Омбы сапары

Омбы сапары

Омбы сапары
ашық дереккөзі

Жыл басында оқырманнан «TÚRKISTAN-ның Ресейдегі екі кейіпкері мемлекеттік «Шапағат» ме­далімен марапатталды» деп сүйінші сұраған едік. Олардың бірі – «Омбы қазақтары» ұйы­мының негізін қалаушы Торғын Әшенова марапат алған бойда: «TÚRKISTAN газетіне шыққан мен туралы сұхбат Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына іліккен соң ол «Ре­сейде де қазақтың осындай батыр қыздары тұрады екен ғой» деп ой түйген секілді. Әрі Қа­зақ­стандағы ұйымдардан кем түспей, Ресейде туып-өссек те қазақ тілі мен ділін ұмыттырмау үшін ат­қарып жүрген қыруар шаруамыз туралы естіп-білсе керек. Қазақстан Президенті TÚRKISTAN га­зеті арқылы бізді таныды десем, артық айтпаймын. Расымен, TÚRKISTAN Президенттің бізді та­нып-білуіне үлкен септігін тигізді» деп ағынан жарылған еді. Біздің басылымның тұрақты оқыр­маны Торғын Омбы қазақтарының тұрмыс-тіршілігі және құрмалдық дәстүрімен танысып қайту үшін арнайы Омбыға шақырған болатын. Құрмалдық туралы алғаш ес­ті­ген­де «Бәлкім құр­бан­дық дегіңіз кел­ген шығар? Әлде сіздерде құр­бан­дық­ты солай атай ма?» деп қайта-қай­та сұраған едік. Сөйт­сек, арнайы мал сойып, туған-туыс, дос-жаранды бір дастарқан басына жинап, ізгі ті­лек­­тер айту ғұрпын Ом­бы қазақтары құр­малдық деп атайды екен. Омбыға бар­­ған алғашқы күні «Арман» ка­фе­сінде жайылған дас­тарқаннан дәм татып, әр ауданнан келген қоғам бел­сенділерімен таныстық. Сондай-ақ жиылған жұрт­ты қазақ әні мен күйіне бөлеген жергілікті өнер­паз­дар­­дың өнерін тамашалап, «Қалта­шоу», «Жілік сын­дыру» дәстүрін та­ма­шаладық. Қандастардың бізден жы­­рақта жүрсе де, ұлттық құнды­лық­­тардан, тіл мен дәс­түрден ажы­рап қалмағанына қайран қалып, «Жа­рай­сыздар!» дестік. Ертесі Торғын Омбының қақ ор­­тасында орналасқан «Омбы қазақтары» ұйымының кеңсесіне алып  width=барды. Торғынның былтыр жі­бер­ген суреттерін қарағанда ұйым мү­шелері он жыл ішінде атқарған қыруар жобаларын екі-үш кабинетте отырып-ақ жүргізіп жүрген болар деп ойлаған едім. Сөйтсем, қала әкім­шілігі ұйым иелігіне тұтас бір қа­бат­ты берген екен. Үш кабинетте жұ­мыс істеп отырған Торғындар қалған ка­­бинеттерде күрделі жөндеу жұ­мыс­тары жүргізіліп жатқанын айтты. Ол ұзын дәлізді аралап келе жатып, жо­лай әр кабинеттің есігін ашып: «Мы­нау шеберхана болады», «Ал мы­нау би залы болады», «Мына жерде қа­зақ тілі кабинетін жасақтаймыз» деп кішігірім экскурсия жасады. «Бұйырса, екі-үш айда мынадай үл­кен ғимараттың іші қыз-қыз қайнап жа­тады екен ғой» десем, Торғын «Дәл өзі. Біз сондай атмосфераның ор­науын асыға күтіп жүрміз. Омбы қа­зақтары мұнда қалаған үйірмесіне қа­тысып, ғимараттың ішінен адам үзіл­мейтін болады. Бұйырса, аз қал­ды!» дейді көзі бал-бұл жанып. Бай­қа­ғаным, Омбыда тұратын қазақтар бұл кеңсеге өз үйіндей кіріп шығып жү­ре береді екен. Торғын мен жол­дасы Қуаныш та туысқанын көрген­дей жақын тартып, келген адамға төрін ұсынып, тәтті-дәмдісін алдына тосудан жалықпайды.

Қазақ домбырасын хан көтеріп жүрген Ханбатый

Кеңсенің кіре беріс есігінен кі­ріп келе жатқанда жоғары қабатта әлдебіреудің күй шертіп жат­қанын естіп, жүрегіміз аттай тулап са­ла берді. Сөйтсек, Омбыда тұратын 11 жастағы Алмас он минуттан соң бас­талатын домбыра үйірмесінде бе­рілген үй тапсырмасын қайталап отыр екен. «Мен осында домбыра үйір­месіне қатысып жүрген бала­лар­дың өнерін тамашалаған соң олар­дың қатарына қосылғым келді. Әрі маған домбыраның үні қатты ұнады. Қазір «Келіншек», «Жастар» күйін тар­­та аламын. Қазір домбыра үйре­те­тін ата келгенде бір күй ойнап бе­ре­міз» дейді Алмас домбыра үйір­ме­сі өтетін кабинетке бара жатып. «Дом­быра үйрететін ата» деп отыр­ғаны – Ханбатый Әбеуұлы. Ханбатый аға сонау 90-жылдан бері Омбы об­лы­сына қарасты Таврия ауданында Қоян­бай ауылындағы орта мектепте дом­быра үйірмесін жүргізіп келеді. 2000 жылы сол ауылда құрған «Ме­рей» ансамблі Омбы облысы бойын­ша бірнеше мәрте үлгілі ансамбль ата­ғын алған. «Бір концертте Торғын маған домбыра үйірмесін ашқалы жатқанын айтып, соны жүргізуімді өтінген еді. Бірақ мен біраз ойландым. Себебі жұмыс пен үйдің арасында шап­қылап жүріп, глаукоманы кү­шей­тіп, көзіме қайдан зақым келгенін тү­сінбей қалдым. Дәрігерге кеш қара­лып, ақырында байқап отырғаныңыз­дай көзім нашар көретін болды. Сон­дықтан алғашында ауылдан қа­ла­ға барып келуім қиындау болады деп ойлаған едім. Бірақ «Омбы қазақ­тарының» кеңсесі орталықта орна­лас­­қандықтан, маған келуге ыңғай­лы.  width=Бір ғана газельмен келемін. Біраз жер ғана жүремін. Былтыр қазан айы­нан бері сабақ жүргізіп келе жат­қандықтан барлық жерді жаттап ал­дым. Еш кедергісіз жетемін» дейді Хан­батый аға киімін ілгішке іліп жа­тып. «Қоянбай ауылы мен Омбы қа­ласының арасы 75 шақырымдай. Қа­­­тынау қиын емес пе?» десем, «Мен Ом­быдағы қазақ балаларына дүй­сен­бі, сейсенбі күні сабақ беремін. Ал қал­ған күні Қоянбайға барып, «Ме­рей» ансамбліндегілерге үйірме өт­кі­зе­мін. Омбыда үйім бар. Сондықтан аса қиын емес. Маған балаларға бір­деңе үйреткен ұнайды. Оған қоса, қа­­зір­гідей қаладағы ата-аналардың қы­зығушылығы арта түскен уақытта ауылдан басқа жерге бармаймын деп бұртиып отырып алу дұрыс емес. Дом­­­быраны өскелең ұрпаққа біз та­нытпасақ, кім танытады? Бірақ біздің балаларды мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Мерекелік кештерде ән айтатын олар қо­нақтардың қалталарына ақша қыс­тырғанын көріп, мәз болады. Бер­ген ақшалары кәмпитін, шоко­ладын алып жегенге жараса да жақсы ғой» дейді. Мені қатты таңғалдырған жайт, домбыра үйірмесіне қатысатын бір топ бала Ханбатый ағаға көмекте­суге асығып тұрады екен. «Ата, тұра тұрыңыз!», «Ата, мен қазір ашамын!», «Ата, жүріңіз, мен ертіп барайын!» деп улап-шулаған олар Ханбатый аға­ны қаумалап, домбыра сабағы өте­тін кабинетке жетектеп апарды. Ал­мас уәде бергендей, олар бізге «Ке­лін­шек» күйін орындап берді. Бір қы­зығы, Ханбатый аға кабинетте кім­нің қайда отырғанын біледі екен. «Шетте отырған Олжас сен бе? Ол­жас, сен күйді олай қатты аяқтама. Қа­не, менімен бірге қайтала!» дегені сол еді, Олжас ағаның қасына жетіп ба­рып, екеуі бірге орындай бастады. Мұнда қала балаларының бірінен-бірі қалмай, жарысып тұрып дом­быра шертуге деген ынтасын байқап бір таңғалсақ, олардың үлкенді ай­рық­ша сыйлап, құрметтейтініне куә болып, екінші рет таңғалдық.

Ұлтына деген құштарлығы ерекше Махаббат ағай

Кеңседе жайылған дастархан ба­сында Махаббат Көптұров­пен әңгімелесіп, Торғын секілді біраз игі істерге ұйытқы болып жүргенін біл­дік. Көп жыл бойы әскери қызмет ат­қарған Махаббат аға қазір Омбы­да­ғы Шоқан Уәлиханов атындағы орыс-қазақ достығы орталығының бас­қарма төрағасы қызметін атқа­ра­ды. Осыдан екі жыл бұрын Омбы әс­кери госпиталінің ғимаратында Кемел Тоқаевқа арналған ескерткіш тақ­таның орнатылуына мұрындық бол­ған. Мұның бәрі кездейсоқ бол­ға­нын айтқан ол алғашында Кемел То­қаевтың кім екенін білмегенін айтады. «Мен – Омбыда жұмыс істейтін «Қарулы күштер ардагерлері» қа­­­­лалық қоғамдық ұйымының мү­ше­сімін. Екінші дүниежүзілік соғыс жыл­дарында Омбыда 45 госпиталь жұмыс істеген. Онда майданда ауыр жараланған 200 мыңға жуық адам ем-дом алған. Әлгі ұйымның бір оты­ры­сында сол сұрапыл уақытта сар­баз­дардың жанын аман алып қалған дә­рігерлердің еңбегін елеп-ескеріп, ескерткіш тұрғызайық деген бастама көтерілді. Бірақ бұл идеяны дәрі­гер­лер кәсіподағы бізден бұрын іске асы­рып, Жеңіс саябағына ескерткіш ор­натты. Біз бұл жобаны әзірлеу ке­зінде дәрігерлерден бөлек, жара­лан­ған адамдар арасында танымал бол­­ғандар туралы да деректер іздес­тірген едік. Архивті ақтарып отырып, Кемел Тоқаев деген есімге мән бердім. Ол кезде Сенат төрағасы қызметін атқа­ратын Қасым-Жомарт Тоқаев­тың фамилияласы немесе туысқаны болар деп ойладым. Сосын кеңес оты­­рысында ақыры дәрігерлерге ес­керт­кішті басқа кәсіподақ орнатты, онда біз осында жарты жыл емделген, кейін Қазақстанда детектив жан­ры­ның жолын ашқан, көрнекті жазушы Ке­мел Тоқаевқа естелік тақтайша ор­натайық деген ойымды ортаға тас­тадым. Үстел басында отырғандар «Өзің ұсындың, енді өзің айналыс» де­ді. Ақырында бірнеше жыл бойы зерт­теп-зерделегеніміз өз нәтижесін бе­ріп, діттегеніміз іске асты» дейді  width=Ма­хаббат аға бұл істі соңына жеткізу оңай­­ға түспегенін айтып. Ол бұл е­с­те­лік тақтайшаны Президенттің әке­сі болғандықтан орнатуды көз­де­ме­генін айтады. «Тағы да қайталап ай­тамын. Мен Кемел Тоқаев туралы де­рек тауып, естелік тақтайша тура­лы ойластырып жүргенімде Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат төрағасы бола­тын. Мен оның бо­лашақта Президент болатынын қай­дан білемін?! Көпшілік бұл істі Пре­зидентке ұнау үшін қолға алды деп ойлауы мүмкін. Бірақ біз Екінші дү­ниежүзілік соғыс жылдарында тек бір ұлт емес, Кеңес одағын мекен­де­ген көп ұлт жанкештілік танытқанын көр­сеткіміз келді. Дегеніміз орын­дал­ды. Себебі естелік тақтайша ілін­ген әскери госпиталь маңында аял­да­ма орналасқан. Әрі қала орталығы бол­ғандықтан, мұнда көп адам жүре­ді. Естелік тақтайшаға ерік­­сіз көзі тү­седі. Қызыққандары жа­­қындап, тақтайшада жазылған де­ректі оқып тұрады» дейді М.Көп­тұров. Расында да, Омбы қаласы әкім­шілігінің қа­сын­да орналасқан әскери госпиталь қа­бырғасында ілулі тұрған естелік тақтайшаны көруге бар­ғанымызда жо­лай өтіп бара жат­қан ерлі-зайып­ты кідіріп, «Не деп жазу­­лы тұр? Тоқаев деп тұр ма? Әдемі тақ­­тайша екен» деп екеуара сөйлесіп тұр­­ды. Махаббат аға әскери гос­пи­таль ішіндегі музейді аралатқысы кел­­ген еді, бірақ музей ісіне жауапты ма­­ман орнында жоқ болғандықтан, іші­­не кіре алмадық. Содан соң Омбы мем­­лекеттік педа­го­гикалық универ­си­­тетінің корпу­сына қарай жол тарт­­тық. «Сені ол университеттің рек­­торымен таныс­тырайын деп едім. Не­ге дейсің ғой? Жалпы, біз Омбы ка­­­дет корпусында үздік оқитын қа­зақ балаларға Шоқан Уәлиханов атын­­дағы стипендия тағайындаймыз. Сол үрдісті жал­ғас­тырып, біз қазір ба­­ра жатқан уни­верситеттің рек­то­ры­­мен кездесіп, онда оқитын сту­дент­­терге Мағжан Жұмабаев атын­да­ғы стипендия тағайындау туралы ор­тақ мәмілеге келдік. Әрі Мағжан Жұ­мабаевтың шығармашылығына ар­налған үздік жұмыстар арасында кон­курс ұйым­дастырмақ ойымыз бар. Қазір рек­тор­мен кездесе алсақ, жақ­сы болар еді» деді жолай Махаб­бат аға ағынан жарылып. Бірақ дис­сер­тациялық кеңесте отырғандықтан уни­верситет ректорымен кездесе алмадық. Содан соң Омбыдағы орталық көшелердің бірі саналатын Шо­қан Уәлиханов көшесін жаяу жа­ға­ладық. Осы көшеде орналасқан Ом­­быдағы Қазақстан Бас консул­ды­ғына қарай аяңдап келе жатқа­ны­мызда бозбала шағын Омбыда өт­кіз­ген Шоқан Уәлихановтың ескерт­кі­шін көзіміз шалды. Шоқанның қо­лы­на кітап ашып ұстап отырған по­шы­мы бейнеленген бұл ескерткіш 2004 жы­лы ашылған. Ескерткіштің артқы жа­ғында тұрған тұрғын үйдің қабыр­ға­сында атқа мінген Манас батырдың граф­фитиі бейнеленген. Қабырғаға су­рет салуға рұқсат алған суретші әлем жұртшылығына «Манас» жы­рын таныстырған Шоқан Уәлиханов­тың қасында дәл осы сурет тұрғаны жөн деп санаса керек. Сосын Торғын «Сізге мына жер қызық болып көрінуі мүм­кін» деп Уәлиханов көшесінде ор­на­ласқан Skuratov кафесіне ертіп кір­ді. Үлкен қабырғада бейнеленген Шо­қанның суреті мен Cho жазуын көр­сетіп «Омбылық суретші Дамир Мұ­ратов басына берет киген Шо­қан­ның суретін Че Гевара стилінде осы­лай салған» деп сипаттай бастады. Өзі салған Чеховтың портретіне Сhe Khov, Чапаевтікіне Che Paev деп жа­за­тын суретші Омбыда осындай ерек­­ше стилімен танымал екен. Айтпақшы, консулдықтың қа­сын­да Шоқан Уәлихановтың еске­р­т­кішінен басқа, Омбыда туған белгілі су­рет­ші Амангелді Шәкеновтің мү­сіні орнатылған. Бір қызығы, жасыл түс­ті бұл ескерткіш бәрінен өзгерек. Орындықта ойға шомып отырған Аман­гелді Шәкеновтің мүсіні мен оның артына мольберт тұр. Тұғы­рын­да «Амангелді Шәкеновке - сурет­ші және ұстазға» деп жазылған. «Бұл ерек­ше ескерткішті Омбыда өсіп-өн­ген, қазір Санкт-Петербургте тұра­тын жас мүсінші Мейрам Баймұханов қо­ла мен граниттен жасаған. Мейрам – суретшілер династиясынан шыққан өнерпаз. Оның әкесі Гейрман Бай­мұқа­нов – танымал суретші. Омбы об­лысына қарасты Тогунас ауылы­ның тумасы. Өте дарынды отбасы» дей­ді Торғын ескерткіштің қасына жа­қ­ындап. «Кемел Тоқаевқа арналған ес­керткіш тақтайшаны да әдемі етіп сал­ған осы – Мейрам. Расында да­рын­ды бала» дейді Махаббат аға Тор­ғынның сөзін жалғап.  width=Ымырт түсе бастаған кезде әй­гілі, кезінде ең таңдаулы, біре­гей оқу орны саналған Омбы ка­дет корпусының алдына келіп жет­тік. «Бұл жердің несімен ерекше еке­нін айтпасақ та білесіз» дейді Торғын мен Қуаныш. Келісерсіз, бірде-бір орысша сөз білмей келген Шоқанның ғы­лым мен өнер жолында дарынын ұш­тап, әлем есігін ашқан «Омбы ка­дет корпусы» дегенді естісеңіз сіз де елең етпей қоймайсыз. Мектепте та­рих пәнінен сабақ берген мұға­лі­мім «Ойлап қараңдаршы, Омбы кадет кор­пусына оқуға түскен кезде Шоқан нә­бары 12 жаста болған. Оған қоса, әл­гі кадет копусы – жабық әрі әскери оқу орны. Онда әскери сабақтарға ден қояды. Бірақ сөйте тұра, ол геог­ра­фия, тарих, философия, физика, ма­тематика сабақтарын беске оқып, жан-жақты дамыған» дегенін естіген кез­де бұл жердің әлдебір сиқыры бо­лар деп ойлайтынмын. Расында, со­нау 1847 жылы ауылдан келген ба­ла Шоқанға шартарапқа жол аш­қан еңселі ғимараттың алдында тұ­рып ерекше күй кешеді екенсің. Бір ауыз орысша білмеген Шоқанға кор­пус қабырғасында орыс тілін үй­реткен жақын досы, шығыстанушы ға­лым Григорий Потаниннің естелік жаз­баларынан оның өз ғасырынан озып туғанын, сондай қағілез, елгезек жан болғанын талай рет оқыған бо­лар­сыз. «Бізден жасы кіші болса да, өзімізбен салыстырғанда, ол үлкен сықылды еді. Біз оған қарағанда бала тә­різді едік. Өзінің бізден артық біле­ті­нін не бізден білім жағынан жо­­­ға­ры екенін білдіруге тырыспаса да, жол­дастардың арасында болатын жай әңгімелердің өзінде-ақ оның білімінің бізден артық екені білініп қа­латын. Жалпы жолдастарына, со­ның ішінде маған, ол еріксіз «Еу­ро­па­ға ашқан терезе» сықылды болды», деп еске алады Потанин бір жаз­ба­сын­да. «Көріп тұрсыз ба? Анау жерде Шоқанның досы болған Потанинге арналған тақтайша тұр. Ал мына жер­де Шоқан Уәлихановке арналған тақ­тайша тұр. Жалпы, корпустың ал­дында осында әр жылдары білім ал­ған мықтылардың құрметіне осы­лай қара түсті тақтайшалар ілінген» дей­ді Қуаныш. width= Сосын «Омбы қазақтарының» кең­сесіне қайта барғанда Тор­ғын 2014 жылдан бері шығып келе жат­қан «Омбы қазақтары» газетінің ті­гіндісін көрсетті. «Сіздің қолыңыз­дағы тұп-тура тоғыз жыл бұрын 19 нау­рыз күні шыққан «Омбы қазақ­тары» газетінің бірінші номері. Ал мынау – өткен айда шыққан су жаңа но­мер. Былай қарасаңыз, бұл екі га­зет жай ғана қағаз ретінде көрінуі мүм­кін. Бірақ осы аралықта бұл ба­сы­лым Омбы қазақтарының тілін, ді­лін, дінін, салт-дәстүрін сақтап қал­уымызға үлкен септігін тигізген қуат­ты құралымыз бола білді. Құдай қа­ла­са, бұл игі істі ары қарай да абы­рой­мен атқарамыз деп сенемін» дей­ді Торғын газеттің тігіндісін ор­нына қойып жатып. Тарихшылардың сөзіне сенсек, ХХ ғасырдың басында Омбы же­рінде орналасқан қазақ ауылда­ры­ның саны 800 болған. Сол 800-ден қа­зір 40 шақты ауыл қалды. Торғын­ның айтуынша, Омбы қаласы мен сол 40 шақты ауылда жалпы саны 100 мың қазақ тұрады екен. Сол 100 мың қазақтың рухын көтеріп, сана­сын серпілтуді миссиясы етіп алған Торғын мен Қуанышпен қимай қош­та­сып, қол алысып, сәттілік тілестік. Бұл жолсапардың мақсаты – Омбыдағы қазақтардың ру­хани, мәдени өмірімен танысып, қан­дай мәселелері барын біліп қайту бо­латын. Көрдік. Білдік. Таныстық. Жол­сапар барысында Омбы қазақ­та­рының рухани келбетінің сақталу­ы­на үлес қосып жүрген бір­­­­­неше кейіп­кердің айрықша ең­бегі жайындағы материалды газе­ті­міз­дің алдағы сандарында оқи ала­сыздар.

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ, Астана-Омбы-Астана