51058
Сәдия Сүрер: Кёльндегі 1 000 қазақтың келбетін сақтау – парызымыз
Сәдия Сүрер: Кёльндегі 1 000 қазақтың келбетін сақтау – парызымыз

26-28 мамыр аралығында Германиядағы қазақ көп шоғырланған Кёльн қаласында Еуропа қазақтарының дәстүрлі құрылтайы өтеді. Онда Еуропаның бірнеше елінде тұратын 25-ке жуық диаспора өкілдері жиналып, белсенді жастардың басын қосатын конференция өткізілмек. Кёльн қазақ мәдени орталығының төрайымы Сәдия Сүрер құрылтайға қызу дайындықты бастап кеткенін айтады. Шалғайда өткізілетін мұндай құрылтайдың Қазақстанға пайдасы зор екенін алға тартқан Сәдия Сүрерге хабарласып, әңгімелескен едік.
– Еуропада тұратын қандастардан Германия қазақтары туралы сұрасақ, бірден сіздің есіміңізді атап, сізге хабарласуымызды сұрайды. Ал сізді жақсы танитындар Кёльн қазақ мәдени орталығының жұмысын жандандырып, салт-дәстүрімізді насихаттап жүрген азамат әйел деп мақтауыңызды асырады. Қоғамдық жұмыспен айналысуға не түрткі болды?
– Мен – Ыстамбұл қаласының тумасымын. 1981 жылы тұрмысқа шығып, Германияға қоныс аудардым. Сол жылдары Түркиядан Германияға күнкөріс қамы үшін көшіп келген аға-апаларымыз жастар тілін, дінін, дәстүрін ұмытпасын, әрқайсысымыз жеке-жеке жүргенше бір қоғам астында бірігейік деп Кёльн қазақ мәдени орталығын құрған. Ол уақытта күш-қуаты тасып жүрген әпкелеріміз түрлі іс-шара өткізіп, біраз шаруа атқарды. Олар сол кезде бәрін өз қолдарымен жасаған, тіпті қазақы киімді өздері тіккен. Осылайша, белсенді жұмыс істеген олар он-он бес жылдың ішінде Германияны мекендеген қазақтардың кім екенін, қайдан тарайтынын естен шығармауға барын салды. Мен Кёльннен екі жүз шақырым жерде орналасқан Гейдельбург қалашығында тұрамын. Бірақ әлгі мәдени орталық ашылғалы бері сонда мүшелікке өтіп, шама-шарқым жеткенше қолдау білдіріп жүрдім. Кейін әпкелеріміз бала-шағаның қамымен жүріп, қолы тимей, орталықтың жұмысы тұралап қалды. Оған қоса, олар жылдан-жылға жасармайтыны анық. Үй мен жұмыстың арасында жүріп шаршайтыны тағы бар. Бірақ сол жылдары Еуропаның бірнеше елінде ашылған қауымдастықтардың жұмысы бәсеңдеп қалды. Содан соң бұлай тұрып қалғанымыз болмас, мәдениетімізді қолдан келгенше насихаттайық деп 2018 жылдың соңында жеті қазақ әйел Кёльн қазақ мәдени орталығына төрайым болып сайландық.
– «Кёльн – Германияда қазақ көп шоғырланған аймақ» дегенді жиі естиміз. Онда қанша қазақ тұрады?
– Кёльннің өзінде алты жүзге жуық қазақ отбасы тұрады. Бірақ оның маңайындағы қалашықтарды мекендегендерді есептесек, санымыз мыңға жетіп жығылады. Одан бөлек, Мюнхенде 20-30 қазақ отбасы, ел астанасы Берлинде 15-20 қазақ отбасы тұрады. Басым бөлігі – Түркиядан көшіп келген қазақтар. Қатықтай ұйып отырған бір қауым елміз. Бірлігімізді арттырып, мәдениетімізді жаңғырта түсу үшін қыруар шаруа атқарып жүрміз. Жетеуіміз тағайындалған бетте ұмытылып кеткен салт-дәстүрлерімізді жаңғыртуды қолға алдық. Немістерде бірінші сыныпқа барған балаларға сыйлық беріп, оларды сол күні ерекше қуанту дәстүрі бар. Мұнда тұрған соң біз де ол дәстүрден аттап кетпей, балаларымызға сыйлық жасайтынбыз. Бір күні мұның түбіне үңілсем, бұл дәстүрдің бізден тарағанын түсіндім. Біз де мектепке алғаш барған кезде әжелеріміз тілашар жасап, қалтамызды сыйлыққа толтыратын. Қала берді, білімге ден қойған ағаларымыз секілді білімдар болсын деп, ауызымызға түкіртіп, бата оқытатын. Біз де осыны қолға алып, мектеп табалдырығын аттаған балаларға сыйлық беріп, тілашар жасап, кішігірім тойлау дәстүрін қалыптастырдық. Ғылым қуған, лауазымды орындарда отырған азаматтарымызды шақырып, олардың жолын берсін деп ырымдап, тілеулес боламыз. Жиналғандарға бұл дәстүрдің мағынасын түсіндіріп, алдағы уақытта бұл істі жастар жалғастырып әкететініне сенім білдіреміз. Сондай-ақ университет бітірген жастарды да ұмыт қалдырмаймыз. Оларға да сыйлық тарту етіп, шашу шашып, шағын ортада тойлаймыз. Сондағы мақсат – шашу дәстүрін ұмыттырмау. Негізі біз үйде де дәстүрге сәйкес біраз дүниелер жасаймыз. Бірақ жастар өздеріне арнайы жасалған соң таңғалып «Неге маған ғана арналған? Неге бұлай жасадыңыздар?» деп сұрайды. Біз оларға мұның үлкендерден қалған дәстүр екенін айтып түсіндіреміз. Балалар мен жастардан бөлек, үлкендерімізге де ерекше көңіл бөлеміз. Талай жыл табан тоздырып, жұмыс талғамай еңбек етіп, зейнетке шыққан үлкендерімізді шақырып, оларға да сыйлық беріп, риза қыламыз. Ол кісілер «Бізді ойламаңдар. Біздің заманымыз өтті. Жастарға беріңдер. Жастарға көңіл бөліңдер» деп ізет білдіруге мұрсат бермейді ғой. Жетеуіміз олардың көңілін тауып, арнайы дастарқан жайып, ыстық лебіздерімізді айтып, сыйлықтарымызды табыстаған кезде «Біз өзімізді ойламай жүре беріппіз ғой. Бізді елеп-ескергендеріңе ризамыз» деп ағынан жарылады. Отбасылы, орта жастағы әйелдердің де басын қосуға тырысамыз. Олар «Билегіміз келеді. Бір жиналып, көңіл көтергіміз келеді» деп хабарласқанда әп-сәтте-ақ бәрін ұйымдастырамыз. Тағы бір маңыздысы, жесір, жалғызбасты әйелдердің де назардан тыс қалдырмаймыз. «Сіздер жалғыз емессіздер. Сіздерді қолдайтын біз бармыз. Кез келген уақытта жүгіне алатын мынадай орталықтарыңыз бар» деп желпіндіріп, олардың көңілін аулаймыз. Қазақстан, Түркия елшілігі, консулдығы ұйымдастыратын жиналыстардан қалмаймыз. Ондай жерлерге бешпент, қамзол киіп баруды дәстүрге айналдырдық. Сырт көзге шоу секілді көрінуі мүмкін, бірақ оның астарында ұлттық киімімізді таныстыру идеясы жатқанын сіз бен біз ғана білеміз. Ресми кездесулерде танысқан немістер үстіміздегі киім үлгісіне таңғалып, сұрап жатады. Біз оларға қазақтың ұлттық киімі екенін айтып, сайрай жөнелеміз (күліп). Сол екі-үш минуттың ішінде байланыс орнатып, өзімізді таныстырып үлгереміз. Түрлі жиынға жиі баратындықтан, бір кигенімізді қайталамайық, бір-біріміздікін ауыстырып киейік деп қазір бешпент іздейтін болдық (күліп). Немістердің мерекелері кезінде өткізілген іс-шараларды пайдаланып, көпшілік танысын деп, төл мәдениетімізді сөз қыламыз. Аллаға шүкір, осылай әрекет етуіміздің нәтижесінде бүгінде көпшілік бізді таниды.
– Еуропадағы қазақ ұйымдарының тізгінін ұстаған бір-екі жасты ғана танимын. Көбісінің мұндай жауапты істі қолға алуға жүрегі дауаламайтын секілді.
– Иә, көпшілігі істегісі келмейді. Жауапкершілікті жүк етіп алғысы жоқ. Енді бірі жеке өміріме кедергі бола ма деп уайымдаса керек. Ал жас отбасылар үйден асып шыға алмайды. Бірақ жүрегінде сезімі бар адам қанша жерден ауыр жұмыс істеп, күйбең тіршілікпен қолы тимей жүрсе де, бұл істі кейінге ысырып қоя алмайды. Мәдени орталықта жұмыс істейтін адам бір тиын ақша алмайды, керісінше өз қалтасынан жұмсайды. Бірақ тегін жұмыс болса да, орталық үшін жанымызды беруге әзірміз. Тағы да қайталап айтамын, сезімі күшті емес кісілер жарты, бір жылдан соң орталықтың жұмысынан басын алып қашады. Ал бұған бейжай қарай алмайтын, рухы мықты жетеуіміз келгенде «Бұлар не істей алады екен?» деп сенімсіздік танытқандар да болды. Бір қызығы, Германияда әйелдер жетекшілік ететін қауымдастық жоқ екен. Біз бірінші екенбіз. Қазақстанда, Германияда әйелдерге еркіндік берілген. Олар тіпті Парламент төрінде отырып, депутат бола алады. Ал Түркияда ежелгі дәстүр бойынша әйел бір саты төмен тұруы қажет. Мұны жақсы білетін көпшілік алғашында бізге сын көзбен қарады. Тәубе, жетеуіміз екінші рет төрайым қызметіне сайландық. Зейнетке шықсақ та, орталықтың жұмысымен жүгіріп жүрміз. Дегенмен біз қашанға дейін жүгіреміз дейсің? Немере, шөбере сүйетін жасқа жеттік. Сондықтан жастарға «Бізден кейін жетекші болуға дайын жүріңдер» деп тапсырма бердік. Алдағы жылдары жастар бастаған ісімізді алып кетеді деп ойлаймын. Жалпы, мен табиғатымнан бір орында тұрмайтын адаммын. «Мынаны істей салайыншы. Анау істі бітіре салайыншы» деп жүретін қазақпын. Сосын менің жүрегімде көп сезім бар. Қанша жерден шаршап-шалдығып тұрсам да, ұлтқа, атажұртқа, ата дәстүрге деген сезім мені жібермейді. Алғаш осында көшіп келгенде күн көру үшін қара жұмыс істедік. Кейін балаларымызды оқытайық, болашағын жарқын етейік деп заңдарды үйрене бастадық. Заңдарды ашып қарап, зер салып оқығанда бізге көп мүмкіндік берілгенін түсіндік. «Ееее, біз мынаны істей алады екенбіз ғой. Бізге мынаған рұқсат берілген екен ғой» деп көзіміз шайдай ашылды. Сөйтіп, жолай кезіккен тосқауылдарды еңсеріп, балаларымызды жетектеп, желеп-жебеп жүрдік. Сосын мен осында ашылған түрік және неміс қоғамдарынан үйренгенім көп. Тіпті, ұлдарымды спорт секцияларына апарғанда онда болып жатқан ивенттерге қарап «Бұл осылай істелінеді екен ғой» деп жадыма жаттап алатынмын. Содан кейін болар, қазір маған мұндай шаруаны атқару тіптен оңай. Жалпы, мен Германияға көшіп келгенде жиырма жаста болғанмын. Қазір алпыс үштемін. Қырық жыл бойы мінсіз өмір сүрдім дей алмаймын, себебі жеке өмірім біраз қажытып жіберді. Бірақ сонда да берілмей, төрт баланың ризығын тауып, қатарынан қалдырмауға тырыстым. Амалсыздан 15 сағат бойы жұмыс істеген кезім болды. Мұндайда қоғамдық жұмыстарға араласуға мұршаң бола бермейтіні анық. Бірақ сонда да айналадағы бір қауым қазақтың есіне салу үшін бірдеңе істегің келіп тұрады. Сөйтіп, жастар үйренсін деген мақсатпен қазақтың ұлттық тағамдарын пісіріп, мәзірі мен суретін интернетке жүктеуді қолға алдым. Бірден айтайын, мен аспаз емеспін. Бірақ еуропаның асханасына үйренген жастарға өзім білетін ұлттық тағамдарымызды таныстыруды парыз санадым. Кейін жастар тағам туралы жүктеген посттарымның астына «Апай, мынаған не қоссам болады? Анаған не қосу керек?» деп пікір жаза бастады. Жекесіне шығып, бәрін түсіндіріп беремін.
– Біздегі көпшілік Еуропадағы қазақ жастары қазақылықтан алыс, тым еуропаланып кеткенін алға тартады.
– Германиядағы жастардың 95 пайызы Қазақстанға барып көрмеген. Ұлы көш туралы естіген боларсыз. Ата-бабаларымыз жетпіс жыл бұрын бірнеше елдің аумағын жүріп өтіп, Түркияға үдере көшкен. Үлкендеріміз ол жаққа барып орнығып, түрік тілін үйренсе де, қазақша сөйлейтін. Біздің үйде бәрі қазақша сөйлейтін. Үлкен кісі келсе түрегеліп, төр ұсынып, ізет көрсетуден жалықпайтынбыз. Ата-әжелеріміз дәстүрдің не екенін санамызға сіңіртіп кетті. Қазір олардың жүріп өткен жолы мен бізге көрсеткен үлгісін еске алып, «Қандай мықты кісілер болған десеңші!» деп таңғаламын. Жас кезімізде көп нәрсені байыбына барып түсінбейміз ғой. Ата-әжелерден «Қазақ жерінен неге көштіңдер сонда?» деп сұрасам, олар зар еңіреп жылайтын. Сонда да оларды түсінбейтінмін. Түркияда туған соң, өзімізді түрікке теңедік. Түрік құсап жүрдік, түрік құсап өстік. Мектепте тек түрікше сөйлеп, түріктердің мерекелерін тойлап, дәстүрін жатқа білдік. Бірақ үйге келгенде басқа әлемге кіргендей болатынбыз. Сосын «Германия. Заманауи мемлекет. Өмір сапасы жақсы» деп жүріп, қазақ тіліне, қазақ мәдениетіне онша мән бермедік. Десе де, мен тілімді сақтап қалдым. Бауырларымның арасында қазақшаны ұмытып қалғандары бар. Бірақ менің бойымда тілді ұмыттырмайтын тылсым бір күш болды. Бұған кішкене кезімнен үлкендермен көш кезіндегі қиындықтар мен қызықтар туралы сұрап, олармен сағаттап әңгімелесетінім себеп болған шығар, бәлкім. Үлкен кісілердің көзін көріп, өсиетін естіп-өскен біз салт-дәстүрімізді де сақтай білдік. Бірақ бізден кейінгі жас буынға, балаларымызға тілді үйрете алмадық. Бір өкінетінім сол.
– Қазақтілді орта болмаса, тілді үйрену қиын секілді.
– Ол да бар. Мұнда қазақ мектебі жоқ. Таңертең көзін ашқанда, кешке ұйқыға кетерде көретіні – немістер. Бірақ кейде бұған өзімді де кінәлаймын. Өмір сүру үшін күресемін, нәпақа табамын, балаларымды асыраймын деп жүріп көп нәрсені уысымнан шығарып алдым. Түркияда әкелеріміз жұмыс істегенде анамыз үйде бала бағып отыратын. Сабақтан келе сала баланың сабағын реттеп, күйін күйттеп жүреді. Германияда мұндай мүмкіндік болған жоқ. Мұнда әйелдер ерлермен қатар таңнан кешке дейін жұмыс істейді. Германияға көшіп келген қазақтар қыдырып келіп, бұл жерді ұнатып қалғандықтан тұрақтаған жоқ. «Германия керемет мемлекет деп естідік. Осында тұрақтайық» деп те келген жоқ. Түркиядағы экономикалық жағдай нашар болған соң осында көшуге тура келді. Келген бетте әйелдер де еңбекке араласып, үй көрмейтінді шығарды. Сөйтіп, балаға онша көңіл бөлінбейді. Оларды тек кешқұрым уақытта көресің. Жұмыстан шаршап келесің. Оған қоса, үй ішін реттеп, тамақ істеуің қажет. Сол екі арада балаға бөлінген екі- үш сағатта қазақ тілін үйрете алмайсың. Кейде тез түсінсін деп немісше сөйлей саласың. Мен мұны қателік деп түсінемін. Менің екі үлкен балам қазақша түсінеді. Бірі сөйлей алады. Ал екіншісі түсінгенімен, жауап бере алмай қиналады. Ал кенже ұлдарым қазақша мүлде түсінбейді.
– Мамыр айының соңында Кёльнде Еуропа қазақтарының кезекті құрылтайы өтпек. Жалпы, бұл құрылтай әу баста Германиядан бастау алған ғой.
– Иә. Әдепкіде осында тұратын отбасылар жыл сайын футбол ойнауды дәстүрге айналдырған-тын. Артынан қатысқысы келетіндер саны көбейіп, ақылдаса келе кездесу форматын өзгертейік деп, ақырында құрылтайға айналдырдық. Жыл сайын өткізілетін құрылтай пандемия салдарынан төрт жыл өтпей қалды. Былтыр көп адам жиналуға рұқсат берілген соң көп күткен құрылтай Парижде ұйымдастырылды. Бірақ соның өзінде біраз адам пандемия ережелеріне байланысты қатыса алмады. Биыл бұл игі іс-шараны ұйымдастыру бізге жүктелді. Бағдарламаға сәйкес бірінші күні ресми түрде ашылу салтанатын өткіземіз, екінші күні жастар футбол ойнайды. Жүзге жуық баланы бәйгеге қосамыз. Кешке жастар кеші ұйымдастырылады. Үшінші күні ойындарда оқ бойы озғандарды марапаттаймыз. Мұның соңы үлкен концертке ұласады. Мұқым Еуропадан 25-ке жуық диаспора өкілдері қатысуға ниет білдіріп отыр. Қазақстаннан ат арытып келетіндер де жетерлік. Бұл құрылтайдың астарында жастарымыз қайда жүрсе де бір-бірін танысын, үнемі қолдап жүрсін, танымай, теріс айналып кетпесін деген мақсат жатыр. Байқап қарасаңыз, бұл – Қазақстан үшін үлкен пайда. Себебі осындай жиындарда рухтанған олар ертең қазақтың атын шығарып, бір-бірін демеп жүреді. Осылайша, мүмкіндігіміз барда жастардың басын қосып, таныстырып кетейік дедік. Еуропадағы қазақ жастарының Қазақстанға түбі пайдасы тиетіні анық. Біз оларға қазақ тілін үйрете алмасақ та, қазақ екенін ұмыттырмауға тырысып-бақтық. Барлығы тағы да ұлтқа деген сезімге келіп тіреледі. Жүрегінің түбінде сезімі болса Еуропадан ары аспаған қазақ сіз айтқандай еуропаланып кетпейді. Көшеде кездейсоқ қазақты кездестіре қалса да, «Қазағым! Жалғызым!» деп жақын тартып тұрады. Олар ағылшын, неміс, түрік тілдерінде сөйлесе де, бәрібір қазаққа пайдасы тиеді. Сөйтіп жүріп қазақ тілін үйренеді. Қазір «Отандастар» қоры қандастар үшін қыруар шаруа атқарып жүр. Абзал Сапарбекұлы секілді зиялы азаматтың ол қорға жетекшілік етуі бізге берілген керемет мүмкіндік деп ойлаймын. Олар қазақ тілі, ұлттық музыкаға баулитын сабақтар жүргізеді. Қазір менің балам қазақша үйреніп жатыр. Болашақта Қазақстанда тұрғысы келеді. Екі апта бұрын ғана Алматыға қыдырып барып келді. Біз кейде «Үкімет неге істемейді?», «Жауапты тұлғалар қайда қарап отыр?» деп кінәні басқа біреуден іздеуге дайын тұрамыз. Бірақ тәрбиенің бәрі отбасынан басталатынын жадымыздан шығарып аламыз. Байқағаным, балаға төрт пен он екі жас аралығында нені үйретсең, ол сол үйреткеніңді өмір бойы бағдаршам етіп ұстап жүреді. Ал он екі жасқа толғанда балаңды тәрбиелей алмайсың. Ол даладан, айналасынан тәрбие алады. Қазақ тілін үйрете алмағаным болмаса, балаларымды қазақилықтан ажыратпауға тырыстым. Бірақ олар кішкентай кездерінде қазақша сайрайтын. Кейін балабақша, мектепке барған соң ұмыт қалды. Дегенмен оларға бойымдағы мықты сезімді дарыта білдім деп айта аламын. Балаларым Қазақстанның әнұранын ести қалса, тік тұрып тыңдайды. Қазақылыққа, Қазақстанға қатысы бар дүниелерге елең етпей қоймай-ды.
– Қазақстанға жиі келіп тұрады екенсіз...
– Балаларым кішкентай болғанда жылына екі рет барып тұратынмын. Кейін олар ер жете бастаған соң тынбай жұмыс істеу қажет болды. Сөйтіп, он бес жылдай табан тіремедім. Дегенмен үнемі барғым келіп, сағынып тұратынмын. Атажұртқа деген сағыныш басқаша ғой. Сөзбен сипаттап түсіндіре алмаймын. Өткен жылы барып, мауқымды басып келдім. Бұрынырақта зейнетке шықсам, атамекенге көшемін дегенді жиі айтатынмын. Алла амандығын берсе, алдағы уақытта Астанаға қоныс аударуды жоспарлап отырмын.
– Бұйырса, Кёльннен Астанаға біржола көшіп келесіз бе?
– Бұйырса! Соған әрекет етіп жатырмын. Әкем мен анам Қазақстанға жете алмай, дүниеден өтті. Түркияға келіп тұрақтаса да, бәрібір атажұртты сағынып жүретіні сезілетін. Анам «Қайран, туған жер!» деп күрсініп отырғанда, «Мама-ау, неменеге сонша күңіренесің? Ол жақтағы тау осында да бар. Мұнда да ағаш бар, су бар. Бәрі бір емес пе?» дейтін едім. Сонда ол «Балам, сен бізді бәрібір түсінбейсің...» дейтін еді. Қазір сол кісілердің жасына келген соң, олардың неліктен күрсінгенін енді түсініп жатырмын. Өкініштісі сол, олар киелі топыраққа табанын тигізіп үлгере алмады. Жағдайы болмады. Мүмкіндік аз болды. Ал мен балаларымды аяғынан тік тұрғыздым. Жағдай дейтіндей, маған көп нәрсе қажет емес. Сәтін салса, екі жыл ішінде атамекенге көшіп бармақ ойым бар.
– Мен танитын қандастардың көбі табиғаты әсем, таулары биік Алматыға көшіп барғысы келеді. Ал сізге Астана қаласы несімен ұнады?
– Мен Астанадан бөлек, Алматы мен Шымкент қалаларында болдым. Бірақ маған Астана қаласы қатты ұнап қалды. Отыз жыл ішінде мұндай заманауи қала тұрғызғанына қайран қалдым. Жас, таза қала. Алматы бұрынғыдай емес, тозып кетіпті. Дегенмен атамекен болған соң, шаң-тозаңына, тозғанына қарамай кез келген қаласына барып тұра беретін едім. Маған атажұрттың топырағы бәрінен қымбат. Айтпақшы, мен Астананың маңында орналасқан Қоянды ауылынан жер алып қойдым. Көпқабатты үйлерден жалыққаным сонша, ауылда тұруды аңсадым. Қоянды ауылында атажұртқа оралған қандастар тұрады екен. Олармен біте-қайнасып кететінімізге еш күмәнім жоқ. Ауылда тұрғым келетінін естіген көпшілік «Германияны тастап қайда барасың? Қазақстанда түк жоқ қой» деп айтады. Оларға «Қазақстанда бірдеңе болуы керек пе? Тарихи Отан болғаны жеткілікті емес пе?!» деп жауап бердім.
– Әңгімеңізге рақмет! Қазақстанда жолығуды жазсын!





Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ