Бір апта ішінде көпқабатты үйдің терезесінен 3 бала құлады

Бір апта ішінде көпқабатты үйдің терезесінен 3 бала құлады

Бір апта ішінде көпқабатты үйдің терезесінен 3 бала құлады
ашық дереккөзі
19 наурыз күні сағат 18:15-те Қарағанды облысының Балқаш қаласындағы Мұхамеджанов шағынауданында екі жасар бала 5-қабатта орналасқан пәтердің терезесінен құлап кеткен деп хабарлады turkystan.kz. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қайғылы сәтте баланың анасы басқа бөлмеде болған. Ауыр жарақат алған бала Балқаш қаласындағы орталық ауруханаға жеткізілді. Сол жақ жамбасында ашық сынығы бар, баланың жағдайы ауыр. Шымкентте көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінің терезесінен бес жасар қыз құлап түсті. Жазатайым оқиға туралы ақпарат 23 наурызда сағат 14.50-де «103» қызметінен Шымкент қаласы, ТЖ департаментінің Дағдарыс жағдайларда басқару басқармасына түсті. Оқиға Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, 16-шағынауданындағы көпқабатты №18 тұрғын үйде болған. Көппәтерлі 5 қабатты тұрғын үйдің 4-қабатында орналасқан пәтердің терезесінен ата-анасының қарауынсыз қалған 2018 жылы туған қыз терезеден құлап түскен. Ол тез арада ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Оқиғаның мән-жайын Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері анықтап жатыр. Қазіргі таңда қызға операция жасалды. Сондай-ақ, Астана қаласында биылғы 21 наурызда «103» жедел медициналық жәрдем станциясынан тұрғын үйдің терезесінен баланың құлап түскені туралы хабарлама келіп түсті. 21 наурыз күні сағат 18.55-те Әуезов көшесінде бес қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатынан ересектердің қарауынсыз қалған 2014 жылы туған қыз терезеден құлап түсті. Қыз бала ауруханаға жатқызылды, жағдайы орташа. Жоғарыда аталған жағдайлардың барлығы ересектердің, ата-аналардың салғырт қарауының, балалардың жүріс-тұрысын бақыламауының, терезелерде арнайы бекітетін құрлғылардың болмауының, жиһазды дұрыс орналастырмаудың салдарынан болды. Ал жиһазды дұрыс орналастырмау балаларға терезелерге өз бетінше көтерілуіне мүмкіндік береді. Осыған байланысты ТЖМ ескертеді! Балалардың терезелер мен балкондардан құлауына жол бермеу үшін келесі қауіпсіздік шараларын сақтаңыздар: - кішкентай балаларды қараусыз қалдырмаңыз; - кішкентай бала терезенің алдына шыға алмау үшін жиһаздың барлық түрлерін терезенің жанынан алып тастаңыз; - москит торына сенбеңіз, олар қауіптен құтқармайды; - балаға терезені бірнеше сантиметрден артық ашуға мүмкіндік бермейтін арнайы бекіткіштерді қойыңыз; - ашық терезенің жанында болу қаупі туралы балаларға түсіндіріңіз; - егер бекіткіш құрылғы орнату мүмкіндігі болмаса, терезенің тұтқасын алып тастап, оны тек қажет болған жағдайда орнатыңыз. «Барлық оқиғалар мен ТЖ туралы 112 немесе 101 телефондары бойынша хабарлаңыз», - делінген ҚР ТЖМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.