386
Алғашқы апта қызу талқымен басталды
Алғашқы апта қызу талқымен басталды
Мәжілістің VIII сайланым депутаттары жұмыстарына кірісті. Осы аптада жаңадан жасақталған депутаттар жалпы отырыста екі ратификациялық заңды қабылдады. Жылу энергетикасы туралы тағы бір заңның таныстырылымы өтті. Одан бөлек депутаттар 11 депутаттық сауал жолдаған.
Талқыланған заңдар мен «AMANAT» фракциясы мүшелерінің жолдаған депутаттық сауалдарына шолу жасап өтсек.
Екі ратификациялық заң қабылданды
4 сәуірде Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтті. онда жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды. Депутаттардың қарауына екі ратификациялық заң жобасы ұсынылады. Олар: Қазақстан Үкіметі мен Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық арасындағы ел аумағында оның болу шарттары туралы келісім, сондай-ақ, Түрікменстан Үкіметі арасындағы Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары.
Келесі күні Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста екі ратификациялық заңды қабылдады. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Қазақстан-Түрікмен мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялау жайлы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Алдажұманов баяндады.
Ерлан Алдажұманов келісімнің басты мақсаты – Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы мемлекеттік шекарадағы қатынастардың құқықтық негізін өзара белгілеу және реттеу екенін айтып өтті.
– Белгіленетін режим адамдардың, көлік құралдарының мемлекеттік шекараны кесіп өту және өткізу, ол арқылы жүктерді, өзге де мүлікті өткізу тәртібін қамтиды. Бұдан басқа, ол шаруашылық, кәсіпшілік, зерттеу, іздестіру немесе өзге де қызметті жүргізуге, сондай-ақ шекарада қоғамдық-саяси, мәдени және өзге де іс-шараларды өткізуге қатысты болады, – деп толықтырды Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Константин Авершин.
Сондай-ақ, депутаттар Қазақстан Үкіметі мен Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық арасындағы ел аумағында оның болу шарттары туралы келісімді ратификациялады.
Заң жобасының басымдықтары туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин баяндады. Ал Мәжілістің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов қосымша баяндама жасады. Сонымен қатар жалпы отырыста депутаттар бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында бизнесті жүргізу, экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлардың экспортын ілгерілету мәселелері бойынша түзетулер, сондай-ақ төрт ратификациялық заң жобасы бар.
Жылу энергетикасы туралы заңның таныстырылымы өтті
5 сәуірде Мәжілістің Экология және табиғат пайдалану комитетінде «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер таныстырылды. Жиынға комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин жетекшілік етіп, оған Мәжілістің вице-спикері Альберт Рау қатысты.
Заң жобасын Азия даму банкі шақырған халықаралық сарапшылардың техникалық қолдауымен Энергетика министрлігі әзірлеген. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бұған дейін мұндай жеке салалық заң болмаған. Сондықтан жаңа жоба ұсынылып отыр.
– Заң жобасы жылу энергетикасы саласындағы саясат үшін құзыреттер мен жауапкершілікті қайта бөлуді көздейді. Энергетика министрлігіне қазір Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жүзеге асыратын жылу энергиясын тасымалдау функциясы бекітілетін болады. Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа жататын жылу энергиясын елді мекендердің тұтыну бөлігінде жылумен жабдықтау жүйелеріне жауапты болады. Сонымен қатар жылу желілеріндегі бақылау функциялары жергілікті атқарушы органдардан Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетіне беріледі, – деді А.Сәтқалиев өз баяндамасында.
Оның айтуынша, заң жобасының өзекті аспектісі – жылу энергетикасын дамытудың мастер-жоспарын енгізу. Мастер-жоспар аумақтарды дамыту, тұрғын үй құрылысы, халық санының серпіні, өнеркәсіпті дамыту жоспарлары мен бағдарламаларымен және басқа да факторлармен өзара байланысты жылу энергетикасының жоспарлы үдемелі дамуын қамтамасыз етуге арналған. Энергетика министрі бүгінде Қарағанды облысы Шахтинск қаласының мастер-жоспарын әзірлеу бойынша пилоттық жоба іске асырылғанын айтып өтті.
– Бұл жоба тарифтік реттеудің нақты және толық қағидаттарын, жылу энергиясына реттелетін тарифтер сәйкес келуі тиіс өлшемшарттарды, атап айтқанда тарифтік әдістемені жетілдіру, экономикалық негізделген тарифті қамтамасыз ету, инвестициялар тарту мүмкіндігін белгілейді. Жылумен жабдықтау субъектілеріне емес, халықтың осал топтарына тікелей бюджеттік қолдауды жүзеге асыру тетігі қарастырылған, – деп толықтырды ол.
Ілеспе түзетулер нәтижесінде, Кәсіпкерлік кодекске және төрт заңға, соның ішінде «Электр энергетикасы туралы», «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Баяндамадан соң мәжілісмендер заң жобасын талқылады. Заң жобасын талқылау одан әрі жұмыс тобында жалғасады.
Депутаттар 11 сауал жолдады
5 сәуірде «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа мал жүнінен сапалы жамылғыларды дайындайтын отандық кәсіпкердің өнімін қорғауға қатысты депутаттық сауал жолдады.
Депутат «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасында айтылған отандық өндірісті дамыту мәселесін тілге тиек етіп, ішкі өнімді өндірудің ұтымды жақтарын қарастыру басты назарда болуы қажет екенін айтты.
Ол Атырауда Италия технологиясымен 300 тонна қойдың, 100 тонна түйенің жүнін тазалап, бояп, иіріп дүниежүзілік стандартқа сәйкес жамылғы (одеяло) шығаратын тамаша өндіріс айналымдағы қаржының жетпеуінен қиындық көріп отырғанын айтты.
– Теміржол, балабақша, аурухана, мектеп интернаттары, демалыс орындары бағасы төменірек синтетикалық жамылғылар сатып алуда. Ол жамылғылар шет елдерден келеді. Бұл жерде коррупциялық қызығушылық та құр емес. Партиясының сайлауалды бағдарламасында мемлекеттік сатып алу кезінде айқындаушы көрсеткіш баға емес, оның сапасында болуы керек екені айтылған. Еліміздегі мал жүнін пайдалану аса маңызды екенін ескеріп, мемлекеттік сатып алу заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізгенде ғана ішкі өнімді қолдайтын осындай ұсыныстарды ескеруді сұраймын, – деп жазылған сауалда.5 сәуірде Ерлан Саиров бастамасымен «AMANAT» фракциясының барлық мүшелері Бас Прокурор Берік Асыловқа, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Ермек Сағымбаевқа, Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке сепаратизмге байланысты сауал жолдады. Петропавл қаласындағы бірқатар азаматтың Конституцияға қайшы келетін мәлімдемелері қоғам арасында резонанс туғызып, бүкіл халықтың мазасын алғанын алға тартқан депутаттар бұл оқиға еліміздегі құқықтық сана және қоғамдық процесс салаларында фундаменталды проблемалардың бар екенін көрсеткенін жазады.
– Қылмыстық Кодексте Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуға жария түрде шақыру әрекеттеріне ауыр жаза қарастырылған! Бұл оқиға еліміздің ақпараттық-қоғамдық саласында да терең проблемалардың да бар екенін көрсетті. Мемлекеттің және шекаралық аймақтардағы ақпараттық қауіпсіздік проблемасы ушығып тұр. Сондықтан, Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттің бірлігі мен еліміздің территориялық тұтастығы үшін аянбай еңбек етіп, күресуі керек. Бұл барлығымыздың перзенттік парызымыз! Қазақстанда Сепаратизмге жол жоқ! – деп жазылған сауалда.Бұл барша азаматтың талап-тілегі екенін айтқан «AMANAT» партиясы фракциясы мүшелері Үкімет құзырлы органдармен бірлесе отырып, жедел қадамдар жасауы маңызды деп есептейді. Біріншіден, фракция мүшелері құзырлы органдар еліміздің мемлекеттік бұлжымастығы мен территориялық тұтастығына нұқсан келтіруге ниетті жасырын, жасырын емес топтарға қатысты құқықтық тексеру жүргізіп, олардың тамырына балта шабу қажет екенін айтады.
– Халық арасында құқықтық ағарту жүргізе отырып, азаматтардың әрбір сөзі мен қадамының құқықтық терең салдары жөнінде ескерту өте маңызды, – бұл – екінші қадам.Үшіншіден, жастар, ересектер арасында патриотизм, мемлекеттік мүдде құндылықтарын уағыздайтын концептуалдық бағыт-бағдар жасау уақыт талабы екенін жазыпты. Одан соң шекаралық аймақтарда мемлекет ақпараттарын жеткізу тетіктерін әзірлеу қажет екені, бесіншіден, азаматтардың өз елінің, мемлекетінің толыққанды мүшесі екенін сезіндіретін тетіктер қалыптастыру үшін нақты қадамдар керек екені де айтылған. «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері С.Мұсабаев, Е.Жаңбыршин Д.Тұрғанов, Е.Саиров, Ж.Сүлейменова, М.Жайымбетов, Н.Сәрсенғалиев Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевқа мемлекеттік қызмет саласындағы қазақ тілінің жағдайы туралы сауал жолдаған. Қазақ тілінің Заңмен бекітілген биік мәртебесіне қарамастан, бүгінгі күнге дейін мемлекеттік қызмет саласында ана тіліміздің ресми тілдің тасасында қалып отырғанын айтқан депутаттар мемлекеттік лауазымды қызметке тұру үшін өткізілетін конкурс қағидаларын сынады. Яғни, депутаттар шенеуніктердің қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтайтын тестілеудің мәні жалпы нәтижеде есептелмеуі – ана тілге деген құрметтің жоқ екенін көрсететінін айтады.
– Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2017 жылғы 21 ақпандағы 40-бұйрығының 1-қосымшасына сәйкес, мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізу қағидаларының 16-тармағында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін білуге арналған тестілеуден өту үшін мән белгіленбейді» деп жазылған. Демек бұл, мемлекеттік қызметке өту барысындағы тапсырылатын тестілеуде қазақ тілінің қажеттілігі жоқ екенін білдіреді.Қазақ тілінен сынақ тапсырушылар 20 сұраққа 20 минут ішінде жауап беруі керек. Аталған 20 сұрақтың нәтижесі ешқандай есепке алынбайды. Мысалы «Б» корпусының мемлекеттік қызметке өту сынағында 9 нормативтік құқықтық актілер бойынша қамтылған 130 сұрақтың белгілі бір межесі көрсетілген. Ал қазақ тілінен өту межесі айқындалмаған. Бұл ана тілге деген құрметтің мүлдем жоқтығын көрсетеді, – деп жазылған сауалда. Депутаттар мемлекеттік қызметке өту кезіндегі тестілеуде қазақ тілі есепке алынып, үміткер 100 пайыз мемлекеттік тілден оң нәтиже көрсету керек деген норма енгізуді ұсынды.
– Қазақстан Республикасында қазақ тілін меңгермей-ақ мемлекеттік қызметкер атануға болатын болса, оны тест сұрақтарына қосып біздер кімді алдап жүрміз? Бізге түсініксіздігі, мемлекеттік қызметке өткен азаматтарға берілетін сертификатта «Үміткер Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мен заңнамаларын білуге арналған тестілеуден сәтті өтті» деп жазылады. Бұл анық көзбояушылық емес пе? Осыған орай, біздің ұсынысымыз – мемлекеттік қызметке өту кезіндегі тестілеуде қазақ тілі есепке алынып, үміткер 100% мемлекеттік тілден оң нәтиже шығару керек деген нормалар енгізілсін. Нәтижесі туралы ақпаратты «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 27- бабына сәйкес жолдауыңызды сұраймыз, – дейді депутатар.Одан бөлек, депутаттар автожолдардың сапасы, баспанаға мұқтаждықты жою мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды жаңартып, қайта қарау, саяси тұтқындар, Екібастұздағы жылу желілерін жөндеуге қаражат бөлу, мәдениет саласындағы қызметкерлердің жалақысы сияқты бірқатар мәселелерді көтеріп, жауапты мекемелерге сұрақ жолдаған. Депутаттардың алғашқы жұмыс аптасы осылайша түйінделіп отыр.