«Асар Үме» бір айда 100 баспана алып бере ала ма?

«Асар Үме» бір айда 100 баспана алып бере ала ма?

«Асар Үме» бір айда 100 баспана алып бере ала ма?
ашық дереккөзі
Өткен аптада Нұрлан Сабуров, Jah Khalib, Назима бастаған бір топ өнер­паз жеке парақшасына жазылған қол­данушыларды 100 отбасыға 100 баспана сый­лауды көздейтін «Наурыз Асар» қайы­рым­дылық акциясына атсалысуға ша­қыр­ған болатын. «Асар Үме» қайырымдылық қо­ры жетекшілерінің бастамасымен қолға алын­ған бұл акцияның қасиетті Рамазан айын­да жүргізіліп жатқаны бекер емес. Қор­дың негізін қалаушылардың бірі Асхат Нұр­машев «Айналадағылар жақсылық істеп жарысатын мейірімділік айында баспанаға мұқтаж адамдар тізімде тұрған 400-дің кемі 100-іне баспана сыйлап үлгерейік» деген мақ­сатпен бұл істі қолға алғанын айтады. Бір апта бойы ел ішін аралап, аукциондар өт­кізіп, құрылыс компаниясы өкілдерімен кез­десіп жүрген Асхатқа хабарласып, әңгі­ме­сін жазып алған едік.

Төрт күнде 66 миллион теңге жинаған кезіміз болды

Негізі, «АсарҮме» қоры 2019 жылы жал­ғыз менің емес, үш адамның бас­тамасымен құрылды. Әдепкіде үшеуіміз үш түрлі миссияны атқардық. Біреуіміз тұрмысы на­шар және сырқат адамдарды дәрі-дәрмек, азық-түлікпен қамтамасыз етсек, екіншіміз мешіттерге көмектесіп, оқушыларға мектеп киімін таратуды қолға алдық. Мен болсам жұмысқа тұрғызу, білімін жалғастыру секілді келелі мәселелерді шешумен айналыстым. Осылай үш жақтап кіріссек, үйдегі баланың жағдайы түзелер деп ойладық. Сөйтсек, олай емес екен. Жиырма, отыз жыл бойы пәтерден пәтерге көшіп, сенделіп жүрген тұрғындарға баспана сыйласақ қана тұрақтылық пайда болатынын түсіндік. Сөйтіп, сонша қиындық көрген адамның басында баспанасы болса, алдына жаңа мақсат қойып, ел қатарлы тұр­мыс кешеді деп қатты сендік. Сөйтіп, 2019 жы­лы 500, 1000 теңгеден жинауды қолға алдық. Басында «Екі-үш ай істеп көрейік, болмай жатса, таратып жібереміз» деп ойлағанбыз. Бұйырса, бір айдан соң қордың үз­діксіз жұмыс істеп келе жатқанына төрт жыл болады. Сол төрт жыл ішінде 620 отба­сы үйлі болды. Алғашында құрылыс жұ­мыс­та­рын қолға алып, бірнеше мұқтаж жанға үй са­лып бердік. Бір кәсіпкер кірпіш әкеліп бер­се, екіншісі үйдің төбесін жауып берді. Ен­ді бірі пластик терезе мен есік сатып әкеп берді. Уақыт өте келе, үй салғаннан гөрі, сатып алған әлдеқайда тиімдірек екенін түсіндік. Өйткені бір үйдің құрылысы төрт-бес айға созылады, ал оның құжаттарын ресімдеуге бір жыл уақыт кетеді. Оданда үй салу­ға кеткен сол төрт-бес айдың ішінде ке­мі екі-үш баспана сыйлайтындай жүйе қа­лыптастыруды көздедік. Басында 500 тең­гені әрең жинайтынбыз. Кейін айына 5 млн тең­ге жинайтын деңгейге жеттік. Қазір біз­дегі рекорд – халықтың арқасында осы қыс­та төрт күнде 66 млн теңге жинадық. Шы­ны керек, бұл іске кіріскенде мұндай сома жиналады деп ойламадық. Қарағанды қа­ласында ата-анасынан айырылған үш ба­лаға көмектесу үшін ақша жинай бастадық. Заң бойынша ол балалардың туыстары, баспанасы болмаса, олар балалар үйіне қабылданады. «Бауырларды бір-бірінен ажыратпайық, бір шаңырақ астында, жылы жерде өсіп-өнсін. Қазір қол ұшын созбасақ, ертең олар жан-жаққа кетіп қалады» деп халыққа үндеу жолдадық. Төрт күн ішінде 66 млн жинаған халық тек оларға емес, бірнеше отбасының үйлі болуына көмектесті. Жал­пы соманың 18 миллионына сол бала­ларға Қарағанды қаласынан жаңа пәтер алып бердік. Ал қалған сомаға басқа өңір­лерде пәтерақы төлей алмай қиналып жүр­ген мұқтаж жандарға үй алып бердік.

Айына 25 отбасына баспана сыйлаймыз

Қазір біз ай сайын жиырма беске жуық от­басына баспана сыйлаймыз. Қарап тұрсам, бәрі де ниетке байланысты екен. Бізге Нұрлан Сабуров, Jah Khalib және тағы басқа қазақстандық өнерпаздар үнемі қолдау көрсетеді. Олар мұндай іске кіріспес бұрын алдымен «Қор халыққа есеп бере ме? Жоқ әл­де өз бетінше ақшаны жұмсай ма?» деп қор­дың есебін тексереді екен. Қор жетек­шілеріне сенім артып, ертесі опық жеп қал­мас үшін бәрін жіті тексеріп, мұқият қада­ға­лайды. Біз апта сайын есеп жариялап отыра­мыз. Есепті құр чек көрсетумен ғана емес, ви­део түрінде әзірлейміз. «Міне, бәленбай мил­лионға Қызылорда облысынан, ал мына сомаға Маңғыстау облысындағы тұрғын­дарға үй сыйладық» деп әр өңірде видео тү­сіріп жария етеміз. Мұны көрген көпшілік­тің бізге деген сенімі арта түсетіні айтпаса да түсінікті. Көмек қолын созғандардың ара­сында біз кезінде көмектескен отбасы мү­шелері де бар. Екі-үш жыл бұрын біз ар­қылы баспаналы болғандар екі-үш миллион тең­ге жинауға тырысып жатыр. Кейбірі 20 мың, енді бірі 5 мың аударып, шамасы жеткенше көмектесіп жүр. Жүректі қозғаған мына бір оқиға есімнен кетер емес. Бір жыл бұрын бес баласы бар жалғызбасты анаға баспана сыйлаған едік. Анасы тігіншілікпен айналысады. Ал он жеті жастағы қызы торт пі­сіріп сатады. Екі күн біздің кеңсеге ана­сы­мен бірге келген сол қыз қолымызға алпыс мың теңге ұстатып: «Халық маған баспана сый­лап жатқанда біз де қосылайық, шет қал­майық деп шештік. Халықтың бізге жаса­ған жақсылығын еш ұмытпаймыз» деді. Ал біздің көздеген мақсатымыз да осы еді. Ке­зінде қиын жағдайда өмір сүрген, мұқтаж деген сөздің мағынасын жете түсінетін олар өзгелерге көмектессе екен, біз бастаған игі істі жалғастырып әкетсе екен деп ойлайтын едік. Ойлағанымыз іске асты. Біз жасаған тізімде еліміздің 17 өңірін­де тұратын төрт жүз отбасы кезекте тұр. «Оларды қалай үйлі қыламыз?» деп бас қа­тырдық. Ойлана келе, ұлық мереке – Нау­рыз мейрамымен қатар келген қасиетті Ра­мазан айында «Наурыз Асар» акциясын бас­тайық деп шештік. Ондағы мақсат – Рама­зан айында 100 отбасына 100 үй сыйлау. Адам­дар Рамазан секілді мейірімділік айын­да пітір садақа таратып, жақсылық жасағысы ке­ліп тұрады. Осыны пайдаланып, жеті жүз адам құр тізімде тұра бермесін, кемі жүзіне үй алып берейік деп осындай акция баста­дық. Кәсіпкерлерге, ірі компанияларға «Бұл игі іске сіздер де атсалысыңыздар» деп үндеу тас­тадық. Salam Bro компаниясының басшы­лы­ғы «Бізден бір баспана болсын» деп бір бас­пана сыйлады. Бүгін екі құрылыс ком­па­ниясы үш баспана берді. Алматыдағы бір ірі компания бес баспана алып берді. Тағы бір компания екі пәтер алып беретінін айтты. Бас­панаға қаражатты түрлі тәсілдермен жи­нап жатырмыз. Акциямыз туралы бей­неро­ликті тоғыз миллион екі жүз мыңға жуық адам қарады. Бұл дегеніміз – Қазақстан хал­қы­ның тең жартысы. Көп адам «Жинаған-тер­­ге­німізді жібердік. Тағы қалай кө­мек­тес­сек болады?» деп хабарласып жатыр. Жап-жас блоргерлер байланысқа шығып «Біз өз парақ­шамызда онлайн аукцион жасайық», «Менде құнды заттар бар. Соны аудиторияма са­тып көрейін. Түскен ақшаны сіздерге ау­дара­мын» деп өздері бастама көтеріп жатыр. Оларға ТМД елдері арасында әйгілі «Грэмми» сый­лығын алған Иманбек қосылып жатыр. Бұл акцияны бастағанымызға бір апта бол­ды. Бір аптаның ішінде жүз үйдің жиырма шақ­тысын сатып алуға жететін қаражат жи­­надық.

Қайырымдылық жасау – қанымызда бар қасиет

Мамандығым бойынша мен – тарих­шымын. Қайырымдылық жасау қа­нымызда бар қасиет екенін тарихты зерт­теп оқып жүргенде білгенмін. Аталарымыз ке­зін­де Наурыз айын қалай өткізген? Нау­рыз­дың мағынасы жаңа өмір бастау дегенге сайып келеді ғой. Бай-қуатты болған ата­лары­мыз қаһарлы қыстан әупірімдеп шығып, қыс­тақтан жайлауға бара жатқан көшті тоқ­татып, «Осы қыста қайсысыңның малың қы­ры­лып қалды? Мен орнын толтырып бе­рейін» деп алдынан шығып, өз қорасына ертіп барып, бірнеше малды қосып жіберген ғой. Сосын ХХ ғасырда Еуразия құрлығында бол­маған феномен Қазақстанда болған. 1944 жы­лы қазақтың саны төрт миллионнан ары ас­паған. Ашаршылықты көргені аздай, сұра­пыл соғыс салдарынан кеудесін көтере ал­май жүрген олар өз жерлеріне табан тіреген бір миллионға жуық өзге ұлтты құшақ жая қар­сы алып, үйлеріне кіргізіп, нан беріп, жа­тар жер ұсынған. Ойлаңызшы, төрт мил­лион аш халық сырттан келген бір миллион аш халыққа қамқор болуға тырысқан. Сон­дықтан қайырымдылық жасау, мұқтаж жан­ға көмектесу қанымызда бар қасиет деп бе­керге айтпаймын. Аталарымыздың сол жа­саған игі істерінің жақсылығын қазір біз кө­ріп отырмыз. Үлкендеріміз «Таза ниетпен жа­саған игі іс, ізгі амалдар жетінші ұрпаққа дейін тиеді» деп айтады. Ата-бабаларымыз бас­тарынан өткен түрлі қиындықты тек ақ бі­лектің күшімен, ақ найзаның ұшымен емес, жанашыр болу, мейірім төгу, көмек қо­лын созудың арқасында да еңсеріп шық­қан. Бір-біріне қамқор болу – біздің бойы­мыз­дағы алапат күш. Бауырының, көршісінің ба­сына қиын күн түсіп тұрғанын естісе, ор­ны­нан атып тұрып, қорасындағы жалғыз жыл­қысын сатып, көмектескен халықтың ұрпа­ғы емеспіз бе? Танысы, туысы болмаса да, кезінде аталарымыз көкпарға, құрыл­тай­ға, жиындарға, тіпті құда түсуге барғанда та­нысқан адамдарға көмектесуге асығып, алып-ұшып тұрған ғой. Біз де оларға лайық ізбасар болуға тырысып жүрміз. Негізі, мен он екі жыл саудамен айна­лыс­қанмын. Кішігірім кәсібім бол­ған. Уақыт өте келе, елдің алғысына бө­лен­геннен артық ештеңе жоқ екенін түсініп, ай­налама көмектесе бастадым. Кейін төрт жыл бойы қиналып жүрдім, себебі бастаған биз­несім «күйіп» кетіп, қарызға батып кет­тім. Пәтерге төлейтін ақы былай тұрсын, түс­кі асқа ақша таба алмай қиналған кез­де­рім болды. Кеңсе жоқ, көшедегі орындықтың үстін­де құжаттарымды реттеп, жұмыс істе­ген кезім көп. Мұны мені аясын деп емес, жас­тарға сабақ болсын деп айтып отырмын. Шыр­ғалаңнан шығудың жолын іздеп жүр­сем де, әлеуметтік жобаларды жүргізуді, тұр­мысы нашар отбасыларға көмектесуді тоқ­татпадым. Қарызын сұрап келген адам­дарға «Қарыздарымды төлеймін. Қашып кет­пеймін. Жұмыс істеп жүрмін. Маған уа­қыт беріңдер. Бірақ алдымен мұқтаж жан­дар­ға көмектесуімді тоқтатпаймын. Мен олар­ға көмектессем, Алла Тағала менің жағ­дайымды түзейді» деп айтатынмын. Айт­қанымдай-ақ, жағдайым түзелді. Расында, сада­қа жолыңды ашады, бәледен сақтайды, берекеңді арттырады. Соны дер кезінде тү­сініп, мұқтаж жандарға көмектесуді ерте қол­ға алып, айналамды да соған жұмылдыра ал­ғаныма қуаныштымын.

Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ