320
ШӨРЕ-ШӨРЕ БОЛҒАН ОРАЛМАН үш министрліктің табалдырығын тоздырады
ШӨРЕ-ШӨРЕ БОЛҒАН ОРАЛМАН үш министрліктің табалдырығын тоздырады
Жақында Астана қаласындағы «Алматы» бизнес орталығында Оралмандардың «Асар» қоғамдық бірлестігі және «Түркістан» газетінің ұйымдастыруымен «Оралмандар: Азаматтық алуды оңтайландырудың жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстелге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің Этникалық көші-қонды реттеу басқармасының басшысы Марат Тоқсамбаев, Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің басшысы Бейімбет Үсіпбек, Оралмандардың «Асар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Бодаухан, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов, жазушы Жәди Шәкенұлы, журналист, «Намыс» порталының жетекшісі Бекен Қайрат, зейнеткер Мейрам Қадыр, «Қоянды» ауылдық өзін-өзі баскару кеңесінің төрағасы Бақыт Алуай, РҺ&D докторы Нұрлан Байғабылов және БАҚ өкілдері қатысты.
Есенгүл Кәпқызы, «Түркістан» газетінің веб-редакторы:
6a46964bfacaf73a1919b7dd4e9612a8.JPG
– «Түркістан» газеті өзі жарық көрген жиырма жыл ішінде оралмандар тақырыбын ең басты бағыт ретінде таныды және сол бағытынан айныған жоқ. Осы саладағы заңнамалық актілердің дұрыс қабылдануына әжептәуір ықпалын тигізді деуге болады. Мәселен, газет жанынан құрылған «Алдаспан» интеллектуалдық пікірталас клубының соңғы отырысы осы проблемаға арналған еді. Содан көп уақыт өтпей-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі оралмандарға қатысты заңнамалықтардың өзгеретінін, заңдағы кедергілердің алынып тасталатынын және бір жылдың ішінде ҚР азаматтығын алуына мүмкіндік жасайтындығын мәлімдеді. Біз оған қуаныштымыз. Алайда ол заң тағы да кедергілерге толы болмауы керек. Әсіресе, тұрақты тіркеудің шырғалаңынан қаншама қандастарымыз зардап шегіп жүр. Соңғы бір мәліметтерге иек сүйесек, соңғы екі жыл ішінде 50 мың қандасымыз азаматтық ала алмай жүрген көрінеді. Сондықтан біздің бүгінгі мақсатымыз осы мәселе төңірегінде ой бөлісу.
Қайрат Бодаухан, «Асар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
60190412c17f33c55379dfc2b6a755d2.JPG
– Осы заң жобасын талқылау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанынан арнайы жұмыс тобы құрылған. Жалпы бұл тек көші-қон проблемасы әрі шеттегі қазақты көшіріп әкелу ғана емес, Қазақстандағы демография мәселелерін реттеу мәселесі. Қазір Кедендік одақ құрылды, Еуразиялық экономикалық одаққа қол қойылды. Қазіргі әлемдік геосаяси жағдай бізді толғандырмай қоймайды. Украинадағы ахуал да бізге сабақ болайын деп тұр. Сол себепті де, өз қандастарымызды өзекке теппей, осы заң жобасының дұрыс қабылдануына атсалысуымыз керек. Заң қабылданғаннан кейін, біздің барлығымыздың жүгінетін құжатымыз сол ғана болады. Одан кейін өзге лауазымды тұлғалардың ауызша берген уәдесі ештеңе шешпейтін болады. Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ханымның көші-қон тоқтамайтындығы жайында мәлімдемесінен кейін оралмандарды қоныстандыру жөнінде арнайы Қаулы қабылданды. Ол мамырдың 25-нен бастап күшіне енді. Бұл Қаулы бойынша, аталған 7 облыстан өзге өңірлерге келетін оралмандардың төлем қабілетін айқындау мақсатында, қалтасында 2 миллион теңге болуы тиіс. Онсыз олардың тұрақты тіркеуге тұруы қиын. Алайда жақында министр ханым бұл Қаулыға өзгерістер енгізілетінін айтты және оралмандар Қазақстанның қай өңіріне келсе де, тұрақты тіркеуге тұруға мүмкіндіктері бар және олар өзге шетел азаматтары секілді төлем қабілетін растауға міндетті еместігін жеткізді. Бірақ бұл арнайы бір заңдық құжаттармен бекітілген жоқ. Оралмандарға қатысты заңнамалық құжаттар бұрынғы қалпында, әлі өзгерістер енгізілмеді. Сондықтан осы мәселелерді тез арада шешу қажет. Егер оралмандар үш айға уақытша тіркеле алатын болса, үш айдан кейін уақыты бітсе елден кетуі керек. Егер кетпесе, ішкі істер органдарының оларды тұтқындауға құқы бар. Өткенде осындай жағдайды «31 канал» арнасынан көріп қалдық. Қытайдан келген қандасымыз осында жоғары оқу орнын тәмамдаған екен, тұрмысқа шығуға дайындалып жатқанда Қазақстанда тұруға тиісті мерзімінің аяқталғаны себепті, жеті күн қамап тастапты.
Марат Тоқсамбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Көші-қон комитетінің Этникалық көші-қонды реттеу басқармасының басшысы:
cacb381dbd274165a471758ffb052ec2.JPG
– Осы уақыт аралығында Қазақстанға 1 миллионға жуық қазақ келді. Нақтылай айтсақ, 255 мың отбасы, 946 мың адам. 2010 жылы көші-қон мәселелері ішкі істер органдарына толығымен көшті. Оның құрамында 2,5 жылдай болып, этникалық көші-қон деген бөліміне бағынып келдік. 2013 жылдың 1 наурызынан бастап, Елбасының Жарлығымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қайтарылып, Көші-қон комитеті қайта құрылды. Көші-қон проблемаларын шешетін құзырлы мекеме жеке агенттік болып та құрылды, басқарма болды, департамент деңгейіне дейін түсті. Ақыры комитет ретінде қайта құрылды.
Оралмандарды қабылдаудың жаңа Ережесін қалай жасаймыз дегенді ойласа келе, №248 Қаулы қабылданды. Ол осы мамырдың 25-нен бастап күшіне енді. Онда оралмандарды арнайы орналастыру ережесі бекітілген. Оралмандар Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстанатын болса, оларға арнайы әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған, тұрақты тіркеуге тұруы жеңілдейді, тағысын тағы. Бұл өзге облыстарға қоныстанатын оралмандардың құқығын тежейтін Қаулы болды, «оралман куәлігі» берілмейтін болды. Бұл көп адамдарға ұнамады. Солай дағдарып тұрған кезімізде, Елбасының арнайы тапсырмасымен, Үкімет бұл Қаулыны өзгертетіндігін мәлімдеді. Сөйтіп хаттамалық шешім қабылданды. Онда көші-қон мәселелерін реттеу бойынша, тұжырымдама жасалсын, топ құрылсын, заңға өзгерістер енгізілсін делінді. Қазір ол топ құрылды, Тұжырымдама дайындалды, заң жобасы жасалды. Маусымның бірінде арнайы топтың отырысы өтті, енді тамыздың бірінде ол Парламентке жіберіледі деп күтіп отырмыз. Бірақ, бұның бәрі әзірге жоба. Қазіргі қолданыстағы заң бойынша, көші-қон саясатын жүргізу ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің құзырында. Ал оны орындаушы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Дегенмен, соңғы отырыста біздің министріміз Тамара Дүйсенова ханым көші-қон мәселелеріне қатысты заңға өзгерістер енгізуді өз мойнына алды. Осыдан былай ол заңды жасау біздің министрлікке жүктеліп отыр. Біздің алғашқы қолға алып отырғанымыз, №248 Қаулыға өзгерту енгізу. Оған не үшін өзгерту енгізу қажет болды дейсіз ғой? Өйткені аталған жеті облыстан өзге өңірлерге келетін оралмандардың құқығы шектелетін болады. Сол шиеленісті болдырмау мақсатында аталған Қаулыны өзгерту көзделіп отыр. Сол үшін ой-пікірін білу мақсатында, Қазақстандағы 14 облыс әкімшілігіне хат жолдадық. Қарағанды мен Ақтөбе облыстарынан әзірге жауап келмеді. Өзгелері өз ойларын жолдады. Енді осы Қаулыны өзгерту мақсатында осы аптаның ішінде Үкіметке қайта ұсынбақпыз. Өйткені оралман мәртебесін алуды еш жерде шектемеу керек. Бұл Қаулының екінші бір ерекшелігі – 25-мамырдан бастап, ол өз күшіне енді. Аталған жеті облыс оралман куәлігін бере бастады да, қалған облыстар тоқтатты.
Заңдағы екінші бір өзекті мәселе – тұрақты тіркеу мәселесі. Ағайындарымыз шеттен келген соң, ең әуелі қайда тіркелерін білмей сенделеді. Жақында біз министрлікте осы мәселеге байланысты «Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастырудың ахуалы» тақырыбында арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Бүгін талқыланып жатқан заң қабылданған жағдайда оралмандар барлық өңірлерге емін-еркін қоныстана алады. Өйткені көптеген қандастарымыз тек азаматтық алып, тұрақты тіркеуде болсам болды, басқаның қажеті жоқ деген пікірде. Екінші, заң қабылданғаннан кейін, қоныстану өңірлерін қайта айқындаймыз. Әрі соған сай көші-қон квотасын белгілейтін боламыз. Ал ҚР азаматтығына қабылдауды бұрынғыдай үш ай мерзім ішінде беру көзделіп отыр.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕУ – ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ ҚҰЗЫРЫНДА
Есенгүл Кәпқызы:
8908bf6c4d8a30ebf783d866694f8440.JPG
– Марат Есімқұлұлы, сізге рахмет. Біз осы заң жобасының талқыланып жатқанын білеміз. Осы заң жобасында «оралман мәртебесін беруден бұрын, олар ықтияр хатты рәсімдеуі тиіс» делінген бап бар. Ал ықтияр хатты рәсімдеу үшін әуелі тұрақты тіркеуге тұруы тиіс қой. Алайда тұрақты тіркеуге тұру үшін қаншама құжаттар жиналады. Соның бір-екеуін атар болсам, сотталмағаны жайлы анықтама әкелу, келген елінің тұрақты тіркеуінен шығып келу т.т. Осы мәселелерді оңтайландыруды қарастырып отырсыздар ма?
– Тіркеу мәселесі негізінен ҚР Ішкі істер министрлігінің құзырында. Алдыңғы күні ғана Сыртқы істер министрлігінде осы мәселеге орай үлкен дөңгелек үстел болды. Сонда біз қатысып, тағы да осы проблеманы егжей-тегжейлі сөз еттік. Негізінен бұл мәселені сол ішкі істер органдарына құлаққағыс ету керек. Олар дайындаған «Азаматтық туралы» заңда тұрақты тіркеу мәселелері қозғалады. Сондықтан сіздер ұсыныстарыңызды Ішкі істер министрлігіне жолдауларыңыз керек. Жалпы, менің ойымша, ықтияр хат дегенді тоқтату керек, қандастарымызға бірден азаматтық беруді енгізу керек. 2012 жылға дейін Қазақстанда осындай тәжірибе қалыптасып келді ғой. Соған қайта оралу қажет.
Жәди Шәкенұлы, жазушы:
– Менің ұсынысым, осы тіркеу мәселелерін Ішкі істерден сіздер алуларыңызға болмай ма?
Марат Тоқсамбаев:
– Жоқ, ол енді біреудің нанын тартып алу болады ғой. Бізде көші-қон мәселелерімен айналысатын үш құзырлы орган бар. Еңбек министрлігінің Көші-қон комитеті, Ішкі істер министрлігінің көші-қон полициясы комитеті, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Көші-қон департаменті бар. Осы үш мекеменің өз заңдылықтары бар. Бірі-біріне бағынбайды. Облыстарда, аудандарда, ауылдық әкімшіліктерде көші-қон комитетінің бөлімдері жоқ. Біраз уақыттан бері олардың құжаттарын қабылдау, рәсімдеуді жергілікті әкімшіліктерге жүктеген болатынбыз. Сол жергілікті әкімшіліктердегі әлеуметтік бағдарламалар департаментіне телефон соғамыз, сол жерде бірнеше адамымыз бар. Олардың міндеті оралмандарды тіркеу, оралман куәлігін беру болып келген. Енді 25 мамырдан бастап, бұл міндет жергілікті атқарушы органдарынан алынып тасталды. Өйткені ендігі іс Ішкі істер органдарына жүктеліп жатыр. Тіркеуді Көші-қон полициясы атқармақ. Қазір заңға өзгерістер енгізіп жатырмыз, сол өзгерістердің бірі – көші-қон басқармаларын облыстарда да ашу, жергілікті атқару әкімшіліктерінде де филиалы болсын. Соны ұсыныс ретінде енгізіңіздер.
Жәди Шәкенұлы:
– Қазір тұжырымдама қабылданып жатыр, заң талқыланып жатыр. Бірақ, бізге түсініксіз болып отырған бір мәселе – оралмандарды орналастырудың бұдан былайғы процедурасы қалай болмақ?
Марат Тоқсамбаев:
– Процедура екі жолмен жүзеге асырылмақ. Біріншісі, шетелдегі Қазақстан елшіліктері арқылы. Құжаттарды елшіліктерге өткізеді, олар барлық қажетті құжаттарды рәсімдейді. Екіншісі, осында өз аяғымен келген оралмандардың құжаттарын рәсімдеу. Негізінен шетелдегі елшіліктер тарапынан рәсімделген кұжаттар жоқтың қасы, көбінде қазақтар осында келгеннен кейін құжаттарын рәсімдеуді қолға алады. Ондағы ең басты қиындық – тұрақты тіркеуге тұру. Келе салысымен, тіркеуге тұрмаса, ол адам ешқандай жұмысын бітіре алмайды. Бірақ осы түйткілді шешудің жолы әлі айтылған жоқ. Бұрын тұрақты немесе уақытша тіркеуге тұрған этникалық қазақтардың тіркеу уақыты аяқталған соң, оны арықарай созып беретін жеңілдік бар еді. Қазір ішкі істер органдарының қызметкерлері ондай қазақтарды кезіктірсе, айыппұл салады немесе бірден депортация жасап жібереді. Депортацияланған қазақтар Қазақстанға 5 жылсыз кіре алмайтын болады.
Қайрат Бодаухан:
– Жалпы, қазір «оралман» атауына қатысгы көңіл толмаушылық өте көп естіледі. Бірақ, бұл шеттен келетін қандастарымызға көрсетілетІн көмекті айқындау үшін белгіленген мәртебе. Алайда осы «мәртебенің» салдарынан қоғамда бөлінушілік пайда болды. «Оралман» деген кәдімгі әлеуметтік бір шоғыр пайда болды. Көпшілік қауым оралманның өз қандасы екенін, олардың көбінің империялардың талқысына түскен өзінің тарихи атамекенінде отырғанын түсіне бермейді. Сөйтіп бүгін оралмандар жайлы дұрыс түсінік қалыптаспай отыр. 20 жыл ішінде «оралман кім, оның тарихи орны не, Қазақстан оларды не үшін көшіріп алып отыр, 20 жылда олардың қазақтың рухани-әлеуметтік өміріне қосқан үлесі не?» деген сауалдарға жауап беретіндей стратегиялық зерттеу еңбегі жарық көрмей отыр. Соның салдарынан болар, әркім оралмандар туралы ойына не келсе, соны айтатын болды. Өткенде ғана Экономика жэне бюджетті жоспарлау вице-министрінің оралмандар жайлы мәлімдемесі осының көрінісі.
САНДА ДА, САНАТТА ДА ЖОҚ ҚАЗАҚТАР
Бекен Қайрат, журналист,
«Намыс» порталының жетекшісі:
212f38fd1ac2e0a1f1c886ed281fb8e0.JPG
– Көші-қон жөніндегі заңның тағы бір солқылдақ тұсы – «оралман куәлігін» алардан бұрын ол әуелі өзінің «қазақ» екендігін дәлелдеуі. Көптеген мемлекеттер қазір төлқұжатында ұлты жайында мәлімет бермейтін болды. Қытай және Ресейден келетін қазақтардың туу туралы куәлігінде ұлты жайында ақпарат жазылады екен. Ал Өзбекстанда ұлты төлқұжатында айқын көрсетіледі. Еуропа, Түркия және Моңғолиядан келген қазақтардың не туу туралы куәлігінде не төлқұжатында ондай ақпарат жоқ. Моңғолиядағы Қазақстан елшілігі «қазақ» куәлігін береді. Алайда қазақтардың 2000 шақырым алыстағы Баян-Өлгийде тұратындығы мәлім. Оны барып алу үшін қаншама қаржы, қаншама уақыт кетеді. Оның үстіне әрбір анықтама 20 доллар тұратын көрінеді. Бұл да оңай қаржы емес. Өйткені бір отбасында кемінде бес немесе одан да көп адам тұрады. Өзінің қазақ екенін дәлелдей алмай, «оралман куәлігіне» қол жеткізе алмай жүрген Алматы облысының Талдықорған өңірінде тұратын 48 адамды білем. Келгендеріне төрт жыл болды. Әлі күнге дейін тіркеуге тұра алмай жүр. 15 жаста келген баласы қазір 19-ға толып кетті. Олардың көбін Моңғолия азаматтығынан шығарып жіберген, Қазақстан азаматтығына қабылдамай отыр. Сөйтіп, санда да, санатта да жоқ бір топ қазақ пайда болып отыр.
Бейімбет Үсіпбек, Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар
басқармасы көші-қон бөлімінің басшысы:
a529006282a1db506a2a590827447eec.JPG
– Кейбір мәселелерді біз өзіміз қолдан күрделендіріп жіберетін сияқтымыз. Құдайға шүкір, көш тоқтаған жоқ. Қазақтар келіп жатыр. Бірақ, солардың орналасып кетуіне кедергі бір ғана нәрсе – заң. Осыдан алты-жеті жыл бұрын Астанада қазақ боп кіріп кеткен 6 адам ұсталды. Демек, бұл мәселе қауіпсіздікке келіп тіреліп тұр. Сөйтіп, «қазақ» екенін дәлелдеу қажеттігі туындады. Алайда бұның талай қазаққа кедергі, қиындық келтіріп жүргені рас. Дегенмен, олар бұл анықтаманы алып келуді үрдіске айналдырып алғанын да айтып өткім келеді. Ең қиын мәселе – Моңғолиядан келетін қазақтар үшін болатын. Қазір олар да қалыптасып алды. Бірен-сараны болмаса, көбі анықтаманы ала келеді. Сондықтан бұл бапты қозғаудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Менің ойымша, көші-қонмен айналысатын арнайы министрлік керек.
Өйткені комитет пен агенттіктің пәрменіешкімге жүрмейтіндігін қазірдің өзінде байқап отырмыз.
Енді тұрақты тіркеу мәселесі туралы айтатын болсақ, әрбір келген адамның қалада жақын туысы немесе жақсы танысы бола бермейді.
Сондықтан тіркелетін жер таппай сандалып жүреді. Сол себепті де, оралмандарды бейімдеу орталықтарына тіркеу тәртібін енгізу керек. Бірақ, оларға қойылатын талап – бір жылдың ішінде өзге жаққа тіркеуге тұратындай болуы қажеттігін ескерсін.
Бақыт Алуай,
«Қоянды» ауылдық өзін-өзі баскару кеңесінің төрағасы:
d683d1809888b0c33976d84c0b555a74.JPG
– Қазір оралманнан Канаданың бір тайыншасының құны артық болып отыр. Бір тайыншаға 6 мың доллар жұмсалады. Келгенде қоражайы салынған, бағым-күтімі келіскен. Ал оралмандардың құжаттарын рәсімдеуді қиындатып жібердік. Бағанадан бергі айтылып отырған әңгімелеріңіз 20 жыл бойы айтылып келеді. «Нұрлы көш» деген бағдарлама дайындап, сіріңкенің қорабындай үй салып бердік, жылынбайтын. Оның шиін айта бастап еді, тағы да оралман кінәлі боп шықты.
Зиябек Қабылдинов, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
51aaff55be77750d60349e7bd7faf752.JPG
– Енді шеттегі қазақтарды жаппай көшіріп әкелу мәселесі өзге емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесіне келіп тіреліп тұрғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Орыстың кейбір саясаткерлері Қырымды аннексиялау кезінде келесі кезек Қазақстандыкі дегенді ашықтан-ашық мәлімдеді. Қазір Қызылжардағы қазақтардың үлес салмағы 22 пайыз, Қостанайда – 28, Павлодарда – 39, Өскеменде – 24 пайыз қазақ бар екен. Бұл қала бойынша келтіріліп отырған статистика. Аталған өңірлердегі қазақтардың санын көбейту керек. Ол үшін, бірінші, Көші-қонмен айналысатын министрлік керек. Онсыз жұмыс алға жүрмейді. Ал министрлікте жүмыс істейтін азаматтар басынан осы дәуренді кешкен, бейімдеуден өткен және осы саланы жақсы білетін азаматтар болуы керек.
Баяғыда Қазақстанға қарашекпенділерді қаптатқанда, Ресейдің осы көші-қонға қатысты Ережесі 1,5 бетке сыйып кетті. Заңды түсіндіру, одан өзіне қажетті бапты тауып алу өте қиын. Оларға нақты және айқын жазылған, Президенттің қолы қойылған Ереже дайындау қажет. Бұл құжатта бәрі айқын көрсетілуі керек. Әрбір министрліктер мен құзырлы органдардың міндеттері нақты көрсетіліп, шекарадан өткеннен азаматтық алғанға дейін ол қандай құжаттарды жинайтындығы мәлімделсін.
Израильдің Кнессетінде отырған депутаттардың 25 пайызы өзге мемлекеттерден қоныс аударғандар. Ал біздің Парламентте оралман жоқ, қала берді мемлекеттік қызметте де санаулы. Бұл не, менсінбеушілік пе, сенбеушілік пе?
Сосын тіркеу мәселесін шешудің де оңай жолдары бар. Мен өз басым Еуразия ұлттық университетінде проректор болып тұрған кезімде оқытушылар мен оқушылардың және докторанттардың көбін әкімшілік тіркеуге қабылдаған болатынмын. Бізде «Янучкевич, 11» деген мекен-жай бар. Ол – кітапхана. Оған мыңдаған адамды тіркеп, көбінің мәселесін шешіп жүрдік.
Тағы бір айтайын деген ұсынысым, арнайы көші-қон қорларын құру. Өйткені, арнайы идеологиялық жұмыстарды мемлекеттік мекемелер жүргізе алмайды. Ал қоғамдық ұйымдардың оны атқаруға мүмкіндігі де, жағдайы да келеді. Германия мен Израильде шетелдіктерді көшіріп әкелу жұмысын, оларды орналастыру, үгіт-насихаттар жүргізу мәселелерін қоғамдық қорлар атқарды. Үкімет көп нәрсеге араласқан да жоқ.
Жәди Шәкенұлы:
019ffa0a2e51553771c6945749a47009.JPG
– Біз қазір заң жасап жатырмыз, қазақтарға жағдай жасаймыз деп жатырмыз. Ендігі бір әңгіме сол шеттегі қазақтар келе ме? Көбінің алғашқыдай емес, тоқырап қалған жайы бар. Сол үшін сіз айтып отырғандай, ел елге барып үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді қолға алған жөн. 1954-1966 жылдары Қазақстанға Шығыс Түркістаннан 350 мың адам оралғанда, олардың тамырын басып-білу үшін, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді қолға алған еді. Бізде осындай жұмыстарды жүргізу жағы кемшін түсіп жатыр.
Қытайдан келетін қандастарымыз үшін тағы бір қиындық бар. Олардың зейнетақы ала алмайтындығы. Олар осында келіп, жиырма жыл тұрса да, зейнетақы алуға үміті жоқ. Өйткені Қытай мен Қазақстан арасында мемлекеттік көші-қон келісімі жоқ. Соның салдарынан зейнетақы төлеу туралы арнайы бап енгізілмегең.
СізРесейден келген қазақтардың зейнетақысы азайып қалады дейсіз, Қытайдан келген қазақтар мүлдем зейнетақы алмайды. Оларға тек әлеуметтік жәрдемақы төленеді.
Нұрлан Байғабылов, РҺ&D докторы:
1298688d7b0c418460efb55cb1f455b1.JPG
– Біз көп ұлтты мемлекетпіз дегенді айтуға құштармыз. Олай деу осыдан он жыл бұрын қажет болған шығар. Қазір біз моноұлтты мемлекетпіз. Сол бағытта жұмыс істеп, елдегі қазақтардың статистикалық келбетін дайындайтын стратегиялық құжат әзірлеуіміз керек. Мен осы тақырыпта докторлық диссертация қорғадым. Іздену барысында статистикадан қатты қиналдым. Статистикалық мәліметтердің дұрыс болмауы салдарынан, неше түрлі лауазымды тұлғалардың ойына не келсе соны айтуына түрткі болып жүрміз. Біздің зерттеуіміз бойынша, Қазақстанға келіп жатқан қазақтардың 4,5 пайызы ғана зейнеткерлер екен.
Есенгүл Кәпқызы:
– Дөңгелек үстелге қатысып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан дайындалып жатқан «Халықтың көші-қон туралы» заңның болашақта қалай болуы қажеттігін талқыға салғандарыңыз үшін көптен-көп рахмет! Дөңгелек үстелде айтылған ойлар, ұсыныстар қағазға түсіріліп, осы ұсыныстар негізінде үндеу қабылданатын болады. Ол үндеу заңды дайындаушы жұмыс тобына жолданады. Қоғамдық ұйымдар өкілдерінің ой-пікірлерін заңды дайындаушы топ назарға алады деген үміттеміз!
Дайындаған Есенгүл Кәпқызы
Суреттерді түсірген Майгүл Сұлтан