеудің тиімді әдістерін зерттеп жатыр. Бұл жобаның бірегейлігі – препаратты жасау және оны нанотасымалдаушылар арқылы рак клеткаларына тікелей енгізу. Университеттің аға ғылыми қызметкері Илья Корольковтың айтуынша, бұл жобаның артықшылығы – нанотасымалдаушылардың өзіндік ерекшелігінде және оларды өзгерту әдістерінде. Ғалым атом энергетикасы мен иондаушы сәулеленуден қорғау үшін материалдардың жаңа түрлерін жасау технологияларын әзірлеу туралы егжей-тегжейлі айтты. ЕҰУ Ақпараттық технологиялар факультетінің жасанды интеллект технологиясы кафедрасының аға оқытушысы Нұрзада Амангелді қымбат датчиктерді, бірегей камералар мен суперкомпьютерлерді пайдаланбай автоматты ым-ишарамен жеткізілетін қазақ сурдоаудармасының қолжетімді жүйесін жасаумен айналысуда. Инновация жасанды интеллектке негізделген және есту қабілеті нашар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға және олардың білім беру және басқа процестерге кедергісіз интеграциялануына бағытталған. Жүйені қарапайым компьютердің көмегімен пайдалануға болады. Ғалым Еуразия ұлттық университетінің коммерцияландыру әлеуеті бар ғылыми жобалар мен идеяларды қолдауға арналған «Jana asu» байқауында грант жеңіп алды. Физик ғалымдар тобы ядролық энергетика және иондаушы сәулеленуден қорғау үшін құрылымдық материалдардың жаңа түрлерін жасау технологияларын әзірлеумен таныстырды. Олар радиациялық жүктемелерге төтеп беруге және қорғауға қабілетті ядролық және термоядролық реакторларды жобалау мен құруда қолданылатын болады. БАҚ-тың қызығушылығын жасыл технологияларға негізделген постдокторант Әлия Темірбекованың ғылыми жобасы да тудырды. Ол алғаш рет бағытталған нанобөлшектермен қапталған мультиспектрлі, бактерицидті-фунгицидті жарықдиодты шамдарға негізделген көкөністер мен жемістерді ұзақмерзімді сақтаудың эксперименттік зертханалық қондырғысын әзірледі. Оның айтуынша, әлемде көкөністер мен жемістерді ұзақ уақыт сақтайтын мұндай кешенді қондырғы әлі жоқ. Бүгінгі таңда ғалымдар алғашқы сәтті зертханалық сынақтарды жүргізуде. Баспасөз туры барысында ғалым Дина Сатыбалдина қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды бақылау үшін «электрондық мұрын» әмбебап мультисенсорлы газ аналитикалық жүйесін таныстырды. Ол әріптестерімен бірге «ақылды» қаланың бұлтты экологиялық мониторинг жүйесіне арналған бағдарламалық жасақтама мен IT құрылғыларының желісін дайындайды. Әзірлеу «электрондық мұрын» түріндегі ауа сапасын экспресс-бағалаудың көп тапсырмалы портативті құрылғыларын әзірлеуге кететін уақыт пен шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. ЕҰУ ғалымдары Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасын насихаттау үшін «Ахметтану» зияткерлік жүйесін әзірлеуде. Сондай-ақ, «Қызықты ономастика» мобильдік қосымшасы құрылуда, оның көмегімен қазақ атаулары мен географиялық атаулардың тұжырымдамасын білуге болады. ЕҰУ Цифрлық даму және қашықтықтан оқыту департаментінің директоры Гүлмира Бекмановтың айтуынша, ғылыми-лингвистикалық негіздер мен IT ресурстар жобасы қазақ тілінің функцияларын кеңейтуге және мәдениетін арттыруға бағытталған. Айта кеткен жөн, «Жас ғалым» жобасы бойынша ЕҰУ ғалымдарының қатарына 86 постдокторант қосылды. «500 ғалымның тағылымдамасы» жобасы аясында елуден астам ЕҰУ ғалымы екінші жыл қатарынан әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуде. Соңғы бес жылда ЕҰУ ғалымдарының жарияланымдық белсенділігі екі есеге артты. Мақалалардың жартысынан көбі Web of Science базасының Q1, Q2 журналдарында жарияланады.
Б.Балықбай